Блоги
Ұлттық идеяның бүгінгі бейнесі
«Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін
қам ойлайтын кез келген жоқ па?!»
Әлихан Бөкейханұлы
Өткен ғасырдың ең маңызды екі оқиғасы бар. Біреуі Қызыл жылан тісіне түсірген қандықол1917, екіншісі теңдессізқуанышты кеудемізге толтырған 1991. Біріншісінен біздің ұрпақты 96 жыл, ал екіншісінен бар болғаны 22 жыл бөліп тұр. Өскелең ұрпақ үшін 1991-ші жылдың 16-шы желтоқсаны бұқпасы басым бұлыңғыр бейне іспеттес. Ал егде қарттар үшін бұл бір қас-қағым сәт сықылдығана көрінеді. Сонда, біздер егемендікке аяқ басқалы қандай ұлттық идеямызды айтарлықтай жүзеге асыра алдық?
Ұлттық идея. Асқақрух, өрліктің лебі ескен салиқалы сөз. Тіптен, естір құлаққа еріксіз жылы тиеді. Дегенмен, әр ұлт үшін, әр дәуір үшін ол өзгешерек. Мәселен, он жетінші ғасырдың Франциясы үшін ұлттық идея жаппай еркіндік деген ұран. Бірақ ол не алып келді? Қазір олардың жиырма бірінші ғасырдағы шөбере ұрпақтарыменне болды? Дінді жойды, арсыздық пен күнәхарлық олардың түсінігтері бойынша енді Дін болды, ата салтын жойды, енді шарап пен әтір олар үшін дәстүр болды. Ондай болашаққа балта шабатұғын ұлттық идея бізге қажет пе? Он сегізінші ғасырдағы АҚШ-ты алайық, олар, әрине, қазір алдыңғы шептегі аса ірі алпауыт ел. Әйтеуір, біркелкі тегі жоқ болса да, жеме-жемге келгенде, Вашингтон көкелерімен бірге ұлт болуға келісті-ау! Әрі ұлттық идеясы демократия еді. Енді не болды? Ақшаға тәңіріндей табынған агрессивті де сайқал саясат, өртке оранған Таяу Шығыс... Бұндай ұлттық идея кімдерге үлгі болмақ?!
Жағымды мысалдар да баршылық. Ресей. Жиырма жыл бұрын оларда «Америкаға құл болатын болдық, Иван!» деген ащы зар естіліп жатты. Бүгін кезкелген орысқа солай деп көр, албасты басқандай ақырар ... Неліктен? Әрине, бәрі де жоғарыдан, керек десеңіз көктен бұйырған аталмыш идея. Бұл алып елді тәртіпте және азды-көпті екпінде ұстап тұру үшін керек фактор. Оған біздің айтарға уәжіміз жоқ.
Енді, Қазақ еліне келейік. Киелі топырақта туған даладай дархан, кең көңілді қайран қазақ басынан талай-талай зұлматты күндерді кешкені бесенеден белгілі. Тіптен, біз бірнеше рет ұлт ретінде Жер картасынан жоқ болып кете жаздадық... Ал ондай тағдыр тәлкегінен аман қалған елдер қатары саусақпен санарлықтай. Біздің бүгінгі аспан түстес байрағымыз көкте құс патшасы қырандай қалықтауда. Елтаңбамыз, Әнұранымыз, Заңымыз да баршылық. Шүкір... Ал ұлттық идеямыз қандай?
Он жетінші ғасырдың соңынан 1991 жылға дейін «азаттық таңын бір көру», 1997 жылы «аман-есен 2030-шыжылға жету (!?)», ал енді 2012-де«алдыңғы қатарлы дамыған елдердің бірегейі болып 2050-ге жету». Анығырақ айтқанда, кейінгі екеулері көбінесе БАҒДАРЛАМАЛАР. Ал ұлттық идея болса... Қандай? Бірлік дейміз, сыйластық... яки толеранттылық дейміз, тұрақтылық дейміз, тыныштық дейміз. Бәрі дұрыс-ақ, қарсы келер жерім жоқ! Тек көкейді тескен бір сұрақ: «Бізді ұлт ретінде НЕ біріктіреді, НЕ ерекшелейді?!» Осы сауал күні бүгінге дейін барша қазақ зиялы қауымын, жалпы көзі ашық, көкірегі ояу барша жұртты елеңдетіп келеді. Жалғыз түйір жауап, тобықтай түйін қандай?
Тарихқа жүгініп көрелік. 16 желтоқсан 1991-ші жылға дейін «ұлы азаттық» үшін қаншама ұлт зиялылары,қара халықпенкеңескен кемеңгер хандар, қылышынан қан тамған дүбірлі шақта Сахара төсінде дербес мемлекет құруға бел байлап, жан ұшыра шырылдап жүріп, азаттыққа шақырған алаш қайраткерлері, қасиетті қазағына қаламымен қамқор болған көптеген қарымды қаламгерлер құрбан болып кетті!? Айталық, Кенесары Қасымұлы, Әлихан Бөкейханұлы. Егер біріншісі найзаның күшімен «Азаттық бер!» деп дөңгеленген орыс шенеунігіне шіміркенбей сес көрсетсе, екіншісі «Келісіп алайық!» деп дипломатиялық ұсынысты қызыл көсем Ленинге жіберіпті. Біріншісінің жақтастарымен бірге жазғаны ХАТ, жоғалтқаны басы. Екіншісінің «Алаш орда» партиясымен жазғаны БАҒДАРЛАМА, жоғалтқаны тай-тұяғымен қоса, бүкіл үрім-бұтағы. Идея бір – жалғыз ғанаасыл сөз «азаттық». Бұл кеше.
Бүгін біз, тәубе, жиырма екі жыл бойы Тәуелсіздік дәуірінде өмір сүреміз, гүлденіп, өсіп, өркендейміз, келешек көкжиегіне үкілеген үмітпен көз жібереміз... Яки, кешегінің ақ арманы, асқақ идеясы орындалды. Ол жақсы, ал бүгінгінің арманы, идеясы НЕ? Біз тарих беттерінде келешекте қандай ҰСЫНЫСПЕН қалмақпыз!?
Менің ойымша, «Жахандану және дағдарыс тұманынан» аман-есен шығу үшін, біздерге алдымен, қазақты өз-өзіне, кейін екінші бір қазаққа сыйлату идеясын жүзеге асыру керек. Баршақазақ халқы аталмыш арманды жөн көреріне кәміл сенімдімін. Әсіресе, жастар жағына бұл БОЙТҰМАР сындыболар еді.
Енді, қысқаша себебін түсіндірейін. Шығыстан: түркілену, қытайлану, кәрістену қауіптері орын алса, Батыстан батыстану, жахандану, ұлтсыздану кеселдері күтіп отырса, ал біздерден болса, ӨЗ-ӨЗІМІЗДІ жоғалту қауіпі Дамокл семсері іспеттес төніп тұр. Соның бәрінен азды-көпті қорғанысты сезу үшін қазақы «өз-өзімді сыйлаймын және сыйлата аламын»деген ұлттық идея керек. Яғни, санаға және жүрекке ұлттық еркіндік беру. Бірақ, ол радикалды ұлтшылдық пен экстремисттік неофашизмге ұласып кетпеуі керек! Ол соғыс пен террорды алып келер. Мұндайдың біздің қазаққа қажеті шамалы.
Уақыт барда, барша жастардың көкейлеріне Осы Идеяны және Алаш арыстарының асыл мұрасын қондырып, саналарына ұтқыр жолмен жеткізіп, барынша жан-жақты, тереңнен түсіндіріп, тұла бойына төл дәстүрдей сіңдіруіміз керек. Олар кезінде адам қиялы аяқ баспас аса ауыр, аса азапты апат, қанды қасірет әкелген Коммунисттердің жауыз сатқындары жайынан да бейхабар қалмауы керек. Соны көкейлеріне ұғындыратын орталықтандырылған және ресми бекітілген оқулықтар, арнайы отандық Бұқаралық Ақпарат Құралдары, ұлттық Интернет сайттары ауадай қажет-ақ. Алаш боздақтарының мақсат-мұраттары бүгін толыққанды орындалды... Бұл тақырып жабық.
Келесі, 1995 ші жылы Ата Заңымызды алғалы мемлекетіміз кеңінен тыныс ала бастағаны рас. Біраз тәртіпке келгенімізде рас. Капитализмнің орныққаны да рас. Десекте, өткір экономикалық және әлеуметтік проблемалардың тек бірең-сараңы ғана болмаса... Жә, мәселе онда емес! Мәселе болашақты ұйымдастыруда және оған дайын болуда. Әрине, қазір бұрынғы қартайған «коммунисттер», өз-өзін таппаған «жаңа демократтар», көз бояушылығы басым «капиталисттер» және әзірше кредиттерін толық төлеп болмаған бұқара үшін «ұлттық идея» ұғымы соншалықты қызықты бола қоймасы белгілі. Бұл түсінікті әрі заңды құбылыс, қалыптасқан жағдаят. Ал ертеңгі буын міндетті түрде біздің оныншы жылдарымызға көз тастар. Сонда бізден қалған сан жетпес ақпараттан олар қандай АСЫЛ ОЙДЫ сүзіп алмақ!? Ия, сөзсіз, Нұрсұлтан Назарбаевтың өнеге-өсиеті табылар, көрінер, сақталар. Ал одан басқа тағы бір тілек ұшқыны болса... Бір ниет...
Ол ниет «өз-өзін сыйлау және сыйлату». Бұл, керек десеңіз, саяси ұғымнан гөрі психологиялық түсінікке көбірек келеді. Ересектер буынының РУХЫ аздап қажыды, ортаңғы буынның ішкі сезімі екіұдай болып тұр. Ал жастар болса, (кеңінен алсақ) көбінесе эгоисттік және БӨГДЕ пиғылға жақын екені құпия емес. Сол БӨГДЕЛІКТІ (керек десеңіз, МӘҢГҮРТТІКТІ) сейілту мақсатында мен ұсынғандай идеялар керек.
Жалпы, біртұтас халық тұрмақ, адам атаулының өзі ЖОСПАРСЫЗ және МАҚСАТСЫЗ күн көре алмасы анық. Тіптен, тоқ болса да, тоқмейіл болса да, жарқырап жүрсе де... өз-өзін ертелі-кеш жоғалту ықтималдығы жоғары болмақ. Бұл, қажет десеңіз, психология ғылымында дәлелденген факт.
Француздың ұлы ойшылы Жан Жак Руссо айтқандай, «Тәрбиедегі ең үлкен олқылық ол тым асығыс жасалған іс». Біз, қазір, көбінесе ҰРАН үшін, тіпті кейбіреулері СӘН үшін, басқалары жай САЛТ үшін «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Әуезовтыңқасиетті сөзін мың мәрте қайталаймыз. Ол жөн, тек іс жүзінде нақты «Қазақ болсын, басқа болсын, ол ең алдымен өз-өзін құрметтеп, сонан соң, өзгені сыйлауы қажет» деген ұстанымды, ұлттық идеяны кеңінен ПАЙДАЛАНУЫМЫЗ керек. Ол мақсатқа айналса жақсы, ол арманға айналса тіптен тамаша... Ал ІСКЕ асса... мінекей, сонда ғана, біз болашақтың мұражайында қалған сандық фотосуреттерден қысылмай келешек ұрпақ көзіне тіке, ныққарай алмақпыз!
Қазақ Ұлттық Өнер Университеті
“КиноТелеДраматургия” мамандығының
3-курс студенті Риза Ысқақ