Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

09.01.2019
7427

Түнгі сыр

Түнгі сыр

Түн көңілі жабырқау шақта мына
Тербетеді жанымды жібек сезім.
Тағы да хат жазамын ақтарыла,
Тұңғиық сырға батып жалғыз өзім.

 

Тыныштыққа елітеді тіршілік,
Толған Ай да талықсиды мұң кешіп.
Тылсым аспан жылағанда күрсініп,
Төкті жаңбыр... Жүрегіммен үндесіп.

 

Тамшылардың тырсылынан оянған
Тәтті үмітке бой алдырдым сіздегі.
Тереземді қақты дағы ой-арман,
Тарқатылды моншақ-жырдың тізбегі.

 

Тұнық мұңмен тілдесіп хат жазамын,
Түсініксіз... торабы мол мекенге.
Төзімімнің бұл жүрек тартты азабын,
Таппай жолын аңсарына жетерге.

 

Табыспайтын, тоғыспайтын өмірде
Тағдырымсыз!..
Тек беймәлім дерегі.
Тыншымаған мендік асау көңілге
Түн-сабырым тұсау сала береді.

 

Таусылмайтын сізге деген сезімнің
Тұтқынымын, хатпен жолдар тілегін.
Түсінсеңіз, қиял құшқан кезім бұл,
Таба алмастан ғашықтықтың бір емін.

 

Тұнған ойлар сайрағанмен санамда,
Тұншығамын, күйін кешіп үнсіздің.
Тынып іштен жұлдыз болып жанам да,
Таң алдында ағып түсем... Әлсізбін.

 

04.04.2012 ж.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: