Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
«Жүрек мұңы»

Блогтар

01.12.2017
6621

«Жүрек мұңы»

«Жүрек мұңы»

(Абайдың 17 – қарасөз желісі бойынша)

     Жақында бір оқыс жай болды. Өзім де күтпеген едім. Жылы жерде, петің түбінде терезеге қарап, қысқы көріністі тамашалап отырған едім. Кенеттен бойым аласұрып, бір жақтан қатты айқай естілгендей болды. Үйдегілерге бірдеңе болып қалған екен деп, бірден басқа бөлмелерге ұмтылдым. Сөйтіп алқынып жетіп барсам, дәнемесі де жоқ. Түкке түсінбеген күйі пештің түбіне қайта келіп жайғастым. Сәлден соң жаңағы айқай тағы естілді. Бұл жолы анық өз ішімнен шықты. «Ойпырым-ай, бұл не болды?!», - деп жүрегімді ұстадым. Кеудеме қолымды қоя бергенім сол еді, қолым үскірік аязда үсіп кеткендей болды. Селк етіп, қолымды кеудемнен жұлып алдым. Кеудем тас болып қалыпты. Дәл жүрегімнің тұсы мұздай суық. Шошып кеттім. Пештің түбінде отырып, бар бойым балқыса да, жүрегім неге сонша мұздай?! Аң-таңмын. Ал керек болса! Бұндай да болады екен-ау!

     Мәселенің мән-жайын енді ұққандай болдым. Жаңағы айқай сырттан емес, өзімнің ішімнен шығып жатыр екен. Міне, мәселенің түп төркіні қайда жатыр десеңші?! Енді жай отырмай сол айқайға құлақ түрдім. Сөйтсем, дау кеудемдегі жұдырықтай жүрегім мен санамды билеп отырған ақылымның арасында болып жатыр екен. Жүректің сөзі: «Мен әлсізбін, енді соғуға дәрменім жоқ. Тоқтасам ба деген ойым бар. Бәрібір Адам маған құлақ түрмейді. Сірә, адамға дауа жоқ - ау! Әй, қойшы соны! Қашан ол маған көңіл бөліп еді?! Ол тіпті менің зауыттағы құрылғы секілді тыным көрмей жұмыс жасап жатқанымды біле ме өзі?! Құрылғы екеш құрылғының өзі бір уақыт демалады ғой, тәйірі! Ал мен ше? Күндіз - түні адам үшін тынымсыз соғудамын. Сонда да адамға бір жақпадым - ау! Маған ешқашан көңіл бөлмейтін шығар. Сірә, Адамға ештеңе жаға қоймас! Әй, Адам - ай! Сен бұлай алысқа бармайсың - ау, шамасы!» (Жүрек мұңайып). Кенет есіне бірдеңе түсті ме, әйтеуір бірден жоғары қарап: «Әй, Ақыл, осы сен Адамды өзіңе қалай қаратып аласың, ә? Қашан көрсең Адам сенің айтқаныңнан шықпай, дегеніңе көндігеді де жүреді. Оның не сиқыры бар, ей, айтсаңшы! Білейік! Әйтпесе, шаршағаным сондай, жақында аурухана есігін қағатын боламын!»,- деді жыламсырап. Төменнен шыққан дауысты естіген Ақыл: «Ей, Жүрек, тағы не болды? Сен - ақ осы шағымдана береді екенсің! Сен секілді мен де үздіксіз жұмыс атқарамын. Сен болсаң қалт етсе Адамға кінә артып шығасың. Өзің бір қанағатсыз екенсің! Сенің Адамға жақпайтын себебіңді айтайын ба? Ол мынау: Сен байғұс Адамды өмірі әурелейсің де жүресің. Біресе біреуге жаның ашып, мейірімді боласың, біресе ғашық болып Адамды сорлатасың - ай келіп! Адам байғұс күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, әбден ғашықтық дертінен құса болады. Осыдан кейін сені жек көрмегенде қайтеді?! «Біреуге жәрдем бер» деп тағы сұңқылдайсың. Айналайын, Жүрек - ау! Сенде ұят бар ма өзі?! Талабың тым жоғары. Адам сол сенің айтқанына еріп, опық жемеп пе еді?! Енді келіп Адам көңіл бөлмейді дейсің! Қайдан көңіл бөлсін?! Сен олай тым сезімге беріле бергенше, мен сияқты болсайшы! Мен Адамға жағуымның бірден - бір себебі: мен тек Адамның ғана пайдасын ойлаймын. Сол сен бүлдірген нәрселерді Адам мен арқылы шешеді. Соған да санаң жетпеді ме?! Әй, ақымақ десе, ақымақсың - ау!». (Осы сөздерді айтып Ақыл сақ - сақ күлді.) 

     ...Жүрек ойланып қалды. Айтарға жауап таппады. Есеңгіреп, талықсып бара жатып: «Адам, мені кешірші! Сен олай етпе! Мен мұз болып барамын, маған ондай қиянат жасама! Менің мәңгілік мұзға айналғым келмейді. Білемін, мен аңғалдықпен сенің жаныңа жара салдым. Енді олай болмайды. Тек мені анда - санда жылытып тұршы. Мәңгі сауықтыратын «Сезім – сері» дәрісін сұрамай - ақ қойдым! Тым болмаса ауруды сездірмейтін «Тәтті әуен», «Тыныштық», «Сұлулық деген дәрілерді берсеңіз болды. Өмір бойы жаралы боп өтсем де, осылармен дертімді аз уақытқа болсын ұмытайын! Мені бұл мүмкіндіктен айырмашы!», - деп тулап, айқайға салып жатыр екен. Жаңағы  айқай осы Жүректің жан айқайы екен. Ойланып қалдым. Ақылдың жетегіне еріп, Жүрегімнің мұзға айналып бара жатқанын байқамай да қалыппын

...Бірер минут бұрынғы кеудемнің суығы осы Жүрек мұзының ызғары екенін енді ұқтым...

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: