Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов

Блоги

26.03.2019
10762

Шоко әлем

Шоко әлем

 

(Фэнтези)

 

Элия мен Райл табиғат аясында әкелерін іздеп жүріп, әжелері айтқан үңгірге тап болады. Қалай екені белгісіз, үңгірдің іші оларға таңғажайып әлемге жол ашады. Шоко әлеміне. Ең қызығы, бұл елде көп заттар және үйлер шоколадтан жасалған. Шоко әлемінің тұрғындары, шокилер тұздейімдіктермен бір-бірлеріне ежелден бері жау еді. Жан-жақтың бәрін тұздамақшы болған Тұздейімдіктер, үстемдік құру үшін шокилерден сиқырлы шоколад дәндерін ұрлап әкетеді. Онымен қоса Элия мен Райлдың әкелерін де ұстап алады. Екі жас батыр әкелерін құтқару үшін шокилерге көмектесуге тура келеді. Бірақ мақсаттарына жету үшін сиқырға толы елдерден өту керек. Бұл – өте қиын жол. Өйткені олар бір-бірлерінің дұшпаны болып кетуі де мүмкін...

 

 

 

КІРІСПЕ 

   

 

Шококент қаласының бір отбасысында бір жасар бала үйдің қабырғаларын кеміріп жатты. Өйткені үйдің қабырғалары шоколадтан жасалған еді. Бұл балақай шоколадты қатты жақсы көретін. Ол тіпті қасықтап жеуге кіріседі. Бір кезде қабырға ішке қарай қисая түседі. Қабырғаның құлауына сәл-ақ қалған еді, сол кезде әкесі баласын уақытында тоқтатып, құтқарып алады. Балақайдың бет-аузына шоколад жағылып, түрі көрінетін емес. Бадырайған көздерімен жан-жағына бір қарады. Бұл кішкентай Шококент тұрғыны әлі де аузындағы шоколадын бітірген жоқ. Ол көзін жұмып тұрып, шоколадтың дәмін бар жан-тәнімен сезінді. Сол тәтті сәтте үйдің бір жағы құлап түседі. Бұл тәтті үй қаланың қақ ортасында орналасқан еді. Мына ғажайып қаладағы үйлер аспанда самғап бара жатқан құстардай тізіліп, ерекше әдемілік беріп тұрды. Алайда, орталықтағы бір үйдің бұзылуы моншақтағы бір маржан тастың үзіліп кеткеніндей болды. Енді әкесіне басқа үй іздеуге тура келеді. Ешкімнің жағдайын сұрай бермейтін қыс та таяп қалды. 

  

Осы сәтте, көрші үйде әкелері ішке кіріп келіп, балаларына бар даусымен:

 

– Қазір таяқ жейсіңдер! Келіңдер!  – деп айғай салды.

 

Кішкентай қараторы балақайлар болса жүгіріп келіп:

 

– Алақай! Алақай! – деп мәз боп секіріп жатты. Қуаныштарында шек жоқ. Өйткені әкелері әкелген таяқтар ерекше жасыл шоколадтан жасалған еді. Балалар еш күтпестен таяқ жеуге кіріседі. Әкелері болса:

 

– Мә, саған! Мә, саған! Мынау саған! – деп таяқтарды тәтті балақайларына таратып жатты.

   

Шококентте үйлердің бұзылып, құлауы сирек кездесетін жайт емес. Кішкентай балақайларды шоколад жеуден бас тартқызу мүмкін емес. Сондықтан, кішкентай балаларды жалғыз қалдыру өте қауіпті. Ал көрші балақайлардың қуанышында шек жоқ. Өйткені, олар біраз уақыттан кейін қирап жатқан үйді жейтін болады, себебі бұл елде балалар – нағыз «үй жегіштер». Осы себепті үйге қонақ шақыру қауіпті. Қонақтар балаларымен келсе, байқап отыру керек. Әйтпесе, тәтті басталған отырыс ащы қайғымен аяқталуы мүмкін. Шоколадтың тартымдылық күшіне ештеңе төтеп бере алмайды. Ол сондай тәтті, сондай сиқырлы. 

   

Бұл керемет Шококент қаласы Тәтті тауының етегінде, Бал көлінің жағасында орналасқан. Бұл қаланың ерекшелігі ғимараттар мен тұрмыстық заттардың шоколадтан жасалуында еді. Сондықтан ба, тұрғындары тәп-тәтті сөйлейді екен. Сөздері тәтті болғандықтан, әрине, көңілдері де шаттыққа толы болатын. Сонымен қоса, шококенттіктер тәтті түс көріп, тәтті ұйқыға бөленетін. Тәтті өмір деп осыны айт! Өйткені, шоколад адамдардың көңіл-күйін барынша көтеретін. Балалар қалағандарынша шоколад жей алатын. Нағыз бала бақыты деген – осы. Бүлдіршіндер үйдің шоколадты қабырғаларын кеміргендіктен, ата-аналарына жыл сайын үйлерін жөндеуге тура келеді. Шоколадтың бір ерекшелігі қыста суық өткізбейді, ал жазда ерімейді. Бұл қасиет сиқырлы шоколад дәндерінен келетін.  

   

Шококент тұрғындары өздерін «шокилер» деп атайтын. Кейбір шокилердің түстері қараторы болып келеді. Олар осы түспен мақтанып, «біз нағыз шокиміз» дейді. Шокилер туған балаларына ат қойғанда «шоко» сөзін жалғап қоятын. Айшоко, Нұршоко, Жашоко және Байшоко деген есімдер жиі кездеседі. Оған қоса, Шоқан, Шоқай, Шокобай және Шокоару, Шоконұр, Тәттімбек деген аттар да өте көп қойылатын. Осы жылы Шокоару есімі өте көп қойылып жүр. Не деген тәтті есімдер?!

   

Бұл тәтті елде шоколадтың түр-түрі болады: қоңыр, қара, ақ, қызыл, жасыл, көк, сары, тіпті алтын шоколад та болады. Мысалы, қаладағы ғимараттар, көбінесе қоңыр немесе ақ шоколад кірпіштерінен жасалатын. Кейбір бұйымдар сағыздан да жасалатын. Шоколад шығаратын кірпіш зауыты энергиясын сиқырлы шоколад дәндерінен алады. Бұл сиқырлы шоколад дәндерін періштелер ежелгі заманда аспаннан түсірген деседі. Шоколад мамандары бұл сиқырлы дәндердің сырын ешкімге ашпайды. Өйткені, дәндердегі тылсым энергияны теріс мақсатта қолданғысы келетіндер де бар еді. 

     

Бұл шоколад әлемінде басқа тәттілер де болатын. Ағаштар халуадан болса, тастар кәмпиттен еді. Ал бұлттар тәтті мақтадан болатын. Тәтті мақта жегісі келген шоки таудың басына шығып, тойғанша тәтті мақта жейтін. Сондықтан тәтті мақта өте бағалы тағам боп есептеледі. Кез келген шоки тәтті мақта жедім деп мақтана алмайды. Тәтті мақтаны жейтін қыздарды «мақта қыз» деп атайтын. Олар жыл сайын таудың басына шығып, тәтті мақта жеп, оны басқа тұрғындарға да алып келетін, төменге түскенге дейін жемей шыдай алса, әрине. Басқаша айтқанда, тәтті мақта – үлкен мақтаныш. 

     

Жаңбыр жауғанда бұлттан шырын жауатын. Әр уақытта әрқалай. Алма шырыны, кейде өрік, кейде апельсин шырыны жауады. Балақайлар ауыздарын ашып, дәм татады. Ал қыс мезгілінде жапалақтап балмұздақ жауатын. Осылайша, балмұздақ төмпешіктері пайда болады. Оның да түрлі түстісі болады. Шоколадтан жасалған балмұздақ немесе жеміс балмұздағы да жауып қалады. Балалар қалағандарынша шана тебетін. Сөйтіп, шокенттіктер тату-тәтті өмір сүріп жатқанда, күтпеген оқыс оқиға болады. Шоколад мамандарынан сиқырлы дәндерді біреу ұрлап әкетеді.


Поделиться:      
Дастан
10.11.2021 09:34
Дым қызық емес еще емтихан барма десей
Оставить комментарий: