Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ПОЭЗИЯ
БАЛА ТІЛІ: тақпақ, санамақ, мысал, тіл ұстарту, өлең.

Блоги

30.11.2017
124055

БАЛА ТІЛІ: тақпақ, санамақ, мысал, тіл ұстарту, өлең.

БАЛА ТІЛІ: тақпақ, санамақ, мысал, тіл ұстарту, өлең.

 

Өлең, санамақ, мысалдар  балаларға арналған «АЛШЫ»,

«ТІЛ-ТАМЫР», «АҚ КЕПТЕР» кітаптарымнан алынды.

 

 

САНАМАҚТАР

 

АПТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ

 

Ал, кәнекей, санайық,

Балаларын Аптаның.

Орындарын табайық,

Сен де босқа жатпағын.

 

Ең үлкені - Дүйсенбі,

Барлығының басшысы.

Одан кейін Сейсенбі,

Дүйсенбіден жас кіші.

 

Үшіншісі Сәрсенбі,

Ішіндегі сәттісі.

Бел ортада Бейсенбі,

Балалардың нақ күші.

 

Жұма – ұлдың ұлысы,

Бар мұсылман сыйынған.

Сенбі бөлек ұлы ісі,                     

Бойына күш жиылған.

 

Кенже туған баласы –

Жексенбі ғой жігерлі.

Қанша бала санашы,

Атауларын біл енді!

 

САУСАҚ САНАУ

 

Басбармағым – бақаным,

Бас мұрасы атаның!

Сұқ саусағым – керегем,

Шаңырақты демеген!

Ортан саусақ – шаңырақ,

Кең жайылған тамыр ап!                                  

                  Аты жоғы – түндігім,

Түсіретін күн нұрын!

Ең соңғысын сұрасақ,

Уық болсын шынашақ!

                                

         САНАМАҚ – «Жылқы түсі»

 

Жылқы тегін жай деме,

Ойнаған қан бәйгеде.

Қыздырғанда аламан,

Тұяқтары жараған.

Қатарласқан қос күрең,

Екеуі, сірә, дос білем.

Шабдар мен құла күштескен,

Құйрықты ала тістескен.

Торы мен боз да ортада,

Келеді шауып жол таба.

Бурыл мен қылаң қалыстау,

Топтан бөлек алыстау.

Аламан басы көлбеген,

Баран мен жирен терлеген.

Қарагер де алқынған,

Құлагер де тартынған.

Сары, күлгін, шұбарға

Қарқын керек бұларға.

Алашұбар, аққұла,

Арта қалды, қап, бұ да.

Жүйріктердің қарасы,

 Нешеу болды санашы

           

            САНАМАҚ – ТӨЛДЕР

 

Ботақан – түйенің баласы,

Көздері мөп-мөлдір қарашы.

Жылқының баласы – құлыншақ,

Кекілі секілді тұлымшақ.

Бұзау ғой сиырдың тұқымы,

Томпайған мүйіздің тұқылы.

Қошақан – қойдың бұл қоңыры,

Төлдердің ішінде момыны.

Ешкінің еркесі – лағы,

Сүйкімді қалқиған құлағы.

Барлығы төрт түлік құнары,

Санашы қанша төл шығады?

 

АЙ АТАУЛАРЫН САНАЙЫҚ

 

Хамал – айдың төресі,

Жылдың басын бастаған.

Сәуір айы келесі,

Келмей шуақ шашпаған.

 

Зауза түске қанық тым,

Жасыл төске боялған.

Саратан ғой анық күн,

Барлық жәндік оянған.

 

Әсет айы тым ыстық,

Жануарлар жусаған.

Сүмбіледе тыныштық,

Салқындайды су тоған.

 

Мизам айы жемісті,

Тоқшылығын сыйлаған.

Ақырап та егісті,

Диқан өнім жинаған.

 

Қауыс айы мұздатқан,

Салқын соғып ызғырық.

Жәді айы су қатқан,

Құрсау салып мұз құлып.

 

Дәлу айы ақ қарлы,

Аяз бетті қарыған.

Құтта боран басталды,

Қыс қуаты дарыған!

 

Ал, балалар, санайық,

Ай атауын бұрынғы.

Қажет дерек алайық,

Толықтырып ұғымды

 

       Наурыз - Хамал; Көкек - Сәуір; Мамыр - Зауза; Маусым - Саратан; Шілде - Әсет; Тамыз - Сүмбіле; Қыркүйек - Мизам; Қазан - Ақырап; Қараша - Қауыс; Желтоқсан - Жәди (і); Қаңтар - Дәлу; Ақпан – Құт

 

АҢДАРДЫҢ ТӨЛДЕРІ

 

Ал, балалар, балалар,

Аңдардың біл төлдерін,

Еске сақтап, санап ал,

Бар ма, естіп, көргенің?

 

Арыстанның баласы –

Абдан екен тісі ірі.

Шөнжікті де санашы,

Жолбарыстың күшігі.

 

Алан – төлі барыстың,

Құлағыңды көр түріп.

Әрі қарай танысқын,

Қасқырдікі – бөлтірік.

 

Соқыр туған мысықтан,

Деп ойлама бұ қалай.

Әрі сана пысып қан,

Киік төлі – құралай.

 

Аю туар қонжықты,

Көрмесін деп жеңіліп.

Жүгіргенде ол мықты,

Елік төлі – еңлік.

 

Көжек – қоян қорқағы,

Қос көрінген жолына.

Ұзын құлақ ол тағы –

Есек төлі – қодыға.

 

Арқар төлі – қозықа,

Тауда оның панасы.

Еске сақта оны да,

Құнай – құндыз баласы.

 

Сілеусіннің тұқымы –

Аталыпты інсін деп.

Борсықтың да құт іні –

Әзборақ төлі білсін тек.

 

Тоқтама санап болдым деп,

Бұғышақ – төлі бұғының.

Суыр төлі – мондын деп,

Толықсын тағы ұғымың.

 

Қодық - төлі құланның,

Жәудір – төлі түлкінің.

Білгірі бол ұланның,

Санап, атын біл, күнім!

 

ТІЛ ҰСТАРТУ

 

КІМ, НЕ ІСТЕЙДІ?

 

Тасшы тас қалады,

Басшы басқарады.

 

Досшыл – дос табады,

Қасшыл – қас табады.

 

Төсшіл – төс қағады,

Асшыл – ас бағады.

 

Бәсшіл – бәстеседі,

Мәсшіл – мәс теседі.

 

Есшіл – естеседі,

Бесшіл – беске өседі.

 

Сесшіл – сескенеді,

Десшіл – бек келеді.

 

                                    С мен Ш

 

Сергітейік  сананы,

Сырғанатып шананы.

Таудың соққан самалы,

Соқпай тұр-ау, шамалы.

Көл жағасын сағала,

Көлде көп қой  шағала.

Тәтті қант та, секер –

Қайнатылған шекер.

Мынау күшік сабалақ,

Көп үретін – шабалақ.

Көп баққан-ау сиырды,

Топайды атып, шиырды.

Ұлы біздің Сәкен де,

Ұлы және Шәкен де!

Ғажап судың сырылы,

Құстың әйбат шырылы.

Өмір-өзен сағасы –

Адам, бала-шағасы!

Көк құрақта сабақ,

Көк теңізде шабақ.

 

Р мен Л

 

Оқы, үйрен, біл,

Санның басы – бір.

Кішкентаймыз әлі,

Жаттығамыз әрі.

Қандай тәтті бал,

Дәрумені бар.

Жылы үйде қал,

Тыста суық қар.

Әдемі екен тал,

Өскен жері тар.

Еңбек бәрі – бұл,

Көңіл соған бұр!

 

 Н мен Ң

 

«Н» деген – басқа әріп,

«Ң» да бар басқалық.       

Қатені байқайық,

Дұрыстап айтайық.

Ал, кәне, бастайық,

Абдырап, саспайық.

Ыннн, ыннн,

Ыңңң, ыңңң.

Сен-сен-сен, сең-сең-сең,

             Мен-мен-мен, мең-мең-мең

Бас қадам онннан,

Іс болсын оңңнан!

Кигенге тон қалың,

Сүйменге тоң қалың.

Айтқаның шын болсын,

Шыққаның шың болсын!

Жақсы жұрт қайынды,

Жақсы тал қайыңды.

Өзгенің білгенін,

Жақсы ғой білгенің!

 

САНАНЫ ЗЕРДЕЛЕУ

 

АҢ– ҚҰС ҚАЛАЙ ДЫБЫСТАЙДЫ?

 

Қораз таңда шақырып,

Қой мен арқар маңырар.

Ал арыстан ақырып,

Есек, қашыр аңырар.

 

Күзен, зорман шақылдап,

Сұңқар көкте саңқылдар.

Саршұнақ, суыр сақылдап,

Шағала, бүркіт шаңқылдар.

 

Бөдене, кептер пырылдап,

Жапалақ, үйрек барқылдар.

Бозторғай да шырылдап,

Қарға, құзғын қарқылдар.

 

Құрқылтай, тауыс құрқылдап,

Борсық, кірпі мырсылдар.

Жылқышы құс шырқылдап,

Шүрегей, сұқсыр пыр-пырлар.

 

Шіңкілдек құс шіңкілдеп,

Қорқау қасқыр қорқылдар.

Күрке тауық күркілдеп,

Доңыз, шошқа қорсылдар.

 

Жарқанат, тышқан шиқылдап,

Аққу сұлу сұңқылдар.

Көкқұтан құс қиқулап,

Қараша қаз қаңқылдар.

 

Мекиін тауық қыт-қыттап,

Жолбарыс, піл күркірер,

Сауысқан ала шық-шықтап,

Шәуілдер күшік, түлкілер.

 

Ал, балалар, балалар,

Қажетіңді танып ал.

Жетілетін сана бар,

Зердеңе сап, қағып ал!

 

Терең болсын ұғысың,

Құлақ болсын түргенің.

Аң-құстардың дыбысын,

Артық болмас білгенің.

 

АЛШЫ

 

Ал, ойналық, балалар,

Әр асықта  баға бар.

Ұта білген баланы –

Әрбір бала бағалар.

 

Шиыр, кәне, асықты,

Таңда және қашықты.

Алшы тұрғыз сақаны,

Қаламаймыз жасықты!

Мына бала қайтеді...

Тұрғызды ғой тәйкені.

Сірә, өзі ұтқыш – ау,

Пысық екен, әй, тегі!

 

Басу қиын ұтқышты,

Мынау сақа бүк түсті.

Енді қара мынаған –

Анау сақа шік түсті!

 

Саспа, таста, балақай,

Асық озды қара, қай.

Шиыр енді сақаңды –

АЛШЫ ТҮСТІ, АЛАҚАЙ

 

  ДОМБЫРА

 

Бабаның күйі бар,

қос ішек үнінде.

Сазына сыйынар,

өткен де, бүгін де.

 

Қазақтың сазы бар,

шанақта сақталған.

Тарихтың дағы бар,

күйінде ақтарған.

 

Ұлтыңның тілі бар,

пернеде тіл қатқан.

Бабаңның біліп ал,

мұрасын тыңдатқан!

 

Домбыра – қазақ бұл,

ал қазақ – домбыра!

Киесі ғажап бұл –

Қазына, мол мұра!

 

Қастерлеп, ұғынар,

домбыра күмбірін.

Балақай, ұғып ал –

Қазақы үн құнын!

ТЕК

 

- Баба кім?

- Түп ата баласы!

- Ата кім?

- Бабаның баласы!

- Әке кім?

- Атаның баласы!

- Бала кім?

- Әкенің баласы!

- Немере?

- Баланың баласы!

- Шөбере?

- Немере баласы!

- Шөпшек кім?

- Шөбере баласы!

- Немене?

- Шөпшектің баласы!

- Туажат?

- Шөпшектің баласы!

              Бәріне ортақ құн –

Шаңырақ бағасы.

Тегіңе жол тапқын,

Қазақтың баласы.

 

      МЫСАЛДАР

 

МАҚТАНШАҚ ҚАРҒА

 

Қарға байғұс қарқылдап,

Жиды құстың төресін.

Өңеш созып барқылдап,

Биік қойды төбесін.

 

-         Мықтымын! – деп, бүркіттен,

Құзға ұя салатын.

Айналасын үркіткен,

Құр сабалап қанатын.

 

Содан көкке самғады,

Шүйілмекке төменге.

Белгілі ғой қалғаны,

Не болғаны төменде...!

 

АЙЛАКЕР ТҮЛКІ

 

Қу түлкі құйрығы бұлаңдап,

Өзгені көзіне ілмеді.

Жағымпаз, айлакер сылаңдап,

Өзінен мықтыны күндеді.

 

Арыздап патшаға қағынды,

Жолбарыс, қасқырды, аюды,

Арыстан ырқына бағынды,

Ойлаған оңайдан баюды.

 

Ұсаққа айналып ірілер,

Түлкінің табаны таптатады.

Әділдік қалмады жүгінер,

Шибөрі қыңсылап қаптады...

 

Есекті өзімен сүйреді,

Төмендеу есепке ұғымы.

Осылай бір орман күйреді,

«Ұлы» деп жағымпаз ұрыны!

 

КЕНЕ МЕН КҮШІК     

 

Болам -  деп, таскене, - дос мықты,

Күшікке қолқасын салыпты.

Қабылдап күшік  те достықты,

Таскене жабысып алыпты.

 

Бауыры күшіктің ұнады,

Сипаған күн сайын адам да.

Үйшікте тұрақтап тұрады,

Ауысты содан соң амалға.

 

Болған соң сенімді қонағы,

Ойы да орнықты кененің.

Күшіктің қанын ол сорады,

Асықпай орындап дегенін.

 

Тойған соң қарыны керіліп,

Қош – деді, пәтшағыр досына!

 Ақкөңіл дос қалды желініп,

«Досының» ісінен шошына!

 

«Амал дос -  өмірдің қысқасы,

Пайданың жолына құрылған!

Адал дос - өмірдің нұсқасы,

Бұзылмас жаралған ұғымнан!»

 

ҚҰРҚЫЛТАЙ МЕН КӨКЕК

 

Ұясына бір тымбай,

Шөптің жиып нәрлісін.

Құс төресі құрқылтай,

Салады екен бар күшін.

 

Ұясының қасына,

Көкек бір күн қоныпты.

Қызғаныш кеп басына,

Құрқылтайға жолықты.

 

Деді – «Неткен азап күн –

Шөп-шалаңды жинаған.

Қажеті не азаптың,

Сонша жанды қинаған?

 

- Азаптанбай жұмысқа,

Жат ұяны алғайсың.

Таңдап неге жұмыртқа,

Мен сияқты салмайсың?»

 

- «Дұрыс емес осының» -

деп, құрқылтай тіл қатты.

- «Мен адамзат досымын,

Ұям содан сымбатты.

 

Ұям  шипа, ем дейді,

Салам солай нұсқасын.

Дерті барды емдейді,

Балапаным ұшқасын!

 

Сен білмейсің киені,

Ұяң ыстық екенін!

Еңбегі бар сүйеді,

Қасиетті мекенін!»

 

БИДАЙ МЕН ГҮЛ

 

Жайқалған сұлу гүл бақтағы,

Көтеріп бір күні кеудесін.

Мақтана жазықсыз даттады,

Бидайдың масағын көргесін.

 

Гүл:

«- Жоқ – деді, - сұлулық мендегі,

Жұпарын айнала шашатын.

Тікенек мұртыңнан сендегі,

Болар-ау барлығы қашатын.

 

- Мен болсам, қуаныш сыйлаймын,

Әр сәтте адамның өзіне.

Құшаққа кей сәтте симаймын,

Сұлулық әлем боп көзіне...»

 

Бидай:

«- Сұлусың, көркісің ғаламның,

Тамсанар көз салған әдемі.

Шаттығын бөлісер адамның,

Өзіңсің сыйластық мәнері.

 

Бірақ та бір сәттік қанасың,

Нәрің жоқ қуатты бойыңда.

Жұлынсаң қуарып қаласың,

Бос мақтан болмасын ойыңда!

 

Бір түйір болсам да нәрлімін,

Тіршілік сабағым, дәнім де.

Адамдар жалғайды әр күнін,

Жүремін дастарқан дәмінде!»

 

«...Сұлулық көрікті емес тым,

Санасы болмаса затында!

Түйінді шешімі егестің –

Сұлулық шырайы ақылда!»

 

ТАҚПАҚТАР  

 

Ата

Атам менің ардақты,

Ақ батасын беретін.

Тілегі бар салмақты,

Немереге сенетін.

 

Әже

Әжем менің асыл адам,

Айтып берер ертегі.

Әжем барда жасымаған,

Өмірімнің ертеңі.

 

Бүлдірген

Тәп-тәтті қырдағы бүлдірген,

Таңдайға балдай боп жағатын.

Бүлдірген тереміз бір-бірден,

Біреуі ауызды табатын.

 

Көктем

Балауса көкпеңбек,

Көктем бұл шырайлы.

Күн шуақ көктен кеп,

Төккені ұнайды.

 

Жаз

Жаз келді жадырап,

Ойнаймыз, шомылып.

Жүгіріп, жадырап,

Өсеміз толығып.

 

Күз

Күз келіп айнала,

Сарыға боялған.

Ұйқыға кетеді,

Тіршілік оянған.

 

Қыс

Аяз салды өрнегін,

Терезенің көзіне.

Бұндай өрнек көрмедім,

Шебер екен өзі де.

 

Мектеп

Кітап, дәптер, қаламым,

Білім құяр санаға.

Мен мектепке барамын,

Білім қымбат балаға.

 

Көжек

Сұр көжек-ау, сұр көжек,

Секең-секең жорытқан.

Сондай үркек бұл көжек,

Көлеңкеден қорыққан.

 

Қар

Жұмсақ қар секілді балмұздақ,

Кетеді елестеп тәтті елес.

Боласың ауызға салғызбақ,

Бірақ та ол ондай тәтті емес.

 

Көкек

Көкек құс «көкек» деді,

Жем іздеп секектеді.

Көріп қап Көркем оны,

Қайталап көкектеді.

 

Бозторғай

Кіп-кішкене торғай тым,

Аязға да төзеді.

Тығыз жүні қорғайтын,

Ыстыққа да көнеді.

 

Шымшық

Сары шымшық шықылық,

Терезеңе беттейді.

Тары шашсаң шұқынып,

Шықылықтап кетпейді.

 

Қараторғай

Қараторғай көктемнің –

Хабар берер жаршысы.

Күн шуағын төккен күн,

Құбылады бар түсі.

 

Көгершін

Ақ көгершін, көгершін,

Бейбіт күннің тірегі.

Көгершінмен көгерсін,

Елдің есен тілегі!

Көк аспанда самғаған,

Ынтымақтың ақ құсы.

Ел ниетін жалғаған,

Адамзаттың бақ құсы!

 

Табиғат

Табиғат көрікті анамыз,

Ажарын тіршілік сыйлаған.

Нәрін де, бәрін де аламыз,

Табиғат бойына жинаған.

 

Дала

Қазақтың даласы –

Тарихтың парағы.

Жоғары бағасы,

Көп алған сабағы!

Белесі, белінде,

Ерліктің ізі бар,

Бабамның жерінде,

Ғасырдың сызы бар!

 

Мәмпәси

Мәмпәси тәп-тәтті бал шырын,

Тіліңде мөлдіреп еріген.

Білмейсің тәттінің әр сырын,

Бала жоқ бірақ та жеріген.

 

Күшік

Кіп-кішкентай сұр күшік,

Томпаң-томпаң жүгірген.

Томпақ қарын бұл күшік,

 Шар секілді үрілген.

 

 

ТАЛАП ТАЙМАСҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Поделиться:      
Айлаззат Амангельдыкызы
17.05.2022 12:25
Рақмет, сізге! Оқушыларға тіл ұстарту, сөздік қорларын молайтуда таптырмас көмекші құрал екен!
Багдат
21.04.2022 08:58
КЕРЕМЕТ!!! Кітабыңызды қайдан алуға болады?
Багдат
21.04.2022 08:55
Керемет!!! Кітабыңызды қайдан алуға болады?
Гульзира
24.02.2022 19:00
Рахмет сізге, шабытыңыз еселеп өссін.
Жадыра
09.11.2021 13:16
Тіл сындыру үшін керемет.
Гулнур
27.10.2021 10:49
Керемет .рахмет!
Дина
20.02.2020 01:24
керемет өлеңдер,еңбегіңіздің жемісін көріңіз
Оставить комментарий: