Блоги
Әбіш ақын
Алғы ағалардың жақсылығын көп көрдім. Өз қатарымды да тануға зер салдым. Ешкімнің құр атағына жығылмай ісіне, сөзіне, тындырған еңбегінің салмағына мән бердім. Кейде көп оқу адамды ерте қартайтады дейді. Сол рас. Мен 30 жасымда өзімді 60 тағы қарт адамдай сезінген кездерім болды. Бірақ мұның бәрі жастық шақтағы алдамшы ойлар. Адам баласының өмірде білгенінен білмегені көп дейтін шын сөз. Жас күнде адамның жігіттік асау, аусар болмағы да ғанибет. Ол артық уайымнан сақтайды.
Әдебиеттегі өз қатарласым ішінде көп жыл қасымда жүргені дос-інім, Әбубәкір Қайран. Інім дейтінім ол менен бір жас кіші. Отыздан аса жолымыз түйіскен біздер, 6-7 жылдай жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Басымыз қосылса бір қауым ел сияқты едік. Қиын кездің бар ыстық-суығын бірге таттық. Жасымыз 45 ке келгенше жөні түзу кітап шығара алмай, тек басылып тұру үшін ғана баспасөзді жағалап жүрдік. “Жалын” журналында Жұмабай Құлиев деген ақын жігіт қызмет істеді. Жазушы Дүкенбай Досжанов, Оңайгүл Тұржанова, Жұмабай Құлиев осы сөздерді жазып отырған Келіс Рахымжан пақырыңыз журналдың бір бөлмесінде отырды. Жұмабай әңгімені майын тамызып айтады. Бір күні оны іздеп Әбубәкір келді. Жұмыстан кейін отырып сыра ішіп, әңгіме айту ол кезде әдепкі жай. Онсыз әңгіме жүре қоймайды. Со жолы Әбіштің жақсы балладасы журналға шықты. Онысы өзі оқуға түсе алмай қалып құрылыста істеп жүргенде көрген шағын оқиғаға арналған. Бірақ осы кішкене оқиғадан Әбіш өмір сурет ойып шығарған.
Бригадир жұмыс істей қоймадың деп қол астындағы жігітті ат бауырына алып сабайды. Бірақ үйі өртенгенде әлгі жігіт оның баласын оттан құтқарып өзі қаза табады. Осыдан кейін Одақта бір жас ақындардың кеші өтті. Онда Әбубәкір “Аспан” дене өлеңін жатқа оқыды. Әдетте көп ақындар өз жазғанын жұрттың алдында жатқа оқи алмайды. Қағазға қарап айтады. Әбіштің бір төтенше қасиеті қай өлеңінің қай тұсынан мысал келтірсең де күндіз демей, түн демей ұйқыдан оятсаң сол жерден айтып кете беретін ерекшелікке ұласқан. Ол өзінің түгел өлеңін жатқа айтады. Абай, Төлеген, Қасым, Мұқағали өлеңдерін де жатқа соғады. Көп адам бір сөйлескенде-ақ кітап оқымайтыны білініп тұрады. Әбіштің ең жақсы қасиеті көп оқиды. Оқу өзіне шақ қонып, тез қабылдайды. Абайды түсінген бір адам болса ол Әбіш шығар. Ұлы ақынды түсініп пайымдауы көп адамдардан озық. Әбіштің ақындығы өзінше алуан құбылыс. Оны сөз етуге уақыт керек. Бірге жүргенде кешті таңға, таңды кешке ұластырып жүру көп жылдарға созылды. Оны айтып тауысу мүмкін емес.
Сол жылдары үйі жоқ, әр жерден жазғанын алып пікір естуге келген жас ақындар Әбіштің үйінде жүретін. Әбекеңнің ең бақытты жері оның отбасы, туысқаншылдығы, көпшілдігі, қосағы Күлзия келін. Үй толған қонаққа бір қабақ шытпайтын жайсаң адам. Күн жүріп, түн жүріп, айтар ойларымызды бітіре алмай шаршап ұйықтап, қайта тұрып сөзге кіріскенде, туыстар – осы сендер не айта бересіңдер деуші еді. – Біздікі өсек емес, әдебиет туралы,– дейтін Әбекең кеңкілдей күліп. Бір адаммен танысқаның мың адаммен танысқаның дейді бұрынғылар. Осы жылдарда Әбекең өндіріп жазды, өзін ғана емес жалпы поэзияны дәріптеп биікке көтерді. Өзі көп ауызға іліге бермейтін ол, жазушылар бас қосқан жерде Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбековті жастарға дәріптеп қайталар еді. Осы сөзді жиі айта жүріп, көз алдындағыны көргісі келмейтін біраз адамдарға менің әңгімелерімді сырттай оқытып, кейін өздерін ертіп әкеп таныстарған кездері болды. Мұны әдебиет жолындағы жанкештілік деуден өзге қалай деп айту керектігін білмеймін. Әбіш әдебиеттегі жалғандыққа, өтірік көлгірсіген босбелбеулікке төзбейтін өршіл, асқақ үнді, шыншыл ақын. Ауызекі сөзде де тауып айтқыш, мерген сөзді өткір тілді, өміршең адам. Оның бойында Таласбек тәрізді көптеген қасиеттер тоғысып жатқанын кітаптарын оқыған адам еріксіз мойындар еді. Әбіш менің әңгімелерім туралы өз қатарластарымыздың ішінде алғаш оң пікірін білдіріп жақсы пікірлер айтып жүргенде, мен оны – Мағжандай ұлылардың сарқытысың ғой,– деп еркелететін едім. Иа, уақыт ерте ме, кеш пе кешегі бірге жүрген адамдарды өмір соқпағының басқа сүрлеуіне түсіріп әкететін кездері болады. Қазірде Әбекеңнің ең шабытты шағы… Мен осы арқалы, ерен ақынның әлі де шығар биіктері көп екеніне сөзсіз сенемін. Бауырым Әбіш, жаз, тағы да жаз.