Блоги
Абыз мекенін іздеу
Тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы кезеңінде әдебиетке деген ынта күшті еді. Шыққан кітаптар, жаңа есімдер көбейді. Өзіміздегінің бәрін шетелдің мықтыларымен салыстырып өлшедік. Жоқты сылтау ғып бізде әдебиет жоқ деген әңгіме туды. Көзі тірі жүрген Әбіш, Мұхтар, Қалихан, Сайын, Әбдіжәміл, Рамазан, Дүкенбай, Әкім, Дулат сияқты ірі қаламгерлерді бойына тоғытпайтын мұндай пікір шындық деп қабылданғаны сондай, елге белгілі талантты адамдардың өзі «рас біз осындай екенбіз-ау» деген ойға берілді.
Бұл баяғы қазақтың сағын қалайда сындырып, өзін жұрттан кем санайтын бейшара халге түсіретін коммунистік насихаттың өзгерген, енді мәскеуден емес өз ішімізден шыққан түрі еді. Сөйтіп, жастар ішінен де шетелшіл, өз тарихын, мәдениетін місе тұтпай кім-көрінгенге еліктейтін, оқу-тоқусыз қарадүрсіндер шықты. Оған бірен-саран орта буын өкілдері қосылды.
Қазақ әдебиетіне тікелей шабуыл бастаған осы топтардың әртүрлі қимылы біразға дейін созылды. Оған қосылған белсенділерді санасақ аты-жөні біразға барады. Олардың да ойлағаны болып, қаламгерлер арасында жік туды. Ешкімгесөзі өтпейтін, өз ішіндегі түрлі айтыс-тартысты реттей алмай іштен бүлініп жатқан ұйымның сөзін кім тыңдай қойсын ақын, жазушы атаулының да беделі енді бұрынғыдай болмай қалды.
Бірақ уақыт бәрін реттейді екен. Бізде әдебиет бар болып шықты. Біздің жазушылар жұрттан кем емес екен. Тарихымыз бай, елдігіміз жер бетіндегі ең ежелгі әлемге әйгілі халықтармен бірдей екен. Жазғанымыз да көрікті, ұлттық әдебиет деп айтуға тұрарлықтай жемісті, әрі жан-жақты болып шықты.
Кешегі М.Әуезовтер жас өркен боп есептелген алаш әдебиетін айтпасақ та бүгінгі әдебиетімізде жоғарыда аталған аға толқынның болуы қазақ әдебиетін бұрынғы одақ әдебиетінде мықты орны бар әлеуеті зор әдебиет ететін делелдейді. Оларға мың сан мысал келтіруге болар. Жүздеген аудармалар, мыңдаған кітап, тарихи-ғылыми зерттеулер баршылық.
Осы күні елдік бірдеңе айтсақ дәлелдеп сөйлеуге тура келеді. Бұрын да абыройлы болған әдебиетіміздің ірі тұлғаларын қайта дәлелдеп жазуға тиіс сияқтымыз. Әйтпесе, оны мойындай қоятындар қатары азаятын емес. Ойымызда әйтеуір кеңестік кездің қырсығы орнап қалған. Бұл кеңестік кездің, сол саясаттың жазушысы деген. Бірақ сол дәуірде өмір сүрсе де қазақ тарихын түгендеумен, күнбе-күнгі саясатқа қарамай еркін ойлаған жазушылар бар екенін естен шығарып ала береміз. Рас, талай талантты ақын-жазушылар кеңесті жырлап, сөзін сөйлеп, саясаттың ығымен жүргені, билікке қолшоқпар болғаны жасырын жағдай емес. Мұны талдап, әркімнің жазғанын саралап, істеген қызметін көрсеткенде ашып айту қажет.
Бәрін бір сөздің аясына сыйғызып кеңестік әдебиеттің мүшесі деп қарайтын болсақ онда талай қазынамыз ескіліктің қалдығына шығып кетуі мүмкін. Енді осы сөздердің бағанадан бастап келіп айтпағымыз не еді?! Соған келейік.
Кеңестік кезде де оның барлық саясатын, партияның айтқанын сол қалпында қабылдаған қолшоқпарлар жеткілікті еді. Бұл туралы көркем әдебиетте жазылып жүр. Оған арналған бірталай шығармалар баршылық. Қазақ жеке шығып ел болған күннен бергі баспасөз, әдеби сын, кітап шежіресін қарайтын болсақ әдебиет туралы айтыстың неше том боларлық екенін көресіз.
Сонда мазмұн не дейсіз ғой?!! Қалай жазу керек? Кімді оқу керек? Қазіргі әдебиеттегі ең жақсы шығарма кімдікі деген сияқты керексіз әңгімелер. Бұл сөзді бастап, шығарып, оған қызығушылық танытып жүрген сол баяғы сәцәлизмнің жетім қалған өгей балалары сияқты партиялық аурумен ауырған кәсіби деңгейі төмен ескі жазушылар.
Жазушының ескі жаңасы бола ма деген сұрақ тууы мүмкін. Болады екен. Санасы ескірген, бұрынғы қоғамда үйренген әдеттерін қоймайтын, жаңалық атаулыны қабылдаған болып тұрып, іштей оған қарсы қимыл қөрсететіндер ескі жазарманға жатпай қайтушы еді. Бұл аталған қатардың да белсенділері, топ бастап лауазымды қызметте жүргендері баршылық. Сол себепті де атын атап, сөйтіп еді деп қылықтарын тізбейміз. Өздерін өздері танып алсын.
Біздің әдебиеттің көрнекті тұлғалары әлгіндей боп жатқанда одан кіші, әлі көп таныла қоймаған неше буыны қайтпек дегенді ойласаңыз расында алда қандай жол тұрғанын байқағандай боласыз. Әсіресе жастар жағы.
Иә, жастар жағы еркіндіктің тәтті әсерін бойына жақсы сіңірді. Лек-лек болған жас қаламгерлер одаққа мүше болып, мүшәйралардың алдын бермеді. Жастар алда жүру керек дегенді бойға әбден сіңірдік. Сөйтіп, тек айналадан мақтау ғана күтетін, сынға еш төзбейтін, еліктеу төңірегіндегі, оқиғаларды сырттай қызықтаушы, жылтырақ әдебиетті дүниеге әкелдік.
Қоғамда не жасалса да адам қолымен жасалады. Талантқа қоса білім керек екенін, білім мен талант қосылса тау қопаратын адамға әділдік, қанағат, ынсап, тәрбие керек екенін ұмыттық. Топшылдық, жершілдік пиғылымыз дұрыстық, әділдік деген ұғымдарға ырық бермеді, әрқайсы бір-бір құдайға айналған мағынасыз, не сөйлеген сөзінде, не істеген ісінде береке жоқ бірін-бірі тыңдаудан гөрі өз дауысын ғана шығаруды қалайтын, дұрыс сөз айтылған жерде тоқтайтын зиялылар ұйымынан шуылдаған құр тобырға айналып шыға келдік.
Сырттай бәрі орнында сияқты. Ғимарат тұр. Кәрілер келіп кетіп жатыр. Жастар билікті жаңартуда. Сатқын болса да билікте отырғанның сөзін сөйлеуге шеберленіп алдық. Зиялылықты зымиандық жеңген қоғамды қалай тазалауды білмей басы қатқан азғана білгіштеріміз іштен тынып үнсіз жүр.
Баяғы Мұқаң жазатын үңгірдегі Абыз ақсақалдың мекені қай жерде екенін бүгінде ешкім білмейді. Білсе қазір вертолетпен ұшса да «қайтпек керек» деп сұрақ қойып келер еді жорналыс бауырлар.
Қайтпек керек. Өзіміздің сөзімізді ғана тыңдай бермей, айнала жұрт не деп жатқанына тыңдайық. Біз білмейтін нәрсені айтып жатса қарапайым қараша деп жүрген халықтың дана болғаны да. Тек сол дана жұрттың не дейтінін, әдебиеттен көрінбей қалған арман-мұңын дер кезінде ести білсек қой.
26.09.2019