Блогтар
WhatsApp-ты пайдалану мәдениеті
Таңғы сағат алты. Ватсапқа хабар келіп жатыр. Қарасам түкке тұрмайтын картинка. Құдайым-ау таң атпастан соны жіберетіндей не басына күн туды. Әлде олар таңертең шырт ұйқыда жатқанда немесе түнде көзің ұйқыға енді іліне бергенде «зыңқ» етіп келген дауыс адамның жүйке-жүйесіне қатты әсер ететінін білмей ме екен?
Жалпы қазақта өте ерте немесе тым кеш қоңырау шалғанды жақсылыққа жорымайды, себебі болмаса. Қазіргі заманның талабына сай ватсаптың болғаны да дұрыс шығар, бірақ соны орынсыз, ешбір мақсатсыз пайдалану мәдениеттілікке жатпайды деп санаймын. Арамызда сол ватсаппен ауыратындар көбейіп кетті. Одан басқа айналысатын жұмыстары жоқ па? Кезінде бұл болмағанда да өмір сүрген жоқпыз ба? Дүйсенбіден бастап аптаның әр күніне арналған тілектер, картинкалар: «Сәрсенбі сәтті болсын», «Бейсенбі берекелі болсын», «Жұма мүбәрәк болсын» деген шумақтар кете береді жексенбіге дейін. Бұрын ұялы телефонымыз жоқ кезде де таңымыз атып, күніміз батқан жоқ па еді? Бұларды бір-бірімізге жібермей-ақ таңымыз қайырлы боп, жұмамыз қабыл болмады ма. Қай-қайдағы қоқысты жібереміз кеп. Біреулердің ойдан құрастырған ертегілері толып жатыр. Жастарды айтпағанда, жасы елуге келіп ертегіге сенетіндер өте көп екен. «Мына ақпаратты шұғыл түрде 10 адамға жібер, содан кейін өміріңде күрт өзгеріс болады және байып кетесің» - деген мазмұнда, тағы осыған ұқсас бәлелер үздіксіз ағылып келіп жатады. Бір қызығы осыны бір-біріне жіберетін адамдардың табылып жататындары таң қалдырады.
Ораза кезі – ол тіпті бөлек әңгіме. Басқа адамдар ораза ұстады ма, жоқ па шаруасы жоқ. Сәресіне нешеде тұрды, ауызын қалай бекіткені жайлы ақпараттар түңгі 3.30 бастап келе бастайды. Менің ораза ұстауға еш қарсылығым жоқ. Бірақ ұстасаң өзің үшін ұстамайсың ба. Жалпақ жұртқа жарнама жасамай, жария қылмай-ақ ұстай берсе бірдеңе бола ма? Кейбіреулер денсаулығына байланысты немесе басқа бір себептермен ораза ұстамайды ғой. Соларды мазалаудың қажеті қанша. Жалпы не үшін жібереміз?... Басқа сыймайтын нәрсе. Егер сен өзіңнің жұмысыңмен таңғы алтыда тұрсаң немесе түңгі 1-2 де жататын болсаң, ол біреулерге картинка жіберу керек деген нәрсе емес шығар.
Иә, хабарды ерте не кеш жіберудің де кездері бар деп ойлаймын. Егер маңызды болса. Мысалы маңайыңда өрт боп жатса, топан су басып жатса, тағы да сол сияқты апатты жағдайлар болып жатса. Немесе туысқандарыңа, жора-жолдастарыңа, таныстарыңа шұғыл түрде көмек керек болса.
Әр нәрсенің өз мәдениеті болады ғой. Тамақ ішудің, киінудің, жүріп-тұрудың тіпті дәретханаға барудың, тағы сол сияқты көптеген жағдайлар. Айтпағым, ватсапты орнымен пайдаланып, осы мәселеге де көңіл бөліп қойсақ екен.
Манарбек & К
02.09.2020 жыл