Блоги
Көңілім менің, көңілім
Көңіліме
Көңіл тынымсыз,
Күтесің өмір сыйын.
Жабырқап жүрсең бүйтіп,
Бұдан да болады қиын.
Өрекпіп, өрлеп кетпе,
Қалма жеке шетте.
Орайын келтір өнбес істің,
Артасың кімге өкпе.
Көңілім, жайлан енді.
Жоқты іздеп қайда кетесің.
Бақ, мансап қуып,
Желігіп нетесің.
Жақсылық жаныңда жүр ғой.
Жат пиғыл әлі кетпей құр.
Өзеуреп күйе жағуға,
Шамасы жетпей жүр.
Көңілім аппақ, тазасың.
Жүйріксің, шапсаң озасың.
Тым сенгіш болып,
Тарттың жазасын.
Кейде аңғал, бейқамсың,
Жауға – қатал, досқа – қамалсың.
Кеудеге тыныс беріп,
Сағынтқан көктемгі самалсың.
Көңіл кейде өзімшіл боп,
Басқаға тізгін бермейсің.
Жақынды місе тұтпай,
Үнемі алысқа сермейсің.
Қанатың қайырылмай,
Әйтеуір жақсылық көргейсің.
* * *
Көрген қандай сағынып ауылыңды,
Қысқан қандай құшаққа ап бауырыңды.
Беріп кеткің келеді осы ауылға,
Жүрегіңді, жаныңды, жалыныңды.
Бақытыңды, барыңды, бәрін беріп,
Жүрген қандай достардың жанында еріп.
Туған жердің керемет даласында,
Өзен-тоғай, тауларын – бәрін көріп.
Елеусіздің бірін де көзіңе ілмей,
Жақсылықты сезесің сезінудей.
Қайғысына қайғырып қайғырудан,
Езілесің мұңына езілудей.
Дана болып тұрасың тебіреніп,
Бала болып тұрасың еміреніп.
Біліп соны туған жер алақаны,
Жібек желмен сипайды сені келіп.
* * *
Арманымды азық қып сан жылдарға,
Өмірімді жыр қылып қалдырғанда.
Сол жырлардан жанымның күйін ұғып,
О, туыстар, қолыңа алдыңдар ма?
Қызығынан басқаның рахат тауып,
Кітабымды қойдың ба әлде жауып.
Менің жырым қалықтап сонда елеусіз,
Ақша бұлт боп кете ме желмен ауып.
Жүрмесе де жалпақ жұрт жатқа соғып,
Ойлы жандар қолға алар жадқа тоқып.
Мұңға оранған жанымды солар ұғып,
Айта жүрер сөзімді көңілі толып.
Көрмегендер кезінде сонда көріп.
Жазғаныма үңілер пейіл беріп.
Менің рухым сол күнде разы боп,
Өміріме жан берер қалған сөніп.
Жаздым жыр ғып жанымның мұң кешкенін.
Мұң кешкенде өлеңмен тілдескенін.
Тұғыр болар тірлікте түк таба алмай,
Мәңгіліктің күйімен үндескенін.
Қозғағанда күй болып жанымды өлең,
Жүрегі мұз бір жанмын, жалын – денем.
Ақша бұлт боп аспаннан қолым бұлғап,
Көк белдегі көшемін сағымменен.
Күн шыққанда кетемін сәулеге еріп,
Сырласамын даламмен таңда келіп.
Түн баласы толықсып ай боп туып,
Күліп тұрам жүзімді жерге беріп.
х х х
Аяулы жан бар қасыңда,
Жарымын түннің еңсеріп.
Қар жауған қыстың түнінде,
Кафеден шықсаң теңселіп.
Аспанға көңіл тартады,
Түсіріп жұлдыз жарығын.
Ағады заулап көліктер,
Арттырып тірлік қадырын.
Жұлдыздар күліп тұрады,
Қаракөк аспан төсінде.
Қалқаны қыймай қош дейсің,
Қар жауған қыстың кешінде.
Амалсыз ол да қош деумен,
Кетсе де қимай барады.
Қол жетпей жүрген бақыттар,
Жұлдыз боп көкте жанады.