Блоги
Елордада кітапханашылар «Айттым сәлем, Қаламқас» атты жаңа акция ұйымдастырды
ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы Айттым сәлем, Қаламқас атты хакім Абайдың әндерінен жаңа акция ұйымдастырды. Іс-шара барысында мекеме қызметкерлері елордадағы «Шапағат» коммуналдық базарына арнайы барып, ақынның «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және т.б. әндерін орындады.
- Кітапханамыздың қызметкерлері Абайдың шығармаларын насихаттау үшін қарапайым елдің арасына шықты. Сол арқылы көпшілік ортасында хакім Абайдың бірнеше әндерін орындады. «Шапағат» коммуналдық базарына арнайы барып, бірлігі жарасқан халықтың да бізбен қосыла шырқағандарын көріп, бір марқайдық. Басқа ұлт өкілдері де ән айтты.
Бұл Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған акция болатын. Осы іс-шара барысында көрермен қауымға әдеби кітаптарды да сыйға тарттық. Бір ел, бір жер, бір мекенде тұрып жатқан халықтың Абайды және оның туындыларын сүйіп оқитындарына көзіміз жетті. Дәл осындай жоба біздің халқымыздың рухани өсуіне оң ықпал етері сөзсіз, - деді Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева.
Акция кезінде қала тұрғындары да кітапхана ұжымымен бірге қосыла ән шырқады. Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған челленджде көрермендерге әдеби кітаптар сыйға тартылды.