Адам әкесінен ұзақ уақытқа айырылып жатқанына қуана ма екен? Мен қуанған едім. Енді ойласам сондағы қуанышым балалық екен ғой. Бұл қуанышымның да себептері бар еді.
Ұмтылмайтын сол күн. Сол күні әкемді егістік басындағы жұмыс орнынан шақыртқан еді. Ауданның әскери бөлімінен шақыру қағазы келген екен. Әскерге баруға. Сол күні әкем егістіктен келді. Өзі үшін арнайы әзірленген дастарханға отырды.
Әкем орта бойлы, қастары қалың, жауырыны қақпақтай, суық жүзді адам болатын. Сол күні ол ерекше мейірімді болды. Мейірлене күліп, Мәриям әжем мен анама «ұлыма бір шалбар кигізіңдерші, шалбар кигенін көрейін» деді. Ол замандарда шалбар сөзін білмегендіктен, дамбал дейтін едік. Аттардың да дамбалы болатын,еркектердің де. Әйелдер дамбал кимейтін еді. Біз сияқты ұлдар үшін дамбал кию есею, еркек болу дегенді білдіретін. Мен сол күнге дейін дамбал кимеген едім. Үш жастан асқан кезім. Ол кезде кішкентай ұл балалар да қыздар сияқты көйлек киетін еді.
Кейін білсем, Мәриям әжем мен анам маған арнап қалың бір көк матадан дамбал тіктіріп, сандықта сақтаған екен. Әкеліп кигізді.Өмірімде киген бірінші дамбал. Өзіме қатты ұнады. Әкем арқасын жарға сүйеп отырып, шаршаған көздерімен басымнан аяғыма дейін барлап қарады. Жүзінде мақтаныш сезімі ойнап тұрды. Менің есейген түрімді көргісі келетіндей болды ма екен білмеймін.Әкемнің маған сондай бір сенімді көзқараспен қарағанына ерекше қуанышты едім. Қандай мақтаныш дамбал кию?! Біздің үйімізге көршілер, туысқандар келе бастады. Әкем өзіне арнайы дайындалған дастарханда ұзақ отырмады. Дастарханда пекмез[1] бар еді. Тостағанда піскен жұмыртқа бар еді. Өзі әбден тамаққа тойып алған ба білмеймін, әкем бұл тамақтарды жемепті. Асығып орнынан тұрды. Аулаға шықты. Аулада не істегенін де білмеймін. Ол кезде мен дастархан басында тамақтанып отырғам. Мәриям әжем мені сыртқа шақырды. Әкем әлдеқайда жол жүрмекші адамдай дайындалып тұр екен. Мені еңкейіп маңдайымнан сүйді де, жүріп кетті. Мәриям әжем, Исмайыл ата және анам бәрі жылап әрі дұға оқып жатқан-ды. Ауылдың ұзын қара жолында әкемнің қарасы ұзап, көрінбей кеткенше бәріміз соңынан қарап тұрдық. Мәриям әжем мені, Исмайыл атам Юсупты, анам кішкентай қарындасым Фатманы құшақтап ағыл-тегіл жылап тұрды.
Исмайыл атам Мәриям әжемнің қайныағасы еді. Ол кезде алпыс жаста болатын. Бірақ жасы одан да үлкен көрінетін. Арық бір қария еді. Мәриям әжем әкемнің анасы болатын. Ұзын бойлы, өктем, жүрген кезде адымдарын қаттырақ басатын, әйелдермен де, ерлермен де өте еркін сөйлесетін, мінезді адам еді. Аз сөйлейтін, көп жұмыс бітіретін еңбекқор болатын. Кейінгі кездері қарт Исмайыл атамның жүріп-тұруы да қиындағанда, біздің үйдің бас көтерер азаматы Мәриям әжем еді. Әжем барда біз ештеңеден тарықпадық. Кейбір үйлердің ұны таусылып, нансыз қалып, жоқшылықтың ащы дәмін татып жатқанда, біздің жейтін нанымыз да таусылған жоқ. Біз тарықпасын деп Мәриям әжем ертеден қара кешке дейін жұмыс істейтін. Үйдің шаруашылығын да, түздің жұмысын да атқаратын.
Азаттық соғысы ма, Чанаккале, әлде Балқан соғысы ма білмеймін, әйтеуір біздің елде болған көп соғысқа ерлер барып, кейін қайтпаған. Жер жастанса да, елін-жерін қорғаған. Алдымен Исмайыл атамның әкесі барған. Кейін қайтпаған. Содан кейін баласы Исмайыл аттанған. Ол он бес жыл армия армия қатарында болып, жараланып қайтты. Одан кейін оның екінші ұлы Хасан, Мәриям әжемнің күйеуі, яғни менің атам аттанды. Атамды Балқан соғысында шейіт болды деп еститінмін. Енді міне, Мәриям әжемнің жалғыз ұлы, менің әкем Мұстафа әскерге аттанып барады. Осы қиын жылдарда отбасын,әулетті сақтап қалған әйелдер еді. Ерлер майданда соғысып жатқанда, әйелдер қиын жұмыстарды атқарып және балаларды тәрбиелеген еді.
Кейінгі кездерде балалардың 13-15 жасында үйлендірілуіне қарсы шығып жатыр ғой. Заман өз үкімін орындайды. Сол заманда балаларды ерте үйлендіретін. 13-15 жасында балаларды үйлендірді, олардың бірнеше балалары болады. Ұлдар жасы жиырмаға толғанда әскерге, майданға кетеді содан оралмайды. Жетімдер әке-шешелерінің жасына келгенде үйленеді,бірнеше балалары болады, еркек майданға барады, қайтпайды. Қаншама отбасы осылайша ұрпақ жалғастырды. Егер ертерек үйлене алмаса ше?!
Соғыстың біткеніне бірнеше ай болған еді. Әкемнен хабар келді. Соғыста жараланып Анкарадағы Джебеджи Әскери емханасына түскен екен. Бұл хабар бізді қатты қуантты. Мәриям әжем жылдамдатып бір тауықты сойып, әкеме тамақ дайындап жұмыртқа пісірді. Бір табақ пекмез де дайын болды. Ауылымыздың жүзімдері мен пекмезі өте дәмді болатын.Анам жүқа нан пісірді. Бірнеше «базлама[2]» мен пияз да дайын. «Мұстафа жұқа нан мен пиязды өте жақсы көреді деп Мәриям әжем қуаныштан жүзі бал-бұл жанып күлімсіреп қояды. Жолға дайындық басталды. Анкараға әжем қалай бармақ?! Жалғыз әйелдің сонау алысқа, арақашықтығы екі күндік жолға шығуы қиындау еді. Әжем ағайынымыз Хидаят ағаға жүгірді. Жалынып-жалбарынып Анкараға бірге баруға көндірді. Мен бұл кезде бес жаста едім.
Әкемнің жолын қызыға күтіп жүрдік. Анам қуанғаннан бір орында тұра алмай, жүре беретін. Көздері күлім қаға күлімсірей түсіп, көздерінен моншақ-моншақ жас тамып кететін. Бұл анамның қуаныштан жылаған тұсы еді. Исмайыл атамның да жүзіне шуақ жүгірді. Сол күндерде Фатманың ауырып қалғаны болмаса, бәріміз де қуанышты едік. Фатманың қызуы жоғарылай берді. Күннен күнге жағдайы нашарлай берді. Анам Фатмаға сірке жағатын. Ол кезде дәрі-дәрмек те тапшы еді ғой.
Мәриям әжемнің Анкараға кеткеніне бес күн болған еді. Ауылға келгендерін алдымен мен көрдім. Қуанғаннан әжемнің алдынан шығам ба, әлде анамнан барып сүйінші сұраймын ба деп тосылып қалдым. Сәлден соң Мәриям әжеме қарай жүгірдім. Келе еңкейіп әжемнің аяғын құшақтай алдым. Әжем өте қатты шаршаған болуы керек. Құшақтап маңдайымнан сүйді. Әжемде де, Хидаят ағада да үн жоқ. Мәриям әжем қолымнан жетектеп үшеуміз үйге қарай беттедік. Мен өте қуанышты едім. Олардың келгендерін бірінші мен көрдім ғой. Анам алдымыздан шықты. Үлкен көздері кең ашылып, әжеме сұраулы жүзбен қарады. Оған қараған әжем бар даусымен жоқтау айтып жылап жіберді. Жанымызға жүгіріп кішкентай інім Юсуп келді. Інім екеуміз не болғанын түсінбесек те, үлкендер дауыс етіп жылап жатқасын, біз де құшақтасып жылай бердік. Үйіміздің ауласына көрші-көлем, ауылдың адамдары тола бастады. Келген адамдардың бәрі Юсуп екеумізді құшақтап жылап жатты. Исмайыл атам басын ұстап жерде отыр. Отырған дегеннен гөрі тас секілді қатып қалғандай.
Мәриям әжем Анкараға барғандарын, не болғанын ешқашанда айтпады. Мүмкін айтқысы келмеген болар. Хидаят ағаның айтуынша, олар екі күндік жолды бір жарым күнде жүріп өтіпті. Мәриям әжем атқа еркектерден де жақсы отырады екен. Тоқтамай шауып Анкараға, Джебеджи ауруханасына барған екен. Әкем әжем келерден бір сағат бұрын қайтыс болыпты. Әкемді әлі ауруханадан шығарып үлгермеген екен. Мәриям әжемді ұлының төсегіне жақын апарған екен. Сол кезде әжем ұлының мүрдесін құшақтап, дауыс етіп қатты егіліпті.
Күйінген қатты дауыспен жылап жоқтаулар айтып, тоқтай алмаған әжеме дәрігерлердің біреуі «шығарыңдар мына әйелді бұл жерден, аурухананы басына көтерді» дегесін бұларды сыртқа шығарып жіберген. Исмайыл ата жыламады. Тас секілді қалыпқа түсті. Келіндер «топырағы торқа болсын» деп қолын сүйіп жатқан еді, ол ешнәрсе деместен солайша, тас сияқты бір орында қатып қалды. Қолының сүйіліп жатқанын сезіп тұр ма, әлде келгендерді танымай тұр ма, өлімді өлердей жек көре ме әлде?! Алдымен әкесі, одан кейін інісі болса да ұлындай боп кеткен інісі, сосын немересі. 15 жыл армияда болғанда кім біледі қаншама досының өлім хабарын естіген екен?! Қария тіл қатпастан тау сияқты тұрған еді.
Әкемнің қаралы күні қанша күн болды білмеймін. Сол күндерде тірі ме едік? Ұйқыда ма едік, ояу ма едік, білмеймін?! Қараңғы қара түндерде жылаудан шаршаған едік, тұрған жерімізде ұйықтап қалатынбыз.Әр оянғанымызда, жылаған бір дауыс естіп, қайтадан жылай бастайтынбыз.
Осындай қиындықтар отбасымызды құлазып-шаршатып кетті. Ауру қарындасым Фатманың да денсаулығына мән беруді ұмытқан едік. Бір күні таңсәріде анамның қатты жылаған дауысынан шошып ояндық. Ауырып әбден әлсіреген Фатма қарындасым өлген еді.
Сол күнге дейін әрдайым алыстарға қарап, қозғалмай отыратын Исмайыл атам бұдан былай қарай бір орында отырмайтын болды. Өзінен-өзі бірдеңе деп күбірлеп, ерсілі-қарсылы тоқтамай жүре беретін болды. Кейбір кездері әскердегі басынан кешкен сұрапыл, сұмдық уақиғаларын, біресе балалық шағынан әңгімелер айтып өзінен өзі сөйлеп жұретін. Дауысы жоғарыламайтын, егер жанына жақындап барсаң, айтқандарын түсінуге болатын. Айтқандарын қайтадан сұрасаң, есіне ештеңе түсіре алмайтын.
Ах, Мәриям әжем! Фатманы жерлеген күні оған бір күш келді! Көзінің жасын тиып, еңкіш тартып құлап бара жатқан отбасының еңсесін көтеруді ойлады. «Шеге шегені суырады» дейді ғой. Бір күйініш бір күйінішті өшірді ме, әлде?!
Әжем өзгерді. Ол мүлдем жыламайтын, күлмейтін болды. Анам армиядан қайтқан бір жігітпен қашып кетті бір түні. Мәриям әже бізге әуелден де, әрі әке, әрі шеше еді. Ұлының жетімдері мен соғыстан қайтпаған інісінің жетімдерін қосып алып бақты, өсірді. Мәриям әжем келініне, менің анама өкпе артпады, түсінген сияқты, қоштаған сияқты...
Мәриям әжем әкем туралы естелік айтпайтын еді. Оған менің әкем туралы айтатын естеліктерім қымбат көрінетін. Әкемнің әскерге аттанар күні. Бес жастағы ботадай құлдыраңдаған бүлдіршінге, маған дамбал-шалбар кигізгендері, әкемнің мақтанышпен қараған сәті туралы естелігім әжеме де, маған да керемет күш сыйлайтын, дем беретін. Содан соң тамаққа қол созбастан дастарханнан тұрып кеткені, «әкем жемеді, тостағандағы жұмыртқа мен пекмез маған қалды» деп қуанып – қызығып жегенім есіме түскенде, сондай қысыламын.
Бұл сол замандағы барлық әкелердің «ұрпағымның дәм-тұзы таусылмасын» деген тілегі екен ғой. Есейдім, заман да басқа.
Ес кіріп, есейген соң, пекмез де, жұмыртқа да жемедім. Барлық жұмыртқа мен пекмезді әкем де келер бір күні деген үмітпен, жан әкеме сақтадым...