Қазақ халқының НАҒИМАСЫ, сахнаның сұлу кемесі

17.06.2026 61

Қазақ халқының НАҒИМАСЫ, сахнаның сұлу кемесі

 

1954 жылы 3 ақпанда дүниеге келген адамның есімін азан шақырып қойған мезеттерде, сол есімнің мағынасына ата-анасы тарапынан қаншалықты мән берілгендігіне бүгінде нақты мысал келтіре алмаймыз. Қазақ халқының, сәбиге есім қойғанда отбасының басқа мүшелеріне ұйқастырып қоя салатын ғұрпы бар екенін білеміз. Қызық бір сәйкестік. Араб тілінде «нағам» (naqham) сөзі - «әуен», «саз», мелодия дегенді білдіреді. Сондықтан кейбір зерттеушілер мен есімтанушылар

Нағима атауын нәзіктікпен қатар әуезділік, жарасымдылық ұғымдарымен де байланыстырады. Тәңір тамаша мағыналы есім сыйлай отыра аса дарынды есту қабілетін де тарту еткен тәрізді. Музыка әлемінде өзіңді еркін сезініп оқ бойы озық шығу үшін бірінші кезекте абсолюттік есту қабілетің болуы тиіс. Әрине қатардағы қарапайым музыкант болу мәселесін қозғап отырған жоқпын. Әрдайым көрермен-тыңдармандар алдына шыққан сайын сын сағаттарда өзіңнің бар жігеріңді салып өнерлі, дарынды екендігіңді дәлелдеп, ту сыртыңда өзіңе сенім артып отырған оркестрдің абыройын асқақтата ән шырқау талантты адамға ғана тиесілі.

Басқа халық өкілдері алдында қаймықпай, көрермен қауымды дүр сілкіндіріп, бір көтеріп тастау, мінезі батыл, бір өзі әр көрерменге тура қарап тұрғандай әсер қалдыратын әнші кім? десе Нағима Есқалиева дер едім. Есімде әскерде жүргенде әскери борышын атқарып жүрген офицерлер болсын, қатардағы матрос, солдаттар болсын ұлты қазақ әншілерді аташы дегенде Нағима Есқалиеваны атайтын. Сахнаға шыға келген әзірде бір өзі бар сахнаны түгелдей қамтып көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялататын. Нағима Қабылқызының ғұмырбаянын жазып әуре болмай-ақ қояйын, себебі ол әнші туралы мәліметттер баршылық. Кеңес одағын шарлап талантының рухын шыңдаған, тыңдаған әнсүйер қауымды табындырған Нағима Қабылқызының орындауындағы әндер ерекше тембрдің әуезімен жарасып кеткендігі сондай қай тілде айтса да «біздің Нағима айтып жатыр» деп жүретінбіз.

Қазақ мемлекеті тәуелсіздік алғаннан бастап шартарапта сансыз сахналарды бағындырып жүрген Нағима Қабылқызы өзімізге бұйырып,салтанатты яғни мажорлы әндеріміздің падишасы болды. Иә, иә «қайтейін», «сағындым» деп қайырылатын минор әндер емес, серпінді сенімге толы, еркіндікті, жігерлілікті суреттейтін әндерді орындайтын шебер.

Мен өзім Нағима Қабылқызы ән шырқаған сәттерде «Нью-Йорк Нью-Йорк» әнін айтып тұрған Лайза Минелли тәрізді елестетемін. Әттең Кеңес одағы заманындағы оқшаулану саясатының салдарынан кенже қалған кейбір қазақ эстрадасының жанрлары әлемдік эстрада үлгілерімен етене байланысқан жоқ. Егер сол шектеулер болмағанда Нағима Қабылқызы мүмкін әр түрлі жанрларда бағын сынап әлемдік сахналарға танымал болар ма еді деп ойланып қаламын. Нағима Қабылқызының тембры қазақ тіліндегі джаз, блюз, соул жанрларының бағын ашар еді. Қазақ, ағылшын тілдерінде ән айтып әлем сахналарын еркін аралап қазақтың талғампаз тыңдармандарын риза қылып рухын көтерер еді. Иә армандауға болмай ма. Жоқ ойлап қалмаңыз.

Нағима Қабылқызы атақ-даңқымен жақын-алыс шетелдерге танымал. Мен әншінің жастық шағында кеңес одағымен ғана шектелмей әлемдік сахналарды қамтитын потенциалын айтып отырмын. Әлем эстрадасының саңлақтарымен қатарласып Елла Фиджералд, Сэра Вон, Бесси Смиттермен бәсекелесіп қазақ қызының әншілік тынысын танытар еді деп ойлаймын.    

«Күнге табыну» Сейдолла Бәйтереков. Орындайтын Нағима Есқалиева. Әншінің композициямен үйлесімділігі таңқаларлық жарасым. Үн мен әннің мағынасы бір-біріне ғашық. Қарапайым тыңдарманның берген бағасы жай ғана «жақсы орындады» дегенмен музыкалық сауаты жоғары адам үшін бұл құбылысы бөлек керемет эстрадалық туынды. «Сәлем саған туған ел» Кеңес Дүйсекеевтің бұл әнді Нағима Қабылқызына сенім артып табыс етуі бірінші кезекте әншінің әнді шебер сезінуін ескерген болу керек. Халықтың рухын көтеретін осындай мажор әндердің салмағын тек қана шеберлігі биік дәрежедегі дарынды әншілер көтере алады. Нағима Қабылқызы бірінші кезекте актриса. Қазақ халқының ғажап әншісі Жүсіпбек Елебеков «бір жақсы әнді ел алдында майын тамыза айтып шығу дегеніміз, сахнада бір үлкен рольді сомдап шығумен бірдей» деген екен. Нағима Қабылқызының әрбір орындаған әні бір спектакль. Музыка мен образдың сәйкестігі сондай Нағима Қабылқызын тыңдарманды әннің ертегі әлеміне ертіп кететін «ән ханшайымы» деуге болады. Нағима Қабылқызы өте талғампаз әнші. Орындаған әндерінің мәні-мағынасы терең, сәні-салтанаты көркем ойларға жетелейтін мұнарасы биік шығармалар. Өзінің болмыс-бітіміне сай әндерді ғана сахнаға алып шығатын артист.

«Келбеті келгеннен кеңес сұра» деген қазақтың сөзіне келсек Нағима Қабылқызы батыл, әділ сөзін тура айтатын адам. Сондығымен жұртшылықты қызықтырып, әр сөзіне назар аудардатын тұлға. Егер адам тура сөз айтуға қаймығатын болса ел алдына шықпай-ақ қойсын дер едім. Нағима Қабылқызының бүгінде ел ішіндегі және шетелдердегі түрлі байқаулардың әділқазылар алқасына шақырылуы тектен тек емес. Оның турашылдығымен қатар таланты бар болашақ әншіні тани білуі, сезіне білуі бір бөлек әңгіме. Сахнаға жаңа қадам басқан талант иелерін өзінің баласындай айналып-толғанып жататын әдеті бар. Аузын ашса жүрегі көрінетін жаны дарқан адам.  

Ақылбай Құлымшин, мәдениеттанушы

Оставить комментарий: