Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Жаңа жыл кеші

Блогтар

28.12.2021
4704

Жаңа жыл кеші

Қар торғай бастанып жауып тұр, кіршіксіз ақ ұлпа, қалықтап балаша мәз болып, көктен түсіп келе жатыр, әр перште осындай пәктеніңдер деп, біздің әр біреумізге ескерте көктен тастап жатқандай, оны тыңдайтын адам жоқ, мамық түйіршіктің алды күстана табандардың астына мыжылды,  соңғысы оны көре тура солай құлдауда....

             

Сатан атасының зейент ақысын кепілге қойып, қарызға алған машинасымен, байдың ерке шолжақ қызының атындағы ерен базарға (супер маркетке) барды, әйелі екеуі жыл бойы ауыздарынан жырып, түсте ас ішпей, кеште түлкі құрсақ жатып, жинаған ақшаларына кинодан көрген кәнігі байларға еліктеп, неше түрлі тағамдар және ащы су мен тәтті судың түр-түрін алды, көлігінің жүк салғыш сандығы лық толды. Мұхиттың аржағындағы қоқыстан теріп әкеліп сатқан қулардан алған жаман ескі көлігі өзінің көк түтініне өзі қақалып, көксау шалдай біраз ышқынып барып, зорға оталды.

             

Таң атқанша қуаныштан шыдамы таусылды, келер күнді сағынды, ұйқысы келер емес, бала кезі есіне түсті, егемендік алған сол жылдар шешесі  қолынан жетектеп балабақшаға апарған, жұрт кедейліктің қамытын мықтап киген сол кездің өзінде,  жаңа жылды асқан шат көңілмен тойлайтын, бүкіл қоғам желтоқсан айы туғаннан басқаша қуанып, корпативтік бас қосу, туыстық дастархан, т.б. деп мол дастархан жасап тойлайды. Бұлардың бала бақшаның қақпасының сыртында әлем-жәлем шырша, оған ілінген сан мың түрлі сылдырмақ,  құбылмалы қоңырау, шарлар күлміңдеп тұратын, соның жанында сақалы етегіне түскен, шойқы маңдай, қызыл көз, қартошка мұрынмен екі беті үсінген орыс шал, қазақтың жап-жас қызын қолтықтап бастарын қозғай теңселе ән салып тұратын. Қазақтың қызын орыстар қолтықтаса қатты жарасады екен-ау деп, риясыз сәби көңілмен ойлаушы еді. Бақшаның іші тіл жетпес сан мың әлем, күлекештенетін мың сан қуыршақ пен сайқы мазақ әйкелдерге толып, үлкен бөлменің қақ төрінде даладағыдан басқаша жасыл шырша тоқтаусыз жанып-өшіп, көз қысады.  Балаларды құлашын жая құшағына тартатыны әлі көзі алдында, бұлар бақыттан балқып, шыршаны айланып бірін-бірі тоқтаусыз қуалай беретін, қуып жеткендерді сүйістіретін,  өзінің көршісі Гүлбаранды қанша қусада жете алмай, өзі жек көретін мұрнынан маңқасы аққан Алманы қуып жетіп состиып тұрып қалатын, тәрбиешілері шапалақ соғып қолпаштап, аузынан арақ мүңкіп, ала бөртіп тұратын. Түс болғанда тағы сол Гүлбаранның жанындағы төсеке жатып ұйқтағанды жақсы көруші еді. Желтоқсан айы толығымен жаңа жыл деген мерекелік көңіл-күй діліне сол кезден мықтап сіңген.

 

Ақ мұртты, қызыл сақалды орыс шалы мен қазақттың қызы қоржындарына қол салып, тек қана орысша тақпақ айтқан балаға не ілінсе соны талғамай бере беретін, сонда Сатанның қолына бір сәбіз тиіп еді, аузына салғанда пыласымас екен, артынша өзінің орысша тақпақты жақсы айта алмағанын ойлап, орыс шалды жек көрген жоқ. Сатанға жаңа жылдан үлкен мереке жоқ. Таңда атты, дастарханды толтыра жайып қонақтарын күтті, бір-бір ескі көлікті тізгіндеп келіншектерін қолтықтап, қызара бөрткен жас пен жасамыстар столдың төңірегіне қонжиды. Күлкілері басында әуелеп, қалжыңдары қан жүгіртіп, бір жетісіп қалды, өз ара тост айтып, стакан соғыстырып, шат көңілмен шарықтап, шаңарақты өз әлдерінше жырға бөледі.

 

Ащы суға әбден бас қойды, бүгін ішпегенде қашан ішеміз дейді, бірін-бірін қамшылап, шылқия мас болды. Мылқау қараңғы түн. Аспаннан сұмдық-сұмдық қара күштер түсіп жатты,  жердегілері де олардың тобын толықтырып, адамдардың көздеріне көрінбей қаскүнемдігін бастап кетті... Аталарынан көргені бойынша қолдарын жайып,  сағат тілі он екіні көрсеткенде тілек айтты,  далаға шықты, қытайдың салюттарн аспандата атты, тарс-тұрс,  от шашулар толассыз атылды. Алжыған әкесі «не боп кетті, немістер кеп қалды ма?», - деп орыс-неміс соғысына қатысқан жастық шағын есіне алды. Үйге қайта кірген олар тағы шайтан суды сімірді, бірінің келіншегіне бірі көзі түсіп, шығар жол іздеді.  Ішінде біреуі, бүгінгі мерекелік си болсын, келіншек ауыстырайық, достығымыздың ең биік шыңын осылай дәлелдейік деп қуана тіл қатты. Бәрі үнсіз келісті, жарық сөндіріліп, білгендерін жасады...

 

Түннің ең соңғы бөлегі түгелдей қызыл-қырғын соғысқа ұласты, қалың төбелес, тіс сынды, көз шықты, мұрын сынды, маңдай жарылды, келіншектері сақшыға қоңыру шалды, сақшылардың уақты жоқ...

 

Өзімен-өзі тілін шайнап Сатан  қорада  жалғыз сұлап жатыр, оның жиркенішті тәнін тастап, жаны әлде қашан бөлініп кетті, барлық өмірі көз алдынан өте бастады... сандырақтады... иті аяғына оралып, қолын, аузын жалап жалады. Қуанған иті шалқалап жатып, еркелеп, иесіне шексіз алғыс білдірді, кәдімгі өзінің бастығына маймоңкелегеніндей, ал мысығы «сені де жаратқан Алла, мені де жаратқан Алла»,- деп үйдегі ең жылы жерде көзін ашып, иесін жақтырмай, ала көздеп керіледі.

 

«Католик болып жан тапсыра ма, әлде, мұсылман болып па»,- деп жан алғыш перште Сатанның үйіне жақындап келе жатты. Таң атты, теледидарда қазақ жігіті орысша сол түнгі жаңалықты зарлап айтып жатты... қалада толассыз төбелестер болды, адам шығыны анықталу үстінде, сансыз үй өртенді, мың саң көлік апаты тіркелді, есепсіз қыз зорланды.....  елдің бір жылда жиғаны көкке ұшты...


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: