Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ӨЗ ОЙЫМ
Жазушы өмірді зерттеуі керек

Блогтар

07.03.2019
6129

Жазушы өмірді зерттеуі керек

Жазушы өмірді зерттеуі керек

 

 

Кеңестік кезде талантты дүниелермен қоса баспасөзде мақала тәрізді жасық, өтірікке құрылған әңгімелер сыналу орнына мақталып, әңгіме деген осындай болу керек деген таластар туып жататын. Оның басында әдетте жазуы нашарлау, пәстеу талантын көтермелеу үшін көбірек сөйлейтіндер жүретін. Мен әңгімені ерте жаза бастадым. Бірақ мұным әлгі әңгімелерге ұқсай бермейтін. Ондағы кейіпкерлер социализм адамынан гөрі қарапайым өмірден алынатын. Белгілі газеттерде істейтін адамдарға мұным ұнай қоймады. Бастабында күңкілдеп жүрді. Кейін әр түрлі сын тағатын болды. Мен жазуымды жалғастыра бердім.    

 

Әдебиетке келген қалам иесі өнерге талап етуші. Әзірге оның қолында қалам, қағаз, бірдеңе жазсам деген мұрат қана. Оның жазғаны әдебиет бұйымы бола ма, жоқ ертең-ақ кірпияз оқушының кекесін, тәлкегін ұшырап ештеңеге жарамай қала ма оны әлі ешкім де білмейді. Бұл жерде көзге көрінбейтін адам бойында болатын талант деген ұғым бар. Талант сөзі біреуге теліну үшін ол өз бойындағы ерекше қабілетті оқырманға көрсету керек. Алғашқы әңгімесі шыққаннан бастап, жазғандары оқырманға жетіп  танылғанша, одан кейін де жазушының қаламгерлік жолы жалғаса бермек. Бұл жолда біреулер азғана жазғанымен тез танылып құрметке бөленіп табысты болуы, ал енді біреулер осы жолда сарыла еңбектеніп, бейнет, мехнат кешуі мүмкін. Себебі бұл да өмір ғой. Әдеби өмір.

 

Ендігі сөзімізді бүгінгі әдебиеттен мысалдар келтіре отырып жалғайық. Қазақ әдебиетінде әңгіме жанрында қалам тербемеген жазушы жоқ. Бар болса сирек. Бұдан бұрынғы әдебиетте әңгіменің көркемдігі, оны қалай жазылу керектігі, оған қойылатын талаптар, танымал қаламгерлердің мен қалай жаздым деген сияқты құпиялары туралы көп айтылған. Айтылып та келеді. Өздері жарытып ештеңе жазбаса да ақыл айтып, журналистерге сұхбат беріп, пікір білдіріп жүретіндер әңгімені олай жазу керек, бұлай жазу керек деп сөз боратып көсемситіні бар. Бірақ ненің де төрешісі уақыт қой.

 

Былай қарағанға әңгіме жазу ең оңай іс сияқты. Оқушы оқыды. Отыра қалып жазды біреу. Онда тұрған не бар. Иә, бір оқиғаны көрсеткен екен. Жаңалығы қайсы мұның. Ол кім, тәйірі, Бейімбеттің қасында. Чеховты да оқығанбыз. Бұл тәкаппар оқушының талабы. Онысы орынды. Оқушы алданбайды. Дайындығы бар. Алданатын дайындығы жоқ, әдебиетті әуестік үшін оқып, соған еліктеп баспасөз төңірегінде жүретін көзқарасы қалыптаса қоймаған жұртшылық. Олардың біреу-екеу десеңіз қателесесіз. Олар мыңдап саналады. Бірдеңенің шетін көрсе алаулатып-жалаулатып, мақтан кеулеп жүретін осы қауым. Олар біреуді алқаламаса, қолпаштап көтермесе, соны мәртебе көріп, маңайында топталып өздерінше бірдеңе жасағансып, жаңалық ашқансып жүрмесе іштері кебеді. 

 

Сонымен біздің заманда қандай әңгімешілер болды. Олар қалай жазды. Не жазды. Не бітірді. Әдебиетті бақылап жүрген оқырман оны жақсы біледі.  Әдебиет ауылына кімнің келіп, кімнің кетіп жатқаны әр жерде хатқа түскен. Жазушы дәті берік анау-мынауды ұмытпайтын халық. Сен кімге қалай қарайсың, кіммен араласып, кімді оқисың бәрі белгілі деп ойлайды. Ондай ойдағыларды жаңылдырудың бір жолы үнемі күтпеген жерден шығып отыру.

 

Бұл ортада есеп күшті. Жазушы есебіндегі пікіріңді ашық айтып жүру мүмкін емес. Сөзің ұнамаса ертең сені шығартпай тастайды. Мынау адам талантты болса да оның қызметке көтерілуі, кітабы шығуы екіталай, неге десең ол анабір адамның жанында жүр. Кеңес уағында басылым аз болды. Кітап көп шықты. Қаламақыға қызығып бәрі жазушы болғысы келді. Көп еді қалам ұстағандар. Кешегі қиындық, қымбатшылық кезінде кетті көбі. Соның ішінде небір таланттар да болды.

 

Біз де жүрдік. Әлдебір мекемеде. Әлдебір бастықтың қарауында. Шайлық жалақы. Сенен бірдеңе күткен оқушы. Ағат бассаң аяғыңнан шалған әріптестер. Шабытты күтіп шарықтап жүретін жастық шақ. Мен әңгімені көп жаздым. Жазумен өмір сүрдім. Ашпын ба, тоқпын ба, ертең жағдайым не болады деген нәрсе емес, ең бірінші ертең не жазам, өмірдің дұрыс түсініп, суреттеп жүрмін бе, менің жазғанымды жұрт оқи ма, керек пе осы, тоқырап қалған жоқпын ба,– деген жегі ойлар.

 

Айналамен араласпаймын. Онша қызықпаймын. Жатырқау болды рас ол. Қоғамның, адамның көп мінезін қабылдай беру мүмкін емес. Кейде аралда жүргендей сезінесің өзіңді. Адамдар туралы ойыңды ұнатпай қала ма деп жасырып бағасың. Өйткені сенде жазушылық көз бар. Басқалар байқамағанды сен байқап қаласың. Сыйлаған, аға тұтқан, құрметтеуге лайық  адамдар көп болды. Өтірік айтқан, елді алдаған, екі жүзділік танытқан, ашық менсінбеушілік көрсеткен әріптестер де жеткілікті. Ондайдан аулақ жүруге тырыстым. Сырттан қудалаған жайттар  кезікті.

 

Менің барлық әңгімелерім өзімнің өмірімде болған, араласқан адамдардың басында кезіккен жағдай. Мен әңгімені өзім көңілім қалай қаласа солай жаздым. Классиктерді көп оқыдым. Өмір бойы қолымнан кітап түспеді. Сол себепті қазіргі жайды жазсам да ол бір алыс өмірде болған сияқты арақашықтық қойдым. Мені оқырманның салқын қабылдағаны сол ма деп ойладым.

 

Енді маған айналам қалай қарады. Мені кім деп қабылдады. Бірден жазушы есебінде қабылдай алды ма, жазғандарым оқырманға ұнады ма деген сұрақтар кезінде шыбынша мазалайтын. Қазір мазаламайды. Мен өзім қалағандай етіп жаздым. Оны кім қалай қабылдап бағаласа өзі білсін. Ештеңені дәлелдеп жатпаймын. Біреу кітабыңды оқыдым десе оған қуанам. Оқымаса өзі біледі. Оқы деп қасымда жүрген адамға да айтқан емеспін.

 

Өзімнің үлкен қаламгерлермен таныс-біліс болып, кеңес алып тұрдым. Әңгімеміз ылғи әдебиет, жазу төңірегінде ғана болды. Әр жерге барып, ырду-дырдуға қатысып уақыт өлтіруді ұнатпадым. Әрбір адамның туа біткен мінезі, өмірлік дағдысы, жақсы көретін, ұнатпайтын нәрселері болады. Адам мінезінен мақтаншақтықты, өркөкіректікті, қулық ойлап жүретін аянкестікті жақтырмадым. Екіжүзді, залымдықты, адам баласына пайда емес, зұлымдық ойлайтын тасжүректікті жек көрдім. Жазған әңгімелерімді мұның бәрі де жеткілікті деп ойлаймын.

 

Кейбіреулер айтады. Мен әдебиеті үшін, қалың оқырман үшін жаздым деп. Барлық романтик адамдар сияқты мен де жас кезде сөзбен адамды өзгертуге болады деп ойладым. Сол үшін қалам алдым. Адам баласына жақсы нәрселердің көп екенін айтқым келді. Жамандықтан сақтандырғым келді. Қалам алғаннан талай ұлы суреткерлерді оқып солардың айтқанын, жазғанын үлгі тұттым. Дәл қазір не үшін жазып жүрсіз десе ештеңе айта алмас едім.

 

Талай жазушылар мемуарлық шығармалар жазып жатыр. Өзім көрген жайларды көркем шығармаға айналдыра алған соң өмірбаяндық шығарма жазу маған онша қажет сиқты болып көрінбеді. Әр жазушы өзінің талант мөлшерін, білім-таным аясын жуық шамамен біледі. Ол туралы сыншылар, жазушылар, оқырмандар, тіпті әдебиетке қатысы жоқ төңіректегі жай адамдар да айтып жатады. Көп мақталып баспасөзде үнемі аталып жүрмесем де әдебиетті жақсы көретін, шыққан кітаптарды қадағалап оқитын, жақсы мен жаманды ажырататын оқырман мені біршама таниды деп ойлаймын.

 

Маған сын айтқан, тіпті қатты айтып, мынаны қой дегендер де болды. Бұл маған қайта күш сыйлады. Мен олардың айтқанын шын қабылдадым. Рахмет айттым. Ренжісіп, кейде өзімдікін дәлелдедім. Көзқарасымыз келіспей, сөзіміз жараспай қалса одан алыс жүруге тырыстым. Жастау кезде талай адам сенің жазу стилің жақсы дейтін. Оған қуанатын едім. Қазір сол өз сүрлеуіме түсіп кете беретініме көңілім толмайды. Әлі де осы сүрлеуден шығып ешкім жүрмеген жолдармен жүргім келеді. Адамдарды тереңірек тануға тырысам.

 

Қазіргі жастардың мұсылмандық жолды, сол мінез-құлықты бойына сіңіруі ұнайды. Заман өзгеріп барады. Адамдардың мінез-құлқында да өзгерістер баршылық. Оны шетінен аздап жазып та жатырмыз. Бүгінгі әдебиеттің өмірдің бетін қалқып жазатыны, болып жатқан шындыққа тақап жақындай алмауы, оның ішінде өзім де бармын, уақыт алдында өзін дәрменсіз сезініп, билікке тәуелді болуып қалуы алаңдатады. Тәуелсіз елдің әдебиеті бұдан өзгерек, алға қарайтын, өмір шындығын терең суреттейтін, оны қашан болсын айтудан қаймықпайтын зиялы әдебиет болуға тиіс.
                                                                                                   

2019 жыл
  

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: