Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Маржан Ершу: "Ботакөңіл"

01.03.2016 4205

Маржан Ершу: "Ботакөңіл"

Язык оригинала: Ботакөңіл

Автор оригинала: Маржан Ершу

Автор перевода: Гүлнұр Қорқыт

Дата: 01.03.2016


Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe)

                                                             

Маржан Ершу


  «Атамекен,

                                                                                                 Өзіңнен алған деммен.

                                                                                                 Алыстарға ұзауды арман көргем.

                                                                                                 Бота көңілім бозмая іздейді енді

                                                                                                 Балалығым бұлдырап қалған жерден...»

                                                                     

Меңдекеш Сатыбалдиев

  

Botakonil.jpg
 

Ағаш шебері Сатыбалдының үйінде, отыз жетінің қоңырқай күзінде бір ұл бала дүниеге келді. Әжесінің, әке-шешесінің де ортақ баласы-жалғыз ұл сол зұлмат жылдардың өзінде де қаққы көрмей өскені хақ. Жалғыз ешкінің сүті де, шаңырақтың бір күндік азығы жарты таба нанның қомақты үзімін де жас баланың аузына ұстаған. «Екі шалдың ортасындағы бала дана болады» дегендей, олардың баласы да, данасы да – осы Меңдекеш. Күлгені, сөйлегені, жүргені - бәрі де оларға бір мереке.


Жас балаға мынау табиғат, анау аспан мен күн, жымыңдаған жұлдыздар, тіпті шегірткенің шырылы, күшіктің үргені, мысықтың мияулағаны да бір жұмбақ әлем болатын. Ол кезде шыған - тоғымда бір кездесетін бота мен құлынның мұңды даусы, сазды үні жас баланың қиялын қозғап, өзі де бота боп боздап, құлынша құлдырап кететін.


1941 жылдың жазы. Сұрапыл соғыс кезі. Осындағы отыз үйден отыз азамат майданға кетті. Кейін бұл көріністі ақын былайша жырлады:


Отыз боздақ атқа қондық,

Отызға жетпейтіндер.

Отызға жете қалсақ

Орман боп көктейтіндер.

Отыз боздақ атқа қонды,

Отыз ошақ қалды артта.

Отан-Ана, ақсар болсаң

Отызымыз айналамыз балдаққа.

Отыз боздақ атқа қондық,

Отыз үйдің еркесі.

Отан жүгін көтереді

Отыз нардың өркеші.


Атан жіліктей азаматтардың орнын шал-кемпір, бала-шаға басты. Таңның атысы мен батысына дейін егіндікте қауырт жұмыс тоқтамайтын.


Бұндайда Меңдекеш Қараш төбедегі жарлы лашықта жалғыз қалатын. Сол жазда ол төрт жасқа шыққан еді. Ай туа әке-шешесі үйге келсе, баласы жоқ. Сатыбалды күрегін босағаға сүйей сала, зәре-құты қалмай, айналаны, қуыс-қуысты қарайды. Ойнап жүріп бұта түбіне ұйықтап қалды ма деп те ойлайды. Ескі нанымдағы ата-ана пері көтеріп кеткен жоқ па екен деп те аласұрады. Апыл-ғұпыл жүгіріп, селеудей селдіреп қалған киіз үйлерге жүгіреді.


- Ойбай, әлгі бала жоқ!

- Көргендерің бар ма?

- Қой , байғұс не дейді?!

- Япыр-ай,жазым болмаса жарар еді?!


Содан үміт, күдік аралас іздеу басталды. Қаршадай баланы қарамаған жер жоқ. Нағашысы Шәдір ақсақал да, үйінде байыз тауып отыра алмай, Жем жағалап іздеуге шықты. Шыңдауыл тұсындағы су жағасынан ағараңдаған бірдеме көрінді. Жақындаған сайын жан иесі екендігі, қимылдағаны байқалады. Біссімілләға тіл келтіріп, жедел басып жанына келсе, Сатыбалдының жүгермек жас баласы екен. Шошытып алмайын деген оймен жақындап келіп:


- Айналайын, жай отырмысың -, деді.

- Қызық! Қызық! Тамаша! -дейді бала.

- Ата, көрмеймісің? Керемет қой!

- Нені?.. Ақсақал секем ала бастады.

- Ана балықтарды, шабуылшы балықтарды, - дейді бала.


Аузын арандай ашқан ақ серкелер, шоршып-шоршып жүйткіген шортандар шабақтарды тарыдай шашыратып, қуып жетіп, қылғытып жүр екен. Бауырлары жарқылдап, толқынды жарып өтіп, жай оғындай ойнақ салады. Тышқан аулаған мысықтай епті де, еркін көсіледі. Осы көрініс бала түгілі, ақсақалға да қызық көрініп кетті.


- Ата, мен «су астынан бәрін қөріп отырдым. Жансауғалап қашқан шабақтар фашистер де, азулы шортандар - біздің сарбаз ағалар емес пе?! Асықпашы жауын талқандап шықсын, осында отыра тұрайықшы, - дейді бала өз қиялына өзі сеніп.


Ақсақал бармақтай баланы жар басынан, мынау су астындағы күрес әлемінен, өз қиялының шындық сенімінен оңай ажыратып алмасын сезді.


-Жарайды, сенің тереңдегі теңсіздікті - жауға, ерен ерлік қимылды батырларға теңеуің әбден орын-ақ екен. Дұрысында солай, біздің елдің майданда жеңіске жететіні анық. Ертең бұл суретті көрсетуге суға өзім-ақ ертіп келейін, әке-шешең іздеп, әлек-шәлегі шығып жатыр, жүр деп қолынан ұстап, ауылға беттеді. Сатыбалды баласын өліп-өшіп бауырына басты.


-Ана жақта біздікілер фашистерді қырып жатыр деп, Жемге қарай қолын шошайтады, әке жазған бірдеменің шалығы тиген бе деп, одан сайын үрейлене түседі. Баласының оқшау, оқыс сөздерінен, бір затты екінші затқа балап ұқсату машығынан әкесі жалғыз ешкінің жалғыз лағын садақа қылды. Енді еркесінің әрбір қылығын қалт жібермей қадағалауға айналды. Меңдекеш беймаза, еліктегіш, елгезек боп өсіп келе жатты. Үй сыртына өскен шидің басы желмен ызыңдаса да, жас бала содан әуен іздеп, әдемі күйге түсті. Шидің де күй тартатын не кереметі бар деп ойлады. Шынында, шидің қобызша құбылып үн шығаратынын кім көрген?! Ал, сезімтал Меңдекешке солай байқалғаны анық жай еді. Бірде әкесі қарағай шауып, кішкене домбыра жасап беріп еді, ол соған сан дыбыстарын түсіруге тырысып бақты. Тапқан әуеніне өзі ат қойып,шерте жөнелгенде, үй-іші кәдімгідей арқаланып,


- Өркенің өссін, қарағым!

- Өнерпаз боларсың-ақ, бір күні, - деп мәз болатын.


Бес жасында қара домбыраны қаз дауысынша қаңқылдатқан Меңдекеш аз ауылдың көңіл аулар домбырашысы болды. Кешкісін оның үзіп-жұлып тартқан күйіне «бәрекелді» айтысатын. Жұрт «ал, баста» дегенде, бұл екі иығын ұшар құстай қомдап, балғын саусақтары домбыра пернесінде жедел қозғалатын. Оған десе, саз домбырадан шығып жатқан жоқ, өз көкірегінен, тынымсыз соққан жүрегінен шығып жатқандай көрінетін. Ол алты жасқа келгенде ата-анасының айтулы қолқанаты болып алды. Әкесі мен шешесі жұмысқа кеткенде алдарынан шәй демдеп қояды. Қолы қай іске де икемді. Шығыр айдаған шымыр бала да атанды. Колхоз басқармасының атын өріске жіберіп, таңертең алып келу де оның мойнында болды. Мұны ол атқұмарлығынан істеді, оған бұл жұмысты тапқан ешкім де жоқ еді. Кейде қысқа қашықтықты атпен шауып өтуді армандайтын. Оның бұл талабын ат иесі орындай салатын.


- Өкпесін қыспай, баппен айда дейтін.

- Жарайды, аға деп елпілдейтін бала.


Шауып келе жатқанда, ол өзі жауды қырып келе жатқандай қызынатын. Қамшысын ауаға сілтеп, алабұртып айқай салатын. Бұдан екі жыл бұрын су астындағы майда шабақтарды фашистке, азулы шортандарды жауынгер ағаларына теңегендей әсер, атқа мінсе арқасын қоздыратын. Қай нәрсеге де бейімделгіш, мазасыз сезім, ұшқыр қиял, асау арман оны әрқашанда уысынан босатқан емес.


Соғыс аяқталып, Жеңіс тойын тойлағанда Меңдекеш сегіз жасқа аяқ басқан болатын. «Жеңіс! Жеңіс!» деп ауылды алты айналып шапқылап шыққан. Сонда баяғы қара су бойындағы майшабақтар мен шортандар оқиғасы көз алдына қайта келген. Қайта келгенде көзіне жас тығылып, көкірегі өксік атқаны несі екен?! Әлде қиялының шындыққа айналған шағының қуаныш шарпуы ма, өз түйсігінің осал еместігінің топшалауы ма, әйтеуір кеудесін бір толқын жұлқылап әкеткен...


«...Сақалды бұлдау бір жөн де,

Сәлемді сату басқа бір.

Жақынсырап-ақ жүргендер

Болады кейде тасбауыр.

Мансапқа тасып тезінен,

Бәз біреулердің көзі өсті.

Соны айтсақ-достың өзінен

Қаламыз шамшыл сөз естіп.

Сыртыңнан ғана күндейді,

Күркіреп тұрсаң өзің де.

Мықтылар көзге ілмейді


Әлсіздеу жүрген кезіңде» деп өмірдегі тазалық пен адалдыққа жаны ғашық боп өткен аяулы ақын, ызғарлы отыз жетінің қарасуығында дүниеге келген тағы бір мықты Меңдекеш жасы отыз жетіге қараған шағында дүниеден өтті. Қаламы мен Өлеңін жазу үстелінде қалдырып...