Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ИСКУССТВО
Түркияда да Келес ауданы бар

Блоги

07.10.2019
5480

Түркияда да Келес ауданы бар

 

Тарихта нелер болып жатпайды дейсіз. Жаугершілік аласапыран замандарда талай қазақ ауылдарының алыс өлкелерге жер ауып кеткені белгілі. Солардың қазіргі ұрпақтары Еуропа елдерінде, Орталық Азия, Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінде, Сібірде, тіпті Жапонияның бір аралында да өмір сүріп жатыр. Алайда олардың көпшілігі жергілікті ұлттарға сіңіп кеткен. Дегенмен кейбір елдердегі түбі қазақ ұлыстар бүгінде өздерінің атажұртын таба бастады.

 

Қаңлы тайпасының қазіргі Келес өңірінде мекендеген шағын ауылдарының бірі аумалы-төкпелі қиын сәтте елден көз жазып қалып, жол-жөнекей соғыса жүріп, айлап-жылдап  ығыса-ығыса қазіргі Түркия елі тұрған аумаққа жетіп тұрақтаған екен. Содан бері жеті ғасыр өтсе де олар өздерінің ата-бабалары Сыр бойындағы Келес деген жерден шыққанын жадында сақтап келеді. Бабаларының «Біздің атажұртымыз қазақтардың Келес деген жері. Естеріңді жиып, ел болғанда сол жерді табыңдар, халқымен бауыр болыңдар» деген өсиеті ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, осы күнге дейін жеткен.

 

Ата-баба өсиетінде айтылғанындай-ақ мұндағы Келес жұртын Түркиядағы бауырлардың өздері тапты. Олардың өкілдерінің бірі әйгілі оқымысты Намық Кемал Зейбек екен. Ол кісі Түркістанға келіп жүргенінде Келес ауданына назар аударып, бұл өзінің тарихи отаны екенін түсінген. Содан кейін Түркиядан Келес өңірінің орталығы Абай ауылының әкімдігіне қонаққа шақыру қағазы келген. Бұл жақтан Түркияға Абай ауылының әкімі Қожабай Қанаев, мәдениет қызметкері, әнші Жақыпбек Ибрагимов және «Дәулет» ЖШС-ның басшысы Лескүл Усманова аттанды. Барып келгеннен кейін солардың арасындағы Жақыпбек Ибрагимовпен сұхбаттасқанымызда ол кісі былай деп әңгімеледі:

 

– Олар біздің бару-келу әуе билеттерімізді алдын-ала алып, ол жақта жүретін-тұратын, жататын жерлеріміз бен тамағымызға дейінгі шығынымызды күнібұрын қарастырып қойған екен. Алматыдан ұшып шығып, Стамбулға бір тоқтап, ары қарай Анкараға барып қондық. Бізді Шәміл деген жігіт құшақ жая қарсы алды. Ол жол бастап, алдымен жарқыраған әсем қонақүйге жайғастырды. Сол жерге Қазақ-Түрік университетінің жергілікті ғимаратында қызмет атқаратын Гүлмира есімді қазақ келіншек келіп, бізге жағдай жасады, кафеден тамақтандырды. Гүлмира университеттің бухг алтериясынан қалта шығынымызға деп әрқайсымызға 270 доллардан ақша берді. Қонақүйде тынығып алған соң бізді су жаңа «Фольксваген Джетта» көлігімен түнгі салқынмен өздерінің ауданына жеткізді. Айнала әсем ғимараттарға толы, табиғаты тамылжып тұр, жолдары тақтайдай түзу.

 

Осыдан жеті жүз жыл бұрын жол соғып, арып-ашып жеткен аз үйлі қаңлы ауылы бүгінде көбейіп, бір ауданның халқына айналыпты. Жергілікті тұрғындардың сұранысымен сол жерге 1953 жылы Түркия үкіметі Келес ауданы деген есім берген. Содан бері Келес ауданы маңызды әкімшілік-территориялық ауыл шаруашылығы аумағы ретінде өмір сүріп келеді. Бұл аумақ Мәрмар теңізіне иек артып жатқан Бурса облысына қарайды. Түркиядағы Келес ауданының тұрған жері орман-тоғайлы, таулы жер. Ал халқы ешкі жүнін дүниежүзіне экспорттаумен айналысады. Сондай-ақ онда мал өсіріп, ет-сүт өнімдерін өндіру мен жеміс-жидек шаруашылығы дамыған.

 

Бізді Келес ауданының әкімі Мұстафа Бекташтың үйіне түсірді. Тау бөктерінде әкімнің іші-сыртына қарасаң көз тоймайтын үш қабатты ғажап үйі бар екен. Сол үйде қонақ етіп күтті. Ауданның бұрынғы әкімдері де келді, емен-жарқын, әңгімешіл жандар екен. Өздері сағынысып қалған бауырлардай бізді қапсыра құшақтап, жіберер емес. Түн ауа Қазақ-Түрік университетінің Келестегі жатақханасына барып демалдық. Оның бөлмелерін «люкс» десе болады, біздің елдегі мен деген қонақүйлердің өзі мұның қасында жіп есе алмай қалатындай-ақ. Ертеңіне бізге Келестің елін аралатты. Оған тауға шығып қарағанда тұтас көрінеді екен. Әдемі, ғажап жердің табиғаты мен елдімекендердің сұлу көркіне тәнті болдық.

 

Келес ауданының орталығынан төрт шақырымдай жерде үлкен көкорай жазық бар екен. Сол жерге сахна қойып, ел отыратын жай жасапты. Сөйтсек бізді Келес ауданының құрылған күніне орайластырып шақырған екен. 1-шілде – Келес ауданының құрылған күні олардың басты мерекесі. Сол күні көкорай жазықта бізді 15 мыңдай адам тік тұрып, зор қошеметпен қарсы алды.

 

Той үстінде біздер сөз сөйледік. Мен Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскей» әнін шырқап бергенімде отырған жұрт тебіреніп кетті. Әннің оларға қатты әсер еткені соншалық, біразға дейін өздеріне келе алмай, түрегеп кеткен бойы ұзақ қол соғып барып әрең басылды. Әрине, бұл ән таспаға жазылып алынды. Оны келестік бауырлар армансыз тыңдап жүрген шығар. Тойда «Сыған серенадасын» да айтып бердім. Оған да халық бір шулап қалды.

 

Намық Кемал Зейбек те тойдың ішінде болды. Ол кісі шағын ауылдың жеті жүз жыл бұрынғы  тарихына тоқтала келе Қазақстан жайлы әңгімеледі. «Атажұртымыз Қазақстан кеңбайтақ ел. Оның жеріне бес Франция, немесе үш Түркия сыйып кетеді. Өздерінде Шымкент деген облыс бар. Бізге жеткен қонақтар сол облыстан», – деді ол кісі.

 

Біз аудан әкімі Мұстафа Бекташпен Бурса қаласында қоштастық.  Оны өз ауданымыз – Келес өңіріне Наурыз мейрамын бірге тойлауға шақырдық.  Ары  қарай бізді арнайы дайындалған адамдар теңіз арқылы Стамбулға жеткізді.

 

Олардың келгені біз үшін үлкен мереке болды. Наурызды бірге тойлап, мейман еттік. Түркиядан келген қонақтар – сол ел парламентінің депутаты, келестік Фарух Ғаппарчоглы, Келес ауданының әкімі Мұстафа Бекташ, оның жұбайы Гүлай Бекташ, ауданның бұрынғы әкімі Ибрайым Түркімен, әнші-сазгер Чангиз Бүтін, Түркиялық бауырлар өздерімен бірге Мәрия есімді канадалық қазақ келіншекті ертіп келіпті.Ол Канададағы медициналық орталықтардың бірін басқарады екен.

 

...Ол жақтағы Келес пен бұл жақтағы Келестің арасында осындай бауырмалдық қатынастың басталғанына оншақты жыл болды. Екі жақта да  ағайын болып барыс-келісті жалғастыру және іскерлік қарым-қатынас орнату ниеті бар.


Поделиться:      
Оставить комментарий: