Блоги
Астанада «Ертұғырыл 1890» атты түрік фильмі көрсетіледі
Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы соңғы бір жыл бойы «Айлық түрік фильмдері» шарасы аясында үздік түрік кинотуындыларын Астаналық көрермендерге ұсынып келе жатыр. Шара Қазақстан мен Түркияның дипломатиялық байланысының 25 жылдығына арнайы өткізіліп келеді. Өткен айларда «Махаббат саған ұқсайды», «Соңғы хат», «Көбелектің түсі», «Ұмытсам сыбырла», «Ұзын хикая», «120» атты кинотуындылар көрсетілді. Ал, 25 қарашада түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен «Ертұғырыл 1890» атты фильмді Астаналық көрерменге ұсынады.
«Ертұғырыл 1890» фильмі - тарихи және драмалық жанр бойынша жапон және түрік продюссерлер бірлесіп түсірген ортақ кинотуынды. Режиссері Мициоши Танака болып табылатын фильмде қос елдің Сейо Учино, Кенан Эдже, Шиоли Куцуна, Алижан Юджесой, Угуо Полат, Мехмет Өзгүр, Дениз Орал және Тамер Левент сияқты танымал актерлері әртүрлі рольдерді сомдаған.
Фильмге екі тарихи оқиға кезінде бекіген жапон-түрік шынайы достығы арқау болған. Кинотуынды 1890 жылы Жапонияда теңізде батып кеткен Османлы императорлығының фрегаты «Ертұғырылдың» хикаясынан басталады. Жапон императорының Ыстамбұл сапарынан кейін 600-ден астам түрік теңіз әскері Жапонияға «Ертұғырыл» атты кемемен бет алады. Алайда, қайтар жолда ауа райының қолайсыздығынан кеме жартасқа соғылып, апатқа ұшырайды. Түрік әскерлеріне теңіздің жағасында тұратын қарапайым жапондар қол ұшын созады. Түркияның «Титанигі» деп аталып кеткен апаттан тек 69 әскер тірі қалады...
Фильм 1985 жылы Ирак-Иран соғысы кезіндегі Тегерандағы жапон-түрік достығының көріністерімен жалғасын табады. Саддам Хүсейн 24 сағат ішінде Тегеран әуе жайын бомбалау туралы бұйрық береді. Иранда қызмет ететін 215 жапон азаматын сол кезеңдегі Түркия Президенті Тұрғұт Өзалдың тапсырмасымен “Түрік әуе жолдары” компаниясы құтқарады... Осы оқиға жапондардың «Ертұғырыл» кемесіне көрсеткен көмегіне алғыс ретінде қабылданды.
«Ертұғырыл» фильмі 25 қарашада Керуен ОСО, Кинопарк 7, 4 залда 17.00-де ақысыз көрсетіледі.