Блоги
Менің жүрегімдегі Астана
Арманы аласармас биіктердің
Сен неткен сұлу едің, сүйікті едің.
Бір жұма мекен етіп мен өзіңде,
Бір жола жүрегімді түйіп кеттім.
Есілің мұз боп жатты, ерімеді,
(Толқыны шақырмай жүр кері мені.)
Аязың жүрегімді қарып өтті,
Сонда да жерімедім, керім едің.
Нышаның әсер беріп ұшақта ұшқан,
Бәйтерек еді маған құшақ ашқан.
Қаланың сұлу түнін көкте жүріп
Тамашалап бір сәтке мауқым басқам.
Қарсы алып Хан-Шатырың бауырымдай,
Шатырды араладым ауылымдай.
Жанға жайлы мекеннің бірі екен,
Ішінің тәуірін-ай, ауырын-ай*.
Сыйдырған жақұттардың сан алыбын,
Тарихын, ғасырлардың жаңалығын.
Ұлтыңның бар байлығы қойнындағы,
Музейің – даралығың, даналығың.
Толтырдың жас жаныма арман, мақсат,
Ғұмырда қол жеткізсем, ұғам, жақсы-ақ...
Өзіңнен іздеп келген болашағын,
Жастар жүр, жігер-күші, қоғамда асқақ.
Соларға қанат бергін, қалықтасын,
Сенімі сөніп кетіп, тарықпасын.
Сеніммен айта аламын сенімен бірге
Келешекке самғаудан жалықпасын.
Кетпесе сағы сынып, бүгін налып,
Қорғаның замандасың ертең анық.
Сен үшін тер төгеді, ару қала,
Жүрмейді төсіңде олар кердең қағып.
*ауырын-ай – қымбатшылығы