Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов

Блоги

16.04.2019
6452

Қисық

Қисық

 

 

Істеген ісі, адаммен қарым-қатынасы былайғы сырт көзге біртоға салмақты көрінгенмен Нұрсағаттың өзіне тән ішкі дүниесі, мінезі анау-мынау адамға бірден түсінікті бола қалатындай ішіне бәрі сиып тұратын жайдары кең мінез емес. Мінез дегенде бұған басқа ерекше біткен адамдарда болатын артық-ауыз мінез бітпеген. Тіпті мұның сол қылығын мінез деп те айтуға болмайтындай. Қылық дегенде әшейінде көптен ерекшеліп кететін тентек, немесе бөтенше көзге түсетін қасиет емес, мұныкі әшейін бір балалық шақтан қалмай келе жатқан осалдық, көңілі қалған адамға таяу арада жіби қоймайтын өкпеге беріктігі бойына мін болып кеткен өзімшілдік сияқты бірдеңе. Әйтпесе жай былайғы кезде Нұрсағат көп ешкімде ісі жоқ, көбіне өз тірлігімен жүретін өмірдегі бейбіт адам. Жастық кезінде әскерде, шопыр оқуында, әскерден кейін кеңшар шопыры болып жүргенде бұл басқалар сияқты оқу бітіріп маман болуды, жақсы тұрмысқа жетіп жақсы адам болуды көксемеді деймісің. Көкседі ғой, бірақ оқуға түсуге шамасы жетпей қалды.

 

Жай шопыр боп жүрсе де таза киініп жүретіні, басқалар сияқты арақ ішіп, шылым шекпейтіні, сөзге еріп біреумен олай біреумен бұлай болмай сыпайы болып жас та болса үлкен кісіше өзін ұстауы кейбір құрбысына ұнаған жоқ. Бұл оның үлкенге еліктеп жүрген әуесқой әртістігі сияқты көрініп, Сәрсенбек сияқты тілі үшкір құрбылары оның «өзінше кісілігін» жиыла қалған жерде келемеж қылатын. Оны іші сезсе де Нұрсағат елемей жүре береді. Оның араласатын адамдары өзінен бірер жасы үлкен бажалары, көршілері, әйелінің туыстары, өзінің інілері сияқты туыс адамдар. Жаңағы өз қатарлары жиналып той жасаса Нұрсағат та барады, бірақ оның қашан келіп-кеткенін ешкім білмей, аңғармай қалады. Бұл келгенде қуанып қалғандар енді бір айналып қарағанда арасында Нұрсағаттың болмай қалатынын байқайды. Мұны қулықпен істегендей көріп тойдың, жиынның аяғына дейін болмағанын, басқалар сияқты көппен келіп, солармен бірге қайтпағанын сөз қылады.  

 

Олар өздері жиылып әңгіме айтқанда, басқаларды талқылап сөз еткенде Нұрсағаттың жаңағыдай артықшылығын әшейін бір тыраштық, қу есеп сияқты көріп өздерінше мұны қатарынан төмен адам сияқты санауға дайын тұрады. Бұл да өз құрбылары сияқты ауыл өміріне бейімделіп тіршілік кешіп кеткен қарапайым көптің бірі екенін ескере бермейді. Сол көптің бірі бола тұра оның өзгеге ұқсамай тұруы дұрыс емес сияқты көрінеді. Бірақ сонда да қарапайым көптен оны өзгешелеп тұратын кейбір әдеттерін біреу жақтырса, біреулер жақтырмайды. Нұрсағаттың ешкім мін таба алмайтын жері оның тұрмыста, қарым-қатынаста тазалығы. Жалпы жұрт ұстанған пікірлерді бұл да ұстанады, бірақ жұрт ұстанбайтын пікірді ұстанып кететіні де бар. Бар мәселе осында еді. Мұның зиянын өзі де көріп келеді. Тіпті кешегі бірге оқыған достары бұл туралы сөз бола қалса әліне қарамай өзінің міні басынан асып жатса да Нұрсағаттың кіді мінезін «өзінше болып жүреді» деп кекете сөз қылар еді. Сол кезде Нұрсағаттың басқаларға қарағанда құлқы таза ниеті, достыққа деген адалдығы сөз болмай біртүрлі мінездері артық жері емес, кемшілігі сияқты көрініп, өзгелер мұны мүсіркей еске алып отырар еді. Өз басы жайшылықта осындай әңгімеге арқау болып жүретін Нұрсағат әйелінен Сәрсенбектің қайтыс болғанын естігенде біртүрлі, бұрын ешқашан кешіп көрмеген өзіне де түсініксіз сезім кешті. Өкпе ме, өкініш пе, адам баласын қысқа өмірде өлімге қимай аяу ма, әлде өзін іштей көптен қысқан бір ызадан арылу ма, ол жағын өзі де жөндеп айыра алмады. Көп жылдан бергі Сәрсенбекке деп қара тас боп қатып қалған өкпесі осы сәтте жұмсарып өзгергендей тіпті аздап ұмытыла бастағандай болып еді.

 

Өзі көбіне оңаша жүріп өмірдің мәні туралы жиі ойлап кететін, енді мына өзгеріс оны тіпті бұрынғыдан да көбірек ойға жетеледі, түк істемей сенделіп үй ішінде жүрді де қойды. Сәрсенбек мұнымен кішкене бала кезден мектепте бірге оқып, бірге өскен құрдас есебіндегі жігіт еді. Бірақ бірге оқыған көп құрдастың бірі дегенің болмаса екеуінің арасы сол талай жыл ойнап бірге жүргенде жақын болып кетпепті, алшақтап суып та кетпей бірқалыпты болып жүре бергендей. Сәрсенбекті жұрт көпшіл, ойындағысын жасырмай айта салатын ақкөңіл мінезі үшін жақсы көретін. Оның үстіне айналасына көпті үйіре жүретін ептеген әншілігі, серілігі, жомарт еркелігі бар. Тату, жақын бірге жүрген құрбылар ішінде екеуі бірі тұрған жерде, бірі тұра алмайтындай құрдас болғанмен дұшпан есебіндегі адам еді.

 

Қасында жүрген құрбы түгілі өмірде танымайтын бөтенге де өзге ниет ойлап көрмеген өз басы осы Сәрсенбекті ешқашан ұнатып көрген емес. Ұнатпау былай тұрсын тіпті жек көретін. Онысын сырт көзге білдірмеуге тырысса да Сәрсенбектің істеген ісін, сөйлеген сөзін, қылған қылығын жақтырмайтыны сөзінен, көзқарасынан білініп қалып жүретін. Мұны оның өзі де сезіп, пәлендей мән бермеуге тырысып көрсе де, Нұрсағаттың кісілігіне деген кекесіні жиі дайын жүруші еді. Оны кез-келген секөндте қалжыңға, құрдастыққа сүйеп айтып та тастайды. Ал Нұрсағат оған сәл қызарақтап қалып, оның өкпесін қалпына келтіруге тырысып қалбақтайды. Қалжыңның орынды жерін айтып, тауып кеткен тұсын мақтап та қояды.

 

Сөйтсе де сол көңілді көрініп тұрған сәтте де кеудесінде ерекше бір өкпе жібімей тұтас қабырға сияқты болып тұра берер еді. Мұнысы және өзіне ұнайтын. Подумаешь айтты, айтты қалды. Бүгін айтты, ертең ұмыт болды. Оны кім еске алады. Тіпті біреулер мұны кеміту үшін соны жиі қайталап-ақ жүрсін, сонда одан Нұрсағаттың бірдеңесі кеміп қалып па еді. Тек әйелі ғана қатты қызарақтап, болған әңгімені жуып-шайып әуре болар еді. Осылай еді екеуі. Бірақ жап-жас жігітті өлімге қайткенде де қимады. Ұйқыдан көзі қызарып, күпәйкесін киіп далаға шықты. Таңертең ерте табынмен бірге өріске айдап жіберген сиырлар ертерек келіп алған екен, қораның ығында тұр. Құтыра соққан қарашаның суық желі қора төбесіне үйілген шөпті бейберекет ұшырып, кейде үйіріп әкеп ықтасынға тықпалайды. Шаңырақ мүйізді қара сиыр төбеден салбыраған көк шөпті мойнын созып жеп тұр. 

 

Айналада тірі жан жоқ. Ауыл қысқы ұзақ-сонар тіршілікке дайындалған момақан, тоқ сынайда. Нұрсағаттың ойынан Сәрсенбектің өлімі кетпеді. ’’Иманы жолдас болсын’’ деп бетін сипады. Үнсіз ішілген шайдан кейін Нұрсағат қора жөндеуге шыққан. ’’Ана үйге көңіл айтуға ұмытпа ’’, – деді Айша.                      

 

 – Барамыз, – деді Нұрсағат жақтырмай. Айша қайтып үндемеді.
                                                    

 

 

* * *

 

 

Содан бері де талай жыл өтіпті. Кешкі асты енді алдыға ала бергенде, екі бетін аяз сорған Айнабек даладан естіген жаңалықтарын айта кірді.

 

–Әскерден Сәрсенбек келіпті. Үйі той жасапты. Командир екен. Солдат киіммен жүр, етігі гормошка, – деп шешініп жүріп тыңдады-ау, тыңдамады-ау демей қызықтап сөйлей берді.
 

 

– Айнабек, тамақ іш, – деді қызарып кеткен Айша. Қолдары дірілдеп ұстаған ыдысын түсіріп ала жаздады. Түрулі қос білегін столға салып, сүйек мүжіп отырған қысықкөз жігіттің езуіндегі күлкі лезде жоғалды. Тесірейген кішкене көздерін қайтып алдынан көтермеді. Күжірейген мойнынан, қарыстай маңдайынан шыққан шып-шып терді орамалмен асықпай сүрткіштеді, алдындағы ыдысты кейін ысырып, шайға қарамай тұрып кетті. 
 

 

Қыста күн тез батады. Далаға шықсаң тізеден қар, үскірік аяз. Бір күні қас қарая Сәрсенбек Айшаны іздеп дәрігерлік пунктке келді. Қызу екен. Әскери киімді тастап, басына суыр құлақшын, үстіне жағалы тон киіпті. Ақсары жүзінде бақытты нұр бар. Ұзын, сида еді, тола бастапты, бала тәрізді белі майысқан Айшаны бауырына тартып, бетінен сүйді. Қолынан ұстап тұрып:   

 

–Естідім. Бәрін естідім. Бақытты болыңдар, – деп қимас тілегін айтты. Біреу-міреу байқап қала ма деп жаны шыққан Айша бойын жинап алды. Жинап алды да: – Баяғыша жүру қайда? Мені ендігі жерде көп қинама, Сәрсенбек, – деді шарасыз үнмен. 

 

–Саған деген көңілім қашан тынарын кім білсін, Айша. Еркімді алып, көзіме де көңіліме де бақыт боп енген өзің едің, емін тауып арада өткен екі жылда ұмытып кеттім деп айта алам ба. Онда менің сезімімде, сенің маған берген сертіңде не мән қалар еді. Іске аспады ғой сол серт не істермін. Сені басқа біреуге қимақ түгілі айтуға дәтім бармаушы еді. Амал не көз көрді ғой бәрін, – деп тоқтады.    
 

 

– Тас түйін боп бекін де, ұмыт мені, – деді Айша қатайып. –Ендігі жерде мені де, өзіңді де қинама. Нұрсағаттың мінезін білесің. Шырқымыз бұзыла ма деп сен келгелі зәрем жоқ. Ол да шет жағасын сезетін сияқты.   Кетерінде күле әзілдеп іштегі арпалысқан жан қиналысын сездірмеуге тырысқан Нұрсағаттың соңынан Айша ұзақ қарап тұрды.     Қар жамылған көше. Кешқұрым. Қырау басқан терезенің шеткері тұсынан көше бойлап әлдеқайда адымдап бара жатқан Сәрсенбектің сұлбасы бірте-бірте көзден ғайып боп қараңғылыққа сіңіп бара жатты.                 

 

 

*   *   *

 

 

Нұрсағат кешке дейін қора жөндеді. Таяп тұрған қыс болса мынау. Шөпқораның есігін ауыстырып, шығыршық қағып, топсасын бекітті. Шөп салатын оттықты биіктетіп қайта құрды. Қар кірмесін деп терезелерге әйнек  салды. Жалғыз істеді бәрін. Үлкен былғары сөмкенің іші толған сайман, бір жақ қалтасы ұзынды-қысқалы көп шеге.  Әйелі ыстық су дайындап, тамақ әзірлеп қойған екен, киім ауыстырып, тамақтанып Нұрсағат Сәрсенбектікіне қас қарая келді. Өзенге таяу орналасқан шатырлы үйдің ауласы күндіз қазаға көңіл айтып келіп жатқан ауыл адамдарына толып кеткен. Кеш бата кіріп-шығушылар сирей бастады. 
 

 

Таяққа сүйеніп, белдерін буып, күні бойы жоқтау айтқан ’’Ой бауырымдап’’ ат қойып келіп жатқан қалың елмен бірге болған Сәрсенбектің іні-ағалары бұл кезде қайғылы көңілдері шаршап, оңашадағы сабырлы жалғыздық күйге еніп еді. Іс қамымен кіріп-шығып, көмек қылған көрші-қолаң, ағайын-туған да кешкілік өз әрекетімен үйді-үйіне тарап, азғана уақыт үнсіз бір мұңды тыныштық орнады. Өліктің артын күзетуге Сәрсенбектің құрбы-достары, тетелес ағасы Зиябектің көңілдес жоралары жиылып, кешкі шай үстінде құрбысының әр кездегі қылықтарын еске алып отырысты. Ертеңінде Сәрсенбек жерленетін еді.
                                                     

 

 

* * * 
 

 

 

Түске таяу жаназаға ауыл адамдары жиылды. Қаладан келген денелі, сақалы беліне түскен қарасұр молда даусын созыңқырап, мұңды қоңыр мақаммен жаназа шығарып, құран оқыды. Соңғы сапарға мәйітті кілемге оралған күйі төрт-бес жігіт көтеріп машинаға салды. Бейітке қарай сап түзеген ілек-ілек көп машина, көліктер тізбегі жылжып ауылдан шықты. Жеңіл машина, автобус, трактор, мотоцикл аралас ұзын тізбек шұбатылып ауылдан алты-жеті шақырым жердегі, көбейіп қалашық бола бастаған қалың бейіт тұсына тоқтап, адамдар қазылған қабырға қарай жаяу шұбырды. Тағы да қалың жұрт жапатармағай тізе бүгіп құран оқылды. Екі адам белдеріне ақ байлап қабірге түсті. Аққа оралған мәйіт лақатқа енгізіліп, беті ақ кірпішпен күмбез етіп қалана бастады. Осы мезетте жер таянып әрең отырған ақ шашты әке «қарғам-ай, кеттің-ау, кеттің-ау» деп еңіреп жіберді.

 

Дәрменсіз қолдармен топырақ салғызып, қолтығынан демеушілер басу айтып, ақылға шақырған. Сәрсенбектің аға-інілері «қош-қош» айтып, көзінен үнсіз сорғалаған жасын тыя алмай жылап тұрды. Тас түйін қалың жұрт құмдауыт топыраққа күректі кіріш-кіріш батырып, кезекпен қабірді көме бастады. Селолық кеңес төрағасы мана қаралы жиынды өзі ашып, бір-екі адамды сөйлеткен. Бірі – Сәрсенбекке көршісі бақташы Беркін. Қалың жұрт біртіндеп тарай бастағанда бейіт басында Сәрсенбектің азғана туыстары мен дос-жарандары бір шоғыр боп іркіліп қалған.

 

– Достарының атынан ешқайсысымыз сөйлемегеніміз ұят болды, – деді Қасым жігіттерді оңашалап. Өзі сөйлеуден бас тартқаным қалай болды деп қиналумен жүрген Нұрсағат «Мен бас тартып едім» демеген. Мұнысы Сәрсенбекке жасаған опасыздық сияқтанып, іштей өзін-өзі табалаумен болды. «Сен осылайсың, өмір бойы осылайсың, түзелмейтін қисық адамсың. Сәрсенбек қисық емес, нағыз адам, баладай аңғал сол. Ал, өлгенше қатыгез, жібімейтін өзімшіл жан сенсің», –  деп жүрек түбінен бас көтерген ұят сезімі Нұрсағатты іштей жеп, аяусыз табалап жатты. Қорғасындай бұлт көшіп аласапыран болған күзгі аспаннан ақ жауын себеледі. Адамның өңменінен өткендей болып қарашаның суық желі соқты. Бейіт басындағы соңғы адамдарды тиеп ап, шағын қызыл автобус ауыл жаққа бет түзеді. Тағы бір адам жер қойнына еніп, төмпешікке айналып, артында ел-жұрт айтып жүретін аңыз, өліге ғана бұйырған жылы сөз қалды.                     
                                                         


Поделиться:      
Оставить комментарий: