“Әкең хал үстінде, тез жет” деген телеграмманы ала салысымен сол күні самолетке отырдым.
Жол бойы көңіліме неше түрлі ойлар келді. Көбіне әкемнің мені көрмей, қайтыс болып кеткен сәтін көз алдыма елестетемін. Жүрегім қобалжып, өне бойымды үрей билейді. Өз қиялымнан туған қайғылы көрініс тап бір болған оқиғадай көкірегімді күйінішке толтырып, көзіме жас әкеледі. Әлдеқалай өзімді әкем алдында кінәлі жандай сезінемін. Енді түзеуге болмайтын бір қателік жасаған тәріздімін. Енді бәрі де кеш секілді… Көңілімде екі-ақ сезім – үрей мен өкініш.
Аудан орталығына келісімен май тасып жүрген машиналардың біріне ілесіп, үйге түнде жеттім.
Бұрын колхоздың кеңсесі болған ұзынша кірпіш үйдің есігін қамыс албармен қоршап қойыпты. Әлдеқайдан күйіс қайырған малдардың пысылдаған дыбыстары естілді. Қай жерде екені белгісіз, дәл аяқ асты маңынан бақпа үйректің қырқылдаған үні шығады. Жолдағы бұталған отын мен жаңғырыққа, шылапшынға сүріне, сипалап жүріп есікке келдім. Мен қаға бастағанда-ақ есік әндете сықырлап, өзі ашылып кетті. Коридорда өлімсірей жанған аспалы шамның болмашы жарығынан бүйірдегі кірер есіктің жобасы көрінеді.
Үйге кірдім. Одан әрі ауыз үйдің есігі. Тағы бір есік. Орта үйдің есігі. (Біздің үйде не көп, есік көп. Бұрынғы кеңсенің есіктері). Түпкі бөлмеге кіргенде барып дәл төрде – төсек үстінде кіп-кішкентай болып жатқан әкемді көрдім. Адамның жүдеген кезде мұншалықты кішірейіп кететінін бұрын білмеуші едім. Көзі шүңірейіп, жақ еттері шодырайып, адам танымастай болып кетіпті. Жанында екі адам отыр. Біреуі – Уәли молда, екіншісі – жиен ағам Самат. Пеш түбінде мүлгіп апам отыр.
Мен кірген бетте киімімді шешпестен сәлем-сауқатсыз бірден әкеме ұмтылдым. Құдай-ау қалай жүдеген!
– Сайлаумысың, – деді әкем естілер-естілмес.
Көзіме ыстық жас тірелді. Ішіме небір өкініш, арман, күйініш толып, әкемнің қатқыл сақалды, қу сүйек жағына маңдайымды тіредім де өксіп жібердім.
Сол кезде барып төрдегі молда:
– Қой, қарағым, жылама. Аман-сау келдің, әкеңді көрдің. Ендігі дәм-тұзды бір алланың өзі біледі, – деп жұбату айтты.
– Жылама, айналайын, – деді жиен ағам. – Әкеңнің, мінеки, арманы орындалды. Сені көрсем, ризамын деген… Көрді ғой…
– Жылама, – деді әкем зорға сөйлеп. Сөйтті де өзі кемсеңдеп қоя берді. Маңайдағылар енді әкеме басу айтып жатты. “Осы бір жаман болмаса, соншама жерден кім іздеп келер еді”, “Артыңда, құдайға шүкір, тұяқ бар”, “Балаң келсе, қуаныштан жазылып кететін бір әдетің бар еді ғой”.
Әкем басылып, мені ымдап өзіне қарай шақырды да маңдайымнан иіскеді. Содан кейін барып үй-ішімен амандық басталды. Молданың, ағамның қолын алдым. Апам бетімнен сүйді.
– Әлгінде ғана машина дүрілдегенде әңгіме қып отыр едік. Тәрізі сонымен келдің ғой? – деді молда аят оқығандай бір сазбен.
– Иә, – дедім әлі де өксігімді баса алмай.
Ағам қаладан қашан шыққанымды, ауданнан машинаның қалай табылғанын, одан кейін қаладағы өзі танитын бірлі-жарымды адамдардың амандығын сұрады. Телеграмманы өзі салғанын, екі сөздің басын қоса алмайтын пошташы Тайшықтан не қайыр, жаман орысшасымен өзі
жазып шыққанын, оған 1 сом 30 тиын төлегенін әңгіме
қылды.
– Бағана әкесі Сайлауды әңгіме қылғанымызда есіктің сыртында тұр ғой деген жоқ па, – деді апам сөзге араласып.
– А, иә, – деді ағам да есіне түсіріп.
– Сайлау есіктің сыртында тұр деді ғой бізге…
– Біліп тұр ғой, – деді молда өзі біліп тұрғандай маңыздана сөйлеп. – Құдай сонда оған көрсетіп тұр. Құдайдың әмірі күшті емес пе!..
Мен әкемнің жалпы жағдайын, дәрігердің не айтқанын сұрадым.
– Дәрігер не десін, – деп күмілжіді ағам да, – дәрісін беріп жатыр. Әр нәрсенің сәті болады да өзі.
– Дәрігер қарамай тұр ғой, – деп өкпе айтты апам. – Сол баланың өзі ауруды алалап қарайтын секілді. Былтыр өзінің нағашысы Жармағамбетті қалай емдеді. Ауданға да, облысқа да апарды.
– Олай деме, бәйбіше, – деді молда. – Құдай біледі деңіз… Құдайдың жазуы қалай болса, ауданға, облысқа апарғаннан ештеңе өзгермейді. Немене, мына сенің балаң апара алмай ма? Ертең-ақ Алматыдан бір-ақ шығарсын… Бірақ дәм біледі. Ырыздық-несібе өлшеулі ғой өзі.
– Мінеки, төрт күн болды, – деді ағам маған қарап. – Осылай күзетіп отырамыз. Кеше Қаумен шал мен Ерекең келіп еді. Ерекең үлкейген адам ғой, қажып қалды. Бүгін міне, молдекең келіп, жақсы болды.
Молдекең өзінің келуі үлкен мәселелерді шешетіндей тамағын кенеп, жөткірініп қойды.
Түн ортасы ауа шай ішілді. Шайдан кейін:
– Сен жатып дем ал, – деді ағам. – Жолдан келдің, жол қажытады ғой адамды.
Әкем тыныш ұйықтап жатыр екен. Аузы ашық. Бір қалыпты сырылдаған дыбыс шығады. Орта бөлмедегі кереуетке келіп жаттым. Молда мен ағамның күңгірлеген дауыстары естіліп тұр. Ұзақ жаттым, бірақ ұйықтай алмадым. Қайта басыма неше түрлі ойлар келіп, ұйқым шайдай ашылды. Апыр-ау, әкем өліп қалса, не істеймін?! Әкемді бір риза қылатындай жақсылық жасап көрдім бе? Осылай түк көрмей, жалғыз баласына өкпелеген күйінде дүниеден аттанып кете бермек пе?!
Мен әкемнің басынан кешкен ұзын тарихқа ойша көз жібердім. Өз өмірі туралы маған көп айтушы еді. Қиыншылықты, бейнетті көп көрген адам ғой…
* * *
– Қоян жылы азғантай малымыз қырылып қалды да, туыстарды сағалап, жер аяғы құрғасымен Жыландыға көшіп кеттік, – деп бастар еді көп әңгімесінің бірін. – Жыланды бойы ол кезде қолдың саласындай тізілген ел. Малдыбайдың екі баласы – Естөре, Бестөре штат болып, болыстыққа таласып, араларында адам өліп, кісі құны дауланып, таласып, ыру-тыру болып жатыр екен. Әйтеуір, ағайынның аты ағайын, бір-бір лақтан, әлі жеткені саулық қой бөліп беріп, оның сыртында ерулік әкеліп, бірден ел қатарына қосылып кеттік. Өзіміз бес ағайынды болдық. Шешеміздің қайтыс болған кезі. Қыздардың бәрі тұрмыс құрып кеткен. Әпсаттар, Қапсаттар, Нұржан – үшеуі де бөлек үй. Дүйсен де үйленген, бірақ, әкейдің шаңырағында. Менің салт бас, сабау қамшы кезім.
Бізбен бірге Айтыбайлар да көшіп келген. Үлкен баласы Айдархан екеуміз Естөренің жылқысын бағатын болдық. Досым баласында Естөреден бай ешкім болған жоқ қой. Өзі де, құдай сақтасын, тәкәппар еді. Қыста мойылдай қап-қара, атақты бәйге қарақасқасын, ал жер қарайысымен жұмыртқадай аппақ жорғасын мінетін. Біресе орысша, біресе қазақша – неше түрлі құбылып киінеді. Жан баласына тақымы толмайды.
Көшіп келгеннің келесі жылында Айтекең келін түсіргенде Естөре Дуан жақта болды да, артынан қойын сойып, тамағын әзірлеп қойып шақырғанда, ит-ай, келмеді ғой. Дәмнен үлкен емес шығар деп, екі рет адам жібергенде “бара алмаймын” дегеннен басқаны айтпапты.
Бір жылдың ішінде шаруашылығымыз түзеліп қалды. Қапсаттар қыстауды иесіз қалдырмаймын деп ойға көшіп кетті. Сол жылы шабындық та мол болып, Естөре, Бестөрелердің даулары бәтуаға келіп, айғай-сүргін басылған болатын. Бірақ ой жақтан адам келген сайын “патша құлапты, үкімет жаңарыпты, ақ, қызыл деген шығыпты” деген неше түрлі хабарларды естіп жатамыз. Келесі жаздың ортасында атты казак деген бәле шықты. Бәлен жерде бүкіл бір ауылды атып кетіпті, шауып кетіпті, әйелдерді масқаралапты дегенді естігенде тұла бойың түршігеді. “Е, е, заманның беті жаман боп барады. Елге түскен ауыртпалық қой. Былтыр күзде күннің тұтылғанынан қорқып едім”, – деп отыратын әкем жарықтық.
Бір күні біздерге қарай атты казактар келе жатыр деген хабар алдық. Зәре қалмады. Қыз-қырқындардың бәрін Шошқа көлдің қалың қопасына апарып, тығып тастадық. Нұржан өжет еді. Ауылдағы бар азаматты жинап алып, атты казактардан бізге қайыр жоқ, елдің қанын ағызып келе жатқан жауыздардың ретін тауып, көзін құрту керек дегенді айтты. Мал десе жаны қала ма, жылқының жауы екен дегенді естіген соң, Естөре де бізге қосылды. Сонымен бүкіл ауыл болып атты казактарды өлтіруге қорыдық. Керегелердің бастарын түйістіріп бірнеше қос тігілді. Жерошақ қазылып, алдын-ала сойылатын қойлар да дайындалып қойылды.
Түс кезінде қырдан бір топ салт атты көрінді. Жақындағанда көрдік – иықтарында шошайған мылтықтары бар, әскерше киінген орыстар. “Ал келді атты казактар” деп жатты. Іргеге келгенде бір-ақ білдік – әкейді айдап келе жатыр екен. Малда жүрген болатын. Таяқ жеген секілді. Шекесінде қан бар. Иттердің түсі суық екен. Атып жібермегеніне шүкір десейші. Нұржан ет қызуымен одыраңдағысы келіп еді, әкей өзі басып тастады. Әкемді ұзап кеткен үш-төрт жылқысын ауылға айдап келе жатқан жерінен ұстапты. Бұл айтқан сөздеріне түсінбеген. Ымдарына қарағанда жылқы тауып бер дейтін секілді. Әкем:
– Біз кедей адамбыз. Мол жылқы болмайды. Азғантай үш үйлі жанға біткен бар тұяғымыз осы, – депті қазақшалап.
Атты казактар жылқыларыңды тығып отырсыңдар деп сенбеген болулары керек, әкемді екі-үш рет мылтықтың дүмімен түйіп жіберіпті. Ақыры жылқы тауып бермесең, атамыз деп ауылға алып келген.
Дүйсеннің аздаған орысшасы бар. Әкем кішкентай кезінде Айсаға ертіп жіберіп, бір жыл қалада оқыған. Орыстар ат үстінде состиып-состиып тұра қалғанда Дүйсен жандарына барып, орысша сөйлесті. Аналар кәдімгідей қуанып қалды. Дүйсен елдің әдейі күтініп отырғанын, қонағасының болатынын, тілектерінің бұлжымай орындалатынын айтқан болу керек, әскерлер қауқылдасып мәз болып, аттарынан түсе бастады. Бірақ өздері сақ екен. Біреуі мылтығын ұстап, аттарының жанында қалды. Ішінде жуан қарын біреу бар. Бастығы ғой деймін, “Қостың ішіне кірмейміз. Тез жылқы әкеп беріңдер” деп тұрып алды. Не керек, ақыры кірді-ау. Қымыз бердік. Өздерімен бірге алып жүрген арақтары бар екен. Аздап арақ ішті. Сырттағы күзетшісі де үйге кірген. Одан ет келді. Мен табақ тасып жүрмін.
– Қазір “сорпа әкел” деген кезде бастаймыз, Дүйсенге айт, қостан шықсын, – деп сыбыр ете қалды Нұржан.
Табақты алдарына қойып жатып:
– Саған шықсын деп жатыр, – дедім Дүйсенге ақырын ғана.
Жуан қарын секем алып қалды. Дүйсенге қарап, бірдеңе деп шүлдірлеп жатыр. Дүйсеннің не айтқанын білмедім, қостан шығып кеттім. Апырмай, Дүйсенді ұстап қалар ма екен деп зәремнің ұшқанын көрсең. Шықты-ау бір мезгілде қостан. Сол кезде “сорпа әкел” деген айғай шықты. Сол-ақ екен керегелерге байланған арқанды тартып-тартып қалғанда қостың бәрі бір сәтте жалп етіп, етке енді қолдарын соза берген атты казактарды басты да қалды. “Иә, аруақ!”, – деп ұмтылып кеп бердік. Нұржан да қарулы еді-ау. Қолы іліккен жерден әлгілерді қостың астынан суырып алады. Сойылмен төбеден бір ұрып құлатып жатырмыз. Ойпырмай, еңгезердей бір сары орыс бой береді дегенің не! Алғашқы жығып салғанымызда Дүйсен белінен наганын суырып алған. Сойылмен ұрғанда құламай, үстіндегі киімін сыпырып тастап, сорға қарай қашсын. Жан беру деген оңай ма? Сорға тығып, жан-жағынан қамаған кезде әлгі иттің баласы татар ма немене, “алла, алла” дейді қазақшалап. “Мынау мұсылман болып жүрмесін” деп қобалжиық. Нұржан ожар ғой: “Ой әкеңнің аузын. Бұған қаңғып жүрген қандай мұсылмандық”, – деп ту сыртынан сойылмен ұрып құлатты. Содан түнімен сордың сыртынан үлкен шұңқыр қазып, бәрін бір-ақ көмдік. Келесі күні әлгілердің дүниелерін бөлісейік. Қоржындарының іші толған білезік пе, сырға ма, әйтеуір толған бұйым. Дүйсен біреуінің ер-тұрманын алып, әлгінің көпшігінің ішінен қарайған дүние шықты. Біреуінің мылтығын мен алдым. Бір күні “іштен әскер шығыпты, атты казактардың өліктерін іздеп шыққан көрінеді, істік темірмен жерді тесіп тексереді екен” деген лақап жетпесін бе. Мына қазақшылықты қарасайшы. “Көмген жерден тауып алса, шетімізден қырыламыз, өртеу керек” деген ұйғарым жасады шалдар. Ақыры иттей болып көрді қайтадан ашып, әлгілердің сасып кеткен денелерін сордың іргесінде көкпекпен өртемейік пе. Адам деген пышырлап дүниеден ұзақ жанады екен. Таң атқанша өртедік. Мына Қаратемірдің Естегі, Түнқатар Естек деуші едік қой байғұсты, содан шошып, ауру болды ғой. Енді жұрт бөліп алған дүниелерінен безе бастады. Мылтықтарымызды, сақина-сырғаларымызды суға лақтырдық. Жаннан тәтті не бар? Бірақ айтқан әскер келмеді. Жүрегіміз аздап орнына түсіп болған соң, әкем мені шақырып:
– Ойға барып кел, Қапсаттардың үй ішінің амандығын біл. Дүние асты-үстіне шығып жатқанда қайсымыздың қай сайда жатқанымызды білмей қалармыз, – деді. – Ар жақтан не хабар бар екен? Айсаныкіне соққайсың.
Торы атты ерттеп алып, ауылдан шығып кеттім. Түс кезінде Ошақтыда отырған өзіміздің назарымбет Жалғасбайлардан бір шай ішіп алып, бұлаң құйрықпен күн бата ойға құладым.
Қапсаттарлар Қарасудың жиегінде екен. Кешке қой сойып, Айсаларды шақырды. Айсаның жанында бір жас жігіт бар. Кім екенін танымадым. Оқыған бәле болу керек: “Патша анау, патша мынау. Жаңа өкімет кедейдікі болатын шығар. Бірақ арты қалай болатынын айту қиын. Ал байлардың естері болса, малдарын азайтқаны жөн ғой”, – деп зуылдап отыр. Жұрттың малындағы шаруамыз қанша. Төрт үйлі жан қарап отырған төрт-бес тұяқты азайтқанда қайтіп күн көреміз. Атты казактардың бұл араға да сойқаны аз болмаса керек.
– Олар патшаның әскерлері ғой, қызылдардан жеңілген соң Қытайға ауып барады. Олар тірі жанды аямайды, – деп түсіндірді әлгі жігіт.
Ойда екі-үш күн болып, Қапсаттардың әкейге жіберген шай-қантын алып, тағы да торы аттың бұлаң құйрығымен кештетіп ауылға жеттім.
Үйдің маңы топырлаған адам. Жерошақ басына әйелдер қаптап кетіпті. Жүрегім зу ете қалды. Тақай бергенде әйелдердің жылаған даусын естіп, бір сұмдық болған екен дедім ішімнен. Үйден аңырап әкем шықты.
– Нұржаннан айрылдық қой… – деген сөзін аңғардым. Содан не болғанын білмеймін. Талып қалыппын. (Әңгімесінің арғысын ұмытып қалғандай әкем осы тұста үнсіз қалады). Е-е, бұл бастан не кешпедік. Кейін естідім, ауылға тағы да атты казактар келіпті. Атаңа нәлет Естөрелер болуы керек жылқымды сыпырып кете ме деп жағымпазданған, атты казактарды өлтірді деп Нұржанды сыртынан көрсетіпті. Үш солдат келіп, бие саудырып тұрған жерінде Нұржанды атып кетіпті.
* * *
Мен әкемнің әңгімесінің соңында үн-түнсіз тұнжырап, қолының адырайған тамырларын сырғытып, мұрты жыбырлап, тұғжиып отыратын кезін көз алдыма елестетіп отырмын.
– Әй, Нұржан-ай, – дер еді назаланып, – маңдайға сыймай кеттіңдер ғой, маңдайға!..
Талып барып, ұйықтап кетсем керек, таңертеңгі шайды алдыға алып жатқан кезде тұрдым. Беті-қолымды жуып, қырынып, әкемнің қасына келіп отырдым. Әкем бетіме ұзақ қарады.
– Немене, бірдеме айтқысы келіп отыр ма? – деді апам маған қарап.
Әкем басын шайқады.
– Сусын берші, – деді содан кейін.
Жастықты бір шынтақтап отырып, шалап ішті. Қайтадан қисайып жатып:
– Әй, – деді кейігендей бір үнмен апама қарап, – балаға тамақ қойдыңдар ма?
– Қоямыз ғой, – деді апам шай құйып жатып. – Шай ішіп болайық.
– Сенің де бір айналшық жегендей шыр айналып, ісіңнің өнбейтіні-ай, – деп кейіді тап бір сау күніндегідей.
Әкемнің кейігеніне жұрттың бәрі қуанып қалды. “Тіршілік болса, шіркін, кейігеннің өзі қандай рақат” деген ой келді көңіліме.
– Айттым ғой, бұл шал баласы келсе, жазылып кетеді, – десті біреулер.
Шай үстінде әкемнің көңілін сұраушылар келе бастады. Жақын туыстарымыздың бірі Санжар бұл аурудан шалдың өлмейтінін, тек Тырқайдың Абылына көрсетіп алу керегін (әкесі әулие адам болған ғой), ал дәрігерлердің өзінен артық ештеңені білмейтінін айтып кетті. Серікбай шал келіп, өз құлағы мүкіс болған соң әкеммен айғайлап сөйлесті.
– Ей, Сейсен, – деді қамшысымен жерді көрсетіп, – балаңның келгені қайырлы болсын. Көзайым болып жатыр екенсің. Тұрып кетсең, ықтияр құдайда, ал өле қалсаң, тағы арманың жоқ.
Әкем болмашы жымиған болды.
– Баяғы Атамбектің Сары биі көзінің тірісінде өзіне қабір қаздырып, күмбез тұрғызып еді, сол күмбезде қазір кімдер жатыр?
– Екі қатын жатыр, – деді әкем ақырын ғана.
– Екі қатын жатыр, – деп қайталады Серікбай бар даусымен. – Тірісінде құдай болғанның бірі сондай-ақ болар. Қазір сүйегінің қайда қалғанын ешкім білмейді. – Серікбай өзіне қарсы дау айта ма деп күткендей, кілегей көздерін бажырайтып, үндемей қалды. Ешкім сөз айтпағаннан кейін:
– Сен екеуміздің көрген қиыншылығымызды ешкімге бермесін, – деді сөзін жалғап. – Осы күнді шүкір қылу керек… Шүкір де…
“Секең дұрыс айтады”, “Секеңдікі әділ сөз”, “Бұл шал сөзге бәле ғой” – деп, отырғандар шалды қолпаштай бастады. Серікбай мақтағанды жек көрмейтін, кілегей қой көздерімен маңындағыларға жымыңдай қарап, қатар отырған молданың шақшасын сұрады.
Шай үстінде әңгіме білетін шалдардың азайып бара жатқандығы туралы сөз болды.
– Төлеубай шежіре ғой, – деді әлдекім.
– Төлеубайдың айтатыны өтірік, – деді жиен ағам ұнатпай. – Оныкі тек өзін мақтау.
– Сосынғы бір әңгімені тәп-тәуір айтатын осы шал, – деп әлдекім Серікбайды иегімен көрсетті. – Бірақ құлағы саңырау, айғайлап-ұйғайлап, есіңді шығарады.
Әкем жастығын биіктетіп, ыңғайланып отырды.
– Әй, Қаби, – деді ыңырси сөйлеп, төрде отырған парторгқа. – Сен неге осы уақытқа шейін келіп, көңілімді білмей жатырсың? Әй шіркін-ай! Әкең шөккен түйеге міне алмайтын жаман еді…
– Мені көрсе әдеті, – деді Қаби кеңкілдей күліп, – әлдеқашан өліп қалған әкемнің етегінен бір тартып қалады.
– Нағашылы-жиенді болған соң солай болады, – деп түсіндірді молда.
– Баяғыда әкесі Жыландыдан ойға жаяу құлаймын деп, – деді әкем әр сөзін бөліп-бөліп, – орта жолда аштан өлгелі жатқан жерінен үйге әкеліп, аман алып қалған едім. Кейін одан сен секілді ит туатынын білгенде сол жерден қозғамайтын едім ғой…
Жұрт ду күлді.
– Әне, әне, – деді Қаби басын шайқай күліп, – өзі өлейін деп жатып, тілімен біреуді шағып жатады.
– Нағашылы-жиендердің қалжыңы, құдай сақтасын, баяғыда жаман болушы еді ғой, – деді молда қабағын түйіп. – Марқұм мынау өзіміздің албан Құсайын мен қаз Серәлілердің ісінен адам шошитын. Бір жылы екеуі ат қосамыз деп керейлердің асына барып, бір жұмадан кейін Құсайын жалғыз өзі қайтып келді. Одан Серәлінің үйіне кіріп: “Жолда өзеннен өтіп едік, Серәлі атымен бірге суға кетті”, – деп естіртті. Содан у-шу. Серәлінің үйі жылап-сықтап, мал сойылып, құран оқылып, ақыры не керек, жетісін бергелі жатқанда Серәлінің өзі келсін. Сөйтіп бір масқара болған.
– Нағашылы-жиен дегенге сот жоқ қой, – деді шалдардың бірі.
– Неге сот болмасын, – деді жиен ағам күліп. – Қойшыбай өзінің жиенін боқтаймын деп ауданға он бес күн отырып келді ғой.
Молда тіксініп қалды.
Ет келді. Артынан тағы да қазан қайнады. Осылай ел адамдары әкемнің көңілін сұрап, өлімнің ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір келетінін, бірақ кәріліктен адамның өлмейтінін, денсаулық көтерсе, жалғыз ұлдың игілігін көріп, отыра тұрғанның да бөтендігі болмайтынын айтып, ал шалдар жағы әзілдесіп, көңіл көтеріп, кіріп-шығып жатты. Кешке әкемнің құрдасы Өтеген шал келді. Ұшып-қонып жүретін елгезек, ақкөңіл кісі еді.
– Сейсен, бой қалай? – деді әкемнің қолын алып жатып. – Тәуір боп келесің бе?
Әкем жауап бермей, бетіне тура қарап біраз жатты да:
– Неғып омалып жатырсың? – деді қолын жібермей. – Әлде менің сүйегіме бір-ақ келейін деп пе ең?
Өтеген шошып кетті.
– Ойбай, Сейсен-ау, о не дегенің? Құдай сақтасын, сүйегі несі? Мал жоғалтып… Соны іздеп…
Өтеген төрге шығып, үй ішіндегілермен сәлемдесе бастады.
– Есім, аман ба? Қапеш, аман ба? Өмірзақ, ден сау ма? Мырзатай, балалар аман ғой? Тұрсынғали, аман ба қалқам?
Үйде неше адам отырса, бәрімен жеке-жеке амандасып шығатын қашаннан әдеті.
– Мал жоғалды, – деді тағы да әкеме қарап. – Жалғыз биені Әбдилерге қосып ем, жоқ. Қырғыбөгетке шейін барып, таба алмай қайттым. Қайда кеткенін жамандатқырлардың?.. Баймағамбеттің көңінде жүр дегесін соған барып ем. Онда да жоқ.
– Жыңғылбай түбегінде бір топ жылқы жүр еді ғой, – деді әлдекім.
– Ол Шәйменнің жылқысы, олар түгел. Ал менің жалғыз бием ұшты-күйлі жоғалады да кетеді.
Әкем мырс етті:
– Әкең Доспамбет ақшамен самаурын қайнатқан бай еді. Кәмпескесінде өзім болып едім. Жылқысын санағанда бес мыңға жетті. Тым болмаса несібесін жазбаған екен маңдайыңа.
– Әкенің байлығынан не пайда. Бітсе өзіне бітті, өзімен кетті… Ал өз басыма бір биеден артық жылқы бітіп көрген жоқ. – Өтеген шал “бір” деген санды басқалар біле бермейтіндей анықтап саусағымен көрсетті. – Оның өзі Қапсаттардың биесінен тараған тұқым.
Әзілдесіп, көңілді отырған әкем Қапсаттарды айтқанда тұнжырай қалды.
– Марқұм Қапсаттар жанның жайсаңы еді ғой, – деді Өтеген сөзін жалғап. – Жармағамбеттің бес ұлының ең жаманы мына Сейсен ғой… Қалғандары қасқыр еді шеттерінен. Әбсаттарды да, Нұржан, Дүйсендерді де көрдік. Ал Қапсаттар екеуміз мына бөгет салынғанда жарты ай күні-түні күзетіп, басында жаттық. Байлардың біразы бөгетті бұзамыз деп аңдыды да отырды. Ақыры таң алдында бес адам болып келіп, үстімізден бас салсын… менде не қауқар бар. Қапсаттар арпалысып жүр. Ақыры біреуінің сойылы басына қата тиген болу керек, содан тілге келмей кетті ғой.
– Қапсаттар өлгенше неге сен өлмедің? – деді әкем уһілеп. – Сен кімге керекпін деп қалдың?..
– Енді тағдырдың жазуы солай болса не істейсің, – деді Өтеген күмілжіп, өзінің өлмей қалғанына шын кінәлі адамдай қыпылықтап. Содан кейін үй ішінде амандаспай қалған бір адамды көріп қалып:
– Қарпық, аман ба? – деді есік жаққа мойнын созып.
Қапсаттардың атын айтқаннан кейін әкемнің көңілі көтерілмей қалды. Жүрегіндегі ескі жараның орны біржола шыққалы тұрған әдіре қалғыр ит жанын ең соңғы рет қинап қалып жатқанға ұқсайды.
* * *
– Ішіміздегі көкірегі зерделі, сауаттымыз Дүйсен үкімет ісіне араласып, ауылнай болған соң Әпсаттардан басқамыз ойға көшіп келдік, – деп бастайтын әкем бұл әңгімесін. “Кешегі сіңірі шыққан Жармағамбеттің баласы ауылнай болып, ел басқарған соң не жорық”, – деп күндегендер болды. Дүйсен қалаға барып, не оқу екенін кім білген, әйтеуір оқып келді. Байлар қанша менсінбесе де Дүйсеннің мінезінен, өткір тілінен қатты сескенетін.
Бір күні Дүйсен ағайынды үшеумізді жинап алып, сауатымызды ашты. Өкіметтің ұстап отырған саясатынан хабардар болып, ішіміз әжептәуір жылып қалды. Өкіметті тап бір соның өзі орнатқандай қайта-қайта кеп сұрақты жаудыртамыз. Біздікі түн ішінде көз көрмеген соң, жол қайда деп сұрай берген секілді ғой.
– Әліптің артын баға тұруға болмады ма, шырағым, – деді бір мезгілде әкем. Жоқты барға теңейді екен дегенің құлаққа қонып тұр-ау. Бірақ аумалы-төкпелі заманда жан сақтағанның да зияны жоқ. Омыраулап алға шыға бергеннің өзі жалпы жақсы емес қой… Дұшпан көп…
– Айтып отырған сөзіңнің жаны бар екені рас, әке, – деді Дүйсен. – Бірақ саясатқа үкіметтікі деп қана қарайтын болсақ, оның іске асуы оңай емес. Жұрт қолдамаса, қайтып іске асады. Жұрт қолдау керек. Бәріміз әліптің артын бақсақ, “жоқ” “барға” ешқашан да теңгерілмейді. Ал енді қолда мөр барда, күш барда, ойда жүрген бір істерді жасап тастағым келеді. “Әкеңнің асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба?” дейді ғой қазақ…
– Ол не? – дестік ештеңеге түсінбей.
– Бір ғана малға сенетін күн ертең қалады, – деді Дүйсен әкеме қарап отырып. – Жердің ырыздығы сумен ғана. Қаптал өзені көктемде ғана тасиды да, Ащықапталға құйып, тартылып қалады. Жайылым су болмаған соң, шабындық та жоқ. Өмір бойы кенезесі бір қанбай келе жатқан жоқ па. Егіншілік керек. Осы туралы үкіметтің адамдарымен ақылдастым. Сөзіме құлақ салғандар болды. Бірақ арнаулы оқыған маман жоқ, сондықтан жергілікті ақсақалдармен кеңесіп, көзді әбден жеткізіп алу керек дейді. Менің ойымша, Қапталды Құлпейіс көңі тұсындағы сағада бөгеуге болады. Бөгеттің ар жағын Жарқабаққа дейін созып, бергі бетін Сарыөзекке дейін әкелу керек. Сонда бүкіл Қамыстыкөлден Сарыөзекке дейінгі алқапты су алады. Қапталдан шығыр салуға, не шөл егін салуға болады.
Дүйсеннің мына сөзі бізді есімізден тандырды. Мұның бәрін қайдан біліп жүр? Бөгет деген не бәле? Басқаның бәріне жетіп болып, енді сол қалып па?! Оны кім салады? Әркімнің өз шаруасы бар, бөгеттегі шатағы қанша? Айтып отырған кезде сөзінің жаны бар секілді, бірақ миымызға толық кіріңкіремей тұр.
– Бөгет деген оңай іс емес, шырағым. Оны сонда кімге салдырасың?
– Елге. Көнбесе, зорлаймыз. Үкіметтің күші жетеді.
Үкіметті айтқан кезде бәріміз де жым боламыз.
Ертеңіне түс кезінде Дүйсен атқа отырды. Жанына мені ертіп алды. Екінші ауылға келдік. Қамбар бай көлеңкеде қымыз ішіп отыр екен. Жанында төрт-бес адам бар екен. Әйелі шарадағы қымызды сырлы ағаш ожаумен сапырып отыр. Біз де келіп көрпеге отырдық. Қамбар Дүйсеннен қаладағы жаңалықты сұрады, әлдебір татардың үйіне соққан-соқпағанын білді, сосын таяу күнде өзінің де сол жаққа жүргелі тұрғанын айтты. Содан кейін күліп, жерошақ басындағы сойылып жатқан малдың мәнісін түсіндірді.
– Мына отырған – Күнтуар батырдың ұрпағы Жапақ. Ерегіс десе, жанын береді. Өздері менің әкеме жиен болады. Аздаған қалжыңымыз бар. Әлгінде өзі тыныш отырмай, қажап мені… Соған бәстесіп отырмыз. Анау сойылып жатқан қара қойдың құйрығын тұтас, шикідей жемек.
Жапағы құлағы қалқиған, қалақтай, мұртты қара екен. Есерлеу ме деймін, “Бабамның аруағы, қолда”, – деп көзін алақтатып қояды. Сол екі арада ауыл адамдарының біразы бай үйінің маңайына жиналып қалды. Қой сойылып болды. Құйрығын шикідей шараға салып әкелді. Құдай-ау, семіз ісектің құйрығы ғой. Үйме шара… Жапақ екі білегін түріп алып, алдымен таспа тілгендей жұқалап турады. Тұз септі. Содан кейін тұз сіңсін деп үйдің іргесіне қойып қойды. Өзі сарнайтын бақсыдай көзін бағжаңдатып: “Бабам қайда, бабам”, – дейді әлсін-әлсін. Әлден уақытта құтырынып: “Әкел әлгінің бәрін, әкеліңдер тезірек!”, – деді айғайлап. Шараны алдына әкелді. Жапақ екі қолын кезек-кезек салып жіберіп, асап жатыр. Шайнамай жұтады екен. Шараны орталап келіп, тұрып қалды. Тағы да бабасын шақырып, бағжаңдап біраз тұрды да, қайтадан асауға кірісті. Құдай сақтасын, қараудың өзіне кісі жиіркенеді. Ақыры шикі құйрықтың бәрін бітіріп, шараның түбінде қанға қалқып жүрген майларды сүзіп алып асады да, саусақтарына жұққан майларды ит жалағандай етіп тегіс жалап қойды. Біреулер батырдың ұрпағы деп қоштап жатыр. Жапақ бірнеше тостаған қымызды қатарынан тастап алды да:
– Енді маған төсек салыңдар. Жастық кертпе биік болсын, – деді.
Бұдан бұрын бір тоқтының етін жеп кететін біреу көрген едім, бірақ шикі құйрықты жегенді көруім бірінші рет. Сол күні Қамбардікіне қондық. Ертеңіне Дүйсен ауыл адамдарын жиып алып, жиналыс өткізді. Бөгет туралы айтты. Үкіметтің өзі қолдап отыр дегенді қосты. Бірақ ешкім қостап шықпады. Қамбар күліп: “Бөгетке Жармағамбеттің атын қалдырайын деп пе едің”, – деп мазақ қылды. Одан үшінші ауылға жиналыс өткіздік. Одан да нәтиже болмады. Ақыры Дүйсен қалаға қайта барып, милицияны ертіп әкелді. Сөйтіп біздің елде бұрын-соңды болып көрмеген бөгет салу жұмысы басталды. Әрқайсысы өз малының соңында күн кешкен қазақтың әріректе жауға қарсы соғыста бастары біріксе біріккен шығар, бірақ жұмыста бірігіп көрді дейсің бе?
Біз секілді қара халыққа жер қаздың не, шөп шаптың не – бәрібір. Оның үстіне жұмысты жақсы істегендерге бәйге берілетін болды. Үш метр кездеме, бір шелек сөк. Байғабылдар жалғыз сиырын жегіп, түнге қалып жұмыс істейтін, ал байлар жағынан қиқаңдағандар болды, бірақ Дүйсен ауыздарын ашырмады. Сөзге шешен еді-ау. Ат үстінде тұрып, есігінің алдында Қамбарға зіркілдегенін естідім:
– Әй, Қамбар, баяғыда губернатор келгенде табанын жалап, Сарыөзектен Ақжанға дейін кілем жайдырып, әкеңнің асын бергеннен жаман шабылып едің. Жаңа үкіметтің құдіреті саған жетпейтіндей шіреніп отырсың. Өз күніңді ойлағанда да өлер жеріңді білмегенің-ау. Осы күнге дейін жасаған қылмыс өз басыңды жұтуға жетеді. Шын ерегескенде бүгін түннен қалдырмай айдататынымды басыңдағы бөркіңдей көр. Сенің андағы сасық арамдығың емес, надандығың батады маған, надандығың! – деді ғой.
Қамбар үйінің көлеңкесінде жер шұқыған күйде басын көтеруге шамасы келмеді. Ақыры байлар қосылды.
Күн шыға жұмыс басында боламыз. Біреулер ат, біреулер өгіз, тіпті ештеңесі жоқтар сиырларын жегіп келіп жүрді. Ағып жатқан суды ең алдымен топырақ толтырған қапшық тастап, бөгедік. Алғашында қайта-қайта ағызып кетіп, итімізді шығарды. Әйтеуір табанын бекіткеннен кейін үстіне ағаш әкеп салып, судың деңгейіне жеткіздік. Бәрін басқарып жүрген Дүйсеннің өзі. “Әне жерге ағаш төсеңдер, мына жерге қапшық салыңдар, құм төгіңдер”, – деп қақсап тұрады. Жұма сайын бәйге үлестіреді. Мына Байғабыл дүниеде өлермен еді ғой. Біз бір қапшық апарғанда, ол екі қапшық апарады. Және оныкі, құдай сақтасын, үлкен қанар. Шіркін-ай, қажымайды-ау. Бірақ анандай жұмыс қоя ма. Бір күні қапшықтың екі шетінен ұстап, тізерлеген күйі тұра алмай жатыр екен. Демеп жіберіп едім, тұра беріп қайта құлады. Әбден зорығып қалған.
– Шырағым-ау, өлесің бе? Шамаласаң болмай ма, – деймін.
– Сейсен-ай, ештеңе білмейсің ғой, үйде жейтін ештеңе жоқ. Осының азғантай сөгіне қарап отырмыз, – дейді әлгі шіркін.
Әйтеуір бір жақсысы, түс кезінде сусын келеді. Дүйсен алдаса да, қорқытса да байлардан қымыз алдыртады. Бірақ өзінің де шақшадай басы шарадай болды. Қамбарлар: “Дүйсен бәйгені өзінің Бектемір әулетіне таратып жатыр”, – деп бәле жапты. А, құдай-тағала! Дүйсенмен бір кіндіктен тараған мына мен соның бәйгесіне бір ілікпей қойдым ғой. Жұмысты өзгелерден кем істегенім жоқ. Тек Дүйсен: “Сөз болады, ана Қамбарлардың таратып отырған өсегін естіп отырсың ғой. Өлгелі отырған жоқсың, бәйгесіз-ақ күн көрерсің”, – деп жолатпайды.
Бөгеттің негізгі табанын бітірдік. Дәл сағадан бөлінетін өзек бар еді, соны бекітіп жатқанбыз. Осы Қамбардың кіші інісі Айдос менің қасымда болатын.
– Осыларға сенбеймін. Бақылап жүрмесең болмайды. Айдостан көзіңді жазба, – деген бірде маған Дүйсен.
Алғашқы кезде бақылап жүргенім рас. Бірақ қашанғы бақылай берейін. Шаршаған кезде өзге түгіл, өз басыңды алып жүру оңай емес.
Күн бесін шамасы еді. Қазып жатқан шұңқырымыздың түбінен ыза шығып, батпаққа айналғаннан кейін жаңадан жер қазып жатқанбыз. Айдос екеуміздің ортамызда жалғыз қол арба бар. Кезектесіп тасимыз. Бір рет қол арбамен Айдос кеткен. Әлденеге кешігіп, бөгеттің қабатынан шықпай қойды. Бұл не ғып жатыр деп ойлаймын. Ойымда ештеңе жоқ. Күрегімді тастап, бөгетке көтерілдім. Сөйтсем Айдос бөгеттің су жақ ернеуінде тізерлеп бірдеңені көміп жатқан секілді. Кенет Дүйсеннің “бақылап жүрмесең болмайды” дегені есіме сарт ете қалды. Жүгіріп келдім. Айдос қыбыжықтап: “Мә, арбаны аласың ба?”, – деп жолымды бөгей беріп еді, итеріп жібердім де, әлгі жерге үңілдім. Кішкене шұңқырда бірдеңе жылтырайтын секілді. Үңіле түстім. Жылтыраған нәрсе – сынап екен. Көмуге үлгіре алмай қалыпты. Сынапты неге шұңқырға салғанына түсінбей, айғайлап Дүйсенді шақырдым. Сынапты көрген кезде Дүйсеннің түтіккенін көрсең:
– Әкеңнің аузы… – деп келіп, Айдосты қақ маңдайдан қамшымен тартты ғой. Сөйтсе, сынап дегенің топырақты сыналап жік салып, бөгетті бұзатын нағыз бәленің өзі екен.
Бөгетті Ақжанға жеткізгенде жерге бозқырау түсті. Жұрт қыс қамымен, отын, шөп керек дегендей ыдырай бастады. Біздің Қапсаттардың өлермендігі жанда жоқ еді. Бөгеттің арғы қапталына адам қалмағанда жалғыз өзі жарқабаққа дейін бөгеп шықты ғой. “Мынада перінің күші бар шығар”, – дейтін назарымбеттің шалдары. Бүкіл жаз бойы бөгетті салып бітірдік. Қыс келді. Азғантай малды әйтеуір әупірімдеп қыстан алып шықтық. Көктемде өзен бұзыла бастаған кезде Дүйсен бөгетке күзет қойғызды. Алғашқыда екі-үш адам болып түнгі күзетке қалып жүрдік те, артынан Қапсаттар бөгетке үй ішімен көшіп барып, киіз үй тігіп отырды. Жанындағы серігі – осы Өтеген. Мен Кеншімбай түбегінен шығыр салатын болып, күн шықпай барып, әуіт қазып жатқам. Біреу атпен жалпақтап шауып келеді. Бұл кім десем, Өтеген екен. Келе аттан қарғып түсіп, мені құшақтай алды.
– Таң алдында бір топ адам келіп, Қапсаттарды соққыға жығып кетті, – деді иегі кемсеңдеп. Жүрегім су ете қалды. Торы атқа міне шаптым. Келсем, жеңгем Қапсаттардың басын құшақтап аңырап отыр. Аттан қалай құлағанымды білмеймін. Өлмеген шығар деп сойыл тиген жерлерін қолыммен сипап көрдім. Бірақ құлақтан кеткен қанды көргенде күдерім үзіле бастады. Амал қанша, шығарға жаным бөлек. Керегеге салып, Өтеген екеуміз ауылға алып келдік.
– Ұрпағымның ажалы тек кісіден болатын болды ма, – деп өкіріп әкем шықты.
Бірақ жылағаннан адам тіріле ме? Жыладық, жыладық та, апарып көмдік. Құдайдың бұйрығына не шара. Ырыздық, несібе таусылған күні бәріміз де көз жұмамыз. Құдай өзі берген жанын өзі алады, не істейсің оған. Бірақ менің жаныма бататыны – Қапсаттардың артында тұяқ қалмады. Өзі ұзақ уақыт перзент көрмей жүріп, кейіннен екі ұл көріп еді, өзі өлгеннен кейін екеуі де қызылшадан қайтты. Жеңгемізді ұстап тұра алмадық. Ағалары мықты еді. Жылын бергеннен кейін алып кетті…
* * *
Таңертеңнен түске дейін Қожахметтің кемпірінен басқа көңіл сұрап келген ешкім болмады. Оның өзі әкеме жаман көзімен сұқтана қарап:
– Апырмай, Сейсен-ай, түрің тым сарғайып кеткен екен, құдай өзі жеңілін берсін. Мынау жақсы емес, мынау. Былтыр ғой қайтыс болған қайнымыздың түрі өлер алдында дәл осылай сарғайып кетті ғой, – деп зәремізді ұшырды.
– Е, алла, – деді тағы кебісін киіп жатып. – Ат арыса тулақ, ер арыса аруақ деген… Тура былтырғы қайнымыздың ауруы ғой, түрі айтып тұр ғой…
Кемпір шығып кеткен кезде:
– Оттаған неме, – деді әкем жақтырмай, – қайнымның ауруы, қайнымның ауруы деп жоғалтқан малын тапқандай әңгірлегені…
Шай ішіп болғаннан кейін, жазатын қағаздарым бар еді деп жиен ағам да кеңсесіне кетті. Апам үй шаруасымен жүр. Мен әкемнің қасында отырмын. Анда-санда түкіргішін сұрағанда болмаса, көзін ашпайды. Ұйықтаған адамдай бір қалыпты дем алып, ұзақ жатты. Көңіліме әр түрлі ойлар келді. Біздің өз семьямызға ғана қымбат пенделік ұсақ-түйек шаруаларымыз болатын. Әкем қаладағы, біздің жаңа пәтерімізді көрмеген еді. Соны әдейі келіп көріп, ішіне құт тілеп, қайырлы болсын айтып, от басы бәле-жаладан аулақ болу үшін, әкесінен қалған бір тұмарды босағаға әкеліп қақпақ ойы болатын. Мықты дәрігерлер болса, көрінгеннің бөтендігі болмас дейтін. Базардан ширатпа насыбай алдырып, түсте келіннің қолынан шай ішіп, екі немересін аймалап, қаланың саңғырлаған үш бөлмелі үйінде бір шалқайып жатсам деген жоспарлары болушы еді. “Баламның әкелгені”, “балам беріп жіберіпті”, “балаға алдырттым” деген сөздер ол кісінің аузынан ерекше бір мақтаныш сезіммен шығатын. Өмірінде бір шалқып қуанып көрмеген әкемді көкірегіндегі бүкіл шер-шеменінен құлан-таза айықтырып жіберетіндей бір қуантсам деген арман менің көңілімнен кетпейтін. “Алдағы жазда”, “алдағы күзде”, “алдағы жылмен” мінеки енді өмірдің санаулы сәтінің үстінде отырмыз. Өміріңде не ата-анаға, не дос-жаранға көңілдегі жақсылығыңды жасай алмай, бүкіл уақытыңды өткізіп алу қандай өкінішті.
Өмірдің мағынасын үнемі алыстан іздейміз. Әлдебір ұлы оқиғаны, ұлы әрекетті алыстан бастағымыз келеді. Дәл жанымыздағы негізгі мақсатқа уақытымыз жоқ. Оған алдағы жаз, алдағы күз немесе алдағы жыл бар.
Көзіме жас келді. Орамалмен көз жасымды құрғатып, басымды көтерсем, әкем шүңірейген, жүдеу жанарымен маған тесіле қарап жатыр екен.
Басын шайқады. Түсінбей, тақап келіп қолынан ұстадым. Әкем қолымды әлсіз қысты да, тағы басын шайқады. “Жылама” дегені болар деп жобаладым.
Осы кезде “ассалаумағалейкүм” деген бірнеше дауыс қатарынан шықты да, көңіл сұрап келген адамдар үйге кіріп келгенде көңілім жадырап сала берді.
Қонақтар көрші совхоздан келген адамдар екен. “Бой қалай?” деген сұрақтың бәріне әкем басын изеп жауап берді.
– Ауру деген шелектеп кіріп, мысқалдап шығады деген ғой, – деді сақарға салғандай аппақ, қоңқақ мұрынды, ірі шал. – Біз тек қазақшылықпен ғана жүре береміз, тегінде үкіметтің доғдырына көрінгеннің түк зияны жоқ. Қилымның бұл күнде білмейтіні бар ма?.. Біздің әлгі тракторист ұлымыз алдыңғы жылы соқырішек болып, ауданға апарып, операция жасап, аман қалды ғой. Егер бұрынғы кез болса, түйнек болып өлер еді де қалар еді. Құдай бетін аулақ қылсын, – деді өз сөзінен өзі шошып. – Баяғы заманда осы балалар қызылшадан қырылып қалмайтын ба еді. Қазір солардың бәрін құртты.
– Қазақ байғұсты өсірмеген баланың өлімі ғой, – деді шетте шылым тартып отырған көзілдірікті кісі.
– Жармағамбеттің әулетінен ұрпақты әулет болған жоқ осы өмірде. Бес ұл, үш қыз өрбіді. Бес ұлының бесеуі де қасқыр. Шетінен атқа мініп, елге ақыл айтатын азамат болып шықты. Ақыры содан қалған мынау жатқан жалғыз Сейсен ғой, – дейді қоңқақ мұрын шал. (Әкем үнсіз құптап, басын изеді) – Мал бір жұттық дегендей, адам да бір жұттық қана тіршілік қой. Әлгі қалада тұратын өзіміздің балалар елге бір бала, екі баласымен қыдырып келеді. “Шырағым, үй болып отау тіккелі бәленбай жыл болды, әлі екі баладан аса алмай келе жатырсыңдар ма?”, – деймін ғой. “Баланы көбейтіп қайтеміз, осының өзін аман өсіріп шығарсақ, жаман болмас”, – дейді әлгілер. Әйелдері балабасты болып кетеміз, денсаулығымыз құриды, өмірдің қызығын көре алмаймыз деп шалқақтайтын көрінеді. Астапыралла! Тіпті жаның түршігеді… Сондағы көргісі келетін қызығы қай қызық екен?..
Көзілдірікті кісі шалдың сөзін өзінше түсініп, қарқылдап күліп жіберді.
– Бір үйлі жанның түндігі ашылмай қалған кездер де болған, – деді шоқша сақалды, жылтыр қара шал.
Әкем қабағын түйіп, көзін жұмды. Бір жері ауырып тұр ма деп бетіне үңіліп едім, “отыра бер” деген белгі берді қолымен.
Менің есіме жамағайын біреудің бала көтермеген әйелі “босаныпты” деген хабар естігенде әкемнің жылағаны түсті. “Шіркін-ай, ұрпақ қалмай қояр ма деп қорқып жүруші едім, тоба, құдайдың жасаймын десе, жақсылығы аз ба” – деп жаулықтай шұбатылған бет орамалымен көзін сүрткен. Мен кезінде соған мүлде түсіне алмай қойып едім. Айдаладағы біреудің әйелі босаныпты дегенге өз басым қанша зорлансам да жылай алмаймын. Арыстай ағаларының бәрінен айырылып, жалғыз қалған бейшара әкем жан басының мынау тіршілікте қанша қымбат екенін менен гөрі жақсырақ білген болуы керек.
* * *
– Әпсаттар, Қапсаттар, Нұржан, Дүйсендерден айырылып, соқа басым қалғанда да жаны құрғыр бөлек болған соң ербиіп, тіршілік етіп жүре бердік қой, – дер еді әкем әңгімесіне кіріспей тұрып. – Бөгет салып болғаннан кейін, бір жылдан соң кәмпеске басталды. Кәмпеске комиссиясының мүшесі етіп мені де жазып қойыпты. Қамбардың ауылына сәскеде сау ете қалдық. Антұрған ол да сезіп қалған екен, жүктерін буып-түйіп, көшуге қамданған секілді, бірақ үлгіре алмапты. Милицияның күші қоя ма, мылтықтарын кезеп, бірін тыпыр еткізбеді. Қамбардың әйелі дауыс қылып, талып қалды. Қамбардың өзі есіріктеніп, көрінгенге жүгіре берген соң, үйдің сыртындағы белдеуге байлап тастадық.
Малдарын бөлек-бөлек санадық. Тек жылқысының өзін кешке дейін санап әрең бітірдік қой. Құдай сақтасын, не деген көп. Ой, небір сәйгүліктерді көрдім-ау. Байлық дегеннің өзі адамға біте береді екен ғой. Тіпті қазақы жылқыға ұқсамайтын бір тұқымдар жүр ішінде. “Қамбар түрікпен бәйгі атын алдырыпты” деген сөзді естіп жүруші едік. Сол сөздің жаны бар болып шықты.
Келесі күні түйе саналғанда бір ақ түйе қораға кірмей, аласұрды-ай келіп. Айнала қамадық. Бір мезгілде әлгі түйе шым албардан құстай ұшып бір-ақ қарғыды да, тапа-тал түсте көз алдымызда ғайып болды. (Мен әкемнің әңгімесіне дәл осы жерге келгенде сенбей қоямын. Бірақ жайшылықта әңгімені әсірелеу дегенді білмейтін әкем осы тұста “өз көзіммен көрдім” деп, мүлде бой бермейді.) Комиссияның бастығына түйенің жоқ болып кеткенін айттық. Ол “Қайтсеңдер де табасыңдар”, – деп қожаңдап еді, бәрібір ештеңе шықпады. Ақ түйені айнала шарлап, таба алмадық. Кейін Қамбардың өзінен сұрағанда: “Ақ түйе малымның иесі еді”, – деді бізге.
Құдай да астамшылықты көтермейді ғой, жұртқа шикі ет жегізіп, қызықтап отыратын сол Қамбар баласын жетектеп жүріп, ақыры аштан өлді ғой. Атағы жер жарған Естөрені де көрдік. Бірде азық-түлік жағы тапшылау болған соң, өзіміздің қырманнан түскен азықтан екі шелектей астықты бөктеріп алып, Жыландыда қалған Әпсаттардікіне келгем. Ол жақ, ойдан гөрі таршылықты көріңкіреп отыр екен, бірақ әйтеуір жерге қарап қалмапты. Көршісі – баяғы Айтыбай. Ол жаққа да кәмпеске жүріп өтіпті. Күздің жауын-шашыны бір басылмай қойған. Оның үстіне өліараның шағы еді. Қара суық өңменіңнен өтеді.
Кешкілік Әбекеңнің балалары тары нан жеп, мәре-сәре болып, жеңгеміздің де төбесі көкке жеткендей қуанып, бір көтеріліп қалды. Түнімен әңгімелесіп, ойдың жаңалығын айттым. Ертеңіне сәскеде тұрып, далаға шықтым. Атымды көрейін деп албарды айнала бергенімде Айтыбайдың үйінің есігінің алдында тұрған алба-жұлба қайыршыны көрдім. Қолында таяғы бар, кемсеңдеп, бірдеңе сұрайтын секілді. Бері қарағанда таныдым, Естөре екен. Өз көзіме өзім сенбей, қадалып кеп қараймын. Естөренің өзі. Алла тағаланың құдіретінде шек бар ма, баяғыда Айтыбай жалғыз қойын сойып, дәмін дайындап қойып, шақырғанда ауыз тиіп кетуге ерінген Естөре енді Айтыбайдың табалдырығынан аттай алмай, мүсәпір болып тұр. Айтыбай да қатты-ау: “Біз аштан қырылып жатқанда итке тастайтын асыңды қимаушы ең, енді қай бетіңмен келіп отырсың, аулақ”, – деп маңына жолатпады.
Ойдағы елге қайтып келсем, әжептәуір жаңалық болыпты. Дүйсен орнынан түсіп, Жанайдардың Кенжебегі ауылнай болыпты. Баяғы қылышынан қан тамған ұрының тұқымы еді. Кәмпескеге ілікпеймін деп бар малының көзін құртып, кедей болып шыға келіпті. Дуанда нағашысы ма, жиені ме – бір туысы бастық екен деген сыбысты еститінбіз. Ешкімге қайыры жоқ, қаны қара ит еді-ау. Талай адамның обалына қалды ғой.
Бұрын ел сыйлаған, атақты Тілепалды деген молда болды. Соны милициямен айдатып әкеліп, өз қолымен сақалын күзегенін көрдім. Шаш ал десе, бас алатын.
Шотай дейтін кісінің оқытамыз деп милициямен келіп, қызын тартып алып, өзінің інісіне алып беріп, онымен қоймай “малын тығып отыр” деген өтірік әкті жазып куәландырып, кәмпескеге іліктірді ғой. Байқұс кедейден іліккен орташа ғана еді.
Құдай сақтасын, Кенжебек келе жатыр десе, ішіп отырған асың көмейден өтпей қалатын.
Ол кезде мен Қапталдан шығыр саламын. Осы күнгі Ақсуаттың тұсы. Дүйсеннің данышпандығын сол кезде бір-ақ білдік қой. Мына қыр жақтағылар босып кеткенде ойдағы қалың елді аман алып қалған сол бөгет болды. Көктемде өзеннен асып, бүкіл артельді алып, Қондыбайға дейін жеткен суды өмірі көрген емеспіз. Жаз ортасында шалғын дегенің аттың қапталынан асады. Бүкіл өңір көкпеңбек болып, жайқалып сала берді. Ырыздық дегеннің өзі сумен келеді ғой деймін. Қамыстыкөл мен Қарасуда құс пен балық қаптап кетті. Көз қарайған шақтарда екі көл мен өзеннің балығы таптырмайтын қорек болды. Тегінде адам жиған қор бітсе де, жарықтық табиғаттың қоры бітпесін де.
Сөйтіп шығыр салатын болып, үйді өзен жағасына көшіріп әкелдім. Алдында орталықтан дүкен ашылыпты деген хабар естігенбіз. Бір жағынан дүкеннен бір құрал-саймандар алайық деп, Тырқай екеуміз таңертеңгілік шай ішіп болысымен атқа отырып, орталыққа шыққанбыз. Бұрынғыдай ішпен жүру қайда, Ақбидайықты айналып, қырмен кетеміз. Сәске ауа орталыққа жеттік. Бұрынғы байлар салдырған поселке ғой, кеңсесі – Досбол байдың үйі.
Тырқай екеуміз алдымен өзіміздің құда Аманжолдікіне түстік. Баласы сельсоветтің хатшысы болып істейтін. Біреулерді шақырып қойған ба, өздері лақ сойып, әбігер болып жатыр екен.
– Жақсы келдің, Кенжебектерді қонаққа шақырып отыр едік. Сағижанды іліктіріп жүрген сол ғой. Бірге болып, дәм ішерсіңдер, – деп бәйек болды.
Тырқай:
– Апырмай, Кенжебектермен де дәмдес болатын күн бар екен-ау, – деп жымың-жымың етеді…
Атымызды Аманжолдың үйіне байлап, жаяу кеңсеге келдік. Ауылнай ақырып, бет қаратпайды. Екі сөзінің бірі “байдың құйыршығы”, “айдатам”, “жаптырам”.
– Егістік тұқымға келдім, – деп едім:
– Өткен жылғы егістен ұра қазып, астық жасырыпсың ғой. Білемін сендердің ойларыңды. Биыл да сөйтетін болсаң, жақсылық күтпеңдер, – деп өзіме дүрсе қоя берді.
– Ұра қазсам, тінтіп тауып алыңдар. Ал жұрттың таратқан өсегіне жауап бере алмаймын, – дедім.
Егістік тұқымды екі-үш күннен кейін алатын болып, Тырқай екеуміз дүкенге келдік. Пірканшігі – Ыбырайдың Темірі екен. Шіреніп қалыпты. Қарындашын құлағына қыстырып алып, сәлеміңді де жөнді қабылдамайды. Бірақ дүкеннің ішіндегі заттарды көріп, ішіміз жылып сала берді. Тістеуіктен-ақ өліп жүргем, екеуін алайын деп едім, әлгі иттің баласы, басқаларға да керек деп, біреуін ғана бергені. Сым темір, егеу, шеге дегендер де бар. Тырқай екеуміз азғантай ақшамыз жеткенше алдық. Несиеге ештеңе бермеді.
Түске қарай Аманжолдікіне қайтып келсек, тамақтары пісіп қалған екен. Төрде ауылнай Кенжебек пен белгілі атқамінер пысық Смайыл отыр. Аудандағы басшы уәкілдер жайында болу керек, бәленше бұлай, түгенше солай деп бізге түсініксіз бір әңгімелерді соғып отыр.
Аманжолдың хатшы баласы әкесіне тартқан пысық еді, қайдан тапқанын қайдам, шай үстінде арақ құйды.
– Өздерінің заманына сай ішімдігі ғой, көңілдері шапса, ішсін, – деп Аманжолдың өзі шегініп отырды.
Араққа ауыз тиген соң-ақ екі жақсымыздың екеуі де өзгеріп сала берді. Арақтың адамды қалай құтыртатынын бірінші рет көруім еді. Жын иектегендей көздері кілмиіп, бір-біріне көпіріп, мақтана бастады. Кенет Кенжебек мәлік болған сиырдай ала көзденіп бізге қарап тұрды да:
– Құй мынау екеуіне, – деді.
Шошып кеттік. Тырқай болса, намаз оқитын адам. Мен намаз оқымасам да, арақ деген бәлеңді бұл ғұмырымда ішіп көрген емеспін.
– Қой, ойбай, – деді Тырқай безілдеп, – бізді қайтесіңдер. Іше беріңдер…
– Жоқ, құй, – дейді Кенжебек.
– Ішіп көрген затымыз емес, ұшынып қалармыз, бізге қарамаңдар, – дедім мен де.
Біздің қарсылығымызға көнеді деген не.
– Ішпей көрсін осыдан. Қалған ісім осылармен болсын, – деп нығызданады Кенжебек.
– Кенжекең әнеукүні Тілепалды молданың өзіне де ішкізген, – деп шаптайды Смайыл.
Шоши бастадық. Кенжебекпен дәмдес болам деп қуанған Тырқайдың маңдайынан шып-шып тер шықты. Кенжебек орта кеседей қылып екеумізге құйдырып, өз қолымен алдымызға қойды. Ауылнайдың айтқанын орындататын құдіретін қызықтағандай қалғандары мәз болып қалыпты.
– Ойбай, Кенжебек ішкізем десе, сөз табады. Кісінің есін тандырып жібереді ғой. Әй, Кенжебек-ай, – деп Аманжол сылқ-сылқ күледі.
– Не мынаны ішесіңдер, не дін жолын қуған қожа-молданың құйыршығымыз деп мойындайсыңдар – екінің бірі, – деп Кенжебек шегір көзі тікенектей қадалып, тұрып алды.
Өзі біздің Дүйсеннің соңына түсіп жүр екен дегенді естігенмін алдында. Көңілім секем алып қалды. “Ерегіс басы – боқ жеме”. Атаның құнын елемей, қияндағы қысыр ерегіске мал-жанын салатын қазақ емес пе. Қазір ішпесем, осы иттің баласы кек қылып, Дүйсенді сүріндіріп жүрмес пе екен деген жаман ой келді. Ақыры бұлтаратын жер болмады. Тырқай екеуміз кесені алдық та, көзімізді жұмып, құдайға сиынып, тартып жібердік. Өзегімізді тіліп-ақ түскен екен деп едім. Шашалып қала жаздадым. Тұншығып, әрең дегенде есімді жидым. Құдай сақтасын, осыншама азапқа батып, жұрт неменесіне ішеді екен деп ойлаймын. Бірақ бірте-бірте арақтың әсерін сезе бастадым. Көңілім көтерілгендей болып, аналарға қосылып сөйлегім келетін сияқты. Тырекең қып-қызыл боп, қайта-қайта нан шайнай береді.
Аманжол осының бәрін өзіне бір үлкен жетістік көріп отырғандай, жастыққа шалқайып жымың-жымың етіп, бір қолындағы түкіргішіне шырт-шырт түкіреді.
Еттің үстінде Кенжебек бізге тағы ішкізді. Содан кейін-ақ не болғанымды толық білмеймін. Бір тұста атқа міне алмай жатқаным есімде. Есімді жисам, айдалада шөптің үстінде жатырмын. Жанымда Тырекең. Қор-қор етеді. Екі ат айқасып байлаулы тұр. Тырқай ма, мен бе байлаған, ешкім білмейді… Тәрізі түзге отыруға түскен болуымыз керек. Сол қалпымызда Ақбидайықтың сыртындағы шалғынға құлай кетіппіз. Тырекеңді әрең оятып алдым. Ақыры атқа отырып, түн ішінде ауылға жеттік. Ертеңіне екеуміз де ауырдық. Тырекең діндарлау адам еді, сол жолғы бәле жақпаған болу керек, ақыры ауру болды. Әкесі үлкен молда болған, әулие адам ғой. Түсіне кіріп, арақ ішкеніне назаланған секілді. Содан Тырекең жыл сайын әкесінің басына барып, құран оқып, түнеп қайтып жүретін.
Сол жазда Дүйсеннің басқаруымен артель құрдық. Ауданнан өкіл келіп, “Қызыл артель” деп ат қойып кетті. Біздің ендігі ойымыз Әпсаттарды Жыландыдан алдырып, өзімізбен бірге артельге енгізу еді. Біздің артельге кіріп алғанымыз жақсы болды. Кенжебек секілділер сенің орташаңа қарай ма. Талай бейшаралар нақақтан ілігіп кетті ғой. Өмірінде жалшы ұстап көрмеген, кедейліктің зардабын өмір бойы көріп келіп, енді-енді аузы аққа тиіп, екі малының басы көбейіп, желіге жылқы бітіп келе жатқан орташа сорлылар кеткенде жаның қалай ашымасын. Біздікі тек Дүйсеннің арқасында ғана адаспай шыққандық қой.
Жаз бойы Жыландыға барып қайтуға көліктің реті келмеді. Әкем:
– Әпсаттардың үй-іші не күйде екен, қыр жақтың жағдайы жақсы емес деп жатыр ғой, барып білуге халдеріңнің келмегені-ау, – деп зарлай береді.
Сөйтіп жүргенде күз келді. Артельде күш қылатын адам соншалық көп емес. Шөптен шыға алмадық. Ақыры қыс түсті. Қыста қайда шығасың. Қамалып отырдық та қалдық. Келесі көктемде судың қайтуын күттік. Содан не керек, жаздың ортасында өзіміздің артельге қосқан торы атқа мініп, Жыландыға тарттым. Жаз ерте түскен еді. Қырдың шөбі де қурап кетіпті. Жыландыға дейінгі 90 шақырымға жуық аралықта Дауқардан басқа жерде ел жоқ. Онда да Қожай деген кісі ата-мекені болған соң шыға алмай отыратын. Шөлді жер. Құдықпен ғана күн көреді. Таңертең ерте шыққан адам торы атты зорықтыра жаздап түнде әрең жеттім. Келсем, Әпсаттардың үйі жабық. Терезесін қағамын, есігін қағамын, ашпайды. Есікті сындырып ашып, үйге кірдім. Тастай қараңғы. Тіршілік иісі сезілмейді. Зәрем зәр түбіне кетті. Әбден запы болған жүрек тағы да бір жаманшылықты сезді. Жанұшыра жүгіріп Айтыбайдың үйіне келдім. Айтыбай да, әйелі де төсек тартып жатыр. Жөн сұрадым.
Айтыбайдың айтқаны:
– Осыдан бір ай бұрын Әпсаттар үй-ішін ертіп алып, жаяу ойға кеткен. Мұндағы жағдай сендердегімен бірдей емес. Жатысымыз мынау. Ауылнайың белгілі Омар ғой, Малдыбайдың тұқымы. Ой жаққа мен де кетіп қалғым келіп еді. Бәйбіше ауру болды да, жете алмаймыз ғой деп қорықтым. Әпсаттардың жетпегені-ау, шіркін-ай. Олар шыққанның келесі күні-ақ әуе айналып жерге түскендей ыстық болды ғой. Өлмегенге өлі балық кездесіп, бір жөні болмаса, әй , қайдам… Бір айдан бері нағып түк хабар жоқ…
– Не дейді?! – деп өкіріп қоя беріппін.
– Қой, жаманшылық шақырма. Өлігін көзіңмен көрген жоқсың. Бір жерде отырған да болар… Жылама, – деп жұбатты Айтыбай.
Әпсаттардың үйіне әкелген азғантай тарының жартысын Айтыбайдікіне беріп, таңертең Әпсаттарларды іздеуге шықтым. Көңілімде ешқандай үміт жоқ. Шыққанына бір ай болса, қандай үміт болсын. Қара жолдың айналасына көз жіберіп, аяңдап келе жатырмын. Жол маңында көзге ілігер қара жоқ. Қу медиен дала. Анда-санда ұшар төбенің басына айқайлатып салған зираттар, шошақ тамдар, обалар… Сордан өтіп, Дауқараға дейін келдім. Дауқарада ел жоқ екен. Қожай қайда екені белгісіз, көшіп кетіпті. Құдығында ит өліп жатыр. Енді жолды тастап, обалардың төңірегін шарладым. Ақыры іздеген сорыма жетіп тындым. Үлкен жолдан Төлек сайына бұрылатын тағы бір жол бар еді. Сол жолдың бойында жатқан баланың киімін көрдім. Көп ұзамай тағы бір дорба… одан әрі Әпсембеттің пешпетін кездестірдім. Зәре кетті. Айдалада аңырауға өз даусымнан өзім қорықтым. Күн еңкейген шақта жолдың шетінде шашылған адамның сүйегін көрдім. Баланың сүйегі екен. Төрт-бес шақырымдай жүргеннен кейін Әпсаттарлардың өліктерінің үстінен шықтым. Әйелінің сүйегі қатарында жатыр. Екінші балалары өздерінен бұрын өлген болуы керек, жолдың екінші бетінде. Еттері ағып кетіпті. Киімдері сүйектеріне жабысып қалған. Жылауға шамам келмей қалды. “Аллалай” бердім. Әпсаттардың өлігі көз алдыма келсе, осы күні де кейде екі қолымды төбеме қойып, безіп кеткім келеді.
Не істерімді білмей, мәңгіріп біраз отырдым да, құдайға сиынып, “құлхуалла” қайырдым. Адамның ондайда буыны кетіп қалады екен. Үш ұмтылып, орнымнан әрең тұрдым. Жолдың арғы бетіндегі баланың сүйегін “бісіміллә” деп көтеріп алып, қатарға қойдым. Сосын атыма мініп, кейін қайттым. Түн ортасында Айтыбайдікіне жеттім. Айтекең басын көтерген екен. Менің әңгімемді естіп болған соң, көңіл айтып, жұбатқан болды.
– Күн болса аңызақ, баламен шыққан адам шөлге шыдай ма. Бекер қылды, кетпей тұра тұруы керек еді, – дейді баяғы.
Атымды суардым. Өзім де қаталап қалған екем. Ақсу қайнатып ішіп, есімді жидым. Таң ата Әпсаттардың қорасынан кетпенін алып, кешегі ізіме қайта түстім. Жолай кездескен бірінші баланың сүйегін дорбаға салып, үшеудің қатарына қойдым. Сосын түске дейін сол жерден төрт адам сыятындай ұзынша қабір қазып, ағам мен жеңгемді екі баласымен көмдім. Басына құран оқыдым да, белімді шарт буынып, атқа отырдым. Ауылға келгенде үйдің ішіндегілер менің түрімді көріп, шошып кетті. Бәрін айттым. Әкемде ес жоқ. Құр лоқсып, құса береді. Дүйсен көп жылады. Ақыры әйтеуір сүйегі далада шашылып қалмай, топырақпен көміп, төмпешік шошайтқанға шүкіршілік етіп, сабамызға түстік.
– Далада қалса, тіпті таба алмай қалсаңдар, қайтер едіңдер. Оған қарағанда, құдайға шүкір сүйегін таптыңдар, енді өткен-кеткенде басына соғып, құран оқып тұратын белгінің болғаны да құдайдың аянышы шығар, – деп жұбатты біреулер. (Осы тұста әкем мынау бір Әпсаттар өлгенде шығарған күйім еді деп, мойнын жезбен қаптаған ескі домбырасын алдырып, қазақтың ескі қара өлеңінің ізімен шығарылған зарлы күй тартар еді).
Жаздың аяғында қырман салдық. Көк тарыдан келсоқ жасап, ой бір рақатқа баттық. Ауданнан уәкіл келіп, артелімізді мақтап, өзгелерге үлгі етті. Оның артынан баяғы Дүйсеннің бөгет саларда көмектескен инженер орысы келді. Дүйсенмен кешке дейін шүлдірлесіп, ақыры келесі күні ауданға алып кетті. Содан Дүйсен ауданда басшылық қызметке тұрып, үй-ішін көшіріп әкетуге бір-ақ келді. Дүйсен ауданда бастық болған соң, тіпті рақат болды. Ауданың мынау тұрған алпыс-ақ шақырым. Қит етсе, жетіп барып, Дүйсенге шағымымызды айтамыз. Ол орындаттырмай қоймайды. Одан колхоз болғаннан кейін де тек ауызға ілігумен болдық. Бір жылы Сайдың табанына көктемде егін салып, сондағы егіннің бітігі-ай. Атты адам көміліп кететін.
Кейін малды қайта бөлгенде бізге бір жалы тұяғын жапқан қара бие тиді. Осы күнгі жылқымыздың бәрі соның тұқымы ғой. Жарықтық құт болып кірді.
Сөйтіп жүргенде тағы бір бәлеге тап болдық.
Жаздың аяқ тұсында көлдің маңы шаң болып кеткен соң, артель жиегіне қарай көшіп барғанбыз. Мен қырманның түнгі күзетіне шыққалы отырғам. Есік алдындағы ит үрді де, ат тұяғының дыбысы естілді. Әлдекім үй сыртында түсіп жатыр, үйге кіргенде бір-ақ білдік, Дүйсен екен. Әкем мәз болып қуанып қалды. Бірақ қуаныш ұзаққа барған жоқ. Дүйсен орнынан түсіп қалыпты. Айтуына қарағанда, өзі арыз беріп түскен секілді. Енді жақында үй-ішін көшіріп әкелмек екен.
– Шырағым-ау, сонда адам осылай суыт жүруге бола ма екен, – деп шошынды әкем.
Дүйсен мені оңаша шығарып алды.
– Ертең екі ат дайында, бесінші ауыл жақтағы нағашыларымызға барып қайтайық, – деді маған.
– Жарайды, – деймін ештеңеге түсінбесем де.
Ертеңінде екеуміз сәске шамасында ауылдан шығып кеттік.
Дүйсен жол бойы маған тіс жарып ештеңе айтпады. Тек өз жағдайымызды, жалпы елдің шаруашылығын сұраумен болды.
Түсте Төлепберген үйіне түстік. Нағашымның тірі кезі. Дүйсен келді деген соң, төңіректің біразы жиналды. Бұл маңай да әжептәуір ауқаттанып қалыпты, бір-бір лақ сойып, ауыл адамдары шақыра бастады. Кешке жатарда нағашымдікіне келдік. Дүйсен шалмен қалжыңдасып ойнай беруші еді.
– Бақа жеген Ожайлардан да колхоз жасап шығарған үкіметтің құдіретіне дауа бар ма! – деді.
– Е-е, сенің ел басқарғаныңның арқасында талай дәмнен ауыз тидік қой, – деді нағашым.
Дүйсен қарқылдап күліп жіберді.
– Әй, шалым-ай, баяғы тілің қарап тұр екен ғой. Рас, рас, талай дәмнен ауыз тидік… Бақа деген түк емес қой, – деді.
Жатар алдында қымыз ішіп болып, Дүйсен домбыра тыңқылдатып отырған.
Нағашым басын көтеріп:
– Әкең Жармағамбет қой бақтырып қоюға таптырмайтын момын жан еді. Бес баланың арқасында ел сыйлайтын болды. Әкеден асып, елге аға болдың. Оқығаның бар, тоқығаның бар. Жақсы-жаманды, оң мен солды бізден гөрі жақсы айырасың. Заман болса жаңарды. Дүниеде не жақсы, не жаман?.. Қайткен озады, қайткен қалады… Біздің мына жалпақ бастарға өнеге болсын, айта отыр, – деді Дүйсенге қарап.
Дүйсен үн-түнсіз біраз отырды да:
– Дүниеде артты қысып тыныш жүргеннен жақсы ештеңе жоқ екен, – деді домбыраны жүкке сүйеп жатып.
– Е-е, бір біз тыныш жүрмеппіз бе, – дейді нағашым сақалын сипалап.
Дүйсен әлденеге ренжулі сияқты.
– Бір үйлі жаннан бір ұрпақ қала ма, қалмай ма деген де күн болған, нағашы, – деді. – Заманның жақсарғаны осы емес пе. Қой сойып, қонақ күтіп отырсың. Кешегі Қуандық байдың жындылары үйіңе келіп, отырған орныңда сабап кетсе, не берер сотың жоқ, не кек қайтарар күшің жоқ – ішіңнен тынып қалмас па ең. Қазір құдайға шүкір, қорғайтын үкімет бар. Әлгі қақсап жатқан права, теңдік дегенің осы ғой. Анау ержеткен немереңді қалаға жіберіп, оқыт. Төрелікті аңсасаң, оқымай төрелік жоқ, ұқтың ба, нағашы.
Нағашым күліп, басын изеді.
– Ұқпай, сенің әкең дейсің бе жұрттың бәрі. Сенің өзіңді де сүйреп жүрген біз шығармыз. Болмаса Жармағамбетте жоқ әулиелік саған қайдан келеді, – деді шақшасын алып жатып.
Дүйсен мәз болып күліп жатыр.
Таңертең жүрерде Дүйсен нағашыммен құшақтасып қоштасты.
– Көрісе алмасақ, қош болғайсың, шалым, – деді.
Нағашымдікінен шығысымен ауылға тіке тартпай, Табылдыға соқтық. Табылдыда Дүйсеннің қайнағасының үйінде шай ішіп отырғанда Мырзатай деген жас жігіт:
– Дүйсен аға, мен сіздің ауылдан әлгінде келдім. Сізді ауданнан машинамен іздеп келіпті. Неге іздеп келгенін ешкім ашып айта алмады. Бірақ сыбыс сөздерін ұнатпадым… Жақсылық емес сияқты, Дүйсен аға, – деді.
Дүйсен боп-боз болып кетті. Ішіп отырған шайын төңкере салды.
– Не боп қалды? – дедім ештеңеге түсінбей.
– Жүрейік, – деді Дүйсен.
Атқа отырдық.
– Сейсен, – деді маған былай шыққан соң. – Жағдай қазір жақсы емес. Халық жауы деген бір бәлені шығарып, азаматтардың біразын ұстап әкетіп жатыр. Арғы түбін құдай білсін, бір арандату бар секілді. Әдейі көзге түспейін деп елге келгем. Ұстап кетсе, бір құдайдың жазғаны шығар. Үйге барайық, әкеммен қоштасып қалайын. Бірақ төте жолмен жүрмейік, жүргінші аз жүретін қырмен кетейік. Сақтық керек.
– Ойбай-ау, коммунист емессің бе, үкіметті орнатысқаннан басқа не жазығың бар, – деймін ғой мен сорлы. Зәреден зәре жоқ.
Қырғы жолға түсіп, бөгеттен өте берген кезде алдымыздан сумаң етіп қара машина шыға келді.
– Болмады, жеткізбеді, – деді Дүйсен даусы дірілдеп.
Машина қатарымызға тоқтай қалды да, ішінен бір орыс, бір қазақ шықты. Түрлері адам қанын ішкендей сұп-сұр.
– Жармағамбетов, сіз тұтқындалдыңыз, – деді қазақ жігіт. Басым айналып, көзім қарауытты. Аналардың не сөйлеп жатқанын, Дүйсеннің не айтып жатқанын естіп тұрған мен жоқ. Дүйсен атынан түсіп, шылбырын маған ұстатқанда барып есімді жидым.
– Ойбай, Дүйсен-ау, не күйге түстік, – деймін жыламсырап.
Дүйсен де мықты еді-ау.
– Кел, қоштасайық, – деді күлімсіреп. – “Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр” деген ғой. Дәм жазса, қайтып келеміз. Әкеме сәлем айт…
Құшақтасып қоштастық. Содан кейін Дүйсен машинаға отырды. Мінеки, аллоақбар, содан кейін қайтіп біз Дүйсенді көрмедік.
Мен Дүйсен мінген торы атты жетектеп, үйге қайттым. Әке байқұс содан ауру болды. Уайым шіркін қоймайды ғой. Келесі көктемнің аяқ кезінде қыстауда қайтты. Өлер алдында сөйлей алмады. Тек қолымды қысып, жалғыз саусағын шошайтты. Жалғыз қалдың дегені болу керек.
Өзінің өсиеті бойынша ескі қорымға апарып көмдік.
Дүйсеннің үйіндегі Гүлсім жеңгеміз кейін күйеуге шығып кетті. Жалғыз баланы өзімен әкетті. Кейін баланы екінші күйеуінің атына жаздыртты деп естідік. Қазір қайда жүргенін білмеймін.
Тіл-аузың тасқа тигір, көгермегір жұрт маңдайына арыстай бес ұл берген Жармағамбеттің ырысы не деген кең еді деп жүруші еді. Біздің тұқымға тіл-көз тиді. Мінеки, сол тұқымына құт дарыған Жармағамбеттен жалғыз қалдым. Менен жалғыз ұл, жалғыз шаңырақ, міне, сенсің. Сенің басың ауырып, балтырың сыздаған сайын мен қалтырамағанда, кім қалтырайды, – деп аяқтайтын әкем әңгімесін.
* * *
Таңертеңгі шайды ішіп болғаннан кейін, дәрігер Ертайды іздеп, ауруханаға келдім. Шағын болса да тап-тұйнақтай таза үй екен. Ертайды коридорда кездестірдім.
– Сізбен оңаша сөйлессем деп едім, – дедім амандықтан кейін. Ертай мені кабинетіне ертіп әкелді.
– Мен әкемнің жағдайына байланысты келіп едім, – дедім дәрігерге. – Диагноз қандай? Емдеуге бола ма, жоқ, болмай ма, маған ашып айтыңызшы.
– Сізге ашық айтуға бола ма, – деді Ертай дәрігерлерге тән жаны ашымас салқынқандылықпен бетіме тура қарап.
– Айта беріңіз.
– Диагнозы, әрине, менің анықтауымша – бауыр рагі. Емдеуге болады деп айту қиын. Тіпті рак болмай, церроз болғанның өзінде де – ең соңғы стадиясы. Оның үстіне кәрілік қосылған соң, қалай болатынын өзіңіз білесіз ғой…
– Сонда тіпті емдеуге келмей ме? – деймін дәрігердің емеурініне түсініп тұрсам да. “Емдеуге келмейді” деген сөзді естіп, ең соңғы арман-үміттен біржола айырылу өзіме бір міндет секілді.
Дәрігер ойланып қалды. Оның әлгі сөзді айтуға аузы бармай, бірақ айтқысы келіп тұрғанын да түсініп тұрмын, оған қоса еш табиғат заңына бағынбайтын бір ерекше құбылыс болып, ауру аяқ астынан оңалып жүре берсе деп тілеймін. Ондай керемет кездейсоқ құбылыстар болып жатады ғой. Неге менің өмірімде бір рет болмасқа. Қалайша дәрігер қателеспейді? Қалайша тым болмаса бір құбылыс заңның қағидаларын бұзып шықпайды?
– Өз басым емдеуге келеді деп айта алмаймын, – деді дәрігер.
“Өз басым” деген сөз тағы да менің үмітімді қоздыра түседі. “Өз басым” деп тұр ғой. Яғни тек өзінің ғана жеке пікірін айтып отыр. Өзі ғана солай ойлайды. Басқа дәрігер басқаша айтуы мүмкін. Нақа келмейтін болса, кесіп айтпас па еді.
– Ал, емделуі мүмкін бе? – деймін мен сұрақты өзгертіп.
– Айта алмаймын, – дейді дәрігер басын шайқап. “Айта алмаймын”. Бірақ бұл мүмкін емес деген ұғымды білдірмейді. Тек айта алмай отыр. Толық сенім білдіре алмайды. Бәрі де мүмкін ғой. Бірақ дәрігердің:
– Жалпы олай-бұлай болып кетсе, қарап отырмай дайындала бергеннің де артықтығы жоқ қой, – деген сөзі менің үміт-қиялымды біржола тас-талқан қылды.
“Дайындала беру… Жиен ағама айту керек болды. Ақиқатқа қылар не шара!.. Қашан айтамын… Бүгін реті келмес, ертең үйіне барып айтамын”.
Үйге келсем, әкем ұйықтап жатыр екен. Жүзіне қарап отырып, ертең осы кісіден айырылатынымды ұғымыма сыйдыра алмай-ақ қойдым. Түс ауа азғантай шалдар келіп, біраз отырғаннан кейін: “Бүгін тәуір екенсің, жанарың жақсы боп қалыпты, балаңның қуанышымен әлі жазылып кетерсің”, – деп жақсылықты жақындатып беріп, үйді-үйлеріне қайтып жатты.
Кешке әкем жиен ағам мен жаны ашиды деп жүрген жамағайын Смағұлды шақыртты. Олар келгеннен кейін, жастығын тіктетіп, көтеріліп отырды.
– Сендердің не ойларың бар, – деді жиен ағама қарап. – Құдай өзі берген жанын өзі алады. Мен ризашылығымды беріп отырған адаммын. Енді маған тек өлімнің абыройы қымбат. Дос бар, дұшпан бар. Барлық сын сендерге түседі. Е-е-е, өлімге қайда барасың десе, “бардың малын шашамын, жоқтың артын ашамын” деген ғой. Сондықтан басқаны қоя тұрып, не істеп, не қою керегін ақылдасқанның артықтығы болмас.
– Ол дұрыс қой, – деді Смағұл ілгері жылжып.
– Екі жылқы бар, – деді әкем баяу үнмен сөзін жалғай. – Біреуі – құлынды бие, екіншісі – байтал. Сосын өзім әдей сақтап жүрген 5-6 ұсақ бар. Байтал мен ұсақтарды сойғандарың дұрыс болар. Ағайынның көңілін көре жатарсыңдар.
– Иә, оны көре жатармыз ғой, тіпті кейінге де артықтығы жоқ, – деді жиен ағам күмілжіп.
– Сүйекке салатын киімдерді бөлек салдырып қойғанмын. Былтыр Хасеннен келген саптама етік бар, оны да салыңдар. Өткен айда магазиннен алдырып қойған екі пальто, бір плащь бар…
– Жетпесе, тағы да магазиннен аламыз ғой, – деді жиен ағам.
– Бір айтарым – Айтыбай өлгеніндей жұрттан жылу сұраушы болмаңдар. Сандықта 600 сом ақша бар. Жетпей бара жатса, сиырды саларсыңдар.
– Жылуы құрысын, – деді Смағұл апама қарап. – Бірақ енді өзіміз қарап қалмаймыз ғой.
– Қамбардағы ұсақтарды қайтесің? – деді апам.
Әкем есіне жаңа түскендей ойланып қалды.
– Қамбарда екі қой бар екен ғой, – деді содан кейін. – Оны да алдырарсыңдар.
– Дегенмен кейін жүгіріп жүреміз бе, ертең магазиннен бірсыпыра киім әкеліп қойған теріс болмас, – деді Смағұл тағы да апама қарап.
– Дұрыс, дұрыс, – деді апам басын изеп.
– Мұндағы молдаң аз, бесінші ауылдағы Оспан молданы алдырыңдар, – деді әкем.
– Дұрыс айтады, – деп қоштады Смағұл. – Оспанды алдырту керек.
– Байталды кейінге қалдырған дұрыс болмас па екен, – деп жиен ағам тағы бір ұсыныстың шетін шығарды. – Ертең жетісі, жылы дейміз, қазақтың жоралғысы таусыла ма…
– Жылымды өздерің ақылдасасыңдар, – деді әкем тап бір басқа біреудің жылын өткізгелі отырғандай еш уайымсыз, салмақты үнмен. – Биенің жабағысы да келесі жылға дейін құнан шығады. Соған ана тайыншаны қосып көріңдер…
– Секең дұрыс айтып отыр, – деді Смағұл шақшасының тығынын алып жатып. – Бір құнан, бір тайынша осы төңірекке толық жетеді.
Әкем есіне тағы бірдеңе түскендей жастығының астына қол жүгіртіп, мүйізден күмістеп жасаған шақшасын алып, ойланып отырды да:
– Мә, – деді жиен ағама қарап. – Шақшаны сен алшы…
Жиен ағам шақшаны алып жатып, шыдай алмай жылап жіберді. Менің де алқымыма бір түйіншек тіреліп қалды. Қалтамнан орамалымды алып, көзімнен сорғалаған жасты сүрте бердім. Әкем қолымен ымдап, мені қасына шақырды. Жанына барып отырдым.
– Қалқам, – деді даусы дірілдеп. – Жылама, қалқам… Жылама. Жармағамбеттен үш қыз, бес ұл туып ек, содан жалғыз мен қалдым… Ел ортасында, ұрпағының алдында иманын жолдас қылып, дүниеден ризашылықпен аттануды ешқайсысының маңдайына құдай жазбады. Бәрі де көлденең ажалдан кетті… Солармен бірге кетсем, қайсысынан жаным артық еді. Шүкір, заман тыныш, ел аман… Артымда қарасын қалса, құдайдан мені шайтан қыл деп тілемесем, басқа не арман бар…
Мен басымды көтеріп, әкемнің аурудан қанша азап шексе де сабырын жоғалтпаған, байсалды жүзіне қарадым. Төніп келген өлімге осыншалық қалтырамай, қорықпай, саналы бәтуәмен қалай қарауға болатындығына таң қалдым.
– Сүйегімді өзіміздің ескі қорымға қойыңдар деген сөзім бар еді… – деді әкем ауыр күрсініп. – Оған енді әуре болып қайтесіңдер… Шалғай жер… Елдің жиналуына қиын болар. Осында-ақ қоя беріңдер…
* * *
Әкем мені жалғызым деп атағанмен, тумысымда жалғыз емеспін. Әкемнің екі қызы жас кезінде сүзектен қайтыпты. Олардан кейін туған Биғайша мен ес білген кезде баладан қайтты. Түрі есімде толық қалмапты. Ақсары, шағын кісі еді. Анда-санда келсе, шешем байқұс қуанғаннан есі шығып:
– Ойбай-ау, жүгірсейші, Биғайша апаң келе жатқан жоқ па, неғып отырсың, – деп менің де есімді шығарып жібереді. Кейін олар басқа жаққа көшіп кетті де, сол жақтан қайтыс болды деген хабар келді. Апам анда-санда сырқаттанып қалғанда көңілін сұрап келгендерге: “Биғайша қайтқаннан бері төбем шаншады, оң жақ көзім бұлдырап, көрмейтін болды” немесе “Биғайша жүректі алып кетті ғой, жүрек көтерілетін болды”, – деп қызының өліміне байланысты пайда болған ауруларын түгендеп, санап отыратын болды. Әкем уайымын сыртқа шығармайтын. Төрде шынтақтап жатып, Әпсаттар өлгенде шығарған жалғыз күйін дыңылдатып, қалған екі ұлдың амандығын тілер еді.
Екі ұлдың бірі – Ермек. Трактордың оқуын бітіріп келген жылы соғыс басталды да, күзде әскерге алынды. Біздің үй фермада болатын. Әкем бақташы. Ермектің әр хаты біздің үйде тұмардай сақталады. Қыс бойы апам мен әкем кезек-кезек түс көріп, бір-біріне жорытып, садақа тастап, жеті нан құдайы беріп, әбігерге түсіп жүрді.
Екі күннің бірінде апам құмалақ ашып: “Қалқамның маңдайы ашық, жұлдызы жарқырап тұр, құйысқаны берік, мына бір құмалақ кішкене көретін қиыншылығы ғой, соғыс деген оңай ма, құдай бұйырса, әлі-ақ әкесі мен апасын қуантып, жетіп келер” – деп сәуегейлік құрып отырар еді.
Бір күні үйге құмалақшы Молдабай келді. Шай ішіліп болғаннан кейін апам жердегі кілемнің оюларын қолымен сипап отырып:
– Баламыз әскерде ғой, Молдеке! Көңіліміз күпті. Қолдан келер қайран жоқ, бір құдайға ғана сиынып отырған жайымыз бар. Хат келмегелі бір айдай болып қалды. Құмалақ ашып бер. Алла тілеуіңді берсін, – деді.
Молдабай неге екені белгісіз табан астында тұнжырай қалып, қойнынан құмалақ салған кір-кір қалтасын алып, аузын шеше бастады. Молдабай көзі адырайған, қарасұр, бетін тыржыңдатып, балаларды күлдіріп отыратын қуша шал еді. Оның тұнжырай қалғанын көріп, мен де шошып кеттім. Молдабай құрманың сүйегінен жасалған құмалағын мұқият санап шықты да, алдымен үшке бөліп, сосын үш саусағымен шөкімдеп жылжытып, жая бастады. Содан кейін ойланып біраз отырды. Әлден уақытта барып тісі ауырған адамдай: “М-м-м”, – деп дауыстап жіберді де, бұрынғыша көзін алақ еткізіп жымиып, екі алақанын сарт еткізді.
– Той ғой, той болғалы тұр ғой, бәйбіше, – деді әлдебір құмалақты қолымен көрсетіп. – Үндеме, бәйбіше, ұлыңның тек маңдайы жарқырап тұр. Қабағында аздап кірбің бар секілді. Бірақ ақыры қайыр. Ақыры қайыр болған соң болды емес пе, бәйбіше, а?
– Айтқаның келсін, болғанда қандай. – Апам жаулығының шетін жасаураған көзіне апарды.
Молдабай екіленіп:
– Менің құмалағым қате сөйлеп көрген емес. Егер осы айтқаным келмесе, ту бетіңе, Молдабай де, – деп құмалағын шапшаң жинап алып, орнынан атып тұрды.
Апам асылық бола ма деп шошып кетіп:
– Тек, ойбай, – деді де, қалтасындағы шатасқан жіптер мен қиықша маталардың арасынан үш сомдықты әрең ажыратып, Молдабайға берді.
Әкем үйге жатарда бір-ақ келеді. Күні бойы қораның ішін тазалау мен көтерем сиырларды тұрғызудан қолы босамайды. Әбден титықтап келгендіктен, кешкі шайды жиып болған соң, төсекке жатуға шамасы келмей, домбырасын алып, өзінің Әпсаттар өлгенде шығарған жалғыз күйін тартып отырып, ұйықтап қалатын.
Көктем шыға су тасымай тұрып, қырға, киіз үйге шықтық. Артынан су қайтқан кезде бүкіл ауыл болып, көл жағасына қайта көшіп келдік.
Жиырма шақты үй болып дәл осылай көл жағасына қаз-қатар қону шағын ауылдың жыл сайын айнымайтын дағдысы. Күн шыға ауылдың биесі байланады, одан кейін бригадир шал жаудай жағаласып жүріп жұмысшыларды оятады, содан кейін құрт сығып отырып дауыс қылатын Ақсары кемпірдің айқайынан мен оянамын. Ақсары кемпірдің Жорабек деген жалғыз ұлы Ермек көкемдермен бірге соғысқа кеткен. Ақсары бұрыннан өмірдің тауқыметін көп көрген, содан ашынып, айқайлап сөйлеуді, кейде өзі байқамай әлдекімді балағаттап тастап, артынан “жаңа не деп қойдым” деп қасындағы адамнан өз сөзін өзі сұрап отыруды дағды қылып кеткен, ал жеңіл ауыз жұрттың сөзімен айтқанда, шала ауысқан кемпір. Жорабектің атын атамай сөз сөйлемейді. Біреумен кездессе: “Жорабек, үй ішің аман ба”, “Жорабек, бұ қай бала”, – деп, кетерінде: “Ал Жорабек, сау бол”, “Ойбай, Жорабек, мен кетейін”, – деп, тіпті үйге мал сүйкенсе де: “Алда, Жорабек, үйді қиратты-ау, мына жамандатқыр”, – деп құрық алып, малды қуар еді. Кейде жай әңгіме айтып, аяғын дауысқа айналдырып жібереді. Өзінің сөзіне қарағанда Жорабек он екі құрсақтан қалған жалғыз ұл.
Тұрмыстың көріп азарын,
Өлгенде көрген базарым.
Қарағым аман-сау деген
Хабарын қашан алармын, –
деп сөреге құрт жайып отырып, бозала таңнан зарлайтын.
Өзінің үйіне кіріп-шығып сәлем берушілер көп болады. Үйткені Ақсары кемпірдің ашытқан қымызындай қымыз бұл төңіректе кездеспейді. “Жарықтықтың бір бал татып тұрған дәмі бар, не қосып ашытады екен” дер еді үйінен шыққан адамдар. Немесе түн салқын болып, ауыл қымызы тегіс ашымай қалған кездерде “Ақсарының қымызы қалай екен, Ақсарының?” деп бір-бірінен сұрап, егер оның да қымызы ашымапты деген хабар жетсе, “ә, онда қалған үйдің қымызын айтпай-ақ қой” деп орындарынан тұрып жүре берер еді.
Көктемнің аяқ кезінде тұңғыш қара қағаз Ақсары кемпірге келді. Бүкіл ел болып барып естірткенде кемпір талып қалып, өлімнен қалды. Содан бері кемпір жатып қалса-ақ жұрттың бәрі: “Е-е, жүрегі ғой байғұстың, ұстап қалатыны бар ғой”, – деп айтпай-ақ біліп отыратын болды.
Үйдің дәл қасында Мұқаш шалдікі бар. Әйелі шайпау кісі. Көзіне түссең болды, бірдеңеге жұмсай бастайды. Бармай қалсаң: “Жер мола болғыр, табаныңнан сапқыр, отырған орныңнан тұрмағыр, жетпей желкең үзілгір”, – деп қарғап жатқанын естисің. Бір рет апам:
– Әй, Қалампыр, жағыңа жылан жұмыртқаласын сенің. Жұдырықтай ұлымды осынша қарғап, не жазығы бар. Қара басыңа келсін, қара басыңа келгір, – деген болатын.
Мұқаштың әйелі тіпті жынданып кетті.
– Түндігің ашылмай қалғыр, күлің шашылмай қалғыр! Ал, қылатыныңды қылып ал! Жалғызыңды жастанғыр, шаңырағың бос қалғыр! Қырық кесектің астында қалғыр, қырық кесектің! – деп шаптығып келіп, есік алдында тұрған шелегімізді тепті. – Шаңырағыңды ортаңа түсірейін бе, шаңырағың ортаңа түскірлер, – деп үйдің белбауын екі-үш рет жұлқып қалды.
Апам қазанда қайнап жатқан құрттың көбігін алып отыра берді. Тек анда-санда:
– Қара басыңа келсін, қара басыңа, – деп қалады.
Мұқаштың әйелі қолына түскен мүлік пен көзіне көрінген малдың бәрін қарғап-сілеумен кешке әрең басылды.
Шіркін осы әйел аяқ астынан ауырып, не жай түсіп өле қалса, не өзін біржола соғысқа алып кетсе деп тілеймін ішімнен. Осы ауылда содан кейінгі жек көретінім – Жұмағұлдың үлкен баласы – Сайлау. Бұзықтығы жанда жоқ. Менімен аттас болған соң ба, әйтеуір мені көрсе болды, істеп жатқан ісін қоя салып, басымнан бір шертіп кетеді. Асық ойнап жатсам, асығымды тартып алады. Ол жүрген жерге жоламауға тырысамын.
Жаз ортасы болатын. Кешкілік әкем жұмыстан келіп, шайға отыра бастаған кезде ауылсовет пен Ербатыр шал, тағы бірнеше адам үйге кірді. Шайды бастап ішкенше-ақ үйге адам толып кетті. Мен апамның қасында отырғам. Апам шай құйып отырып:
– Сақтай гөр, алла, жүрегім неғып қозғалып отыр, – деп күбірлейді. Қолдары қалтырап, шайды әрең құйды.
Әкем сұп-сұр. Анда-санда қабағының астынан ауылсовет председателіне қарап қояды. Үйге қонақ келгенді жаным жақсы көруші еді. Апам мен әкемнің мына түрлеріне түсінбедім. Қонақтар биылғы шөп науқанын, Бәйілда салған шығырдың жағдайын, кеше жиналыс ашып кеткен басқарманың сөзін әңгіме қылып, ұзақ отырды. Шай ішіліп болуға тақады. Апамның қолдары қалтырағанын қойып, әкемнің жүзіндегі үрей де кете бастады. Қонақтар әншейін жиналған секілді.
– Басқарманікі бір сөз ғой, айтады да кетеді, – деп әкем сөзге араласты.
Ауылсовет председателі Құдияр жүктегі сүйеулі домбыраны алып, ақырын дыңылдата бастады. Құдияр осы төңірекке белгілі өлеңші. Өлең тыңдамағалы не заман!
Көңілдене бастаған әкем:
– Әу, деп жібермейсің бе, Құдияр, – деді кесесін төңкеріп жатып. Құдияр төмен қарап, сәл-пәл отырды да тамағын қырнап алып:
Дүркін де, дүркін, дүркін де,
Заман да өтер бір күнде.
Үлкендер сөйле дегенде
Қызыл бір тілім іркілме, –
деп термелете жөнелді. Отырғандардың бәрі аңырайып Құдиярға қарады.
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Әзәзіл пысық залымның
Тіліне еріп, азбасқа…
Апам бір бәледен аман қалғандай жүрегін ұстап, терең бір күрсінді. “Желдің ызыңынан да, тышқанның сыбдырынан да зәре жоқ, құдайым-ай”, – деді күбірлеп.
Оныншы тілек тілеңіз,
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
бұлтты күні толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа…
Ән тыңдауға келгендер есік алдына сыймай кетті. Құдияр термесін аяқтап, домбыраны тыңқылдатып, аз-кем отырды. Содан кейін: “Қанжығалы Бөгенбай батыр өлгенде Абылайға келіп, былай деп естірткен екен”, – деп тағы да термелей жөнелді. Апам сырты қаңылтырмен шарыған қызыл ала кесені кесе-қапқа сала беріп тұрып қалды. Әкем басын көтеріп Құдиярға тесіле қарады. Құдияр бұрынғы мақамымен термелетіп келіп, әр шумағының аяғын: “Ұмыттың ба соны, Абылай!” деп қайырады. Құдияр әнді өте әдемі айтушы еді. Бірақ бір әдеті өлеңді есік жақтағы біреуге, әсіресе балаларға тесіле қарап отырып айтатын. Үнемі қызарып жүретін, алалау қой көздері соқыр адамның қарасындай бедірейіп, таймай тұрып алады. Кейде маған қараған кезде қысылып, кірерге жер таппаймын. Осы жолы да тап бір Бөгенбайдың өлімін маған естіртіп жатқандай екі көзін менен алмай тұрып алды.
… Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Батырды қолдан өткіздім
Сәлемін міне жеткіздім.
Жараға жақсы қас қарар,
Ойбайлап жаман бас салар
Көріспей айтты демеңіз,
Осы еді біздің келген жай.
Бөгенбай сынды батырың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай,
Жасаған ие жар болып,
Бейіште нұры шалқығай!
Құдияр термесін бітіріп, тағы айтатын адамдай жөткірініп алды. Сосын халықтың қара өлеңінің жаяулаған мақамына салып, тағы да екі көзін менен алмай:
Кімдер түспес тағдырдың қармағына,
Құрғыр тілім байланып қалмады да.
Айтайын мен, Ақжеңге, Сейсен аға,
Қол жетпейтін күн бопты ардағыңа.
Шейіт болып кетті деп келді хабар,
Енді Ермек жоқ оралып елді табар,
Сабыр тілеп құдайдан, шүкірлік қыл,
Ұрпағың бар артыңда белгі қалар, –
деп домбыраны жүкке сүйеді.
– Ойбай, не дейді? – деді апам толық түсінбей.
– А? – деді әкем естімей қалғандай.
– Сабыр қыл, Сейсен, – деді Ербатыр шал. – Қайғыға берік едің ғой, сабыр қыл. Артыңда тұяқ бар…
“Құлынымдап” зарлаған апамның ащы айқайы шыққанда барып жаманат хабардың мағынасына толық түсіндім. Жүрегім суылдап кетті. Үй іші ызы-шу. Әйелдер келіп, құшақтасып көрісіп жатыр. Әкем басы салбырап, екі қолымен жер тіреп отыр. Бір қарасам, Мұқаштың әйелі апамды құшақтап көрісіп жатыр екен. Екі көзі бұлаудай.
– Ақ ботаңнан айырылып, сорладың ба, апажан.
Жүректі қайғы толтырған күнімізді итке бермесін, – деп зарлайды. Біртүрлі ішім жылып, әрі Мұқаштың әйелін аяп, апамды, әкемді және басқаларды аяп, егіліп жылап қоя бердім.
Мұқаштың әйелі апамды қоя беріп, мені құшақтай алды.
– Сүйенішіңнен айырылып, жалғыз қалдың ба, қарағым. Қолдан келер қайран жоқ, қайырын берсін, қарағым, – деп көзінің жасымен келіп, солқылдап, бетімнен сүйгенде өзім жек көретін Қалампырдың бауырмал, керемет жақсы адам екенін көріп, сай-сүйегім сырқырап, еңірей бердім. Іші-бауырым қалтырап кетті. “Шіркін-ай, – деп өкіндім ішімнен. – Осындай адамға өлім тіледім-ау. Қандай кешірілмес қателік. Осындай адамға…” Көз жасыма тұншығып, өксігімді баса алмаймын.
Әкем есі ауысқан адамдай қолымен жер тіреп, әлі отыр. Кенет осыдан жарты жыл бұрын соғысқа кеткен жалғыз баласынан қара қағаз келген Жәнібек шал кемсеңдеген күйі, өз тізесін өзі ұрып қалып:
– Ойбай-ау, ойбай, – деді айқай сап. – Жалғыз ұлдан айырылып, қу бас болып, мен қайтіп отырмын… Артыңда ана бір жаман бар емес пе?! Неге осынша мұқайсың?.. Тұяқ бар ғой, тұяқ…
– Жүрегі көтеріліп кетті ғой, байғұстың, қайтсін, – дейді әлдекім.
Сол күннен бастап, бүкіл ауыл біздің үйге ерекше бір аяушылықпен қарайтын болды. Қалампыр бұрынғыдай қарғамайтын болды, тіпті қас жауым Сайлау да бұрынғыдай басымнан май тоқпақ алмайды. Асық ойнап жатқанда қастарына барсам:
– Кел, ойнай ғой, мә, менің асығымды ал, сақамды да ала ғой, – деп бәйек болып қалады. Мұның бәрінің Ермектің өліміне қаншалықты қатысы барын толық ажырата алмадым, бірақ аяқ астынан өсіп кеткен беделім неге байланысты болса да өзіме ұнайтын секілді.
Ал Ермектің қазасын Құдиярдың өлеңмен естіртуі осы төңірекке аңыз болып тарады.
Бірақ әкем Ермектен күдерін үзбеді. Әсіресе, соғыстан кейін қара қағаз келгендердің ішінен тірілері табылған ғой: “Ермектайды көзімді жұмсам болды, қол созым жерде тұрғандай, тіпті сөйлесуге болатындай сеземін де отырамын, түсімнен бір кетпейді, жарығым бір жерде аман-сау жүрген болар”, – деп емекси береді.
Біздің ауылда қара қағаз шыққаннан аман-сау келгені – Жорабек. Жорабектің келуі ауылға қуаныш әкелгенімен екінші бір өкінішті жағы болды. Шешесі Ақсары алдында төсек тартып жатып қалған болатын. Бірақ үйреншікті ауруы ғой, үш-төрт күн жатып, сүйретіліп қайтадан тұрып кете беретін.
Түс кезі еді. Орталықтан қасқыр қуғандай шапқылап жынды Мәнтай келді.
– Ақсары кемпір қайда, Ақсары, – дейді ауылдың ортасында тұрып.
– Ойбай, шырағым-ау, есіңнен айрылып қалғансың ба, қайда болушы еді, үйінде, – деді әйелдердің бірі.
– Неғып жатыр ол! – деп айғайлап Мәнтай атынан қарғып түсті.
– Мына байғұс жынданған шығар, – деді Мұқаштың әйелі. – Не ғып жатыры несі, ауырып жатыр.
Түскі шайын ішіп болған әкем үйден шығып, қасымызға келді.
– Шырағым Мәнтай, деміңді алып, есіңді жишы, – деді. – Сосын асықпай түсіндірерсің…
– Жоқ, түсіндіретін ештеңесі жоқ, – деп өзеуреді Мәнтай. – Қазір мен ол кемпірді төрт аяғынан тік тұрғызам.
Соны айтып Мәнтай Ақсарының үйіне тұра жүгірді. Шұбап біз де келдік. Ақсары оң жаққа салған төсекте қызыл көрпе жамылып, теріс қарап жатыр екен.
– Әй, кемпір, – деді Мәнтай жанына барып.
Ақсары бұрылып, бері қарады. Бет-ауызы аурудан, әлде ұйқыдан ісіп кетіпті.
– Сығырайтпай, көзіңді аш, – деді Мәнтай екіленіп. – Орныңнан тік тұр да сүйіншіңді бер, Жорабек келді.
Кемпір селк ете қалды.
– Тек, ойбай, – деді қолын сілтеп.
Мәнтайдың екі көзі ежірейіп кетті.
– Тегің не? Денің сау ма? Сенбесең, мінеки. Көлік табылмай қалған соң, суретін алып, сүйіншіге тартып кеттім.
Мәнтай қойнынан әскери формамен түскен Жорабектің суретін жарқ еткізіп суырып алып, дәл бетіне тақатқанда, бәріміз де енді қайтер екен деп қарап қалдық. Кемпір қуанудың орнына жаман үрейленіп, кеудесін ұстады. Талықсып, басы ар жағына сылқ ете қалды.
– Ойбай, өлді, – деп айқайлап жіберді бір әйел.
Мәнтай аңырайып тұрып қалды.
– Сендерге не жоқ, шығыңдар, – деп үлкендердің бірі бізді үйден айдап шықты.
Кемпірдің жүрегінің ұстамасы ұстап қалыпты. Есін жимағаннан кейін ауыл адамдары қорқып, қос атпен орталыққа Жорабекке адам жіберді. Бірақ үлгіре алмады. Кемпір Жорабекті көре алмай, қайтып кетті.
Бүкіл ауыл болып кемпірді қойып болған соң, келесі күні әкем Жорабекті үйге шақырып, басу айтқан болды:
– Шырағым, соғыс деген тажал қанша боздақтың басын жұтты. Бірақ қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі деген рас. Алла жар болып, аман келдің. Ешкім шешесін қанжығасына байлап жүрген жоқ қой. Рас, өзіңді бір көрсем деген арманы үлкен еді. Құдай жазбаса, қайтесің. Шүкіршілік керек қашанда. Сенің шешең қуаныштан өлді. Өлімнің жақсысы жоқ. Бірақ құсадан өлгеннен сақтасын…
Дәмнен кейін әкем Жорабектен:
– Соғыста жүргенде Ермекті көрдің бе? – деп сұрады.
– Екеуміздің отправкамыз екі бөлек болды ғой,– деді Жорабек.
– Іздестірмедің бе енді? – деді әкем.
– Аға-ау, іздестіру қайда?– деді Жорабек басын шайқап.– Ондай заман жоқ. Біреудің қайда екенін іздемек түгіл, өзіңнің қайда екеніңді білмейсің…
Әкем үндемей қалды. Жорабектің іздестіре алмағанына ренжіген сияқты.
Одан кейін соғыстан қайтқан Қалыбайдың:
– Передовойға шығардың алдында көріп қалдым. “Амансың ба, аманмыннан” басқаға үлгіре алмадық,– деген сөзі әкем мен апама “келе жатыр” деген хабардан кем болған жоқ. Бірақ Ермек келмеді. Әкем мен апам қанша сарғайып күтсе де, түндер бойы бір-бірімен күбірлесіп, құдайға жалбарынып, өздерін құрбандыққа атаса да Ермек келмеді. Айлар өтті. Жылдар өтті. Ермек келмеді. Енді оның келмейтінін мен де білдім.
Мен алтыншы оқитын жылы әкем бірыңғай бойдақ сиыр бағатын болды да, біздің үй Қойбақ қыстауына көшіп кетті. Алдында әкем: “Осы баланы алып кетсек қайтеді, бір жыл орнында қалса ештеңе етпес, қасымызда болсын” деген болатын. Бірақ апам көнбеді. Мені Қабидың үйіне қалдырып кетті.
Кісі үйінде тұрған ғұрлы, үйді сағынып біттім. Әрі Қабидың үйі маған жайсыз тиді. Қабидың өзі поштада істейтін. Кісіге қарсы келуді білмейтін, момын кісі. Үйінде 80-ге келген әкесі мен шешесі бар. Екеуі бір-біріне ит пен мысықтай. Тіпті кемпірі аяқ киімін әперсе де, шал:
– Тулақ құсатып лақтырмай, жай тастауға болмай ма осы саған. Ә, құдай құтқарғыр,– деп кейиді.
Кемпірі бірдеңе айтайын деп жатса, естімей жатып алдын ала:
– Осы сен сөйлемеші, сен. Сен аузыңды ашсаң, жыным ұстайды,– деп бетін қайырып тастайды.
Кемпірі анда-санда: “Өзіне өлім де келмейді, у беріп қатыра салар ма еді” деп шаптығады. Бір ғажабы, шал ондай кездерде түк ашуланбайды. Қабидің әйелі мінезі нашар, ұрысқақ адам. Өзі дүниеде балажан. Екі жасар ұлын екіленіп, айналып, ұстамасы бар адамдай бағжаңдап жақсы көрген кезде талып қала жаздайды. Сараңдығы жанда жоқ. Менің үнемі қарным ашып жүреді. Қарным ашқан сайын үй есіме түседі.
Бірақ әкем анда-санда келіп тұрады. Бір күні географиядан беретін Жаңыл апайдың сабағының үстінде кіріп келді. Есік қақпай кіргеніне қысылып, өліп барамын. Әкем басындағы бөркімен, қолындағы қамшысымен апайдың дәл қасына келіп тұрды да:
– Шырағым, басыңдағы орамалың қайда? – деді.
Жаңыл апай қып-қызыл болып кетті.
– Сыртқа шыққанда тартамыз ғой, – деді күмілжіп.
– Аяқ-қолың неге жалаңаш? – деді әкем онымен қоймай.
Апай қысылып, не дерін білмейді.
– Өзің қай баласың? – деді әкем бір кезде апайға алыстан мал қарағандай, қолын көлегейлеп қарап.
Апай қысылып, не дерін білмеді.
– Сапабектің жолдасымын ғой.
– Не дейді, ойбай! Сапабек дейсің бе?
– Иә.
– Мына өзіміздің жаман жырық Жақанның ба?
– Иә.
– Көксау? – деді әкем тағы бір ауруының шетін шығарып.
Жаңыл құлағына шейін қызарып, жерге қарады.
Әкем Жаңылды қойып, алдыңғы партада отырған балаға шұқшиды.
– Сен кімнің баласысың?
– Қойшығұлдың.
– Не дейді? Әкең оннан әрі сипыр білмейді. Саған қайдағы данышпандық келіп қалған?..
Балалар ду күлді.
Әкем тағы бір-екі баланың шығу тегін жамандап болғаннан кейін, менің қасыма келді.
– Ой, танауыңнан айналайын, – деді үйде отырғандай еміреніп.
Класс тағы да ду күлді.
– Қойсайшы, әке, – деймін сыбырлап.
– Биттеп кеткен жоқсың ба? – дейді әкем басымнан сипап.
Кластың іші гу-гу.
– Әке, қойшы енді, – деймін жаным шыға сыбырлап.
Қою қайда?
– Ұйықтарда шешеңнің мамасын ұстап жатушы ең, жалғыз өзің елегізіп ұйықтай алмай жүрген шығарсың. Осы оқуы құрғыр-ақ өлтіретін шығар баламды, – дейді.
Жерге кіруге шақ қалдым. Тіпті Жаңыл апай да күліп жіберді. Әкемнің жырына да кірмейді.
– Ішің ауырмай ма? Ішіңнің желі бар еді ғой, – дейді маған.
Айналып-толғанумен кластан шықты. Сол күні кешке шейін балалар мені мазақ қылумен болды.
Оқу жылының аяғында әкем қорытындыға келді.
Директор ата-аналар алдында сөз сөйлеп, нашар оқитын балаларды тұрғызып қойып ұялтып, одан кейін жақсы оқитын балаларды жеке-жеке атап шықты. Біздің кластағы жалғыз екпінді мен болатынмын. Өте жақсы деген атымен жоқ.
– Алтыншы класта Сейсенов Сайлау жақсы оқиды, – деп директор көзімен ата-аналардың ішінен әкемді тауып алды. – Сіздің балаңыз жақсы оқиды. Тәртібі де жақсы. Жалпы өз класының алды.
Әкем бірдеңе айтқысы келіп, орнынан тұрды.
– Сөйлейін деп пе едіңіз? Айтыңыз, айтыңыз… – деді директор қоштап.
– Қарағым, – деді әкем директорға қарап. – Мақтағаныңа рақмет. Бірақ біздің тұқымға тіл мен көз үйір еді. Жұрттың көзінше жақсы демей-ақ орташа дей салсаң болды ғой…
Жұрт ду күлді.
“Осы әкем-ақ жұрттың бәріне күлкі болады да жүреді екен” деп ішімнен ыза болып отырмын.
– Болмайды, ақсақал, – деді директор басын шайқап. – Біз қайта жақсы оқығандарды нашарларға үлгі етуіміз керек.
– Басқаларыңды үлгі етіп алсаңдар жарар, – деді әкем қолын сілтеп. – Немене, менің балама ғана тіреліп отырсыңдар ма? Анау Өтегеннің төрт баласы бірдей мектепте оқиды. Соларды жақсы дей салсаңдар, біреу сендерді тексере ме?
Мұғалімдерге шейін қыран-топан.
Оларды тыңдап жатқан әкем жоқ.
– О, хұдауанда, – дейді отыра беріп. – Біреуді біреуге үлгі еткеннен бірдеңе шығатындай. Құдай әуелде санасына ештеңе бермесе атасының басына жақсы оқи ма?..
Қорытындыдан кейін әкем мені артына мінгестіріп, демалысқа үйге алып кетті. Апам да әбден сағынып қалған екен. Шай үстінде де, ет үстінде де мені кезек-кезек айналып-толғанып, үйірілумен болды. Қайталап келіп, қоя беретін сұрақтары – “неге жүдеусің?”, “қарның аша ма?”, “оқуың қиын ба?”, “ауырған жоқсың ба?” т.с.с.
Ұйықтарда мені орталарына алып жатты. Түн ортасында ұйқылы-ояу күйімде сөйлеген сөздерін естіп жатырмын.
– Әрі кетші, әрі, – дейді апам әкемнің қолын менің үстімнен итеріп, – Шаруаң қанша менің баламда?
– Үйбай, жаман кемпір, – дейді әкем даусын бір түрлі жіңішкертіп жіберіп. – Мен қайда қалам сонда?
– Қайда қалсаң, онда қал.
– Дұрыс-ақ, күлге аунап тауып алған шығарсың?
Апам оған жауап бермейді.
– Апасының жарығы, апасының тобасы. Апасының әні, апасының сәні. Апасының айы, апасының тайы, – деп ұйқастырып, айналып-толғанып жөнеледі. Оған әкем қосылады.
Содан кейін әкем менің маңдайымнан, мұрнымнан жыбырлата иіскеп:
– Құдай-ау, әлі баяғы кішкентай кезіндегі иісі. Мына қарашы, кемпір, – дейді қайта иіскеп.
– Кәне, – деп апам келеді.
Сөйтіп жатып, біржола ұйықтап кетемін.
* * *
Әке мен шешенің арасында “жалғыз ұл” деген атпен бұлғақтап жүріп мектепті бітірдім. Әкем тай сойып, той істеді. Шалдардың батасын алды. Содан кейін көп кешіктірмей көрші отырған Таупықтың қызына құда түскісі келіп қопаңдап еді, жиен ағам мен апам:
– Бала оқимын деп отырса, оқыту керек. Әйел әперіп, қасыңа байлап қойғанда бірдеңе бола ма? Қазір дүниенің бәрі оқуда қалып отыр. Қатар құрбысынан қалмасын, – деп тойтарып тастады. Мені оқуға аттандырып тұрып әкемнің айтқан ақылы:
– Шырағым, жұрттан озам деп талпынып, көзге түспей-ақ, оқуыңды да шамалап оқып, қатарға ілесіп жүрсең болды ғой. Сосын жиі-жиі хат жазып, амандығыңды білдіріп тұрсаң болды.
Астанаға келіп, университетке түстім. Ата-ананың бауырынан шықпай өскен мен секілді балаларға студенттік өмір ұлан-асыр той-думанмен бірдей болды. Сабақты әкем тапсырғандай ел қатарлы ғана оқып жүрмін. Алғашқы махаббат тәрізді бірдеңелер басталды…
Бірінші курстың жазғы емтихандарын тапсырып болғаннан кейін демалысқа елге қайтатын ауылдың балаларына ілесе алмадым. Мені студенттер арасында күрестен болатын жарысқа алып қалды. Қыста жаттығуларына қатысып жүретінмін. Тіпті екі рет факультетаралық жарысқа да қатысқанмын. Жеңіл салмақта күресетін палуан әлде ауырған, әлде кетіп қалған – тренер менен бәлендей үміт күтпесе де, команданы толтыру үшін мені шақыртып алды.
– Сені жарысқа қалдырып отырмыз. Күресе алмасаң да, қара көбейткенің керек болып отыр, – деді тренер. – Кейін спорт лагеріне путевка береміз. Жағдайың жаман болмайды. Келістік пе?
– Келістік, – дедім. (“Көп болса жығылармын, нем кетіп барады” деп ойладым.) Бір жетідей жаттығуға қатынасып, екі күннен кейін жарыс деп отырғанда үйден: “Әкең хал үстінде, тез жет” деген телеграмма алдым. Екі көзім алақандай болды. Тренерге телеграммамды әкеліп көрсеттім. Ешқайсысы жібермейміз деп айта алмады. Келесі күні самолетке отырып, ауданнан пошта самолетіне отырып, шыққан күннің кешінде үйге жеттім.
Үйге кірсем, әкем мен апам кешкі шайларына жаңа отырған екен. Мені көріп, екеуі де өре тұра келді. Бірінен соң бірі кезек-кезек айналып-толғануда. Менің бойымның өскенін, даусымның жуандағанын, тіпті түрімнің де өзгеріп кеткенін қызықтап, естері шығып кетті.
– Денсаулығың қалай, әке? – дедім отырғаннан кейін.
– Шүкір, – деді әкем жастығын шынтақтап жатып.
– Хал үстінде деген телеграмма алдым ғой.
– Оны өзіміз әдейі салдырдық… – Сосын: – Сені күреседі дейді ғой, – деді әкем менің бетіме ажырая қарап. Даусы “сені арақ ішеді дейді ғой” деп сұрағандай зілді шықты.
– Иә, онда не бар?
– Күресі құрсын! – деді әкем кейи сөйлеп. – Осында демалысқа келген балалардан сені күреске қалды деп естігенде зәреміз зәр түбіне кетті…
– Айналайын, сен бізге батыр да, балуан да болмай-ақ қой. Аман болсаң, болар. Осы жер басып, қалқайып жүргеніміздің өзі шетте жүрсең де, бір сенің қуатың екенін түсінесің бе өзің. Өшті бар, қасты бар. Өштескен біреу жазым қып кетсе қайтесің… Қой, шырағым, аулақ жүр, – деп апам шықты.
Мен факультетаралық жарыстарда ондай жазым қылу болмайтынын айтып түсіндіре алмадым.
– Өзге жұрт не ғып өлмей жүр, – дедім берілгім келмей.
– Өзгелер күрессе, бес-алтау шығар, – деді апам шай құйып жатып. – Жұрттың бәрі сен секілді жалғыз дейсің бе?
Шайдың орта тұсында әкем қолының білеуленген тамырларын сипап отырып:
– Жыққандарың болды ма? – деді маған.
– Әрине, болды.
Апам тағы да шошып кетті.
– Құдай сақтаған ғой, әйтеуір, – дейді үрейленіп.
– Күреске қалай шақырады, – деді әкем төмен қараған күйі. – Атыңды атай ма, әлде Сейсенов деп шақыра ма?
– Әрине, Сейсенов деп шақырады. Төрешілер қашан да фамилиямен шақырады.
Әкем төрешілердің фамилиямен шақыратынына риза болып, жымиып, жаулықтай орамалымен терін сүртті.
Таңертең жай тұрып, шайымды ішіп, үлкен кісілердің біразына сәлем беріп келейін деп киініп жатқам. Ауыз үйден:
– Кәне, кемпір, жүр, арағыңды құй, бірдеңе әкелдім, – деді әлдекім даурығып. Дауысына қарағанда пошташы Тайшық секілді.
– Не боп қалды? – деді апам.
– Жүрсейші, алдымен арағыңды құй, сосын берем.
– Ойбай, айтсаңшы.
– Балаңның хатын әкелдім. Балаңнан хат келді.
– Тайшық-ау, баламыздың өзі де келді ғой, – деді апам күліп.
Екпіндей есіктен кіріп келген Тайшық мені көріп, аңырып қалды.
– Қап! – деді сәлемдесудің орнына санын ұрып, – кешігіп қалғанымды қарашы. Шалдың арағын қайтып келіп ішемін ғой деп өзіммен ала кетіп ем. Қап!
– Салаумағалейкүм, – дедім қолымды ұсынып.
– Әликімсалам, қап!
– Отыр енді, – деді апам шкафты ашып жатып. – Хат әкелмесең, арақ бермес дейсің бе. Бала келіп, қуанып жатырмыз. Тойдың арағын ішпейсің бе?
– Ойбай-ау, иә, той екен ғой, – деді қуанып кеткен Тайшық отыра беріп. – Балаңның келгені құтты болсын, кемпір. Айтпақшы, иә, мына хатты да беріп қояйын. Өзі де келіп қалған екен. Бізге хат кешігіп келеді ғой.
Тайшық менің Алматыдан шықпай тұрып жазған хатымды апама берді. Сосын алдына жайған дастарқанның шетінен “біссіміллә” деп, аузына бір бауырсақ салды да, маған қарап:
– Қалай? – деді.
Мен не деп жауап берерімді білмей, басымды изеген болдым.
– Дұрыс, – деді Тайшық толық қанағаттанып.
Апам орта бөтелке арақты Тайшықтың алдына қойды. Тайшық рақаттана жөткірініп, ыңғайланып отырды да:
– Сайлау ішпейтін шығар, бала ғой, – деп арақты стақанға толтырып құйып алды. – Ал кемпір, балаң келіп, қуанып жатыр екенсіңдер. Ұзағынан сүйіндірсін…
Тайшық стакандағы арақты қағып салды да, тыжырынып отырып бауырсақ тістеді.
– Сенен хат келгенде, – деді маған бұрылып, – хатты әкеп беріп, сүйіншісіне арақ ішіп кететінім бар. Арақты қайдан ішпей жатырмыз. Шал-кемпірдің қуанғанын қызық көрем ғой.
Тайшық “аллауакбар” деп қолын жайып, ас қайырып, дастарқанды жиып, бүктеді де, орнынан тұрды.
Кешке мал сойылып, ауыл адамдары шақырылды.
Келесі күні Өмірзақтың машинасымен ауыл аралауға шықтым. Қапталдың суына шомылып, балық ауладық. Қамыстыкөлге барып, қайықпен серуендедік. N2 фермада қонақта болдық. Үш күн армансыз қыдырып, төртінші күні үйге қайтып келдім.
Әкем үйде екен. Сиырларды түбекке апарып тастапты. Баймаханның үй ішіне үйдің төбесінен көздеріңді сала отырыңдар депті.
– Неге кешіктің? – деді маған әкем.
– Қонақтан қонақ, үлгергенім осы…
Төрдегі айнаға қарап, менің альбомымды ақтарғандарын бірден білдім. Айнаның үстінде Райханның суреті ілулі тұр. Райхан екеуміздің арамызда бір кезде достық қарым-қатынастың болғаны рас еді. Сол кездерден белгі есебінде маған суретін сыйлаған. Сыртында “Сүйікті Сайлауға Райханнан” деген жазуы бар.
– Мыналарың не? – дедім суретті көрсетіп.
Әкем жаңа көргендей суретке қарап біраз тұрды да:
– Осы баламды өзіме әкеп бер, – деді басын көтеріп. – Бізді бір қуантатын кезің болды ғой…
Сырттан самаурын көтеріп апам кірді.
– Белім шойырылып өлейін деп жүрмін. Мені бір аяйтын кезің бола ма, – дейді шоқты көсеп жатып.
Мен не дерімді білмедім. Суреттің сыртындағы жазуға қарап иемденіп, төрге іліп қойып жүрген әкем мен апамның қылығына ішегім қата күліп, суретті айнаның үстінен алып, альбомыма салып қойдым.
Менің үйленгенімді көру екеуінің арманы еді. Және бұрынғыдай құда түсіп, той жасап, қазақтың бүкіл ырым-жырымымен үйленгенімді қалайтын. Әр демалысқа келген сайын:
– Шырағым, біз қартайдық. Сенің қызығыңды көреміз бе, көрмейміз бе деген дәрежеге жеттік. Не ойлап жүрсің, – деп мазалайтын әкем.
Төртінші курста өзіммен бірге оқитын Кәмшат деген қыз екеуміз семья құратын болып шештік те, жазғы емтиханды бітірісімен, мен үйге: “Адам алып бара жатырмын, той жасай беріңдер” деп телеграмма салдым.
Кәмшат бізге үшінші курста институттан ауысып келді. Ажары тәп-тәуір, салмақты қыз еді. Өзімде жоқ мінездерді – ұстамдылықты, сабырлылықты соның бойынан көрген соң, ойланбадым. Ауылға түс ауа жеттік. Үй бөгеттің қапталындағы қыстауда отыр екен. Машинаны көріп, төрт-бес кемпір орамал алып, алдымыздан шықты.
– Масқара, мен не істеуім керек? – деді Кәмшат құлағыма сыбырлап.
– Мен қайдан білейін. Айтқандарын орындай бересің ғой, – деп ақыл қостым.
Машинадан түстік. Кемпірлер Кәмшатты қоршап алды. Апам маңдайынан сүйіп, төбесіне орамал бүркеді. Абдырап жүр. Менің бетімнен жол-жөнекей сүйіп кетуге уақытты әрең тапты. Көп ұзамай малдан әкем келді. Төңіректегі жұрт та жинала бастады. Бөгеттің қарсы бетіне киіз үй тігілді. Мал сойылып, жерошақ басындағы қазанның төңірегіне қызмет қылған жас әйелдер қаптады. Сөйтіп әкем мен апам көптен аңсаған үлкен той басталды да кетті.
Шымылдықты киіз үйге әкеп құрды. Жастар жағы тегіс киіз үйге шықсын деген ұйғарым болды. Ойын-сауық қызып, киіз үйге адам сыймай кетті.
Таң ата той басқарып отырған Өмірзақ келіннің бетін ашамыз деп, қыстауда отырған үлкен қариялардың бәрін киіз үйге алдырды.
Шымылдық түрілген. Басына жібек шәлі бүркенген Кәмшат түрегеп тұр. Өмірзақ домбырасын безілдетіп, беташарды бастады:
Айт, келін-ау, айт, келін,
Атыңның басын тарт, келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Үйдің іші сіресіп тұр. Сыймағандары есіктен иінтіресіп, қайсыбіреулері жабықтан сығалайды.
Өмірзақ домбырасының басын бұлғалақтатып:
Төрде отырған қайын атаң
Сейсен шалға бір сәлем, –
деген кезде Кәмшат қайтер екен деп жүрегім дүрсілдеп, қарап қалдым. Кәмшат тап бір бұрынғының қалыңдықтарындай иіліп тұрып, тізелеп сәлем бергенде уһ деп демімді бір-ақ алдым. Төрге қарап едім, әкем жылап отыр екен.
– Құдай-ау, қаланың қыздары да сәлем қылуды біледі екен ғой, – деп, әйелдер гуілдесіп кетті.
Ырду-дырдумен тойға жиналғандар күн шыға бір-ақ тарады.
Ертеңіне кешке қарай ел аяғы басылған кезде әкем “келін балама шай құйдыртамыз” деп жиен ағамды, Смағұлды, көрші Таупықтың үй ішін шақыртты.
Шай келді. Бәріміздің көзіміз Кәмшатта. Кәмшат жібек шәлісін бүркеніп, қысылып-қымтырылып, шай құйып отыр. Апам жаңылысып кете ме деп қорыққандай, сүтін тақап беріп, самаурынын жақындатып, шайдың қалдығын төгісіп, бәйек болып отыр.
Әкем Смағұлға қарап:
– Қабиларға хабар жетпеді ме екен, келе алмады ғой, – деп әңгіме бастаған болады. Бірақ Қабиды ойлап тұрмағаны сезіліп тұр. Анда-санда Кәмшат жаққа бір көз тастап, орамалымен желпініп қояды. Өңі күлімсіреп, жөткіріне береді.
Кәмшат сыннан мүдірмей өткен секілді. Кешке жатарда Кәмшат жыламсырап, маған екі тізесін көрсетті.
– Тізем бастырмай қалды. Екі сөтке болды қисаймағаныма, тіпті жан жоқ, қарашы.
– Ештеңе етпейді, – деп жұбаттым. – Ең жақсысы, барлық сыннан сүрінген жоқсың… Тізеге иіліп сәлем беруді қайдан үйреніп жүрсің?
– Шымылдықтың ішінде отырған келіншектерден сұрап алдым, – деді Кәмшат тізесін сипап.
Мен Кәмшаттың тізесін уқалап беруге енді кірісе бергенімде есік сықыр етіп, апам кіріп келді. Қолындағы бір меске қымызды алдымызға қойды да:
– Кісілерден жырып алып едім, – деп қақпағын ашты. – Ащылау болса, сапырып ішесіңдер.
Содан кейін есіне жаңа түскендей мені көріп:
– Апасының жұлдызы, апасының құндызы, апасының құлыны, апасының жұлыны, – деп баяғы өзінің әдетімен ұйқастыра жөнелді.
Апам шығып кеткеннен кейін Кәмшат:
– Апасының күшігі, апасының мысығы, – деп мені мазақ қыла бастады.
Біз үйде бір айдай болдық. Төңіректе шақырған туыстар көп болып еді. Бірақ әкем:
– Өздері небәрі бір-ақ ай болады екен. Қайсысына бірдей жібере берем. Онан да үйде болсын, – деп көп жерге жібермеді.
Әкем тіпті бізді қайтадан оқуға да жібергісі келетін түрі жоқ. Боз ала таңнан тұрып, жылқыларды әкеліп байлатады да, бөгеттің үстінде ерсілі-қарсылы жүреді де қояды… Анда-санда бізді оянсын дегендей жөткірініп, белгі береді. Кейде естіртіп:
– Шөлдедік қой, – дейтіні бар.
Әкемнің “шөлдедік” дегенін естісе, Кәмшат зәресі ұшып кетеді. Апыл-ғұпыл киініп, ұйқылы-ояу күйінде самаурын қоюға кіріседі. Апам келген көршілерге: “Біздің Кәмшатжан” деп сөйлейтін болды. Ақыры біздің де қайтатын уақытымыз болды. Қайту сапарымыз әкем мен апамның осы уақытқа шейінгі қуанышын басып тастағандай болды. Қанша жыламауға тырысып, өздерін өздері жұбатқан болса да, түрлерінен қимай, уайым жеп тұрғандары көрініп тұр.
Алматыға келгеннен кейін апамның бізге деген посылкасы тіпті үзілмейтін болды. Посылканың ішіндегі хатта ылғи: “Кәмшатжанның қандай тамаққа көңілі шабады, айта жазыңдар” деген сөз жүреді. Мен ұзақ уақыт бұл сөздеріне түсінбей жүрдім. (Сөйтсем, Кәмшаттың жерік асы бар ма деп сұрап жүргендері екен.)
Ел жақтан біреу келсе, әкем тек біздің үйдің адресін ұстатып жіберетін болды. Жиналысқа, демалысқа, қаралуға келгендердің бәрі біздің үйге бір соқпай кетпейді. Бір күні ауылдан жиналысқа Өмірзақ келді. Таңертең шай ішіп отырып:
– Іші білінбейді ғой, – деді маған Кәмшатты көрсетіп.
– Білінбегені қалай?
– Осында келгендердің бәрін әке-шешең оңаша шақырып алып, Кәмшатжанның іші білінбей ме, байқамадыңдар ма деп сұрайды, – деп күлді Өмірзақ. – Әнеукүнгі барған Естай “келіннің іші бар секілді” деп барған екен, әке-шешең мәз болып, төңіректі шақырып жүр.
Кәмшат қызарып кетті.
– Бүкіл ауыл сондай ма, жоқ тек сенің әке-шешең ғана осындай ма? – деді кешке құлағыма сыбырлап.
Әкем мен апамның ендігі армандары – немере еді. Ақыры немере де болды. Біз де оқуды бітірдік. Әкем тағы бір тойға дайындық жасап жатты. Әкем мен менің арамдағы болмашы бір қайшылық осы тұста басталды. Олар мені елге келер деп күтіп жүрген, мен аспирантурада қалатын болдым.
Әкем мен апам тағы да: “Ғылым деген не пәле, осы оқу жетпей ме? Жұрттың баласы бітіріп, келіп жатыр. Бізді не істейсің сонда”, – деп баяғы әндеріне салып көріп еді, мен көнбедім.
Өйткені мен аспирантураға бұл жолы түспесем, сірә да түсе алмайтынымды сездім. Әке-шешем ренжиді де қояды.
Одан екінші баламыз болды. Әйтсе де екі баламыздың арасына үш жылдай уақыт түсіп кеткен. Бұл апама мүлдем ұнамады. Жазда командировканың жағдайымен үйге соққанымда апам оңаша шақырып алып:
– Кәмшатжан неғып кешеуілдеп жүр… Қаланың әйелдері дәрі ішеді дейді, сондай бірдеңе жасап, масқара болып жүрген жоқсыңдар ма, – деп күдік айтты.
Алғашқы ұлымызды мектепке берерде тағы да дау туды. Әкем мен апам баланы “бізге бер, ауылдан оқытайық, бізге де алданыш керек” деді. Біз қаладан оқытқымыз келеді.
Әркімнің бір арманы болатыны секілді, менің де бір арманым баламды қаладан, өз қолымнан оқыту еді… Өзгелер секілді мен де баланы кішкентай кезінен тәрбиелесем деп едім. Музыка немесе спорт мектебіне немесе арнайы ғылыми бағыттағы мектепке, не шет тіл группаларының біріне берсем деп ойлап едім. Бәлкім бір таңғажайып қабілетінің беті ашылар деген дәме де көңілімде жоқ емес-тін.
Жалпы барлық ата-аналар секілді менде де өзім жетпеген жерге балам жетсе екен деген ой болды.
Әкем тұңғыш рет маған кәдімгідей ренжіді. Сөйтіп жүргенде әкемнің бауыры ауыратын болды. Өзі хатқа жаздырмаса да, елден келгендерден екі-үш рет ауруханаға түсіп шықты дегенді естідім. “Келіп, емдел” деп хат жазып едім, “Қазір тәуірмін” деген жауап алдым.
Өмір өстіп өтіп жатты. Мен кандидаттығымды қорғадым, үш бөлмелі үй алдық. Енді әке-шешемді қолға алсам деген ой туа бастады.
Жазда балаларды алып, Кәмшат екеуміз елге келдік. Әкем төсек тартып жатып қалыпты. Біз барған соң басын көтерді. Бірақ алып кетеміз дегенімізге көнбеді.
– Келесі жылы өзім барамын,– деді немересін иіскеп отырып. – Биыл малды ешқайда қосқан жоқпыз. Бағатын адам жоқ. Амандық болса, келесі жылы малды жан-жаққа тапсырамын да, апаңды алып, Алматыға жетіп барамын.
Енді міне, келесі жылы баратын әкем хал үстінде жатыр. Жанында отырып, әкеме қатысты өткен күндерді есіме алып, ұят пен өкініштен азап шеккеннен басқа қылар қайраным жоқ. Тіпті мойнымдағы парызымды өтемек түгіл, әкеме өлшеусіз қиянат жасағандай сезінемін өзімді.
Құдай-ау, айдаладағы біреудің де жақсылығына жақсылықпен жауап қайтарасың, ал өзіңді дүниеге әкелген, сен үшін отқа да, суға да түскен әкеңе ешқандай жақсылық жасай алмау не деген қылмыс! Рас, мұның бәрін де әкем кешірер еді. Әкеме бататыны – тұқымына құт дарып, үйдің іші толған бала болып, астаң-кестеңі шығып жатса деген тілегінің орындалмай кеткені. Соңғы кезде апамды салып: “Кәмшатжан неғып тоқтатып қалды, денсаулығы қалай екен”, – деп айтқыза беретін. Өз тұқымының одан әрі берік жалғасып кете алатынына кәміл сенбеген адамның бір арманын ішіне бүгіп кететінін мен кеш түсіндім.
* * *
Әкем таңертеңгілік шай үстінде басын көтеріп отырды. Шайдан кейін айна алдырып, сақалын тарап, түрін көріп, біраз жатты. Әкемнің қозғалысы күндегіден гөрі ширақтау секілді, бірақ жанары тым өткір еді. Бұрынғыдай үй ішіндегі ұсақ-түйек заттарға мән бермейді. Тіпті кірген-шыққан жұртқа да назар тоқтатпайды. Өзімен өзі. Тек түс кезінде бұрынғы әдетімен:
– Баланың қарны ашты ғой, тамақ істеп пе едіңдер? – деді апама.
– Қуырдақ қуырып жатырмыз, – деді апам жүре сөйлеп.
Түстен кейін әкем нашарлай бастады.
– Бала қайда? – деді бір кезде әлсіз үнмен.
Жүгіріп әкемнің жанына келдім. Апам да, жиен ағам да, Смағұл, соның алдында ғана келген Өтеген шал – бәрі әкемнің қасына жиналды.
– Қалқам, – деді әкем қолымды ұстап, – шешеңді ренжітпе…
Одан кейін апамның қолын алды.
– Бақұл бол, – деді көзін айырмай. – Қош… Қайтейін…
Біздің еңіреген үніміз қаттырақ шығып кеткен соң:
– Тек, жыламаңдар. Арыздасып қою дегеннің қателігі жоқ. Неге осынша жылайсыңдар? – деп басу айтты Өтеген шал.
Әкем жиен ағаммен, Смағұлмен арыздасып қоштасты. Содан кейін Өтегенге қолын созды:
– Бір жылы туған төл едің… тіршілікте артық кеткен жерлерім болса, кеш!..
Өтеген қалтасынан орамалын алып, көзінің жасын сүртті.
– Өзің де кеш, Сейсен! Пенде болған соң артық-ауыз сөздеріміз болған шығар… Жамандыққа қиған кезім жоқ. Қош, құрбым! Мен де көп ұзамаспын. Соңыңнан жетермін…
Өтегеннің сөзіне үй ішінде жыламаған адам қалмады.
– Молдаға адам жіберіп пе едіңдер? – деді әлдекім.
Жиен ағам молданы алдыртуға кісі жібермек болып, сыртқа шығып кетті. Молданың үйі поселканың ең шетінде болатын. Ол келгенше әкем басын көтеріп, кәдімгідей тыңайып қалды. Молда кіріп келгенде әкем сусын ішіп отыр еді.
– Оу, шалың тың ғой, – деді молда күліп.
– Жаңа бір әзірде төмендеп кеткен соң, шақыртып едік, – деді жиен ағам молдаға жастық тастап жатып.
Үй іші қайтадан көңілдене бастады.
– Біз әлгінде Сейсенмен арыздасып қойып едік, – деп Өтеген молдаға қарады.
– Мына қаз Досмағамбет былтыр ауырғанда бүкіл үй ішімен арыздасып, артынан жазылып, тұрып кетті ғой, – деді молда қалтасынан тасбиығын алып жатып. – Кездескен сайын ұятты болып жүрмін деп қояды маған.
Арыздасқаннан кейін де жазылып кетуге болады екен ғой деген бір үміт жүрегімізде тұтанып, кәдімгідей серпіліп қалдық. Әңгімеміздің бәрі өстіп аяқ астынан жазылып кеткен адамдардың төңірегінде болды. Молда айтылған әңгімелерге “бәрі де құдайдың бұйрығына байланысты, бұйрықтан артық ештеңе болмақ емес” деген тұжырым жасады.
Жиен ағам:
– Мен үйге барып келейінші, атқа шөп салынбап еді, – деп орнынан тұра бергені сол еді:
– Молдеке, бері келіңізші, – деді әкемнің қасында отырған Смағұл. – Сейсен төмендеп кеткен секілді.
Тағы да анталап, әкемді қоршап алдық.
Әкемнің көзі жұмулы, аузы ашылып, кеудесі сыр-сыр етеді. Алдында дәл осылай ұйықтап жатқанын талай рет көргенмін. Сондықтан бәлендей қауіпті жай болар деп ойлаған жоқпын.
Молда мен Өтеген қабаттасып, әкемнің тамырын ұстады. Молда күбірлеп, иман үйіруге кірісті. Мен алдында байқамаған екенмін, әкемнің көзі төңкеріліп, жартылай ашық жатыр екен. Кеудесіндегі сырыл да, демі де бәсеңдей берді.
– Шымылдық әкеліңдер, – деді молда дауыстап. – Тек жыламаңдар. Жәй талып кетті. Талып кеткенде жыламас болар.
Молда мен Өтеген алып келген ақ шымылдықты әкемнің төсегіне керіп байлады да, бізді ығыстырып, өздері шымылдықтың ішіне кірді. Операция жасап жатқан дәрігердің шығуын күткендей бәріміз де керулі тұрған шымылдыққа қарап қалыппыз.
Әлден уақытта шымылдық ішінен басы селкілдеп Өтеген шықты. Мен еш нәрсеге түсінбей, аңырып қалдым. Өтегеннің:
– Аттанып кетті, – деген жарықшақ үнін естігенде барып әкемнен біржола айырылғанымды білдім.
Осы кезде көкірегімде жүрген барлық өкініш, қайғы уыты кеудеме шауып, бүкіл тірлігімнің құдайы – әкемнен мәңгі айырылғанымды түсініп, еңіреп жылаған күйімде шымылдыққа ұмтылдым. Шымылдық ішіне молда босатпады.
– Шырағым, балалықты қой, өлікке обал болады. Алла тағала әкеңе иман берсін. Енді ол бұл дүниенің адамы емес. Сондықтан мұның қиянат болады. Сабыр қылыңдар, сабыр.
Кімдер екенін айырып болар емеспін, кезек-кезек келіп, мені құшақтап көрісіп жатыр. Тек апамды дауысынан айырдым.
– Асқар таудай әкеңнен айырылдық қой, жалғызым-ай!
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай,
Өсіріп еді, жалғызым-ай! – деп тас қып құшақтап, айырылмай қойды.
Бір шамада:
– Сабыр қылыңдар, жамиғат. Шалдан айырылдық. Енді жақсылап аттандырмақ парыз. Өздеріңе өздерің берік болмасаңдар болмайды, – деген молданың даусынан кейін у-шу саябырлағандай болды.
Жиен ағам мен Смағұл, Өтеген шал, тағы бір-екі адам есік жақта түрегеп тұрып, ендігі шаруашылықты ақылдаса бастады. Жан-жаққа хабар тарату керек, арғы шеті Тоқанайға дейін… Көрші ауылдағы шалдардың бәрі бір түн ішінде келе алмайды, оларды таңертең арнайы машинамен алдыртқан жөн. Малға бір естияр адамды жібермесе, жетпей қалуы мүмкін. Қырық шақырым жер оңай емес. Өтегеннің барғаны жөн шығар. Бұрынғы піскен нан жетпейді, екі жерден қазан орнатып, нан пісіру керек. Піркәншік бір жаққа кетіп қалып жүрмесін, алатын жыртысымызды ала алмай қалып, масқара боламыз. Сүйекке салатын киімдерді біреуге тапсырған жөн. Сүйекке түсуден мына көрші Қайырбек шал қалып қойып жүрмесін. Сынаушы көз ғой… Молдаға атайтын малды кемпірдің өзі айтсын… тағы сол сияқтылар.
Ақыры Өтеген малға баратын болды.
Қалған шаруашылықты тікелей өзі тындыратын болып, жиен ағам сыртқа шықты. Үйдегілерге қызмет етуге Смағұл қалды.
Төңіректегі халық естіген беттерінде көңіл айтуға топырлап келіп жатыр. Жылай-жылай екі көзім бұлаудай болып, аштырмай қалды. Басым зырқылдап, шекем суырды. Енді шалдар келген әйелдерге:
– Сайлау шаршап қалды. Көп жылатпаңдар, қарақтарым. Байқаңдар, шамалаңдар,– деп тежеу сала бастады.
Түн ортасына қарай үй ішіндегі у-шу бір қалыпқа түскен секілді болды. Қайта-қайта шай келді. Шалдар әкем туралы әңгіме бастады. Сөздерінде ешбір реніш-күйініш жоқ. Осылай болуы заңды да, тіпті осынысы дұрыс болғандай, емін-еркін қалжыңдасып, ендігі өлімнің кезегіне дауласып, әңгіме-дүкенмен үй ішіндегі өлім елесін бірте-бірте сейілте берді.
– Апырмай, Сейсен әулие екен,– деді молда шайын ұрттай отырып.– Көз жұмардың алдында бір сағаттай бұрын ғана үй ішімен арыздасып, мені шақыртқан екен. Мен келгеннен кейін-ақ, күтіп жатқандай төмендей берді.
– Өле өлгенше ақылынан, не сөзінен жаңылмады ғой,– деді Смағұл.– Көзі жұмылғанша бәрімізді танып жатты.
– Жарықтық-ай!
– Япырай, ә! – десті шалдар бастарын шайқап.
– Қанша ауырғанда дәрмені қашып, дәреті қинап, берекені алып көрген емес қой, – деп сөзге араласты есін жия бастаған апам. – Таза кетті ғой… Жоқ, жоқ…
– Қалай болғанда да, әйтеуір кемпірдің алдында кеткені қандай жақсы. Келінге қараған күн болса, не болмақшы. Кіріп-шығудың өзі ақирет қой, – деп қауіп білдірді шалдар.
Келінге қараған күннің қиын екенін дәлелдеу үшін әрқайсысы жеке-жеке мысалдар келтіріп, сондай күйге тап болып отырған кейбір көзі тірі шалдардың халдеріне аяныш білдіріп, оған қарағанда әкемнің мынау өлімі құдайдан тілеп алатын өлім екенін айтып, тап бір әкем өлмей қалғанда жағдайымыз қиындап кететіндей, осының бәрін сәті түскен іске әкеп тіреді.
Түн ортасы ауғанда жылқыны алып, Өтеген оралды. Үсті-басы малмандай су болып Өтеген үйге кіріп келгенде отырған жұрттың бәрі аңтарылып, таң-тамаша болды.
– Ойбай-ау, ұшып келдің бе, не істедің?
– Малың бар ма?
– Үсті-басың неге су? – деген сұрақтар қаптап кетті.
– Оралмамен жүрсем, таң ата бір-ақ келетін түрім болды, – деді Өтеген тұмағын босағадағы шегеге іліп жатып, – барып малды тапқанша не заман өтті. Қайтарда қатты жүрсем, семіз байтал барлығып, еті бұзылып кетер деп қорықтым. Сосын тәуекел деп төтелеп өзеннен өттім.
Жұрт шошып кетті.
– Ойбай, не дейді?! Түн ішінде ме?..
– Астапыралла! Жүрегің қайтып дауалап жүр.
– Тай-құлындай бірге өскен Сейсен өліп жатқанда жаннан қорқып жүрейін бе? Сейсенге қылмаған қызметті әлдеқашан сүйегі қурап қалған әкем Нұрымға жасаймын ба?.. – Өтеген су сіңген етігін шеше алмай, әуре болып жатты. – Таңертең келген мал қашан сойылады?..
Өтегеннің түн ішінде өзеннен өтуі үлкен азаматтық болғанын жұрт жаңа сезіп, тағы да жамырай бастады.
– Әй, бұрынғының адамына дауа бар ма! – деді әлдекім.
– Өтекеңнен басқа адам болғанда малдың үлгіруі де қиын екен, дегенмен дұрыс болыпты, – деді тағы біреуі.
– Өлікке осылай қызмет етпек керек, – деп ақыл айтты молда.
Өтеген бұлай қызмет ету өзінен басқа ешкімнің қолынан келмейтініне сенімді пішінмен төрде нық отыр.
Осылайша әңгіме-дүкен құрып, тойға жиналғандай бірін-бірі қағытып, қалжың айтысып, өлікті күзеткен шалдар таң атқанша бір көз ілмеді. Молда түнімен құран шығарды. Таңертең бір топ шал сүйекке түсті. Сүйекке түскен шалдарға киім бөлісерде Қайырбек шал әкемнің саптама етігін алмай, өкпелеп шығып кетті.
– Е, мейлі, – деді әлдеқалай қырсығып қалған жиен ағам. – Басқа беретін түгім жоқ. Әшейін сандалып… Әйтпесе түгі жоқ, киілмеген, жап-жаңа саптама етік…
Тамақ ішіліп, әлденеше рет құран оқылғаннан кейін, өлікті шығарарда молда дәуір айналдырды. Жұрттың бәрі топырлап, ауыз үйге сыймай кетті. Жиен ағам мені шақырып, молданың алдына отырғызды. Молда аятын айрықша бір сазды әуенмен сарната оқып, әлден уақытта:
– Сейсеннің азан шақыртып қойған аты кім? – деді дауыстап.
– Сейсен өзінің аты емес пе?..
Жұрт аңтарылып бір-біріне қарады.
– Азан шақыртып қойған аты… – деп күмілжіп қалды жиен ағам.
Апам да үнсіз отыр. Кенет:
– Сейсенбай, – деді шалдардың бірі.
– Азан шақыртып қойған аты кім? – деп қайталады молда.
– Дұрыс, сол дұрыс, – деді апам әлгі шалдың сөзін құптап.
Мен өз әкемнің шын атын жаңа естіп тұрғаныма іштей таң қалдым.
Молда әкемнің туған жылын сұрады. Сенбей тұрғандай:
– Үк іметше емес, шын жылын айтыңдар, – деп дауыстады.
Ақыры дәуір айналдыру аяқталып, кілемге оралған өлікті сыртқа шығарып, машинаға салды.
– Дұрысы арбамен апарған ғой, бірақ енді машинадан басқа көлік қалмады, әрі өзі соншама жер, – деп ақталған болды молда.
Қабырдың басына келгеннен кейін жерінің керемет жұмсақ болғанын, үйінің аузын жабатын кірпіштердің соншалықты мол келгені бірсыпыра әңгіме болды. Жиен ағама бүйірден тескен лақат ұнамай, күрегін алып өзі түсіп, әлдебірдеңелерін жөндеген болып, бір уақытта шаң-шаң болып қайта шықты.
Қабырға топырақ салдық. Жұрттың бәрі өлік алдындағы ең соңғы парыздарынан құтылып қалуға асыққандай күрекке кезекке тұрды. Бірнеше адам құран оқып, қабырдың бұрыш-бұрышына қойған ақшаны бөлісіп алды. Жыртыс жыртылды. Жиналғандар ақырғы рет қолдарын жайып, әкемнің өте жақсы аттанғанын әңгіме қылып, өткен жолы Жарқымбайдың кемпірін көмгенде күрек батпаған жердің қалайша жұмсарып кеткеніне таң қалысып, орындарынан тұрды.
Төрт-бес күннен кейін әкемнің жетісін бердік. Тағы да мал сойылып, нан пісіріліп, бүкіл көрші-көлем абыр-сабыр болып жүр. Көрші ауданнан да бата қылып келіп жатқандар да бар. Біз тіпті уайым-қайғыны ұмытып, бүкіл ынта-ықыласымыз жұртты шақыру, тамақты, шайды үлгерту, азаға келгендерді бөлме-бөлмеге орналастыру, тағы да сол сияқты толып жатқан шаруашылықтарға ауып кетті.
Дәм үстінде бесінші ауылдан келген Оспан молда мен өзіміздің кіші молда айтысып қалды. Кіші молда қол сүртуге берген газетті алмай, майлық сұрады.
Осы кезде Абыл шал:
– Біздің молда осы қазитке қол сүртпейді, шариғатта сүйдеп жазылған ба? – деп Оспан молдаға қарады.
Оспан өзінің аузынан шыққан сөздің шариғат сөзінен бір кем болмайтынын жақсы білетін айрықша жауапкершілікпен маңызданып біраз отырды да:
– Қазитке сүртуге болады, – деді Абылға қарап. – Қазитке сүрту шариғатқа қайшы келмейді. Онда тұрған харам ештеңе жоқ.
Бұған кіші молда шамданып қалды. Екеуі шариғаттан әр түрлі мысалдар келтіріп, біраз айтысты. Бірақ сөздеріне қарағанда құранда дәл газетке байланысты айтылған нақтылы нұсқау жоқ екені байқалып тұр.
– Біреу аттан түсіп жатыр, – деп хабарлады есіктен балалардың бірі. “Бұл кім екен?” – деп жиен ағамның бұрыла бергені сол еді, есіктен үстінде қаудырлаған плащы бар шоқша сақалды ақсары шал кіріп келді. Келген бетте төрге отыра қалып құран бастады. Құран оқылып, қол жайылғаннан кейін барып, амандыққа көшті.
– Иә, қаза қайырлы болсын, бәйбіше, – деді апама қарап. – Иманын жолдас қылсын. Біз алдыкүні ғана естідік. Болмаса қызмет қылуға кеудеде шыбын жан тұрғанда жетуге болатын еді. Қалғанға ғұмыр берсін. Танымай қалдың ба, мен Айдарханмын ғой… Көрші ауданда тұрамыз.
– А-а, – деп жалт қарады апам. Содан кейін ойланып қалғандай сәл тұрды да, дауыс қылып қоя берді. Тағы да құран оқылды. Қолға су құйылды. Шай келді.
– Сейсеннің жалғыз ұлы осы бала ма? – деп Айдархан маған қарады.
– Иә, – деді жиен ағам.
Айдархан әкеммен бірге болған күндерін әңгімелей келіп:
– Шырағым, – деді маған қарап. Сейсен екеуміз кішкене күнімізден бірге өсіп ек. Кісінің ала жібін аттамайтын, сыртынан сөз сөйлемейтін, кісілігі биік жан еді. Әкеңе тартсаң, жаман болмассың. Әкені жоқтаған да жақсы. Бірақ езіле беруге болмайды. Жалғызынан айырылып жатқандар да бар. Иә… Содан сақтасын деңдер.
Апам көзіне жас алды.
– Жыламаңдар, – деді Айдархан тақиясын шалқайтып. – Уәйімге берік болған жөн. Иә… Баяғыда бір ханның жалғыз ұлы өліп, көңіл айтуға Едіге би келгенде басын көтерместен: “Менің бұл қайғым қайтсе қалады?” деп сұрапты дейді. Сонда Едіге би тұрып:
– Ей, ханым, – десе керек. – Ей, ханым, сенің бұл қайғың,
Келелі бидің кеңесінде қалады,
Биік таудың төбесінде қалады,
Өзен судың көбесінде қалады,
Қыран құстың қияғында қалады,
Жүйрік аттың тұяғында қалады,
Сұлу жардың қойынында қалады,
Ұлы тойдың ойынында қалады,
Осы айтқанымды істемесең,
Өле-өлгенше өзіңнің мойыныңда қалады, –
деген екен.
– Япыр-ай, ә! – десті отырғандар таңырқап.
– Сол айтқандай, – деді Айдархан сөзін жалғап, – өлгеннің артынан өлмек жоқ. Берік болған жөн. Мінеки, қандай қылып жөнелтіп жатыр. Елдің ортасы деген осы ғой…
Келесі күні мен ауданға баратын совхоз директорының машинасына ілесіп жүріп кеттім. Қайғы жүгі жеңілдеп, бойым сергіп қалған секілді. Өлікті қадір тұтқан осынау қыруар өлім жоралғысының ғасырлар бойы халық арасында сақталып келуінің сырына жаңа түсінгендеймін. “Япыр-ау, – деймін ішімнен таң қалып, – неге жұрт ел ортасында өлгісі келеді? Неге өмір бойы басқа жерде ғұмыр кешіп, өлу үшін туған елге оралады? Неге?..”
Оралатын елің болса, оған не жетсін...Әлдеқалай көңілім босап, көзіме ыстық жас тірелді. Бірақ әкемнің қазасына жылағам жоқ. Басқа бірдеңеге. Басқа…