Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ЭССЕ
Жазушы Ғабиден Құлахметов

Блоги

21.05.2019
6667

Жазушы Ғабиден Құлахметов

Жазушы Ғабиден Құлахметов

 

1993 жылдар. Жастардың әйгілі Жалын журналында бөлім редакторы болып істейтін кезім. Жастар бұл кезде жазуды сиреткен. Әр нөмір сайын жас ақын-жазушыларды бермесек болмайды деп жақсы шығармаларды іздеп отыруға тура келеді. Журналдың әр санын толтыруға көрнекті шығармалар жетісе бермейді. Жақсы дүниелердің болмауынан кейде ортаң қол дүниелер, жас шамасы ересек қаламгерлердің де жастарға қатысты жазғаны да басылып жатады. Жастар арасынан жақсы туынды, жақсы автор шыға ма деп Одақ жақты жағалаймыз. Бір күні Жұлдыз журналы бас редакторының орынбасары, жазушы Тұрысбек Сәукетаев: 

           

 – Келіс, сен жақсы проза керек деп едің ғой. Бізде бір повесть бар, соны беріңдер, – деді. – Түрлі себеппен жатып қалды.
       

Кімдікі екенін сұрап едім, авторы Ғабиден Құлахметов екен.
       

– Ол ақын еді ғой, проза жазатын болған ба? –деп едім Тұрсекең «ақын мықты проза жазбайды деп кім айтты. Іздегенің сол ма?» – деп кәдімгідей ренжіді.
      

– Оқып көрейік, – деп дүдамал болып едім.
       

– Көретін түгі жоқ. Нөмірге салғыз қолыңнан келсе, – деді. Әлгі қолжазба мәшіңкеге басылған екен, көтеріп жұмысқа әкеп оқи бастадым. Тұрсекең айтқандай шығарма басшыларға да ұнап, нөмірге кетті. Ердің сыны деген тамаша повесть еді. Мәшіңкеге басылғандағы көлемі 60 беттей.
       

Сонымен ол оқиға ұмытыла бере бір күні жұмыс аяғына қарай Ғабиден кабинетке екпіндей кіріп келіп:

– Ой, Келіс бауырым қал қалай, – деп ештеңе айтқызбастан қолымды алып, құшақтап ризашылығын айтып жатты. Кейін білсем бұл шығарма жолы болмай әр жерге ұсынылып шығар жерін таппай жүрсе керек. Бізге келіп бағы жанған шығарма Ғабең екеуміздің аға мен інідей болып кетуімізге себеп болды.
       

Ғабиден кең қолтық, әңгімешіл, талантты ақын еді. Аягөз өңіріндегі Шолпан ауылының тумасы. Менің нағашыларымның туған ауылы. Ғабең кеңестік кезде өсті дейтін емес, өткен-кеткенді көп білетін ақжарқын азамат еді. Оның мінез-құлқы кеңестік оқу орнын бітіріп, бірізді ойлап, партиялық қасаң жүйенің қызметшісі болудан аспайтын тар шеңбердегі «коммунизм адамынан» бөлек еді. Оның қазақи дүниетанымы, еркін көзқарасы, білімі өз ортасынан әлдеқайда озып тұратын. Мектепте оқып жүргенде, студент шағында аудандық, қала берді орталық басылымдарға еркін жарияланып жүрді. Студент кезінен танымал болды. Біраз уақыт Мәскеуде де білім алды. Жастығына қарамастан танымал адамдар атқаруға шамасы жете бермейтін Жазушылар Одағының хатшысы қызметін атқарды. Жанында ылғи жастар көп жүретін.

 

Ғабиден ел өмірінен өткенді көп білетін. Қай ауылда шежіре қариялар болса соларды жағалап, өзіне керекті нәрселерді жазып алып жүреді. Оның кітаптары шыққан бойда тез таралып кететін. Бірнеше кітабы шықса да соның бірде-бірі сарғайып кітап сөресінде жатпай жылдам таралады. Мұның себебі оқырманға, көпшілікке өзінің жақындығынан болу керек. Қызметке келсе тек өз жағдайын жасап, өзінің кітаптарын топырлатып шығарып жататын қаламгерлерге Ғабең ұқсамады. Кітабы бірнеше мың таралыммен шықса да не кітап дүкенінде, не кітапхана сөресінде кездесе бермейтіні жазушының жазу шеберлігіне қатысты ма деп те ойлайсың. Сол Ғабеңнің қасында жүріп те бірде-бір кітабын қолға түсіре алмадық. Қазір де бірдеңе жазайын десең қолда жоқ дүние жазушы жайында бірдеңе айтуға бөгет болып тұратындай. Сол алғашқы таныстықтан кейін Ғабең өзінің көзқарасын өзгертпей тек «бауырым» деп жүретін. Арамыз екі-үш жас. Былай қарасаң құрдас деуге болады. Бірақ оның жасқа қарағанда үлкен кісіге, көпті көрген адамға тән бауырмал мінезі ешқашан өзгерген емес. Қолына қызмет тисе өзгеріп сала беретін, кешегі сыйлап жүрген адамдарын танымай қалатындар бар. Ғабеңді қызмет өзгерте алған жоқ. Сол кең пейілді, өзінен бұрын елге болсын дейтін қазақы болмысын сақтап қалды. Осы қасиеті Ғабеңнің беделін көтере түсті.

 

Арада біраз жыл өткенде ол қызмет өткізетін болып, жазуға бет бұрамын деді. Жас алашта мықты әңгімелері жариялана бастады. Оның жазған Үйірі жоқ көкжал романы қолға түспеді. Сол қызметін тапсыратын сьезде ол пендешілік қылып ренжіген қалып танытқан жоқ. Ақжарқын жүрді.

 

Үзілісте бірер кезіккен сәтте:

 

– Келіс, бауырым өмірде бәрі ұмытылады ғой. Бірақ ұмытылмайтын нәрсе жазу ғана жақсы жазсаң ұмытылмайды. «Жұлдызға» шыққан әңгімелеріңді оқыдым. Осы стиліңді жоғалтпа, – деп тағы да қайталап айтып жатты.

 

Бұдан артық сөзін, мақтауын естіген жоқпын. Кісі мақтауға сараң еді. Одаққа мүшелікке өткенде қарсы дауыс бергендерді ашық пікірге шақырып, анық қолдаған сол екенін кейін естідім. Сол ағаның осы стиліңді сақташы деген сөзі ойымнан кетпейді. Арада бірер жыл салып арыстандай айбатты Ғабаң да дүниеден өтті. Шығарып салуға бара алмадым. Сәті түспеді. Алдымда «бауырым» деп айтатын қайырымы мол бауырмал ағаның орны әлі күнге жетпей тұрады. Өмір өткен сайын жаңа таныс, дос, туыс табасың. Бірақ өткенді ойласаң әлгі жаңа таныстар бұрынғының жанында олқы сияқты боп тұрады. Сол сәтте адам баласына тек адамшылық ойлайтын асыл ағаның кең жаралған, қоладан құйғандай мығым бейнесі, ұмытылмас ерекше тұлғасы уақыт өткен сайын биіктеп бара жатқандай көрінеді.
      


Поделиться:      
Серікқазы КӨКЕНАЙ
27.02.2022 20:15
Ғабиден ағамыз баламен балаша, жазушымен жазушыша сөйлесетін керемет жан иесі еді. Осы естелікті оқығанда оның мейірімді көздері келді көз алдыма. Мектепте бізге мұғалім болып сабақ бергенде баланы алаламай, бәрімізді бірдей көруші еді, бірдей еркелетуші еді.
Құлаxметов Шыңғыс
25.05.2019 17:50
Аллаx разы болсын сізге, жылы сөздеріңізе!
Оставить комментарий: