Қазақ фотоөнерінің шамшырағы: «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің 15 жылдық белесі

14.06.2026 26

Биыл әлемдік фотография тарихындағы ерекше кезеңдердің бірі – жарық пен уақытты қағаз бетіне түсірген өнердің пайда болғанына 200 жыл толып отыр. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толуы да ел тарихындағы маңызды белес саналады. Осындай мерейлі шақта ұлттық фотоөнердің өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 15 жыл толуы – мәдениет пен руханият саласындағы айтулы оқиғалардың бірі.

Қазақ фотографиясының кәсіби қауымдастығын қалыптастыру мақсатында 2010 жылы Алматы қаласында белгілі фотожурналистер мен фотосуретшілердің бастамасымен құрылған бұл ұйым аз уақыт ішінде ұлттық фотоөнердің дамуына серпін берген шығармашылық орталыққа айналды. Оның басты мақсаты – отандық фотографияны дамыту, жас буын өкілдерін қолдау, ұлттық фотомұраны сақтау және халықаралық тәжірибені игеру. Бүгінде қауымдастық құрамында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған елуге жуық кәсіби фотографтар, фототілшілер, оқытушылар мен жас мамандар еңбек етеді. Олардың қатарында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері және фотоөнердің болашағына айналып келе жатқан талантты жастар бар. Бұл шығармашылық орта тәжірибе мен ізденісті ұштастырып, ұлттық фотографияның кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етіп келеді.

Қоғамдық бірлестіктің қызметі тек көрмелер ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Оның жұмысы қазақ фотошежіресін қалыптастыру, фотоэнциклопедиялық еңбектер әзірлеу, шығармашылық мұраны жүйелеу, кәсіби мамандардың құқықтарын қорғау және халықаралық байланыстарды нығайту сияқты ауқымды міндеттерді қамтиды. Осы арқылы ұйым фотоөнердің мәдени ғана емес, ғылыми және ағартушылық әлеуетін де дамытуға үлес қосуда.

Бірлестіктің жүзеге асырған ең ауқымды жобаларының қатарында Қазақстанның әр өңірін қамтыған фотоэкспедициялар ерекше орын алады. Алтайдың асқар шыңдарынан Каспийдің жағалауына дейінгі ұлан-ғайыр даланы аралаған фотошеберлер табиғаттың көркем келбетін, тарихи ескерткіштерді, этнографиялық ерекшеліктерді және халықтың тыныс-тіршілігін фотоқұжат ретінде таспалады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ұлттық құндылықтарды бейнелейтін бірегей фотомұра қоры қалыптасты. Фотография саласындағы қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттердің дамуына қосқан үлесі де назар аударуға тұрарлық. Бірлестік мүшелерінің бастамасымен оқу құралдары, анықтамалықтар, фотоэнциклопедиялар, ғылыми жинақтар мен монографиялар жарық көрді. Бұл еңбектер қазақ тіліндегі фотожурналистика терминологиясының қалыптасуына, білім беру жүйесінің дамуына және ғылыми зерттеулердің кеңеюіне жол ашты.

Білім беру саласында да ұйымның орны ерекше. Қауымдастық мүшелері жоғары оқу орындары мен арнаулы оқу орындарында дәріс оқып, жас мамандарды даярлау ісіне белсенді араласып келеді. Әсіресе елімізде алғаш рет «Фотоөнер» бакалавриат мамандығының ашылуы ұлттық фотография тарихындағы маңызды бастамалардың бірі болды. Бұл қадам шығармашылық саладағы кәсіби кадрлар даярлау жүйесінің қалыптасуына тың серпін берді.

Соңғы жылдары жүзеге асқан халықаралық жобалар да ұйымның беделін арттыра түсті. Соның бірі – Алматы қаласында өткен «Ұлы дала кереметтері» халықаралық фотокөрмесі. Аталған көрмеге еліміздің жетекші фотожурналистерімен қатар халықаралық деңгейде танылған фотошеберлер қатысты. Көрме көрермендерге Қазақстан табиғатының әсемдігін, тарихи мұрасының байлығын және ұлттық мәдениетінің ерекшелігін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге қауымдастық тұрақты түрде фотобайқаулар, шығармашылық кездесулер, халықаралық шеберлік сабақтары мен ғылыми конференциялар ұйымдастырып келеді. Мұндай шаралар кәсіби тәжірибе алмасуға, жаңа идеялардың туындауына және қазақстандық фотографтардың әлемдік шығармашылық кеңістікпен байланысын нығайтуға жағдай жасайды.

Фотография – тек өнер ғана емес, уақыттың үнсіз шежіресі. Әрбір кадр өткен күннің куәсі ретінде тарих қойнауында сақталады. Осы тұрғыдан алғанда «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің қызметі халықтың мәдени жадын сақтау, ұлттық құндылықтарды насихаттау және келер ұрпаққа рухани мұра қалдыру ісімен тығыз байланысты.

Он бес жыл ішінде бұл ұйым қазақ фотоөнерінің дамуына берік негіз қалап, оның жаңа белестерге көтерілуіне жол ашты. Фотоэкспедициялар, ғылыми еңбектер, білім беру жобалары мен халықаралық бастамалар арқылы ұлттық фотографияның өрісін кеңейтіп келеді. Сондықтан «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігін бүгінгі таңда шығармашылық қауымдастық қана емес, ұлттық мәдениеттің өркендеуіне қызмет етіп отырған маңызды қоғамдық институт ретінде бағалауға толық негіз бар.

Оставить комментарий: