Блоги
«Ордалы елге отыз жыл» атты иллюстративті кітап көрмесі ашылды
Бүгін елордамызда Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойына орай «ОРДАЛЫ ЕЛГЕ ОТЫЗ ЖЫЛ» атты иллюстративті кітап көрмесінің ашылуы болып өтті. Аталмыш көрме ҚР Мәдениет және спорт министрлігің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылды.
Көрмеге ел Тәуелсіздігінің дамуы мен мемлекет ретінде қалыптасуына, сондай-ақ, еліміздің жеткен жетістіктері мен толайым табыстарын,әлемдік деңгейі баяндайтын 2000-нан аса кітаптар қойылды. Кітап көрмесі жыл бойы жалғасатын болады және жаңа мәліметтермен толықтырылады.
Көрменің мақсаты – отыз жыл уақыт ішінде ордалы елге айналған Тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау. Қазақстан мемлекетінің Түркі Қағанаттары, Алтын орда мен Ақ орданың және Қазақ хандығының құрылуынан бастап Халықаралық қауымдастықтың төріне шыққаны мен бүгінгі жетістіктерін көпшілік қауымға ұсыну. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың кемел саясаты мен ерен еңбегі арқасында еліміздің жеткен жетістіктері мен толайым табыстарын, сондай-ақ қазақстандық қоғамдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке таныту.
Көрме бірнеше бөлімдерден тұрады.
«Бабалар арманы ─ Мәңгілік ел» атты бөлімде «Ұлы дала түркілер мекені» мен «Қазақ хандығы-Тәуелсіздік бастауы» атты тақырыптардан тұрады.
Ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың Тәуелсіздік жолында күрескен тарихи кезеңдерге шолу жасалған.
«Ұлы дала түркілер мекені» бөлімінде тарихтағы ең ірі мемлекеттердің бірі Түрік қағанаты дәуірі, сол кезеңдегі хандар, билер, батырлар әйглі адамдар тарихы туралы кітаптар қойылады. Түркі хандарының ел, жер туралы айтылған қанатты сөздері қойылады. «Қазақ хандығы-Тәуелсіздік бастауы» бөлімінде алғашқы қазақ хандығының құрлуы туралы кітаптар, Керей, Жәнібек хандардан бастап Кенесары ханға дейінгі кезеңдегі хандар, батырлар, би-шешендер туралы кітаптар қойылды. Сол дәуідегі ұлы тұлғаларымыздың ел, жер туралы нахыл сөздері де берілген.
«Алаш аңсаған азаттық» атты бөлім «Тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық көтеріліс» және «Тәуелсіздік және Алаш қайраткерлері» атты тақырыптарға берілген. Бұл бөлімде ХVІІІ-ХХ ғасырларда қазақ даласында Ресей отаршылдарына қарсы бірнеше ірі-ірі ұлт-азаттық қозғалыстардың, қазақ халқының тәуелсіздік пен дербес даму жолында Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістері туралы маңызды деректер топтастырылған. Сондай-ақ, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов т.б жетекшілік еткен ұлт зиялылары жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты кітаптары мен зерттеу еңбектері берілген. Сондай-ақ, Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейінгі отарлық жағдай, қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресінен мағұлмат беретін еңбектер топтастырылды.
Келесі бөлім «Желтоқсан - Тәуелсіздіктің жаңғырығы» деп аталады. Бұл бөлімде 1986 жылғы 16 желтоқсан оқиғасы және сол бейбіт шеруді қолдаған Қазақстанның әр өңіріндегі белсенділер туралы дерек кітаптар мен фото-суреттер жинақталған.
«Тәуелсіздік - ел тұғыры!» атты бөлім «Тәуелсіздік таңы» және «Егемен елдің рәміздері» атты тақырыптарға берілген. Көрменің бұл бөлімінде қазақ халқының ғасырлар бойы күткен тәуелсіздіктің 1991 жылы деп жариялануы мен Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің елтаңбасы, туы, атазаңы т.б егемендік нышандары қойылады.
«Ордалы елге отыз жыл» атты бөлім «Мәңгілік елдің Елордасы», «Қазақстанның әлемдік жетістіктері», «Ғылым-техника, білім, спорт, мәдени жетістіктер, «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталықтары» атты тақырыптардан тұрады. Бұл бөлімде Егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру мен еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітіп және мемлекетіміздің шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озған кезеңдерін сипаттайтын бөлігі. Қысқа уақытта «Қазақстан» деген айбынды елдің есімі әлемнің саяси картасына шегеленіп, жаһан жұртының жадына жазылды. Елбасы салған сара жолды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтіп, тың серпінмен дамыған бүгінгі қазақ елін көрсету. Сондай-ақ, Қазақстанның әлемдік жетістіктері, ғылым, техника, білім, мәдениет спорт, салаларындағы жетістіктеріне қатысты мәліметтері берілген.Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан мемлекеті беделді және ықпалды халықаралық ұйымдардың қатысушысы болды. Көрменің бір бөлімі Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы рөліне, оның тәуелсіздік кезеңіндегі жетістіктеріне арналып отыр.
Келесі көрме «Рух. Уақыт. Тұлғалар» деп аталады. Бұл көрменің басым-бағыты ұлтымыздың тұлғаларына арналады. Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі көсемі, саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155, мемлекет және қоғам қайраткері, абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа 105 жылдықтарына орай әдеби-мәдени мұраларын қалың көпшілікке кеңінен насихаттау. Кітап көрмесінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай өшпес мұралары мен рухани құндылықтары, ақынның өмірі мен өнерпаздық сырлары, айрықша құбылысты тұстары, тұлғалық табиғаты туралы кеңінен ақпарат беріледі. Ә.Бөкейхановтың өмірі мен қызметі жайлы әдебиеттер, еңбектері және мақалалары жайлы да терең мағлұмат беріледі. Сондай-ақ, қазақ халқының мәдениетінің елеулі бөлігін сақтап, дамуына теңдесіз үлес қосқан ғалым Қайым Мұхамедхановтің еңбегіне арналды. Оның абайтану ғылымының іргетасын қалап, Абайдың тұңғыш Мұражайын ашуға негіздеме құрып, Абайдың түпнұсқалық сөзінің тазалығын текстологиялық талдау әдісімен сақтап қалу ғылымына қосқан қомақты үлесін атап өту және де ғалымның өнегелі өмір жолын насихаттау, ұлтжандылығы мен әдебиетке деген адалдығын жастарға үлгі ету, ғалымның артында қалған баға жетпес мол мұрасын бүгінгі ұрпаққа жан-жақты насихаттау көзделді. «Ұлылардың жалғасы» атты бөлімде жазушы, алаштанушы, абайтанушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойына орай абайтану, әуезовтану, алаштануға арналған ғылыми еңбектері мен көркем шығармалары келушілерге таныстырылады. Белгілі ақын және аудармашы Орынбай Жанайдаровтың 70 жылдық мерейтойына орай оның өмірі мен қызметі және шығармалары жайлы ақпарат кеңінен берілген.
Сондай-ақ, қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатевтың 90 жылдығы мен Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, саясаткер Олжас Омаровтың және өзге деқазақ ақын-жазушыларының мерейтойларына орай жеке кітап көрмелері ұйымдастырылады.
2021 жылды Ұлттық академиялық кітапхана бастамасымен Балалар әдебиеті жылы деп жариялау ұсынылып отыр.
«Балалар әдебиеті - рухани қазына» атты кітап көрмесінде ұлт болашағы білімді кітап оқуға көбірек баулу, ең бастысы балаларға кітапты сүюге көмектесу және 2021 жылы Балалар жазушыларының мерейтойлы кітаптарын оқырмандар назарына ұсыну және балалар қаламгерлерінің шығармаларымен таныстыру.
Балалар әдебиеті бойынша көрме 4 бөлімнен тұрады:
1 бөлім: «Қазақ балалар әдебиетінің зергерлері».
Бұл бөлімге 2021 жылы мерейтойлы балалар жазушыларының өмірбаяндары мен шығармашылығын қамтитын әдебиеттер таңдалып қойылды.
- «Ыбырай Алтынсарин – балалар әдебиетінің атасы»;
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, Ыбырай Алтынсарин (180 жыл);
- Қазақ поэзиясының алыбы, ұлы жыршы Жамбыл Жабаев (175 жыл);
- Жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сайын Мұратбеков (85 жыл);
- Қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қастек Баянбай - 85 жас;
- Балалар жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Етекбаев Мұхамеджан - 85 жыл;
2 бөлім: «Жақсы кітап - таза бұлақ арнасы».
Кітап – адамзат баласының баға жетпес құндылығы. Білімнің биік белестеріне жетелейтін де осы – кітап. Жақсы кітаптың бар қазынасын оқырман жүрегіне жеткізу – кітапханашы міндеті.
Бұл бөлімге 2021 жылы балаларға арналған мерейтойлы кітаптар қойылды.
Тұманбай Молдағалиевтың «Қош көктем» кітабына 50 жыл;
Қастек Баянбай «Әсем әлем» кітабына 50 жыл;
Қастек Баянбай «Құс сүті» кітабына 25 жыл;
Сәбит Мұқанов «Балуан Шолақ» повесть (1941) 80 жыл;
Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасына (1936) 85 жыл;
Ахмет Байтұрсынов «Маса» өлеңдер (1911) 110 жыл;
3 бөлім: «Балалар фольклоры ұлттық тәрбие көзі».
Балалар фольклоры – халық фольклорының арналы салаларының бірі. Ол халықтың дәстүрлі бала тәрбиесінің негізінде туып қалыптасқан, ауқымы кең көркем шығармалар шоғырынан тұрады. Олар бесік жыры, маусымдық жырлар, жұмбақ, жаңылтпаш, қаламақ, санамақ, сұрамақ өлеңдері, аңыз-әңгімелер, ертегілер жатады.
4 бөлім:«Балалар энциклопедиясы әмбебап оқулық». Балалар кітаптарының негізгі мақсаты – бүлдіршіндердің сауатын ашып, ойын қалыптастыру, жаратылыс, әлем туралы білім беру. Бұл бөлімге балаға мотивация беретін сан алуан тақырыпты қамтитын энциклопедиялар қойылды.