Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ПРОЗА
Көрмейтінің болсайшы

Блоги

25.12.2021
4042

Көрмейтінің болсайшы

Адамдарды жаппай қаралап, жазалауды алдына міндет етіп қойып, оңы мен солын ажыратуға жетпеген бүлдіршіндерді тағдыр тәлкегіне лақытырып, жетімдік жәбірін тартқызып қойып, «бәрі болашақ үшін» деп ұрандатып өткен құйтұрқы саясатқа не демекшісіз?..

 

Көрмек түгілі естігенде жаның түршігетін мұндай сұмдықты тек қаныпезер ғана ұйымдастырып, асын алаңсыз ішкен болар. Мемлекетті сондайлардың басқарып, ойына алғанын атқарып бітіп, о дүниелік болып кеткенінше өзгелердің оның шылауына оралып, жол ашатыны неткен өкінішті еді... Амал не... Бұл айғақтары ешбір ақтауға келмейтін, миллиондағандардың басын жұтқан аждаһа- қылмысты тек біреудің ғана емес, сол кезде ел басқаруға атсалысқандардың түрлі айламен құлщынып атқарып, жандайшап болғаны тарихи шындық.

 

Бұған бейкүнә сәби жанын жалмауыз қатыгездіктің сояу тырнағы осып өткен бір ғана Азалия Мүталлапқызының тағдыры-ақ куә.

 

* * *

 

Ол кезде біз Петропавл қаласында тұратынбыз, мен бес-алты жас шамасындамын. Сол сәбилік жадымда қалғаны – әкем жұмыстан келе жатқанын аңдып тұрып, жүгіріп жеткенде ол көкке көтеріп, төбесіне отырғызғанда өзімді тауға шыққандай сезініп, шаттанып кететінім. Сол биікке құмарлығым сонша, оны ешқашан қалт жібермейтін едім.

 

Шіркін, балаға әке мейірімінен зор, одан зәру не бар екен. Соны үнемі түйсініп, арқа тұтып, шапағатының аясында өскен балада арман жоқ шығар, сірә!

 

1937 жылғы қарашада жұрт қалыптасқан әдет бойынша қазан мейрамын тойлап, дуылдатып жатқан. «Той десе қу бас домалайды», демекші қаланың тайлы-таяғы түгел жиналғанға ұқсайды, әндеткен, ұрандатқан дауыстан көше тұнғандай.

 

Біз мерекеге қатысты іс-шараны атқаруға кеткен әкемді тосып отырғанбыз. Ол дабылды шеру бітер-бітпестен соңында үш адамы бар, қабағы салыңқылау үйге келіп кірді. Бала істің мән-жайының түбіне жетіп, ажыратуға шамасы жетпесе де, қас-қабақтағы салқындықты аңдай алады. Мен әдетіммен алға ұмтыла беріп, әлдебір суықтықты сезіп тыйылып қалдым.

 

Кенет әй жоқ, шәй жоқ бірден тінту басталды. Неге екені белгісіз оған ешкім мән бермегендей, тіс жарған біреу болсайшы. Әкем де, шешем де менің кебімді киіп үнсіз тұр. Тек құлаққа ұрған тыныштықты - оқыс тасталған заттардың дыбысы мен келгендердің басшысы болу керек, біреуінің әлденелерді жекіріп сұрағаны ғана бұзады.

 

Әлден уақытта олар өздеріне керек дегеннің бәрін жиыстырды да, әкеме: «Киін, бірге кетесің!» - деп әмір етті. Осылай деуі-ақ мұң екен, тілін жұтып қойғандай тымырайған анам қыстығып әзер тұрса керек, боздап қоя берді.

 

Жұбайының уатқанына тыншыр емес. Мен істің мән-жайын ұға алмай жалтақтап, ата-анамның қайсысына қарай жүруді білмей дал болғанмын. Кенет бой жиып, ақырын әкеме жақындап едім, көтеріп ап, кішкентай інім ұйықтап жатқан бөлмеге өтті де, оны бетінен сүйіп: «Бауырыңа қара, апаңа көмектес», - деп мені еміреніп кеудесіне басып, жерге түсіріп, шығып кетті.

 

Ол сол сәтте біржола кетті деп ойлаған жоқпын ғой. Бірақ бұл кейін қанша жоқтап қаласам да қайталануға жазбаған, өмір бойы жадымда сақталып, содан жаным жай табатын мейірімнің соңғы шуағы болыпты.

 

Ал керек болса! «Қурдақтың көкесін – түйе сойғанда көресің» дегендей, іле-шала анам тұтқындалды. Сол сәт қай күн екенін кейін шешемнің ісін оқуға қол жеткізгенде ғана білдім. Ол 1937 жылдың 18 қарашасы екен.

 

Аяқ астынан әке-шешеден айрылып, панасыз қалған бізді нағашы ағамыз қамқорлыққа алып еді, оны да көп ұзамай алып кетіп, нағашы атамның қасіреттен жүрегі тоқтап, көз жұмды.

 

Бұдан кейін көрген күнді адам баласы басына бермесін, «халық жауының» қызын айналадағылар қырына алды. «Отырсам - опақ, тұрсам - сопақпын». Кішкентай баланың жылағаннан басқа қорғануға қалай шамасы келеді, қит етсем таяқ жеймін.

 

Бірде зорлықшының бірі пышақтың жуан сабымен ұруға ала жүгірген, қолынан шығып кетіп, ұшы басыма кеп сарт етіп, қанжоса боп дәрігерге түстім.

 

Онда біраз жатып емделген соң, басыма өшпес тыртық қалдырған мейірімсіз туысқа қайтіп жолағым келмеді. Енді барар жер, басар тау жоқ; кезбелікке түстім.

 

Шаш үрпиіп, кір-қожалақ алақанға түскен нәпақаны талқажау етемін. Бір күні милиция ұстап алып, тиісті орынға тапсырды да, олар мені Новосибирск қаласындағы жетім балалар үйіне өткізді.

 

Туған қимаған жақсылықты, жаттан күту екі талай емес пе. Жаңа орынның диркторы Ольга Тихоновна Семечкина деген кәрі қыздың қаһары көкбеттердің ешбірінен осал емес.

 

Ол үйінде ию-қию боп жататын ит пен мысық ұстайды екен, солардың астындағы былғаныш кілемше-төсектерді тазалауға сенбі күні мені үйіне алып, жұмысқа жегетін болды. Амал не, жиіркенсем де істеуге тура келеді, сондағы адам шыдамас қаңсықтың иісі мұрынымда мәңгілік қалғаны сонша, әлі күнге дейін еденге кілем төсеп, тазалаудан ат-тонды ала қашамын.

 

Бала болсам да Семечкинаның күңдігіне көніп, ілініп-салынып жүре бергім келмей, бір күні ебін тауып қашып кеткенмін, еркіндікте ұзақ жүре алмай, ұсталып, қайыра Ольга Тихоновнаға жеткізілдім.

 

Ол өзіне қарсы шыққаныма шамданып: «Егер саған біздің арамыз ұнамайтын болса, онда мен сені енді ешқайда қаша алмайтындай етіп, тұтқындардың арасына жіберейін!» - деп шаптығып, шынында да «халық жауы» балаларының қамауына жіберді.

 

Жетім балалар үйіндегі хал анау болса, мұнда қайбір оңып тұр, аурудан көз ашпадым. Тоқтаусыз сырқырайтын сүйек қақсағанда жан көзге көрінеді, ісіп кететін буындардан жер сүзіп, жиі жүре алмай қаламын. Адам түгілі харам азатын «жуан арып, жіңішке үзіледі» дейтін көктемнің жылымығында қырғұлақтан қан түкіріп, ісініп кеткен тістеріммен бір түйір нан шайнай алмай қор боп, алқылдап кеткен алқымымнан быламық пен су әзер өтеді. Сол болар-болмас нәрдің өзі сіңбейді, ет жоқ, жен жоқ көкбақадай тырибып, есім жиі танып қала беретін.

 

Аурдан зорға қозғалып жүрсем де, жаңа жылдық мерекеге арналған дайындыққа қатыстырады. Бірде ән айтушылар сабында зорға тұр едім, кенет ауыздан қан кетіп, құлап қап ауруханаға жөнелтті. Онда біраз жатқан соң ұлтабардағы асқынып кеткен жараға ота жасады. Әлсізбін, тез оңала алмай мұнда бір ай жаттым. Сауықты деп шығарғанда алып кетуге келген шопырына аурухана қызметкерлері маған қатысты құжаттардың бәрін тапсырды.

 

Шопыр Павел әзер қимылдайтын әлжуаздығымды көріп, мына түріммен көп ұзамай өліп қалатыныма көз жеткізсе керек, оған қимай аяды-ау деймін, мені өз орныма апармай үйіне алып келді.

 

Әйелі Вера қарсы келмей қабылдаған, жуындырып-шайындырып, өзі білетін емдік шөптердің қайнатпасын ішкізіп, пышақ тиген іш құрылысқа күш түсірмей, жеңіл тамақтануды қадағалап отырды.

 

Өбектеуден кәдімгідей ет алып, бой түзедім. Құдайына қараған қамқор жандар өңімді көріп қуанып қояды. Жүруге жарап, қатайған соң бір күні балалары ұйықтап жатқанда ертемен үстіме олардың киімінен кигізіп, мені вокзалға алып келді де, поезға отырғызды.

 

Қош айтысқанда «дядя Павел»: «Осы поезбен Новосибир қаласына дейін барасың, одан әрі Қазақстанға не Өзбекстанға жет. Ешкімге әке-шешеңнің ұсталғаны туралы тіс жарушы болма, онда құрисың. Егер біреулерге нақты жауап беруге тура келсе, бес жасымнан жетіммін, ештеме білмеймін де. Қалай да туған еліңе жетуге тырыс, мүмкін әке-шешең тірі шығар, не туыстарыңның біріне кез боларсың. Қамаудағы орныңа «ауруханадан шыққанда машинадан секіріп, қашып кетті» деп қойғанмын. Ал енді жолың болсын, аман-есен баруыңа бір құдай көмектессін, ешкімге жазығы жоқ балапан!» - деп шоқындырып, қолыма үш сом, бір бөлке нан, бір бөтелке лимонад беріп шығарып салды.

 

Мұндай жақсылықты әлдеқашан ұмытқандықтан нағыз ата-ананың рақымын тетя Вера мен Павелден көргенде, оларды қалай қиып бірден бұрылып кете салайын, ағыл-тегіл боп солқылдадым.

 

Ішке өткен соң жолсерік әйел уатып, дұрыстап орналасуға көмктесті. Сөйтсем, одан туғанға бергісіз болған қамқоршыларым бас-көз болуды өтініп, жалыныпты.

 

Мың алғыс, шапағаты мол, рақымды тетя Вера мен дядя Павел! Егер сіздер болмағанда менің жер бетінде жүруім екі талай еді ғой...

 

Новосибирскіге жеткен соң «Новосибирск - Ташкент» деген поезға жасырынып мініп, елге бет алдым. Бір вагондағы жоғары қатардағы бос орынға бүрісіп жата кеткенмін, ұйықтап қалыппын. Түртуден оянсам қасымда милиционр-әйел тұр. Жалма-жан қашуға оқталғаннан түк шыққан жоқ.

 

Тоқтаған жер - Жамбыл қаласының қасындағы «Қант заводы» дейтін стансы екен. Милиционер-әйел мені бір орынға әкеліп жуындырып, тамақтандырды да, үстіме жаңа киім кигізіп ФЗУға (заводқа) алып келді. Мұнда әскери киімді саяси жетекші Денис Петрович Рыжков деген кісі қабылдап:

 

- Ешқашан қашып кетуге тырыспа, егер олай істейтін болсаң, қайтадан алынбайсың, - деп ескертті.

 

Ал ФЗУ-дың директоры Михаил Александрович Святов мейірімді жан екен, қолға түскен қашқыннан біршама хабардар болса керек: «А, әлгі қашқын осы ма?» - деп жымиып алып, «Ал, қане, мұнда жүр!» - деп соңына ертіп түрлі станоктардың арасына әкелді де, оларға ынта ауғанын байқап: «Қалай, ұнай ма?» - деп сұрады. Риза боп бас изедім.

 

Бірақ менің жұмысшы бола алатыныма оқытушы-мастер Андрей Иванович Ким шүбә келтіріп:

 

- Михаил Александрович, сіңіріне әзер ілінген қыз қалай жұмыс істейді. Машинаның бір айналымына шыдамай, мұрттай түсіп өліп жатса, жауап берер шамам жоқ, алмаймын, - деп без те түсті.

 

Мен өзімнен қашқақтап, қатарға қосқысы келмеген адамға жыным кеп: «Мына «Удмурт» деген станокта істеймін», - деп қасарысып шыға келіп едім, жауабыма риза болғаны ма, жоқ әлде тыриған түрге қарап мазақ қылды ма, бәрі күліп жіберді. Қорланып жылап жібердім.

 

Андрей Иванович аяп кетсе керек:

 

- Қызым, жылама, ертең сабаққа келесің, өзіңе тапсырғанды меңгеріп кетсең, саған ешкім де, ештеме дей алмайды, тек талаптан, егер мүлдем әлің жетпесе, онда балеринаның оқуына барасың, - деп әзілдеп уатты.

 

Артқан сенімді ақтайын дедім бе, жоқ әлде өз қолымнан не келетінін дәлелдейін дедім бе, әйтеуір бар жанды сап, оқуда да, жұмыста да көзге түсіп мақтала бастадым.

 

Ал жаңа жылды қарсы алуда өлең оқып, ән айтып, цыганша би билегенде Андрей Иванович жаныма жетіп кеп:

 

Міне, Аза, сен тек токарь ғана емес, нағыз биші де бола алдың. Сенімді ақтағаныңа рақмет. Ер адам әрең шыдайтын істі меңгеріп кеткеніңе қуаныштымын, - деп ризалығын білдірді.

 

Ел қатарлы жұмыс істеп, алғыс алғаныма марқайып қалдым. Оқу мерзімі біткен соң мені Ыстықкөл жағасындағы Қажы-Сай ауылындағы уран қазып шығаратын № 100 заводтың механикалық цехына жіберді. Мұнда үш жылдан астам істеген соң, алғырлығымды, көркемөнерпаздар ұйымына қатысатын белсенділігімді бағалап, Қырғызстанның комсомолдар съезіне делегат етіп жіберген, ол жақтан бірден Бүкілодақтық пионерлер лагері «Артекке» жұмыс істеуге аттандырды.

 

Ол жақта талпынып жүріп, 1953 жылы Симферополь қаласында сырттай оқып, аттестат алдым да, сол қаладағы педагогикалық институттың сырттай бөліміне оқуға түстім. Онымен қатар сол кездегі «Еңбек резерві» деп аталатын қоғамның спорт бөлімінде көркем гимнастикамен айналыстым. Жаттықтырушымыз - КСРО спорт шебері Шарипов түрлі жарыстарға жиі қатысатын.

 

Осыған дейін қиыншылықтан көз ашпаған өмір, дәп осылай аяқ астынан басқа арнаға түсерін ойламаған едім. 1954 жылы Совет Одағының астанасы Москваның Лужнигінде өтетін Бүкілодақтық гимнастар жарысы үшін жүргізілген іріктеуде көзге түсіп қабылдандым. Сол жылы оқитын институтымның бірінші курсын да аяқтаған болатынмын.

 

Жарысқа қатысушылар Москваға келгенімізде күн ап-ашық, өз көңіліміздей жарқырап тұрды. Жиналғандар абыр-сабыр боп, бір-бірімізбен танысып жатырмыз. Жастар емеспіз бе, көргеніміздің, естігеніміздің бәрі қызық.

 

Салтанат аяқталған күні мені спорт алаңынан екі адам іздеп келді де, оның бірі:

 

- Сіз Ахметовасыз ба? Қазақ қызысыз ба? - Деп сұрады.

 

Тексеруден әбден зәрезап боп қалған емеспін бе, жүрегім лоблып кетті. Бірақ «сіз» деген сөз жатырқаудың негізсіздігін аңғартады, құмығып:

 

- Иә, дедім.

 

- Неғып «Еңбек резервінен» қатысып тұрсыз?

 

Бірден лақ ете түспей, кідіріңкіреп қалғанмын, дәл осы сәтте үнсіз тұрған екінші кісі сөзге араласты.

 

- Қазір өзіңізде құжаттарыңыз бар ма?..

 

- Иә.

 

- Бәрекелді, мұғалімдер даярлайтын институтта оқығаның қандай жақсы болды. Қызым, сен енді ешқайда алаңдамастан Алматыға, еліңе кел. Онда Абай атындағы институтқа түсесің де, спортпен де тыңғылықты айналысатын боласың, - деді.

 

Ғажап! Өң бе, түс пе?! Жылайын ба, күлейін бе?! «Қызым» мұндай жылы сөз естімегелі қашан. Енді осы уақытқа жете алмай келген туған жерге барамын, оқуға, спортпен айналысуға жол ашық. Мұндай да бақытты күн болады екен-ау!

 

Алла жетімдігімді есіркеген шығар! Жүрек жарылуға шақ. Толқып-толқып кетемін.

 

Іздеп келгендер Совет Одағының Батыры, профессор, КазПИ-дің ректоры Мәлік Ғабдуллин мен Борис Федорович Левченко екен. Айтқандарының бәрін орындауға уәде беріп, қош айтысып қалдым да, Қазақстаннан қатысушылармен бірге Алматыға келіп, аталмыш институттың тарих-филология факультетінің қазақ мектептеріне орыс тілінен сабақ беретін мамандар даярлайтын бөлімінің екінші курсына қабылдандым.

 

Өмірдің оң арнаға түсуі кеудеге жалын құйғандай, сабаққа бар ынтамен ден қойып, институттың барлық қоғамдық жұмысына белсене араласып, профессор Стычинскийдің психология пәнінен жүргізетін ұйымына қатысып, үшінші курста мектептерде тәжірибеден өтіп, сабақ беріп, пионерлердің аға жетекшілігін атқарып жүргенде, Бүкілодақтық студенттердің конференциясында психолог-мұғалімнің тәрбиеге қатысты ой-тұжырымы бойынша «А.С.Макаренконың жетім балаларға эстетикалық тәрбие беру» деген еңбегі негізінде баяндама жасадым. Жетекшім - профессор Р.Л.Лемберг болды.

 

Ал 1956 жылы көркем гимнастика саласы бойынша Қазақстанның спорт құрама командасына қабылданып, студенттердің «Буревестник» спорт құрамасында өз республикамыздағы, Бүкілодақтық жарыстраға, спартакиадаларға түгел дерлік қатыстым.

 

1957 жылы Қазақстан делегациясының құрамында «Жайна жастық» атты Москвада өткен VII Дүниежүзілік жастар фестивалінде барлық қатысушылармен бірдей лауреат атанып қайттым.

 

Осы жолы Москваға келгенімді пайдаланып, өлі-тірісі белгісіз әке мен шешеден бір хабар білгім кеп, Совет Одағының Бас прокуроры Роман Андреевич Руденкоға кіруге зорға дегенде қол жеткзіп, оның құжаттарыма зер салып шығып, қалай тірі қалғаныма таң қалған сұрақтарына жауап бердім.

 

Ересек адам ғой, алдындағы балаң қыздың меселін қайтарғысы келмеген шығар, жылы қабылдады, бірақ білгім келгеннің бәріне толықтай жауап ала алмадым.

 

Институтта ылғи бірінші орында отыратынмын. Бізге қазақ әдебиетінен лекцияны М.Қаратаев оқитын еді, ол кісі бір күні ақырын ғана:

 

- Осы сен Мүталлаптың қызы емессің бе, әкеңе ұқсап тұрсың, -деді.

 

Әкем жайлы ұстаз аузынан естіген сөз, төбені екі елі көкке жеткізгендей. Сөйлесе келе білгенім - Мұхамеджан аға әкеммен араласқан екен, ол тіріліп келгендей боп қалдым.

 

1958 жылы Ташкентте Бүілодақтық Жазушылар съезі болып өтіп, оған қатысушылар одан кейін Алматыда бас қосты. М.Қаратаев ағаның арқасында осы жиынға қатысуға мүмкіндік алған едім, ол кісі мені Галина Серебряковамен таныстырды. Әңгіме үстінде жазушы АЛЖИР-де өткізген күндері туралы айтып, сонда қасында болған Зина Ибрагимованы есіне алды.

 

Қамаудағы шешем Зина жылқы бағады екен де, жұмысы аяқталған соң жатын орынға келгенде үстіндегі киімінің астына жасырып сұлы ала кеп, бөлмедегі жиырма шақты әйел оны қайнатып, өзек жалғайтын көрінеді. Жазушы сол сұлының жер басып жүруіне септігі тиіп, бүгін біздің қатарымызда тұрғанын айтты.

 

Қандай қуаныш, қалай жар салсам екен, ақыры анамның қайда екенін біліп: «Уһ!» - дем-ау.

 

1959 жылы институтты аяқтаған соң, бітірушілерді қайда бөлетіні туралы мәліметті білу үшін ректор бөлмесінің есігі алдында шоғарландық.

 

Ректор Мәлік Ғабдуллин келе жетыр. Ол қасымызға жете бергнде кілт тоқтап: «Сен неғып жаттығуыңа бармай мұнда тұрсың? Бұдан былай физкультура институтының шет тілдері кафедрасында әзірше жарты айлыққа, содан соң онда біржола еңбек ететін боласың, мәселең шешілген бара бер», - деді.

 

Маған бұдан артық қандай қамқорлық керек, Мәлік аға тағдырыма немкетті қарамай, есінде сақтап келгені көрініп тұр емес пе. Алғыстан басқа не дей алармын!

 

Ол кісі жалпы қазақ жастарының оқып, білім ап, жетілуіне ерекше мән берген адам. Оқытушыларға үнемі: «Жастарға зекімеңдер, меселін қайтармаңдар, тентектеулері болса, көзге түрте бермей ақылмен айтыңдар, естері бар ғой, өздер-ақ қойып кетеді», - деп жиі ескертеді екен.

 

Кейін ақыл толысқан кезде ойлап қарасам, Мәлік аға нағыз сауаттыларынан түгел дерлікке айырылған халықтың ендігі ұрпағының өсіп-жетілуіне аса зор мән беріп, жылт еткен ұшқынның жанбай жатып өшіп қалмауын қадағалап отырған сияқты. Оны бір маған-ақ жасаған жақсылығынан көріп, байқауға болады. Ал ол кісінің шапағаты тигендер қаншама еді...

 

Ағаның арқасында анаммен де қиындықсыз қауыштым. Одан ректордың атына сұрау салған хат келген екен, жалма-жан мені шақыртып қуантып, көзімше профкомға қажет құжаттарды, жолға керек заттарды, анама алатын сыйлықты түгел тез арада дайындауды тапсырып, өз сейфінен алып, қолыма 100 сом ұстатып, аман-есен барып келуге тілектестік білдірді. Бұл жолда қорлық көріп қалмауға алаңдап, әке ғана жасайтын қамқорлық шығар деп ойлаймын.

 

Анам Шығыс Қазақстан облысынан табылған. Ол мені аэропорттан күтіп алды. Бір-бірімізден көз жаздырып, қол үздірген, тұл жетімдік күйге түсірген ұзақ жылдар баланың ата-анасын көргенде елп ете қалатын сезімін бәсеңсітіп тосырқағандаймын ба, әлде тумай жатып басымнан кешкен қорлықтардан жүрек қатайып, жат бауырлық еккен бе, ентелеп келе жатқан әйелге қарсы тұра жүгірмей, қасыма келгенде: «Мен Аза Ахметовамын», - деуім мұң екен, ол тұрған орнында сылқ етіп, талықсып кетті.

 

Бейшара, осы сөзді бір естуге зар болған да... Серейіп жатқанын көргенде сабырлы қалпымнан айырылып, сасып қалдым. Әзер жеткенде көз алдымда жүріп кетсе, не болғаны...

 

Жүрек шым етіп, зәрем ұшып бас сап құшақтай алғанмын, лықсып кеткен жас сорғалай жөнелді.

 

Шөпілдетіп сүйіп, шамам жеткенше есін жиюға тырысып, жанталасып жатырмын. Ол өзіне кеп, көзін ашқанда ағыл-тегіл жылады-ай... Айқасқан құшақ жазылмай, тоқтай алмай көрген барша жәбірдің ащы жасын төктік-ау...

 

Арадағы тым ұзақ жылдар... Айтар әңгіме таусылар, сағыныш бітер емес. Өйткені, анамның жазықсыз тартқан азапты өмірін былай қойғанда, бел бесіктен шықпай жатып бір менің ғана басымнан өткен жайларды айтып бітіре салу мүмкін бе?..

 

Өлім мен өмір арасы... Ал өлім деген үңгірден - өздері де бүкіл ел тартып жатқан мехнаттың ортасында жүрсе де, адам атын жоғары ұстай білгендердің арқасында тірі қалып, қол ауызға жетті емес пе. Оларға деген алғысты қалай айтып түгесермін.

 

Мың бір рақмет, жаны жайсаң, ұлы жандар! Сендер сияқты жүрегінде адамға деген шынайы қамқорлығы, кісілігі барлармен өмір алға озады екен!

 

1959 жылы КазПИ-ді бітіргеннен кейін 1959-69 жылдары Қазақ мемлекеттік физкультура институтында ұстаздық етіп, 1966-69 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында педагогика ғылымдары саласынан аспирант болып, 1969-1996 жылдары физкультура институтына қайыра барып, педагогика және психология кафедрасында аға оқытушы болып істедім.

 

Кейін әкем жайлы білгенім: Мүталлап Ахметов 1905 жылы Баянауылда туған. 1929-30 жылдары елде комсомол жетекшісі, партия ұйымында нұсқаушы болыпты. 1930-34 жылдары жоғары партия мектебін аяқтаған соң, Мақтаарал ауданының «Социалистік Мақтаарал», Қазылағаш ауданының «Колхоз тілі», Мирзоян ауданның «Колхозшы» газеттерінің редакторы, 1934-37 жылдары «Социалды Қазақстан» газетінің тілшісі болады. 1938 жылы атылып, 1997 жылы ақталды.

 

Алмағайып кезеңнен қалған анықтама түйіні осы...

 

1960 жылы өзімді бағалай алатын жанға тұрмысқа шығып, Марат деген ұлды боп, оны білімді, тәрбиелі азамат етіп өсірдім.

 

Адам үшін ең керекті қасиет - азаматтық! Әрбір ата-ана өз баласының бойына соны еге алса, онда ұтқаны.


Поделиться:      
Оставить комментарий: