Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов

Блоги

23.01.2020
5999

Үш тоты құс

 

Шырт ұйқыда жатыр едім, сазды өлеңнің әуенінен оянып кеттім:

 

Ауылым қонған Сырымбет саласына-а-а..,

Болдым ғашық ақ сұңқар баласына-а-а...

 

Төменгі нотадан басталып жоғары нотаға дейін көтеріліп барып дауысы жайлап төмендеген әншінің әуезді үні көңілімді жадыратып, қой оданда радионың жанында барып тыңдайын деп ауызғы бөлмеге шықсам, жоқ, жоқ, Анам екен ән айтып жүрген. Анам мені көріп:

 

- Тұрдың ба, құлыным, мектепке барасың ғой, қазір шай демдеп жіберейін, - деп әпсетте дастарханды жасап, дәмге отырдық.

 

- Сіздің орындауыңыздағы әннің сазы ұнады. Бұл қай сазгердің әні? - деп сұрап едім.

 

- Бұл Ақан серінің «Сырымбет» әні. Өзім Сырымбет өңірінің қызы болған соң, осы әнді айтып анам мен әкемді, бауырларымды еске алатыным бар, - деді. Анам менің ақынның өміріне деген қызығушылығымды байқап, сөзін ары қарай жалғады:

 

- Сырымбет өңірінде Ақан сері деген әнші өткен. Атам Ақан серінің замандасы, ол туралы қызықты естеліктер айтып отыратын. Атамның айтуы бойынша Сырымбет өңірінде аты ауыздан түспейтін үш ару болған екен. Шөбектің немересі Ұрқия, аға сұлтан Шыңғыстың немере карындасы, Жүсіп төренің қызы – Жамал, Ұрқияның сіңлісі Үрия. Сұлулыққа қырағы Ақан үш сұлуды киядан көреді де, қанатын қағады. Қыран жүрек үш аруға да шеңгел салғысы келеді. Ақан махаббатты толғай бастайды. Үш аруға «Үш тоты» деп ат қойып, өлең шығарады:

 

Мен бүгін ұйқтап жатып көрдім бір түс,

Көргенім Иран бақта үш тоты құс...

Тағы да ұйықтап жатып көрдім бір түс,

Шығыпты бір ауылдан үш тоты құс, - деген Ақан үш арудың біреуіне көңілі ауа бастайды. Ұрқияға үйленгеннен кейін, ол көп ұзамай ауыр кеселден көз жұмады. Көңілі шерменде Ақан Жамал сұлуды көріп ғашық болады. Үзілген үміт жалғанғандай болады. Мүмкін, Ақан жас Жамалдан Ұрқиясын көрген де болар.

 

Бірақ Ақанды осындай сұлу жанның өзіне тең келмейтін адамына атастырылуы жанын жаралайды. Жамалды қимаған Ақан сері оның ұзатылған кезіндегі өзінің мұң-шерін әйгілі Сырымбет әніне тиек етеді:

 

Аулым қонған Сырымбет саласына,

Болдым ғашық ақсұңқар баласына.

Бидайыққа лайық қарағым-ай,

Бөктеріге қор болып барасың ба?

Аулың қонған Сырымбет саласына,

Ғашық болдым ақсұңқар баласына.

Дариға, қайрылмадың, қалқа бала,

Жүректің енді ем жоқ қой жарасына...

Қарындас-ау, енді есен бол... - деген жолдардың өзінен ақын жаны қанша қиналса да, азаматтық ағалық көңілмен сүйген адамына аман-саулық тілейді. Ақанның Жамалға деген ынтық жүрегінің соңғы соғылуы осы Сырымбет әні – Ақан шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туындысы Ақан жырларының ең соңғы сұлу жыры деуге болады.

 

Әннің мұңды үнінен Жамалға деген сағыныш үнін, өтіп бара жатқан өміріне деген өкініш үнін сезесің. Лүпілдеген жүректің сырын ұғасың... Ақан сері барлық мұңын, барлық зарын сол «Сырымбетке» жинағандай, - деп анам күрсініп қойды да, - Ал, Үрия ханым ауылымыздың Хамза деген азаматына тұрмысқа шықты. Хамза ағамыз революцияға дейін Ресейдің жоғағы оқу орнында оқыған білімді азамат. 1929 жылы сергелдеңге түскен ауыл адамдарын ұйымдастырып «Ұжымшар» ашып, ауылдың ілгері шаруашылық болуына үлес қосқан жан. Осы Ұжымдық шаруашылықтың арқасында ауыл адамдары аштықтың зардабын тартса да, өткерді.  Үрия апамыз да Хамзамен қатарласа жүріп барлық таршылықты да, қиыншылықта да бірге көтеріп жұбайына серік бола білді.

Ауыл ақсақалдары Хамзаның Ақан серімен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтып отыратын. Мен Үрия апайды егде тартқан шағында көрдім. Сыны кетсе де сыры кетпеген жанның, оттай жанған қарақат көзін, аққұба өңін көріп, Ақан серідей бекзат адамның перизат қызға ғашық болғанына шүбәсіз сендім...  

Үрия апай 1952 жылы қайтыс болды. Хамза ағай мен Үрім апайдың сүйегі ауыл қорымына қойылған. Ақан сері іңкәр болып, жырына қосқан Үрия арудың мәңгілік мекені біздің ауыл болды, - деген еді Анам.

Белгілі журналист – жазушы Жұмабай Есекеев:

 

- Ақан сері жырлаған «Үш тотының» бірі Үрия апаны «Қаратал» мектебінде оқып жүргенде жиі көретінмін, - деген еді.

 

P/s. Анам орындаған «Сырымбет» пен «Үш тоты» әнінің әуені әлі құлағымда! Өз басым Анам Гүлбаһром сияқты «Сырымбет» әнін нақышына келтіріп орындаған әншіні көрмеппін!


Поделиться:      
Оставить комментарий: