Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ПРОЗА
Ауылым - алтын тұғырым

Блоги

09.02.2019
31009

Ауылым - алтын тұғырым

Ауылым - алтын тұғырым

 

   

Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Яғни, ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы. Ауыл — адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Дүниедегі ең құдіретті  АНА болса, ауыл да барлық халықтың анасы, тіршіліктің нәрі.

   

Елбасымыздың:«Біз кез-келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз»,- деген сөзі өте дұрыс айтылған.                         

 

Елбасының мақаласы турасын айтқанда, ұлтымыздың ұясы, алтын бесігі, ырыстың кіндігі саналып келе жатқан ауыл туралы салиқалы сөзі көңілге ерекше бір серпін берді. Ауыл түлесе – қазақ түлейді. Өйткені, ауыл мен қазақ ажырамас ұғымдар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Адам баласы  –  шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің тү­бінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп жазады бағ­дарламалық мақаласында. Жү­рек тебірентерлік туған жердің  ұлылығын  ұғындырар сөздер.
     

Шыны керек, игі жақсының барлығы дерлік осы ауыл дейтін ұлы даладан шығады емес пе? Сөз өрнегін оймақтап, жырдан кесте тіккен ақын-жазушыларымыз да, ән өрнегін айшықтаған сазгер, күйшілеріміз де, аты аңызға айналған даналарымыз да сол қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан.Біздің де Созақ топырағынан ертедегі бабаларымыз «Әзіреті Қаратау әулиенің кені еді»деп бекер айтпаса керек,бүкіл түркі әлеміне танымал қазақ жеріне ислам дінін уағыздаушы,ендіруші Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің мекені бұл Созақ.Созақтан шыққан зиялы қауым өкілдері де жетерлік. Атап айтар болсам,«Созаққа барсаң күйшімін деме...» деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, белгілі күйші Төлеген Момбеков, күйші-сазгер Сүгір Әліұлы Қазыналы Қарт Қаратаудың етегінде дүниеге келген. Қазақи сөз мәйегі сақталған(М.Әуезов)ақын-жазушыларымыз да аз емес: Құлыншақ Кемелұлы, Асқар Сүлейменов,Тәкен Әлімқұлов сынды ұлылардың мекені бұл Созақ.Тіпті «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырларының шығу тарихы менің ауылым Созақпен тікелей байланысты екенін біреу білсе, біреу білмес.

 

                       Созаққа өзімше бір жыр арнадым,

                       Торғайлық болсамдағы тұра алмадым.

                       Шіркін-ай тектілерін тізер болсам,

                       Келеді атын айтып ұрандағым.

 

                        Тамшы жыр, тамшы тері тар маңдайдың

                        Қалайша таңдай қағып таңданбаймын.

                        Шәмшінің Теріскейін естігенде,

                        Тағы да барсам ғой деп армандаймын.

  

Торғайлық ақын Саят Әбенов те  Созаққа арнау шығарғанын айта кетсек, артықтық етпейді.

   

Қарт Қаратаудың еңісін жайлаған елді халық «Созақ ауданы» немесе «Теріскей» деп таниды.Иә, бұл менің алтын тұғырым-ауылымның атауы.Менің ауылым Созақ өңірі XII-ші ғасырдағы жазбаша деректерде көп аталады, ал XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған.

   

Сахаралы сырлы Созақ даласы қазақ деген ұлттың түп-тұяғынан бірге келе жатқан бауырлас егіз ұғымы іспетті. Қазақ-Созақ ұғымының егізділігі, туыстылығы туралы тарихшы Қойшығара Салғараұлы да «Қазақтың қилы тарихы» атты еңбегінде жазған.[«Созақ үні» аудандық газетінен]

       

Талай танымал тұлғалар түлеп ұшқан бұл өңір- көне кесенер мен құнды жәдігерлер сақталған киелі мекен. Қойнауынан құт дарыған, шатқалынан шаттығы тасыған Созақ өңірі- ырыс пен ынтымақтың қайнар бұлағы. Халқы еңбексүйгіш, жері құнарлы мекен бүгінде өндіріс орындары өркендеп тұрған өңір деп айта алар едім.

  

Ауыл деген шіркін,тіршілік бейнетіменде тұғырлы деп ойлаймын өз басым.

    

Ауылдағы қым-қуыт тірлік,әрине,апа-жеңгелеріміздің таңмен бірге таласып оянуымен басталады.

   

Бір қыста Райхан дейтін жеңгем таң бозынан оянып,босағада тұрған етігін аяғына тартқылап киетін де,есік алдындағы сіресіп жатқан қарды сықыр-сықыр басып қораға қарай  беттеуші еді.Ол жатқан қара сиырдың «мө-ө»деп әндете созған даусы естілетін.Жас қидың иісі танауыңды қытықтайтын,жылы қораның бір түкпірінен тықырлап бұзау да ояна бастайды.

   

Жеңгем малға шөп әкеп салады.Қара сиыр алдындағы шөпті тілімен іліп алып,күрт-күрт шайнайды.Осы сәтте қораның екінші бөлігіндегі он шақты қойда бірдеңенің иісін сезіп маңырайды.Жеңгем оларға да шөп салады.

   

Шіркін,ауылдың қысы да тым ерекше әсерлі ғой.

   

Бір күні таңертеңгілік жеңгеммен бірге оянып,мал жайғасуға шықсам,ертеңіне сілем қатып ұйықтап қалушы едім.Жеңгемнің жаны ашитын.Ерте оятуға қимай, тағы да сол жалғыз өзі тырп-тырп басып, қораға қарай кетіп бара жататын.

  

Ағамның жүзін сирек көретінмін.Өйткені ер жігіт түзде демеуші ма еді?Таңның атысы,күннің батысы демей,өзіміздің ауыл орталығынан біршама шақырым жерде уран өндірісінде жұмыс істейді.

  

Бұның барлығы да дала тірлігі болса,үй ішінде одан да қызық. «Иә,солай» дегендей,жеңгемнің жанындағы ақ самаурын ақырын ғана ызыңдап қояды. Ас ішіп болған соң, әжеме құрт-май жасауға көмектесетінмін. Атам болса жылқыларды ерекше күтіп баптайтын,таңғы асын іше салып немерелеріне атта отыруды үйретуге ауылдың шетіне барып қайтатын. Ал,қысқы демалыс тіпті қызық. Ауылдың артезиан суларынан аққан сырғанақтарда бастауыш сынып оқушылары көңілдерін көтеретін.Шанамен сырғанап,қар атысып, арасында тығылып қар жеп алатынбыз.Ал ауылдың жазғытұры мезгілі туралы он томдық кітап жазуға болатын шығар.Себебі, ауылдың тау бөктеріне шығып, кең далаға көз тастап қарасақ, сұлудың көзіндей көл жаудырап жатады,көк кілем балаусасы балбырап, көк жібек жапырағы жалбырап, ақ қанттай аспанда қиқулаған құстар бәрі-бәрі керемет үйлесім тауып жатқандай көрініс береді маған.

   

Қойнауы құтқа толған Созағым, Теріскейім жазда құлпырып сала береді ғой, шіркін! Талдың көлеңкесіне бетегедей киізді төсеп тастап, туған-туыс,көрші-қолаңмен жеңгеңнің самаурынының екі иығынан буын бұрқыратып тұрып шай ішкенге ештеңе жетпейді ғой!

   

Қаладан келген аға-әпке, іні-сіңілілерімізге ауылдың жыл сайын құлпырып,өркендеп жатқанын мақтана айтып, су арналарына(қазіргі таңдағы қалалардағы бассейн іспетті) шомылуға, ауылдық клуб кештеріне қонақ қылып, ауылға деген сағыныштарын бір басып алып, бау-бақшаның түрлі өсіп тұрған жеміс-жидек, көкөністерінің арам шөптерін жұлдырып, суарғызып аламыз. Оларға қызыққой суарған. Таласып,жас баладай су атысып ойнап та аламыз арасында.Інілеріміз көбелек қуып,қозылармен қуаласпақ ойнап, бұзауқандарды қызықтаумен-ақ шаршап талып ұйықтап қалатын.Қаладан келген ағам: «Ауылымның түтіні-ау қымбат маған, қымбат маған белдер-ау сұңғақтаған туған жер» деп әндетіп, сағынышын жылап тұрып шығарып алатын. Сонда мен түсіндім: «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген осы болғаны шығар.Осы тұста Қ.Аманжолов атамыздың «Туған жер» өлеңінің бір шумағы есіме түсіп отыр:

 

                              Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!

                              Нендей күйге жүрегімді бөледің?

                              Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем-

                              Арманым жоқ бұл дүниеде, дер едім.

  

Осылай ауыл тіршілігі қызығымен де, шыжығымен де өтіп жатыр.

  

Міне, ауыл – ырыс-береке мен мерекенің құт мекені, ынтымақтың отаны. Бастысы Теріскей тұрғындарының тұла бойында керең еститін, зағип көретін тіл-мейірім бар. Ол деген ауыл тұрғындары ауыл аймағымен, бота тайлағымен тату да тәтті күн кешуде деген сөз. Және біз басқа аудандарға барғанда «Созақтан келдім» десең, «Охо, бай-бақуатты жерден келіпсің,сендерде жұмыс орны көп, яғни берекелі жерден келіп тұр екенсің ғой» деп айтып жатады. Аллаға шүкір! Сондықтан қазыналы аймақ, киелі өңір-Созақтай ауылда тұратыныма кеудемді кере мақтана аламын.

 

Ауылымның тарихы терең. Бүгінде біздің Созақ ауданына-90 жыл!

 

Бұл мерейлі той, жаңа жетісіктің, теріскейдегі тың табыстардың бастауы болғай деген тілекпен әзірге өз ауылымның білім деңгейіне өз үлесімді өз тұғырында қосуға үміттімін!   

 


Поделиться:      
Айнекбаев Серікболсын
15.11.2021 11:41
Өте керемет жазылған екен. Шыққан тегін , жерін есіне жиі алатын ұрпақтарың көп болсын Созағым!
Айжан Омарбекова
14.02.2019 20:14
Ауылым-алтын тұғырым Ауыл-тіршілігі қайнаған қазағымның небір қилы заманды бастан өткеріп жатқанда ұлттық болмысымызды сақтап келе жатқан құтты мекен.Қазіргі таңда еліміз "Руxани жаңғыру-болашаққа бағдар" бағдарламасы аясында дамудың жаңаша жолына басымыздан өткеріп жатқандығымыз белгілі.Дегенмен,елбасымыздың кемел саясаты үлкен қаладағы өмірдің қарапайым қазақ ауылы тіршілігіне бұрып жатқандығымен оң нәтиже бермей жатқандығы да ақиқат.Осы тұста ауыл өмірі мен қала тіршілігіндегі айырмашылық қандай? Қазақ xалқы ежелден-ақ бөлінбедік.Сол ұлы қасиетіміз бізді өрге жетелеген.Қаншама нәубетті бастан өткеріп,көзіміз жаугершілік заманның куәсі болды.Бірақ,берілмедік.Халқымыз осыншама ауыртпалықты бастан өткергенде,қазірдегі екіге бөлінушілік,меніңше,ата-бабамыздың қанымен келген тәуелсіздікті жерге таптағанмен бірдей.Мендегі ой,жік-жікке бөлінбей қала өмірін ауылдағыдай сақталу керек. Біріншіден,бірге тұрған көршеңді танымау қазаққа жат қылық еді.Ал ауыл,көршіңді танымақ түгіл оның туысы сенің туысыңдай болған киелі мекен.Міне,осы қасиет қазақты біріктіреді. Екіншіден,бейтаныс адамнан жол сұрап түрлі ауыр сөздердің астында қалу қаладағы таңсық жағдай емес.Ауылда,жол сұрасаң,өзінің жолын ұмытып,сені барар жолыңа жеткізіп тастауы әлі де болса,қазақтар бойындағы имандылықты байқатады. Үшіншіден,"тілімізді қайткенде өшірмейміз",өрлетеміз,дамытамыз,-деп жүргенде қала xалқы еліктеушілік әсерінен тілімізді шұбарлап жатқандағы жүректі қынжылтады.Ал,ауылда басқа тілді көпшілік білмейді.Білген күннің өзінде қарияның көзін сыйлап өзге тілде сөйлемейді. Қорытындылай келе,ауыл-ұлтымыздың,xалқымыздың,күллі қазақтың алтын тұғыры. Ауылға барам, Бәрі де таныс ел жақта, Аңқылдайды олар, Қарамайды олар бар жоққа",-деген өлең жолдарынан байқайтынымыз, ауылымыз күллі жұртқа мәңгілік үлгі-өнеге.
14.02.2019 20:14
Ауылым-алтын тұғырым Ауыл-тіршілігі қайнаған қазағымның небір қилы заманды бастан өткеріп жатқанда ұлттық болмысымызды сақтап келе жатқан құтты мекен.Қазіргі таңда еліміз "Руxани жаңғыру-болашаққа бағдар" бағдарламасы аясында дамудың жаңаша жолына басымыздан өткеріп жатқандығымыз белгілі.Дегенмен,елбасымыздың кемел саясаты үлкен қаладағы өмірдің қарапайым қазақ ауылы тіршілігіне бұрып жатқандығымен оң нәтиже бермей жатқандығы да ақиқат.Осы тұста ауыл өмірі мен қала тіршілігіндегі айырмашылық қандай? Қазақ xалқы ежелден-ақ бөлінбедік.Сол ұлы қасиетіміз бізді өрге жетелеген.Қаншама нәубетті бастан өткеріп,көзіміз жаугершілік заманның куәсі болды.Бірақ,берілмедік.Халқымыз осыншама ауыртпалықты бастан өткергенде,қазірдегі екіге бөлінушілік,меніңше,ата-бабамыздың қанымен келген тәуелсіздікті жерге таптағанмен бірдей.Мендегі ой,жік-жікке бөлінбей қала өмірін ауылдағыдай сақталу керек. Біріншіден,бірге тұрған көршеңді танымау қазаққа жат қылық еді.Ал ауыл,көршіңді танымақ түгіл оның туысы сенің туысыңдай болған киелі мекен.Міне,осы қасиет қазақты біріктіреді. Екіншіден,бейтаныс адамнан жол сұрап түрлі ауыр сөздердің астында қалу қаладағы таңсық жағдай емес.Ауылда,жол сұрасаң,өзінің жолын ұмытып,сені барар жолыңа жеткізіп тастауы әлі де болса,қазақтар бойындағы имандылықты байқатады. Үшіншіден,"тілімізді қайткенде өшірмейміз",өрлетеміз,дамытамыз,-деп жүргенде қала xалқы еліктеушілік әсерінен тілімізді шұбарлап жатқандағы жүректі қынжылтады.Ал,ауылда басқа тілді көпшілік білмейді.Білген күннің өзінде қарияның көзін сыйлап өзге тілде сөйлемейді. Қорытындылай келе,ауыл-ұлтымыздың,xалқымыздың,күллі қазақтың алтын тұғыры. Ауылға барам, Бәрі де таныс ел жақта, Аңқылдайды олар, Қарамайды олар бар жоққа",-деген өлең жолдарынан байқайтынымыз, ауылымыз күллі жұртқа мәңгілік үлгі-өнеге.
Оставить комментарий: