Блоги
Қазақтың эпикалық жырларын жинаған Әубәкір Ахметжанұлы
1855-1933 жылдар аралығында өмір сүрген тұлға. Орынбор кадет корпусын бітірген.
Түркістан әскери губернаторы қарамағында тілмаш. Сыр бойы, Әмудария, Хиуа өлкесін, Оңтүстік Қазақстанды аралап қазақ халқының ертегі, мақал-мәтел, жұмбақтарын, поэзия үлгілерін жинаған, әдет-ғұрпы, тұрмысымен танысқан. Ташкенттегі Қазақ ағарту институтында және Орта Азия университетінің шығыс факультетінде дәріс бере жүріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырды. 1920 жылдан Түркістан Халық ағарту комиссариатының Қырғыз (қазақ) ғылыми комиссиясының мүшесі ретінде Сырдария, Жетісу облыстарына жасаған экспедицияларды басқарды. Диваев ғылыммен шұғылданған елу жылдық өмірінде қазақ халқының бесік жырын, беташарын, құдалық салтын, күлкі-сықақтарын, дастандарын, т.б. қамтитын 100-ден аса еңбек жариялады. Ол, әсіресе, қазақтың эпикалық жырларын («Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Ер Сайын», «Едіге», «Бекет батыр», «Шора», «Қамбар», т.б.) жинап, баспаға әзірледі.
Сырдария қазақтарының өмірінен көлемді этнографиялық материалдар жинады. Диваевтың ғылымға сіңірген еңбегін П.М. Мелиоранский, В.А. Гордлевский, В.В. Бартольд, т.б. ғалымдар жоғары бағалады.
Ауыз әдебиеті нұсқалары және өзі жазған мақалалары «Дала уалаятының газетінде» жарияланған.