Блоги
Махаббат дауы
Махаббат дауы
Жас тергеуші Жеңісбек қағаз қарап отырған. Дәліз жақтағы еденнен тық-тық етіп шыққан тосын дыбыс оның ашық тұрған есігіне жақындады. Тергеуші басын көтергенде тұла бойы қалт-құлт еткен бір уыс кейуананың табалдырыққа аяқ басқанын көрді де орнынан түрегелді. Еңкіш тартқан кейуананың қараталдың бұтасынан жонып жасалған сүйеніш таяғының ұшы тегіс еденнің бетінен тайып кетердей алмағайып екеніне бірден мән берген Жеңісбек дереу қарсы жүрді. Кейуананы сүйемелдеп әкелді де орындыққа отырғызып, алдымен стаканға су құйып ұсынды. Жаздың ыстық күні еді, кейуана салқын судан ұрттап, «үһ» деп демін түзеп алған соң тергеушінің бетіне сығырая қарап:
– Пүркорор деген жер осы ма, қарағым? – деп сұрады.
– Осы, осы, апа. Не шаруамен келдіңіз, маған баяндай беріңіз, – деді Жеңісбек оның бет-жүзіне барлай көз тастап. Кейуана отырысын нығырлап, таяғын алдындағы үстелдің бетіне көлденең қойды да басын тіктеп:
– Е-е, піркорор шырағым, қартайғанда қара басып алдыңа кеп отырған жоқпын ба? Ауылдан келдім, келгенде де шұғыл келдім. Байғұс шалым үш күн бұрын өзінен-өзі жатып қалғаны. Асты-үстіне түсіп елпектедім, білген ем-домымды жасадым, бірақ тұрмай қойды. Содан, қойшы әйтеуір, кеше кешкісін жөнеп кете ме, әлде қайтеді деп тынышым қашты. Алпыс бес жыл отасқанда шалыма сыр бермей сақтап жүрген құпиям болатын. Шалым олай-бұлай бола кетсе мойныма қарыз болып қалмасын деп кеше түнде: «Е-е, шалым, остай да остай болған еді» деп сырымды ақтарып салдым. Шалым жатқан жерінде қабағы түйіліп, аһ ұрды да қалды. Жоқ, байғұстың көресі күні бар екен, таң атпай басын көтеріп, орнынан сүйретіліп тұрып кетіпті. Өзімді қамшымен сабап тұрғызды ғой, қайтейін енді... «Бүгіннен қалдырмай Дәуренбайды қаматасың! Қаматпайды екенсің, кешпеймін ісіңді! Бар, мілисаға бар, піркүрорға бар, қамат!» деп тап-тап бергенде кәпелегім ұшып кетті, қарағым. Шалым үйден қуып шыққаннан кейін өзіңе келіп отырған жоқпын ба, айналайын, – деп келген шаруасын баяндады.
– Ә, не сыр айтып едіңіз дейсің бе? – деп сөзін жалғады кейуана тергеуші жігіт ештеңе сұрамай, таңданып отырса да. – Өтіп кеткен оқиға еді, өзім ғой бүлдірген. Сол құрғыр әңгімені шалыма айтпай-ақ қойсамшы. Ол соғыстың уағы еді. Жас келінмін, күйеуім әрмияға кетті. Айдаладағы екі-үш түтінді шопан ауылда тұрдық, ата-енем бар еді. Сол ауылда күйеуімнің немере ағайыны Дәуренбай деген жігіт қой бақты. Оны әрмияға алмады. Өйткені аңшылықта өзі соңынан қуып жеткен бір қасқырды қарақұстан шоқпармен ұрады да, аттан түсіп, жанына бара бергенде шалажансар қасқыр мұны білегінен шайнап алады. Сөйтіп кәмәсиядан өтпей қалған. Қазір көзі тірі, бізбен көрші ауылда тұрады. Сол Дәуренбай екеуміз ашық-машық болдық. Бірақ ол аламын, мен тиемін деп серт бере алмадық, менің күйеуім бар ғой. Ұшырасып, көңіл қосып жүрдік. Онымызды жан адам білмеуші еді.
Басында былай болған. Құдығымыз ауылдың шетіндегі бір сайда еді. Мен суға баратынмын. Бір күні құдыққа жақындай бергенім сол еді, Дәуренбай ту сыртымнан атымен тапырақтап жетіп келді де көкпардағы лақтай қып мені іліп ала жөнелді. Атының жүрісі жайсыз екен, ерінің қасы ішімді тесіп барады. Сол құдықтың маңында шоғырланып өскен топ сексеуіл болушы еді, соған әкеп түсірді. Атын тұсап қоя берді де жаныма келіп тап бір әйелі құсатып аймалай берді, аймалай берді. Ұят-ай. Мен де толқып, құшағына еніп кете беріппін. Содан ол мені, мен оны ұнатып, кәдімгі ғашық жандар болып кеттік. Талтүсте құдық маңындағы сексеуілде кездесеміз. Ол қойын иіріп тастап мені күтеді. Мен ата-енеме түскі шайын әзірлеп беремін де су әкеле қояйын деп лып ете қаламын.
Бүкіл соғыс уағында осылай кездесіп жүргенбіз. Соғыс бітті, күйеуім оралды. Одан кейін де орайын тауып талай көңіл қостық қой. Күйеуіме білдірмеймін, Дәуренбайды ойлаймын. Қашанғы бүйтіп жүрсін, бір күні сол сексеуілде отырып, үйленгелі жатқанын айтты. Сондағы ішімнің ашығаны-ай, жылап-жылап алдым.
Амал не, ол отан құрып, бала-шағалы болды, мен де бала-шағалымын. Сонда да орайын тауып, ешкімге білдірмей кездесіп жүрдік. Осы күндері оңаша кездесіп қалсақ жас күнімізді еске алып мәз боламыз. Ұмтылып-ұмтылып қояды. Бүгінде ол да мен сияқты кәрі ғой. Сол баяғы құдықтың орны бар, ал сексеуіл жоқ болып кеткен. Оның орнына Дәуренбай өзі бір топ тал егіп, өсіріп қойды. Бұл тал Дәуренбай екеуміздің жас уағымыздың естелігі.
Енді сол сырымды шалыма өзім айтып қойып, басыма бәле тілеп алдым ғой. Кешіретін емес, «Дәуренбайды қаматсаң ғана тыншимын» дейді. Шалым мені талақ қылса қартайғанда шәрмәнда боламын ба деп өліп барам. Қайтіп қана қаматайын, Дәуренбайды осы күнге дейін жақсы көремін.
Кейуана осыны айтты да көзінің жасын сығып алды.
Мына әңгімені сілейіп тыңдап қалған тергеуші біреу түртіп оятқандай есін жиып:
– Балаларыңыз хабардар ма? – деп сұрады.
– Балалар білмейді, – деді кеуана сәл ойланып. – Осы келінім құрғыр бір нәрсені сезіп қалды ма, қалай... Шалым мені сабағанда ол дәліз жақтан қутыңдап, есікті қайта-қайта ашып қарап еді. Оның аузын жабамын ғой.
– Ойбай-ау, апа, Дәуренбай ақсақалды қамаудың жөні келмейді-ау. Ал шалыңыздың амалын табайық, – деді тергеуші жігіт кейуананы жұбатқан болып.
Сексендегі қартты қамаудың, шынында да, ешбір жөні келмейді ғой. Бұл оқиғаға алпыс жылдан астам уақыт өткендіктен және істі өндіріске алу мүмкін болмағандықтан тергеуші жігіт дауды ауызекі сөзбен шешуді мақұл көріп, соны ойластырып біраз үнсіз отырды. Содан кейін шалына шақыру тіртібін жазып, кейуананың қолына ұстатты да:
– Мынаны шалыңызға апарып беріңіз. Ертең сағат оннан қалмай осында келсін, өзіңіз де бірге келіңіз, – деп кеңсенің сыртына дейін шығарып салды.
Тергеуші Жеңісбек сол күні Дәуренбай қартты алдырды. Ол мән-жайды түсініп болған соң бір қызарып, бір бозарып, қара терге түсті. Немере ағайынына сыры ашылып қалғанына қатты қысылды білем, тықыршып, бір отырды, бір тұрды. Бірақ кейуана екеуінің арасында өткен қимастық сезімді жасырмай, ғашықтық хикаясын бұл да баяндап берді. Тіпті үнінде бұған деген мақтаныштың нышаны байқалады.
Тергеуші жігіт Дәуренбай қартты да ертеңгі сағат онға шақырды.
Ертеңіне кейуана мен шалы бұрын келді. Құп-қу күйге жеткен қария қағылездеу екен, ешбір амалға көнетін емес. Тергеуші оны: «Кемпіріңізді сабағаныңыз барып тұрған ауыр қылмыс, сол үшін сотталып кетесіз» деп бопсалап та көрді, бірақ көнбейді. «Анау иттің баласын түрмеде шіріт!» деп табанындағы еденді тебеді. Сөйтіп отырғанда тартыншақтап-тартыншақтап есіктен Дәуренбай қария кіріп келе жатты. Қолында қамшысы. Тергеуші «Бұнысы несі?!» деп терезе сыртына қараса прокуратураның есігі алдына қоңыр есегін байлап кірген екен.
Дәуренбай қария кіргенде кейуананың жүзі жылып сала берді. Аяушылықпен, мәпелеп қарайды. Ал шалы түрегелді де сүйеніш таяғын төбесіне тік көтеріп, Дәуренбайды ұрарман болды. Кейуана бұған баж етті, ал тергеуші жалма-жан ұшып түрегеліп, екі ортаны қалқалап қалды.
– Мынау адамды соттау керек! Қара бұны, кемпірімді азғырып! Мен соғыста жүрсем, бұлар ашық-машық болады екен! Ие, сақалың құрып кетсін теке сықылды бәле! Көзіңе көк шыбын үймелетермін! Қасқырдан арашалап қалған өзім едім, бекер-ақ жегізе салмаған екенмін сен итті! – деген қарт тап-тап беріп, таяғымен нұқып-нұқып қалғанда қалшылдап кеткен Дәуренбай қарттың басындағы сәлдесі еденге шұбатылып түсті. Оны жиып әпермек болып бүкшие берген кейуанаға шалы:
– Тек тұр! Ие, найсап! – деп ақырып қалды да едендегі сәлдені таяғының ұшына іліп алып, ашық тұрған терезенің сыртына лақтырып жіберді. Ол барып сырттағы есектің мойнына жабылып, одан сусып тұяғының астына түсті. Осы абыр-сабырдың үстіне прокурор кіріп келген. Ол мән-жайдан хабардар болатын. Жымиып келіп, шеттегі орындыққа отырды. Тергеуші жігіт қарияны әзер дегенде тыныштандырып, үшеуін үш бөлек отырғызды. Прокурорда қариялардың ешқайсысының шаруасы болмады, мән беріп те қараған жоқ. Тергеуші:
– Ақсақал-ау, осыншама балағаттап, таяқ кезенгеніңіз не?! Мұныңыз да қылмыс! Дәуренбай қартты қаматамын дейсіз, керісінше, сіздің өзіңізді қамау керек екен ғой! Кемпіріңізді сабайсыз, мұнда келіп мына қарияға күш көрсетесіз! Мұныңыз қалай? – деп ашуға мінген қарттың екпінін баспақ болды.
– Бала, сен үйдеп әңгімені бұрмағын! Мына Дәуренбайдыкі қылмыс! Бұны апарып қамаңдар! –деп қарт табандап отыр.
– Енді, ақсақал, өздеріңіз абдан қартайғансыздар. Даулап келген ісіңіз сонау жылдардағы болса. Әрі ағайын адам екенсіздер. Осыны ашу-аразға бермей-ақ қойсаңыз қайтеді? Кемпіріңізді қаңғыртып жіберсеңіз өзіңіздің күніңіз не болады? Мына кісіні қаматамын дейсіз. Төрінен көрі жақын адамды не деп қамаймыз? Оның үстіне анық зорлық жасамағандықтан оның ісі қылмысқа жатпайды, – деп бастырмалатып келе жатқан тергеушіге қарт көзі қитарланып:
– Ей, бала, сен не деп отырсың?! Суға барған жерінен атқа өңгеріп сексеуілге апарғаны зорлық емей атаңнын басы ма?! – деп айқай салды.
– Қарт адамды қамай алмаймыз. Ойпырмай, маған не қыл дейсіз енді?!
– Қайдағы қарт! Есекке мініп-түсуі менен мығым бұл бәленің! Әйдә, апарып түрмеге тық!
Амалы таусылған тергеуші жігіт енді кейуанаға бұрылып:
– Сол, атқа өңгеріп, сексеуілге апарған соң Дәуренбай сізді зорлады ма?–деген сұрақ қойды.
«Ойбүй!» деп бетін шымшыған кейуана:
– Жоға, зорлаған жоқ. Атқа өңгергені ойын сияқты болды. Сексеуілге апарғаны ...жас болдық қой... – деп орамалының шетімен көзін бүркемеледі.
– Үһ-һ, – деп үкіледі оның шалы. – Кешпеймінші, кешпеймін!
Осы кезде Дәуренбай қарияға тіл бітіп:
– Кешіре гөр, Құдырет! Аққал екеуміз саған опасыздық жасайық дегеніміз жоқ! Білместік болып қалды. Саған ағайындық көңілім таза. Аққалдың да көңілі саған таза. Шын жақсы көріссек қайтейік енді... Кешір, Құдырет. Баяғыда өзің айтушы едің ғой, Шымкенттегі бір әйел туралы. «Ол әйелдей әйел жоқ жер дүниеде» демеп пе едің? Соған ұқсап мені қара басып Аққалға көзім түсе берсе қайтейін енді?! Кешір, кешір, Құдырет! Қаласаң кемпірімді алып кет үйден... – деп зар иледі.
Бұл сөзді естіген кейуана ернін сылп еткізді де шалына жалт қарады. Құдырет шал қипақтап, кемпіріне көзінің қиығын бір салып өтті. Дәуренбай қарт «Кешір, кешір» деп және қайталап отыр.
– Әй, шал! –деп саңқ ете қалды кейуана. – Немене, ақ сайтаның бар ма?! Осыншама жұртты жалындырып... Кешір Дәуренбай екеумізді! Елге масқара болмайық! Егер кешірмейді екенсің, онда мен де Шымкентте көңілдесің болғанын кешірмеймін! Қара бұны?! Өзіңде де бәле жатыр екен ғой! Ойбо-ой, жүдә, үндемегенге есіріп бара жатсың ғой! Бүкіл келін-кепшікке жайып масқараңды шығарайын сенің! Кешіресің бе?! – деп шалына қарай төніп, таяғымен еденді тықылдатып қойды.
Шалы аларып бір қарап, «Әй, кемпір...» деді де үні өшті.
Сәл үнсіздіктен кейін Құдырет қария тергеушіге қарап:
– Мақұл, баллар. Қайтейін енді. Кеш десеңдер кешейін. Кештім, Дәуренбай, сені де, кемпірім, сені де, – деп орнына түрегеле берді.
Осы кезде прокурор жай ғана орнынан тұрып, қарияларға білдірмей есіктен шығып кетті. Тергеуші Жеңісбек екі қартты қол алыстырып, төс түйістіргізіп, кейуананы арқасынан қағып, қызмет бөлмесінен шығарып салды.
Тергеуші мен бөлмеге қайта кірген прокурор терезеден қарап тұр. Кейуана Дәуренбай қарттың сәлдесін есектің аяғы астынан алып, қағып-сілкіп басына орап беріп жатыр. Құдырет шал насыбайын шырт түкірді де олардан жүзін бұрды. Көшеге үшеуі қатар шықты, есек жетекте. Олар көшенің қарсы бетіндегі шайханаға қарай аяңдады. Кіреберістегі қолжуғышқа алдымен Құдырет қария, содан кейін Аққал апа, соңынан Дәуренбай қария қол шайды. Соңындағы Дәуренбай қария есегінің ауыздыққа жалғанған қайысын қолжуғыштың басына іле салды. Үшеуі есіктен ішке енген соң есек басын көтеріп, беті ашық тұрған қолжуғыштың суына ауыз салды. Осының бәрін терезеден бақылап тұрған прокурор:
– Алда, жазғандар-ай... – деп мырс етіп күліп жіберді.