Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ЭССЕ
Жазушы Таласбек Әсемқұлов

Блоги

29.05.2019
6104

Жазушы Таласбек Әсемқұлов

Жазушы Таласбек Әсемқұлов

 

Көркем әдебиетте әрбір ұрпақ өзінше келіп, өзінің өмір сүрген кезеңін жазып кетеді деген рас сөз. Біздің 1957-58 жылдары туған ұрпақтың өнердегі жолы өзінше қалыптасты. Бір қарағанда тыныш, коммунизм кезінде оқып, өмір сүрсе де бұл ұрпақтың маңдайына бірталай қиындықтар жазылған. Енді жазуға кірісетін қуатты шағында олар 90-ШЫ жылдардың қайта құру, қымбат тұрмысына ұрынды. Жас кездерінде үлкен ағаларының көлеңкесінде сақалы шықса да жас болып жүруіне тура келді. Біздің ұрпақтың талантты өкілінің бірі Таласбек марқұм еді. Көп оқитын.

 

Ұмытпасам 1982 жылы таныстық-ау деймін. Оның қурстас досы Ерік Көкеев біздің Ақшатауда мектепте тарих пәнінен оқытушы болды. Таласбек туралы алғаш содан естідім. Мұхтар Мағауиннің оқытқан дәрістерін айтатын еді. Сол жылдары ескі тарих, жабық жатқан бұрынғы дүниелер туралы жиі айтып жүретін. Мен ауылда оқытушы болып қызмет істейтін едім. Жазғаным аудандық, облыстық газеттерге шығып тұратын. Алматыға қол жете бермейді. Бірде Ерік екеуміз жол түсіп Алматыға келдік. Оның әке-шешесі Райымбекке келіп орныққан екен. Енді осы жаққа ауысатын болды. Менің курстастарым деп Тұрсынжан, Ғалымдарды таныстырды.

 

Жастығына қарамай ойлары танылып қалған жігіттер сияқты. Таласбекті консерваторияға іздеп барып, сол жерден таптық. Қыстың күні еді. Басындағы дөңгелек, жүзіне жараса қалатын қара пүлішті құндыз бөркі бар екен сол есімде қалыпты. Ол кезде отызға келмеген жас, Атайы деген әңгіме жаздым деп жүрді. М.Мағауиннің Тазының өлімі деген повесін айта келіп, оның астарына талдау жасады. Мұндай әңгімелер кейін де көп айтылатын арамызда. Араласып қатты дос боп кете қойған жоқпыз. Бірақ кездескен жерде бастан кешкен қиындықтарын айтып жүретін. Пәтер, ақысы аз жұмыс туралы айтатын.

 

Енді бір кезіккенімізде Шымдан деген повес жазып кітапқа шығартқанын айтты. Бірақ мен оны тауып оқи алмадым. Кейін де айтып оқышы деп сұрады. Екеумізді жақын қылған өнерге деген көзқарасымыздың ұқсас болуы еді. Ол кейде ренжісе сөзін тұздықтап та қоятын. Бірақ оны тез ұмытып кетуші еді. Таласбектің Жұлдыз журналында қызмет істеген жылдары әдебиетімізідің тарихындағы тамаша кезең болды. Оның озық ойлы дүниелері осы журналда жарияланды. Біраз қаламгерлердің дүниесі осы журналда сынға ұшырады. Қанша таланты жетіп тұрса да Таласбек біреудің еңбегін еш себепсіз сынамайтын, қалам иелеріне құрметпен қараушы еді. Ол кеңпейіл, өте көмпіс, кешірімшіл жан болатын.

 

Шыдай, шыдай келіп әлгі шыдамы үзілген күні сыни ойларға кезек беретін. Таласбекті назарына да ілгісі келмейтін кейбіреулер, кейін оның атын мақала жазса бірінші келтіріп, сөздеріне мысал қойып алып кіріспе қылып сөйлейтін болды. Онысы мені сыйлағаны ғой деуші еді марқұм. Оның жаны жалған білгіштік пен екі жүзділікке, әдебиет деп аузы ғана айтқаны болмаса оның мүддесінің астына өзінің теріс пиғылын жасыра жүретін кіршеңдікке қас еді.

 

Сол уақта бір-бірімен кезіге қалған қаламгерлер әдеби жаңалықтарды айта келіп өзінің жазғанын сөз еткенде, «сен оны оқы», – деп кітаптарын бір-біріне тапсырып жататын да әдеттер бар еді. Енді Таласбек те «ана бір жазғанымды оқыдың ба? – деп сұрайтын болды. Жазғаны жақсы болса мақтауға еш бөгелмейсің ғой, жазылып сөйлеп кетесің. Бірақ сол жазуы ұнамайтын адамдардың да сұрап қинайтыны бар. Онда не деріңді білмей, егер жазғаны ұнамаған болса күмілжіген түріңнен ол білініп қалар еді.

 

Сол мезетте сен өзгеден бірдеңе жасырып, бәлсініп тұрғандай ыңгайсыз күй кешер едің. Бірақ Таласбектің жөні бөлек. Келмей тұрған жерін айтсаң аңғарымпаздықпен сезе қойып, одан ары қазбаламайтын. Тағы да бірде әлгі сұрақты қойғанда менің ренжіп қалғаным бар. Атағың алатаудай жігітсің, талантыңа үлкен-кіші бас иеді, атың бар газет-журналдан түспейді, сонда несіне уағыздап әуре боласың танымағандар, жүз мақала жазсаң да танымайды, осы атыңның өзі керемет емес пе деп едім бірде.

 

Осы сөздерім артық екен. Оның өзіне үнемі бірдеңе жетпей тұратындай, қолдап жіберетін демеу керек болып жүргендей ойға ол үйреніп алған еді. Онсыз жұмысы жүрмей қалатындай болып қинала сөйлеп кететін. Расында кейде адам баласы жылы сөзге зәру болғаннан солай істейді екен деп те ойлаймын. Иә, со жылдары кеңестік қаламгерлердің газет-журналға әкеп орналастырған үміткер жастары тек өздеріне ұнаған кеңестік ойдағы, со тақырыпты ғана қаузайтын жастарды насихаттаудан еш жалықпайтын. Ал, біздің жазғанымыз туралы жасымыз 30-дан асып кеткенше ешбір жерде аталмайтын. Мұндайда өзіңді түсінген адамның бірер ауыз сөзді жазғанын сұрауы заңды еді. Сөйтсем, қолдауға зәру кезінде жылы сөз айтса екен деп «оқышы» деп сұрағаны оған күш беретінін, сенім бекітетінін білмеген екем. 

 

Рас бұл керек қасиет екен-ау, айналаңнан қолдау, жылы сөз күту адамгершіліктің жоғары түрі, оны да мықтылықты тани білгенге айтып, сұраса соны тани алатын адамнан сұрау шарт па екен кім білсін?!!

 

Ол мені бір рет үйіне ертіп барды. Осы Тимирязев па, Марков па сол көшелердің маңайындағы ауласына арка арқылы өтетін этажды үй екен. Балконы кең болғаны есімде қалыпты. Сосын өзінің үйленіп жағдайы бұрынғыдан жақсарып қалғанын айтты. Кітап алдым ба, кездейсоқ жолығып қалдық па бірақ әңгімені көп созбай қол алыстық. Біздің ұшырасқандағы, немесе іздеп келіп жолыққандағы шаруаларымыз тез бітіп қап, бір-бірімізге қарап отырып қалатын едік. Сосын күліп қоштасатын едік. Ол ішімдік атаулыға үйір болмады, аузына алмайтын. Кітапханаға жиі баратын, сирек кездесетін кітаптарды кімнен алатыны білгісіз кей жерлерін, адам естімеген пікірлерді жатқа айтып кететін. Бұл шындықтардың қазақ өміріне қиыса бермейтіні маған біртүрлі көрінетін. Таласбекке де осы көп оқу жазуға бөгет болды ма деп ойға қалатыным бар.
        

 

Бірде күй туралы әңгімесі Қазақ әдебиеті газетіне шықты да оны мақтаушылар көбейді. Таласбек тумысынан сыншыл еді. Адамның, күнде көріп жүрген кісінің де біз байқамаған ерекшелігін байқап қалатын. Ал енді оның әдеби сыншылығы ерекше деуге болады. Бірақ оны өзінің шын пікірін айналасындағы сыналуға тиісті адамдарға айтпайтын. Олар көп еді. Әрі кез-келген уақытта қарымтасын қайтаруға ұйымдасып кірісуге дайын жүретін. Таласбек өзінің педта бірге оқыған жігіттермен достығын жалғастыра алмады. Оның себебі де бар еді.

 

Бірде ол маған – Аналар өздері жақсы жұмысқа кіріп, жағдайлары түзелген соң, мені мысқылдап, істеген істеріме кекесінмен қарайтын болды, – деді. Менде біреудің мұқататындай ахуал жоқ. Осы хал екеумізді жақындастырды-ау деймін. Бар айтатыным жаз, жаз бір-екі кітап не болады – Дүкенбай сияқты көп жазу керек. – Ол осы сөзіме әбден күлетін...

 

Иа, оқтай зулап өткен өмір ғой бәрі. Біздің өміріміз осылай болады деп ойладық па, әрқайсымыз том-том кітап шығарып, алдыңғы қатарлы адам боламыз деп ойладық қой. Мен әңгіме жазуға емес оны жарыққа шығаруға қатты қиналатын едім. Редакцияда бірдеңе дәметіп, емініп отыратын, қолжазбаның ішінде алтын жатса да алдына ас қойып, тойдырмасаң сөйлеспейтін сығайлардың талайын көрдік.

 

Ондай адамдарды көрсем жон арқам мұздап кететін еді. Алла тағала маған ақыры осындай адамдардың көп залалы тиетінін іштей білдірген екен. Таласбек те аз зардап шеккен жоқ. Жасы қырықтан асқанша кітап шығара алмады. Алғашқы кітабы шыққанда Келіс мынаған пікір жазшы деп звондады. Ертеңінде кітапты алып келіп оқи бастадым. Талтүс деген романын Сорос қоры арқылы Мұрат Әуезов шығарып беріпті деп естігем. Кітапты оқып бола бергенде бір шаруалар килігіп, бірер жұма үзе тұруға тура келді. Мен ол кезде әдебиет зерттеу институтында қызмет істейтін едім. Өзім жазбаған жағдайда ғалымдарға беріп оны насихаттауға мүмкіндіктерім болды. Бірақ қолыңда билік болмаса ешкім сөзіңді керек қылмайды екен.
        

 

Әлгі кітапқа пікір жазамын деп жүргенде зымырап бір-екі апта өте шықты да осы кезде менің қасымда қызмет істейтін жас ғалым: Аға мына кітап қызық екен, Таласбектің сын мақалаларын оқып жүрмін ғой мынасы оқып шығуға бересіз бе? – деп қиылып сұрай қалғаны. Алып оқитын болсаң пікір жаз, сен оқып шыққанша мен тосып отыра алмаймын, – деп шынымды айтып ем жас жігіт оған келісті де бірер жұмада 5-6 бет мақала дайын болды. Ұмытпасам сол мақала Ақтөбенің газетіне басылып шықты-ау деймін. Кейін бір жолыққанда әлгі мақаланы жазуға себеп болғанымды айтып, – мен жазсам да осы мөлшерде жазам ғой. Ана  бала жақсы жазыпты кітабың туралы,– деп мақтау да айтқам.

 

Бұдан кейін ол Астана қаласынан түнгі уақытта телефон соқты. Қысқы түн еді. Аялдамада көп тұрып қалып, үйге келген соң да бойым жылынбай, тамақ ішіп ерте ұйықтап қалған едім. Жайсыз телефон оятқанда онша сөйлесуге зауқым соқпады. Таласбек екен. Өзінің кітап жазып бітіргенін, атақты күйші, шертпе күйдің шебері Тәттімбет туралы романы туралы сөз етті. Мен оны оқымаған едім.

 

Таласбек ол романның «Жұлдыз» журналына бұрынырақ шыққанын айтты. Тағы да Тәкеңнің әр кітабы шыққан сайын «оқыдың ба?» – деген сұрағынан кейін үнсіз қалып, өзімді оның алдында біртүрлі қарыз сияқты қылып алғандаймын. Жауабым сол баяғыша болды.

 

– Кітабын қолға тигіз. Жазу сосын болсын.

 

Әлгі романды кітапханадан журналдың нұсқа арқылы қарап шығып пікір айту ойымда да болмапты. Таласбек тағы да ештеңе айтқан жоқ. Бірталай әңгімелерін айтты да телефонды орнына қойды. Со жылдары ол өндіріп әдеби-сын пікірлерді жиі жазатын және оны баспасөзде де жариялап тұратын. Оның шығармалары туралы да әр түрлі газет-журналдарда мақтаулы мақалалар шығып, жиындарда аталып жататын. Менің азын-аулақ 4-5 бет мақалама Таласбек зәру емес шығар деп ойладым. Оның үстіне баспасөзде әдеби шығармаларды талдаған мақалалар ол кезде өте көп басылатын, оны белгілі басылымдарда жариялатудың өзі күшке түсетінін білетін едім.

 

Әркім өзінің тірлігімен жүрген өзалдына шығармашылық өмірде қилы қиындық кешеді. Өмірдің қызығы да осы қиындықтарды жеңу деп есептейді. Жоқ нәрседен жанын қинап бар жасайды. Сол сәтте ойын бөлісу үшін «түсінсе осы түсінер» деген адамына хабарласып, күнделікті өмірге қабыса бермейтін өзі ғана білетін тақырыбын әңгімелеп кетер еді.

 

Кейде оны түсінген адам сияқты тыңдаған адамның бағасы зор ма деп қаласың. Өйткені өнерді жасайтын оны түсінетін адамдар ғой. Адамдарды түсініп оларды өнерге сомдаған адамның өзі де біреулердің өзін түсініп, ойын бөлісіп, қолдағанын қалайтыны, олай болмаса жалғызсырап іздейтіні де сол өнер адамының ғана жан дүниесіндегі ерекше сәттер ме деп ойлайсың.

                                                                                         

2015-17. Алматы.
 
 


Поделиться:      
Ұлжан
16.04.2021 09:23
Таласбек Әсемқұлов марқұмнан екі жыл кейін пединститутты бітірген түлектің бірімін. Таласбек студент кезінде-ақ өте қарапайым, домбыраны ерекше шертетін азамат болды. Курстастарының алды болды десем қателеспеймін. Киім киісі де қарапайым еді. Ерекше мейірімді, қыздарға қарындасындай қарайтын адал жан еді. Қазақ халқы үшін ең қажет тақырыптарды қозғап жазған "Бекторының қазынасы" әңгімесінің өзі неге тұрады! Күйшілік, зерттеушілік, жазушылық жалпы адамзатқа қажетті барлық қасиетті меңгерген Таласбек ағамыздың әруағының алдында басымды төмен иіп, тағзым етемін! Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта шалқысын!
Оставить комментарий: