Блоги
Арақ атаңның асы емес
Үйде отыр едім, әбіржіген көрші әйел «Ағасы үйге жүріңізші бөлем үйге ішіп келіп, бізге маза бермей айтқан сөзді тыңдамайды, сіз жөн айтсаңыз есі кірер», - деп келген соң амалсыз үйіне барым. Бөлесі 30-35 жас шамасындағы азамат екен. Өзі шала мас, бала шағаның отырғанына қарамай аузына келгенін сөйлеп отыр.
Мен шыдай алмай: «Інішек бұның не, туысыңның үйіне келіп бейпіл сөйлеп отырғаның, мына жеткіншектерден ұялсаңшы», - деп едім, менен ықсынды ма, әлде ұят қысты ма, тілі күрмеліп, маған мұңын шаға бастады: «Ауылдан бала-шағаға мектеп жабдығын алу үшін қалаға елу мың ақшамен келдім. Көптен көрмеген танысыммен кездесіп арақ іштік, содан мас болып қалыппын. Соны пайдаланған, танысым ақшамды ұрлап алды. Полицияға айтайын десем, өзім маспын, енді автобуспен үйге қайту үшін бөлемнен ақша сұрауға келдім», - деді.
«Е, солай демейсің бе, ендеше үйіңе бар» деп бөлесінен екі мың теңгені алып, қолына ұстатып, оны үйден шығарып салдық. Содан мен де үйге кеттім.
Екі, үш сағаттан кейін көршім қайтадан келіп тұр: «Бөлем тағы келді, удай мас, көмектесіңізші», - деген соң жағдайды сұрастырсам, манағы берген ақшаны ішіп, үйдің жанында мастықтан жүруге де, сөйлеуге де шамасы келмей шаңға аунап жатқан көрінеді. «Көрші қақысы тәңір қақысы» демей ме амалсыздан: «Жәрәйді машинаммен оны үйіне апарып тастайын» деп бөлесін машинама отырғызып, ауылына алып кеттім, жол бойы машинамның ішіне құсып арамдап тастады, әйтеуір көршім үшін шыдадым.
Арақ буынына түскен жігіт ес - түсін білмейді. Ауылына келген соң көшедегі кісілерден жігіттің үйін сұрап тауып алдым- ау. Үйінің жанына тоқтап «Маскүнемді» түсіріп жатыр едім, үйінен әйелі шығып екеуміз оны үйіне сүйрелеп әкеле жатыр едік, үйдің кіре беріс босағасында жеті- сегіз жасар қыз бала мас болған әкесіне қарап, көзі мөлдіреп жылап тұрғанын көріп жүрегім сыздап кетті...
Керуетіне жатқызып үйге кетейін деп жиналып жатыр едім, әлгі азаматтың әйелі менен келіп кешірім сұрады: «Жолдасым жоғары оқу орнын бітірген, ауылдың айтулы мұғалімі болды. Бірақ, араққа үйірлігі абыройынан айырды, ішкілікке салынып, үйдегі бар заттарды сатып бітті. Отбасымыздан бірлік-береке кетті. Әке -шешесін тыңдамайды. Кеше менің жоғымды пайдаланып, сауып отырған жалғыз сиырды елу мың теңгеге сатып, қалаға кетіп қалыпты. Сол елу мыңды ішіп келген ғой.
Айрылып кетейін десем, оның өзін де, балаларды да, ата-анасын да аяймын, әрі ер азамат қой, әйтеуір бір күні есін жияр деп үміттенемін. Не істейін құлындарым аман болсын», - деді кемсеңдеп. Мен де не дейін: «Үмітіңді үзбе. Жақсылықтың бір қайыры болады деуші еді, балаларыңның болашағын ойла», - дедім де қалаға аттанып жүріп кеттім.
Жол бойы көз алдымнан мас әкесіне қарап, мөлтеңдеп жылап тұрған қыз баланың бейнесі кетпей қойды...Не істейін? «Арақтың кесірінен талай -талай азаматтар қор болуда, осы «арақ» аталарымыздан қалған ас емес, ес жинайтын уақыт болды емес пе. Бұл індеттен арылудың бірден бір жолы имандылыққа бет бұрып, Алла Тағаланың хақ жолымен жүру», - деп өз - өзіммен күйіне сөйлеп келе жаттым.