Главная
/
Блоги
/
ПРОЗА
/
Қанды қол

Қанды қол

09.04.2026 24

Әр жасалған қылмыстың өзіне сай жазасы болады. Әділдіктен ешкім қашып құтыла алмайды!

Бұл оқиға 2010 жылдары болған қорқынышты жағдай жайлы. Осыдан он екі жыл бұрын солтүстіктегі қарапайым «Қосқұдық» ауылында адамзат баласы жасай алатын ең ауыр күнә жасалған еді.

2010 жылдың сәуір айының басында «Қосқұдық» ауылында Темірлан атты атақты малшы өмір сүретін. Жасы шамамен қырық тоғызда еді. Ол таңнан кешке дейін ауылдың сиырын бағатын. Темірланның інісі Серғали ішімдікке салынып кеткен жігіт болса, ағасы Жәнібектің психикалық денсаулығы төмен еді. Сондықтан Темірлан екі бауырын да өз қолымен асырап, қамқор болып жүретін.

Сәуір айының боранды бір кешінде Серғали үйіне Андрей атты орыс жігітін ертіп әкелді. Екеуі ішімдік  ішіп, үй ішінде көңіл көтеріп отырды. Бұл қылықтары көктемде сырқаты қозатын Жәнібекке мүлде ұнамады, бірақ ол ауырып жатып, бас көтере алмады.

Жарты сағаттан кейін үй іші у-шу төбелеске айналды. Мас болып қалған Серғали мен Андрей сөзге келіп, алыса кетті. Андрей Серғалиды оңай жерге құлатып, үстіне шығып аямай соққылады. Сол кезде есік ашылып, Темірлан кіріп келді. Інісінің таяқ жеп жатқанын көрген ол шыдамай Андрейге жабысты. Шаршаған Андрейді пештің алдына сүйреп апарып, бетін ыстық пешке басып жіберді. Андрейдің жан дауысы шықты. Темірлан оның үнін өшіру үшін мойнына орамал салып, бар күшімен тартты. Андрей қылқынып, есінен танып қалды. Бірақ Темірлан тоқтамады. Көздері қанға толып, орамалды одан әрі қатты тартып, Андрейді өлтірді.

Сарт-сұртты естіген Жәнібек төсегінен тұрып, ас үйге ұмтылды. Бөлмеге кіргенде көрген көрінісіне сене алмады: жерде аузы-басы қанталаған Серғали жатыр, пештің жанында Андрейдің күйген беті мен қанға толы денесі, ал орамалды босатып Темірлан тұр. Жәнібек қорқынышынан тілін жұтып, не болғанын түсінбей отыра кетті.

Темірлан орамалды жинап алып, ағасының қолына ұстатып: «Мен тек інімді қорғадым. Менің кінәм жоқ. Бұның бәрі арақтың кесірі. Енді сен де ініңді қорғауың керек!» — деді де, қораға шығып кетті.

Көршілер шуды естіп үйге келді. Болған сұмдықты көріп, милиция мен жедел жәрдем шақырды. Темірлан қорадан кіріп келіп, еш нәрсе болмағандай таң қалып, бар кінәні туған ағасы Жәнібекке артып салды.

Милиция ұзақ тергемеді. Орамалдан Жәнібектің саусақ іздері табылып, оның психикалық ауруы бар екені анықталды. Сонымен қатар оқиғадан кейін мылқау болып қалған Жәнібек өзін ақтай алмады. Сот оны «Андрейді қылқындырып өлтірді» деген айыппен 10 жылға Алексеевкадағы психикалық емханаға жіберді.

Оқиғадан кейін жарты жыл өтті. Күздің соңғы айында Серғали тағы мас болып үйіне келді. Бұрын ішімдікті тастаған еді, бірақ қайта бастады. Ол Темірланға өткен оқиғаны еске салып, ағасын жындыханаға жапқаны үшін айыптай бастады.

Темірлан қатты ашуланды. Інісінің сөздері шындыққа толы еді. Ашуға булыққан ол Серғалиды есінен танып қалғанша ұрып, содан кейін ессіз денесін суық аязға шығарып тастады. Келесі таңда көршілер Серғалидің жансыз денесін тапты. Ауыл «Ішімдікке салынып, аязда тоңып қалған» деп ойлады. Темірлан қайғырып жүрді.

Арада он жыл өтті. Темірлан өз қылмыстарының ауыртпалығынан іштей жегіліп, ауруға шалдықты. Ауыл тұрғындары оны аяп, «Бір ағасы түрмеде, інісі өлді, жалғыз қалды» деп жаны ашып жүрді. Ешкім шындықты білмеді.

Темірлан жасаған күнәларын ішінде сақтап, сол ауыр жүкпен өмір сүрді. Он жыл бойы жазадан құтылдым деп ойлады. Бірақ Жаратқан оған мүлдем басқа жаза бергенін уақыт өте келе түсінді.

Автор: Искаков Иса

 

Оставить комментарий: