Блоги
Анам қашан келеді?
– Анамның қарны неге қампоқ? – дегенді бірде енді ғана үш жасқа аяқ басқан Арманы былдырлай.
– Ішінде қарбыз бар. Қане, ұстап көрейікші,– деп еді Алмас баласының мына сөзіне ішек-сілесі қата күліп. Содан Арманы бірнеше күн «қарбыз жеймін» деп қиғылықты салған.
– Ол қарбыз емес – бөпе. Анаң саған бөпе әкеледі, – деп әкесі шындықты айтып әрең құтылып еді-ау сонда.
Арманның күтіп жүрген сол бөпесі шығуға талпынып жатыр-ау, бүгін өзін жайсыз сезініп жүр. Күндіз басталған ауруы кеш бата үдей түскендей. Сонда да перзентханаға кеткенде қыздарым қиналып қалмасын деп күні бойы тыным тапқан жоқ. Ерке Арманын әлдилеп ұйықтатып тастады. Өзінің де көзі ілініп кетіпті. Қатты қысқан аурудан оянып кетті. Қыздары тымпиып-тымпиып бейқам ұйқының құшағында жатыр. Жүрелей Салтанатының жанына жетті.
– Салтанат қызым, тұра ғой. Бөпелеріңе қара. Мен бүгін ауруханаға кететін шығармын. Мазам болмай тұр. Мені іздеп Арман сыртқа шығып кетіп жүрмесін. Сен үлкенсің ғой қызым, тұра ғой, – деп ұйқысырап көзін аша алмай отырған қызын қайта-қайта оятты. – Бөпелеріңе жақсы қара мақұл ма. Тамақтарыңды уақтылы жеңдер. Көрші апаға айттым, сендерге бас-көз болып тұрады. Салиха жеңгең нан пісіріп береді. Абайла, шай қоямын деп күйіп қалып жүр ме, жарайма қызым. Көмек қажет керек болса апаға бар, ол кісі көмектеседі.
– Қап, – деді іштей. – Бүгін Алмастың да болмай қалғанын қарашы. Енді қайтсем екен?.. Таңға дейін шыдай алмайтын сияқтымын. Көршілерден көмек сұрасам, ұят бола ма?..
Қаншалықты шыдамды болайын деген сайын іші қаттырақ ауырып барады. Шыдай алар емес. Салтанатын орнынан тұрғызып алып, көрші үйдің есігін қақты.
– Кім? – ұйқылы ояу Ержан ағайдың даусынан ұялып әрең «мен» деді.
– Қазір, деген дауыс ішке еніп жоқ болды да, іштен «Майра сенбісің» деген Раушан апайдың даусы шықты.
– Ия, апке, ашыңызшы, – деді шыдамай есік ашылып жатса да. – Әпке ауырып тұрмын. Үйде Алмас та жоқ еді...
– Ойбүй, қазір, қазір... Сен дайындала бер. Ержан, ә Ержан, ұйықтап қалма, – деп Раушан әпкесі бұлардан асығыс ішке кіріп кетті.
Бар дайындығын алдын-ала жасап қойған Майра Салтанатына бәрін аманаттап ауруханаға кетті.
Түнжарымжа келген қонақты кім жақтырсын, кезекші мейірбике мұны көңілсіз қарсы алды. Ұйқысынан оятқанға болар қабағы үйін-түйін.
– Мына бөлмеде жата тұрыңыз. Әлі толғағыңыз піспеген... – Кезекші дәрігердің бар айтқаны осы болды.
– Жалғыз өзім бе?..
– Енді сенің қасыңда мен жатуым керек пе?
Қайта басталған толғақ дәрігерге деген ашуын да, қараңғы бөлмелегі қорқынышын да қашырып жіберді. Жаны қысылып жатса да «шыда жаным, шыда» дейді өзіне дем беріп. Үйреншікті ауру ғой. Өте шығады. Одан кейінгісін ойласа жүрегіне жылылық, аналық сезіммен мейірлене кетеді. Ауруы да бәсеңдейтіндей. Ол аз уақыттан соң дүнеиге келетін сәбиін көз алдына елестетті. «Арман секілді топ-томпақ, сүп-сүйкімді болар. Ұл ма екен? Қыз ба? Ұл шығар... жүрегі сезеді ұл секілді».
Ол сықырлауық кереуетке жантайды. Ең алғаш оыс перзентханаға келгенін есіне алды. Ия, ол кезде қатты қорыққан болатын. «Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп» Салтанаты өмірге келген. Сондағы Алмас екеуінің қуанғанын көрсең. Салтанаттан соң Айжаны өмірге келген. «Үшеу едік, енді төртеу болдық» деп қуаныштан жүрегі жарыла жазлаған Алмастың. Айжан түнде туылып еді. Ай да сол түні сүттей ұйып, жап-жарық нұр шашып тұрған. Терезеден түскен ай сәулесі мұның бақытына қызыға көз тастап тұрғандай еді. «Аты айжан болсын. Айдай сұлу қыз болсын» деген еді Алмас. Айжаннан соң Ұлжаны дүние есігін ашты.
– Ту-у, даусының ащысын-ай. Сөйтпесең қыз боласың ба?,- деген дәрігердің сөзінен-ақ үшіншісінің де қыз болғанына қынжылды. Бірақ, Алмас қуанышты еді. Тіпті, өзге еркектер секілді «ұл тумадың» деп аузына да алған жоқ. Сондн дн болса ырымдап есімін Ұлжан деп қойған-ды.
Төртіншісі бойына біткенде «ұл болса екен» деп ынты-шынтысымен тілеген.
– Саған бір ұл туып берсем арманым жоқ, – дейтін Алмасқа.
– Жаратқанның бергені болады. Ұл ма, қыз ба, не берсе де парасатты, пайымды бала берсе болды, – дейтін ол.
Десе дегендей төртіншісін де қыз босанды. Ұлдана. Алмас қуанбаса қынжылған жоқ. тек бұл ғана іштей жылаған. «Енді тумаймын» деген іштей.
Күндер өтіп жатты. Төрт қыз біріне-бірі сүйеу болып өсіп жатты.
Бірде бар жұмысын бітіріп үйге енген. Алмас жатын бөлмеде домбырасын дыңғырлатып жатыр екен. бұл домбыраға адамның қолы тимегелі біраз уақыт болған шығар, сірә...Ішке енген. Алмастың екі көзі төбеде, Ойға беріліп, бір нүктеге қадалып қалыпты. Саусақтары пернелерді бойлай жүгіріп жүр. домбырадан төгілген әуенге еріп «Шаңыраққа ие болып қалатын, Ұлдың аты ұл ғой шіркін қашанда» деп қояды.
«Шаңыраққа ие болып қалатын,
Ұлдың аты ұл ғой шіркін қашанда...»
Бұл іштей қайталады. күйеуінің жан дүниесін түсінгендей. «Туамын» деді іштей. «Он болса да... ұл туғанша...»
Арманы дүниеге келген. Қыз бола ма деп қорыққан еді. Ұл болды. Ұл. алмас екеуінің қуаныштарында шек жоқ еді. Тек уақыт өте келе кейбіреулердің «Алмастың жалғызы» деген сөздері жанын жаралай бастады. Жалғыз ұл... Қыздары санатқа кірмейді екен-ау.
Бұл тағы бір ұл тууға бекінген. Алмас та қарсы болмады. Арманына серік болсын деген. Жүрегі сезеді, мұнысы да ұл болады. Әне, бір бүйірін солұылдатып жатыр. Сірә, ертерек шыққысы келген болар. Жанын қинап барады. Уақыт озған сайын денесі әлсіреп, басы мең-зең болып тұр.
Алмастың да түнгі кезекте болғанын қарашы, мына дәрігерлерге бірдеңе беретін. Қарағысы келмей жатқаны сондықтан шығар. Түстері суық қой.
«Толғағың әлі піспеген» дегенді әлгінде дәрігерлер. Тезірек босанса екен. Тезірек таң атса ғой. Ауруы жиілей түскендей ме қалай? Шыбын жаны шырқырап барады. Әлі де қалмағандай. Бір кесе ыстық шәй болса ғой. Кішкене болса да күш болар ма еді?.. Дәрігерлер де хабар алмай қойды-ау. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы шығар, сірә... Талай ойға барды. Бәрінен де бір кесе ыстық шәй ішкісі келген. Қырсыққанда бөлмесінде де ешкім жоқ. Тағы біреу толғатып келсе екен...
Жаны қиналып жатса да өзін ұстауға бекінді. Көзі ілініп кетіпті. Түсі ме, өңі ме белгісіз. Жер-дүние көкмұнарланып тұр. Анадайда бір қураған ағаш қарауытады. Бұтағына байланған қызыл-ала қиқым-сиқым қиықтар меңіреу желбірейді. Жуандығы білектей арқан байланып тұр. Бір ұшы аспанға ілініп тұр екен дейді. Көк мұнардың арасынан көк көйлекті екі әйел пайда болды. Мейірбике екен дейджі. «Ақ халат киюші еді, көк көйлек кигені несі?» деп ойлады іштей. Бұған қарап «ана арқанға асыл, босанасың» дегендей. Екеуі үнсіз қолтығынан сүйей берді. Арқанға асыла кетіп еді, өз денесінің «гүрс» еткен даусынан оянып кетті. Іші ауырып кетті. Шыдай алар емес. «Балам, өлді ғой, балам» деп етпетінен құлаған күйі тұра алар емес. Қап-қара бөлменің бөлменің есігінен дәліздегі жарық әлсіз сығалайды. Сол жарыққа жетпек болып алға ұмтылды. Әлі жоқ. Жанын қинаған аурудан шыңғырып әлек. Бар күшімен тамағын қырнап айғайлады. Бірақ, даусы өз құлағына жетіп жатқан жоқ. Бөлме іші сол қап-қараңғы. Есіктегі сәуле біресе пайда болып, біресе ұзап-жоғалып барады. Сол сәулеге жетсе ғой. Айқайлады, шыңғырды. Ешкім есітер емес. Өзі де естімеді. О, тоба, кірпік дегеннің осыншама ауыр екенін кім біліпті... көтере алар емес...
Қараңғы қапастың іші тағы да көкмұнарланып кетті. Аспанның да, жердің де шегі жоқ. Бір-бірімен астасын кеткендей. Алба-жұлба қара ағаш қарауытып көрінеді. Аспанға ілініп арқан тұр. Сол арқанға жетсе ғой. Босанар еді... Ұл... Арманының серігі...
Көк көйлекті мейірбикелер көкмұнарға сіңіп барады.
– Тоқта... көмектесіңдерші... көмектесіңдерші...
Көк аспанда керілген жіпке жету үшін жерді тырнай берді... тырнай берді...
*** *** ***
– Анам маған бөпе әкеледі, – деді іштей Арман аялы алақанына саз топырақты уыстай алып.
– Шұңқырға таста, – деді әкесі. Әкесінен көргенін қайталап апандай шұңқырға тастады. Сосын көп адамдарға қосылып кері қайтты. Бәрі бастарын салбыратып алыпты. Әкесі де.
– Әке, анам қашан келеді? – деп сұрады төмпешіктер ауылынан келе жатып.
– Ешқашан.
Алмас өзінің не жауап қатқанын да білген жоқ.
– Ешқашан? Ешқашан деген неше күннен кейін келеді, әке? Біл күн, екі күн, он күн, сосын төлт күн, сосын он күн. – Құйттай-құйттай саусақтарын санап келеді.
– Он күннен кейін келе ме, әке? Айтшы, анам қашан келеді?..