Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПОЭЗИЯ
Жүрегімде ғана қалды жылылық...

Блогтар

18.10.2018
5731

Жүрегімде ғана қалды жылылық...

Жүрегімде ғана қалды жылылық...

ҚАРАШАДАҒЫ ХАТ

Сұлулығын тонап жасыл бақтардың,

Қара күздің дегені боп жатқан күн.

Қарашаның ұғынам деп жай-күйін,

Қарашаға айналуға шақ қалдым.

 

Қансыз-сөлсіз жапырақ боп тапталдым,

Жансыз заттың жан-дүниесін ақтардым.

Ақ қарды да, аптапты да жатсынған,

Қарашаға айналуға шақ қалдым.

 

Жылуы жоқ қаталдықтың куәсі ем,

Жанға жайлы күй таппадым бір әсем.

Қарашада жоқ іздеген пенде едім,

Сол азаптан құтқарарсың мына сен?

 

Алыстатқан өз-өзімнен тым алшақ,

Лайсаң әлем, ажарсыздау жүдеу шақ:

Қарашада қатпар-қатпар сыр жатыр,

Пенде болып соны дұрыс ұға алсақ.

 

Ұға алмадым, селсоқ қана тыңдадым,

Өздігінен ашылмайды сыр қалың.

Қарашаны түсіне алмай жүргенде,

Желтоқсан кеп жасырады жұмбағын.

 

...Саған жетпей мына жазған хатым да,

Сөнді демде жүректегі лапыл да.

Қарашаға айналуға шақ қалған,

Жүрегімді желтоқсан боп қатырма...

 

БІР ЕРТЕГІ

Арманымды ал қызыл гүлге балап,

Қиялымды үлде мен бүлдеге орап.

Бір ғажайып ертегі басталардай,

Сарылып ем сол жаққа күнде қарап.

 

Сыйлайтындай белгісіз бақты бүтін,

Лаулаған-ды көңілдің шаттығы тым.

Күткен ертек кешігіп мезгілінен,

Әлсін-әлсін әлсіреп жатты үмітім.

 

...Арманымның ауыр ма тұзы бірақ,

Жалғанбады сол шақтар  үзіліп ап.

Басталған жоқ мен күткен ертек солай,

«Мың бір түннен» мың есе қызығырақ.

 

Қалауымша өзгермей мына ғалам,

(Кім айыпкер, себепші, кінәлі оған?)

Ертегіден елес те бұйырмады,

Кейіпкері көп емес... бар-ақ адам.

 

Алдарқатып сезімім ә дегенде,

Күтуменен сарғайды сана демде.

Ондай ертек ешқашан жазылмайды,

Жазатұғын адам да жоқ әлемде!

 

Сөнері бар, үміттің сөнбесі бар,

(Аяласын Тәңірі пендесін әр)

Жазылмаған ертектің кейіпкері,

Шын өмірде болғаның жөн де шығар!

 

АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮНДЕ

Жасырды да аппақ, әсем келбетін,

Ай тұтылды, түнек басты жер бетін.

Қалқалады екен оны қандай күш?

Өкпелетіп қойған шығар әлдекім...

 

Әлем солай тарс жұмып ап жанарын,

Көрсетпей тұр Айдың ару жамалын.

Бізге солай ұқтырғысы келді ме?

Айсыз қалған ғалам қандай боларын...

 

Айдың әппақ сәулесімен нұрланбай,

Қалдым бір сәт... «Заман болды бұл қандай?»

Түнгі ғалам естілмейтін дауыспен,

«Барар жерің қараңғы» деп тұрғандай...

 

Ешбір белгі білінбейді ақ түннен,

Жұлдыздарда көңіл-күй жоқ шат күлген.

Айды бір сәт алдым-дағы жоғалтып,

Таусылмайтын қалың ойға баттым мен.

 

Тағдырымды тәңіріме тапсырып,

Мен отырмын айсыз түнді жатсынып.

Жұлдыз сөнсе ырымдайтын қазақпын,

Ай тұтылса күтемін бір жақсылық...

 

...Түн сейілді, әлем шеті ағарды,

Ай сәулесі қайта жерге таралды.

Түрілді де қалқалаған әлдене,

Ай тағы да аспаныма оралды.

 

Қарт ғаламның жұмсарғандай иі де,

Түстім мен де баяғы шат күйіме.

Бұрынғыша өтіп жатыр барлығы,

Ешқандай да өзгермеді дүние...

 

*  *  *

Жылылықты ұнататын жан едім,

Күз де жетті де, салқын тартты әлемім.

Салқын қабақ, салқын жанар, салқын жүз,

Осы шығар күзге деген сәлемім.

 

Өз әлемім өзімнен де оқшау тым,

Бәрі де жат — таң да, кеш те, ақшам, түн.

Күрең күздің қабағы да сұп-суық,

Тіпті оның күлкісі де сап-салқын.

 

Осы болар күздің қатал талабы,

Сарғылт әлем көңілсіз күй шалады.

Салқын тартып кеткен досым секілді,

Жаз да менен аулақ кетіп барады.

 

Кездескеннің бәрімен де дос емен,

Дос бола алсам бақытты күн кешер ем.

Салқын ғана сәлемдесіп өтетін,

Таныстарды күнде көрем көшеден.

 

Қоңыр күздің қабағынан сыр ұғып,

Сары орманның тасасына тығылып,

Салқын тартып кетті бүкіл әлемім,

Жүрегімде ғана қалды жылылық...

 

* * * 

Жан-дүниеңді болмашыға мазалап,

Сезімменен өмір сүру азап-ақ.

Кейде бәрін ұмытқым да келеді,

Естеліктің бірін қоймай тазалап...

 

Адал болса ту биікте тұрар шын,

Ессіз сезім осындайда сыналсын.

Егер бәрін ұмытуға тырыссам,

Жалықтырып жіберген де шығарсың.

 

Сарқып бітіп пенденің бар төзімін,

Ащы естелік сыйлайды ғой мезі мұң.

Барлығын да ұмытуға тырыссам,

Өкінішке айналмай ма сезімім?

 

Кейде бәрін еске аласың өкініп,

Асулар көп өте алмайтын секіріп.

Барлығын да ұмытуға тырыссам,

Онда сені ұнатқаным өтірік...

 

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ


Бөлісу:      
Ақтолқын
14.08.2019 23:18
күшті
Пікір қалдыру: