Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Спецпроекты
Переводы
Абайдың аудармалары

30.03.2015 31605

Абайдың аудармалары

Язык оригинала: Абайдың аудармалары

Автор оригинала: Не указан

Автор перевода: not specified

Дата: 30.03.2015

Ал, сенейін, сенейін (М. Ю. Лермонтовтан)

Ал, сенейін, сенейін,
Айтқаныңа көнейін.
Шалма ораған сопының
Ішін арам демейін.
Ақ көңілді әділ жан
Табылар деп көрейін.
Я сүйсе, я күлсе,
Елжірейін, төнейін.
Жаралы көңіл жазылар,
Дүниеде рахат бар шығар.
Жақсы адам деген құры сөз
Емес шығар, табылар.
Өткен өмір, көрген түс
Не қылғанда бір болар.
Деп нанып ем “маған нан”,
Не таптым мен нанғаннан?
Жүрегімді қан қылды,
Өткен өмір, өлген жан.
Ақыл іздеп, ізерлеп,
Бәрін сынап сандалған.
Бірін таппай солардың,
Енді ішіме ой салған.
Тұла бойды улатты,
Бәрі алдағыш сұм жалған.
Басыңа тиді, байқадың,
Бәрінен басты шайқадың.
Тағы бар ма айтарың?
Нанғыш болсаң, енді нан!

Ала қойлар (И. А. Крыловтан)

Бір таудағы хайуанды бір арыстан
Билеген патшасы екен әуел бастан.
Әділ атақ алмақшы ниеті бар,
Ешкімді ауыртпастан, жылатпастан.
Онысы рас, басында тәуір болған,
Сөйтсе де кімді бұзбас бақ антұрған.
Алдынан жан шықпаған патшамыздың
Ала қойды көргенде көзі ауырған.
Ала қойда кінә жоқ жүннен басқа,
Қойдан қашып шығыпты патша тасқа.
Көрсе қаза тұрады аза бойы,
Болмады бұған айла ойламасқа.
Тұрды патша қайғырып уайым жеп:
“Ала қойды болады қайткенім еп?”
Аю, түлкі – қасында уәзірлері,
Кеңеседі оларға “қайтемін?”- деп.
Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю:
- Батыр патшам, не керек көп ойлану?
Қойды жан деп, есіркеп кім аяйды?
Ақылы ала қойдың – қырып салу.
Қабағын түйді арыстан сөзін үғып:
Өлтірмегім оңай-ақ қойды сығып.
Өз жұртын өзі қырған патша бар ма?
Жаман аттан қорқамын, кетсе шығып.
Бекер қан төктірмеңіз, әділ патшам,
Сөкпеңіз,- деді түлкі,- мен сөз айтсам.
Оңаша бір өзенді қойға беріп,
Қайраңында семіртіп, кең жайлатсаң.
Жарлықты кешіктірмей тез беріңіз,
Жаманды жақсыменен тең көріңіз.
Ала қой қорыққаннан өзі азаяр,
Қойшылыққа қасқырды жіберіңіз.
Қара деп қатты тапсыр ала қойды-ақ,
Өзгесі өсер, ол кемір, сөзіме бақ
Жақсы сөзбен біреуге тапсырған соң,
Жаман аттан боласыз сіз-дағы аулақ.
“Құп” деді, оны арыстан қабыл көрді,
Қасқырға “жақсы бақ” деп жарлық берді.
Ала түгіл ағынан тыныш бопты,
Түлкінің айтқанындай қылып еді.
Түлкінің айтқаны рас, жұрт – ақылсыз,
Көре салды қасқырдан баяғы арсыз.
Антұрғандық түлкі мен арыстанда,
Ол болмаса, не қылмақ қасқыр жалғыз?
 
Асау той, тентек жиын, опыр-топыр  (М. Ю. Лермонтовтан)

Асау той, тентек жиын, опыр-топыр,
Ішінде түсі суық бір жан отыр.
Алысты тұманданған ол ойлайды,
Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр.
Ішкен-жетен, таласқан, ойнап-күлген,
Кезек жоқ, келісім жоқ, сөйлей берген.
Дауырыққан, күліскен, өлеңдеткен
Қайғысызға қайғырып, жиіркенген.
Көп отырды, қозғалды сөйлегелі,
Құлағымда бүгін тұр соның үні:
Сендерге не жүмыс бар тағдырменен,
Ойнай бер де, күле бер күні-түні.
Ойынға ойсыз надан бәрі құмар,
Дүние істеп өз жүмысын жатқан шығар.
Елемесең, елетер, бір танытар,
Қайда айдаса, барасың,- кім тартынар?
 
Бородино

Айтшы, аға, неғып жеңілдік
Мәскеуде емес тегіндік,
Болған білем соқтығыс,
Емес білем аз жұмыс.
Ұмытпайды еш орыс,
Бородинде көргенді.
Ондағы біздің адамдар,
Сендердей емес, балаңдар.
Қиын тиді оларға
Аз кісі ақ қайтып санарға.
Қол салмаққа кәртечке
Ол күн болды, күн кешке,
Қас қарайып, болды түн.
Штык, қылыш қайрасып,
Ширатып мұртын шайнасып,
Ашулы солдат қыстықты:
«Қойса екен бізді тыюын,
Айтса екен бізге қиынын,
Жыртпасақ жаудың киімін,
Біз не етеміз, штыкті»…
 
Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда? (М. Ю. Лермонтовтан)

Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?
Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда?
Антұрғандық қылығын алла ісі деп,
Нандырар қандай сопы, қандай молда?
Мені өлтірді-ақ, не пайда осыларға?
Менің өмірім оларға қосылар ма?
Ол шалдар қыршын жасты қиғанменен,
Өз бойына жапсырып тұшынар ма?
Сопысынсын, хақ десін, хақты ұмытсын,
Әділетсіз бір жастың басын жұтсын.
Қайнап тұрған қанымды ішкенменен,
Қаңсыған, қатқан ішін не жылытсын?!
Өлтірер, жерге тығар, мола қылмас,
Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас,
Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,
Басқыш болып аспанға шығара алмас.
Бейкүнә зорлықпенен шыққан жаным
Бейішке басшы болар деме, залым!
Суық қабір – қайғысыз ұйқы орны ғой,
Оңай ма жас өмірден айрылғаным?
Мен жаспын, білесің бе жастықты сен?
Не қызықты үміт бар ойға келген!
Көріп пе ең, я болмаса, ұмыттың ба,
Іштегі отты достық пен қастық деген?
Ай, жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар,
Жазғы құс, жапырақта қандай мін бар?
Күндізгі харекеттен босағанда,
Өзіңе өзің тиген тәтті түн бар.
Сағыныш бар, дүниеде жұбаныш бар,
Көңілді көтеретін қуаныш бар.
Құлын-тайдай айқасып, ойын салып,
Кептерше сүйеніскен демалыс бар.
Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі
Саған салқын тартқандай, сен – бір кәрі.
Болсам деген талапты ұмытқан соң,
Құр кеудеге өмірдің несі дәрі?
Мен – сен емес, жас күнім жайнап тұрған,
Жүректе түрлі талап қайнап тұрған.
Сендер сүрдің, мен де өмір сүрмес пе едім?
Бір шырақ сөнер, кетер саулап түрған.
Есіткелі келдің бе сырымды сен?
Олардың мақсаты не – білмеймін мен.
Менің ісім өзіңе мәлім шығар,
Көңілді түгел айтып болмайды екен.
Менің кеудем сендерге сандықпен тең,
Мүмкін болса, қақ жарып ашып көрсең.
Ішін түгел көрген соң өз көзіңмен,
Тахқиқ¹ мені күнәкар, қу демес ең.
Мейлің өзің, монастырь қылған істі
Алла ісі деп көңілінде көрсең күшті.
Хақ салған бұл кеудемде бір закон бар,
Оны құдай өзгеңнен кем демес-ті.
Ақтығымды біледі сол көкірек,
Сол законге билеткен біздің жүрек.
Алла берген хауіпті осы сырым
Көрге бірге өзіммен барса керек.
Мен – өлі жан, ешкімді талғамаймын,
Рақымсыз билеріңді қарғамаймын.
Мен кешерлік сүйтсе де іс қылған жоқ,
Разымын деп жалған сөз жалғамаймын.
Қазір тірі, дүниеге мен де ортақпын,
Осы күн батпай, батып жоғалмақпын.
Алдыңдағы асау жас қайнап тұрған
Мен болмаспын – бір уыс топырақпын
 
Вадим
I
Батар күнге шымылдық – көк бұлт кең,
Толқынды қызыл торғын өртпенен тең.
Өткен дәурен секілді нұры жайнап
Арттағы мұнараға береді рең.
Ол – монастырь сопылар тұрар жері,
Кешкі қоңырау соғылған көптен бері.
Сопылар, қызметкерлер басылған жоқ,
Тас көшесін сыпырып жүргендері.
Ұзын қара бешпентті, ұзын шашты
Жамағатты итеріп бір жол ашты.
Мешітіне бастықтың келер жолын
Дайын қылып, сыпырып шаңын басты.
Томсарған, күлкісі жоқ, бір қансыз сұр,
Бір үлкен іс қылғансып асығып жүр.
Ладан деген иісті май тұтатып,
Жаққан шамы жарықта нұр бермей тұр.
Құлшылыққа жиылған көп жамағат
Сыбдыр қағып тосып тұр, сол-ақ қымбат.
Тас күмбезде сыбдыры күңгірлейді,
Ішкі үйіне кіруге тимей рұқсат.
Мұнан басқа қақпада бірқатар жан,
Жанашырсыз дүниеде жетім қалған.
Құдайдан да жұрттан да күдер үзген,
Амал жоқ, өлмес үшін сұрайды нан.
Бірі – ақсақ, бірі – соқыр, бірі – кемтік,
Киімі – жүз құраулы жемтік-жемтік.
Мойны – қара, қолы – көн, езуі – көк,
Көзі үңірейген, беті әжім, бәрі – өлімтік.
Ұяттан, ар-намыстан не біледі?
Шіркеуге келгендерден тіленеді.
Аш итше бір тиынға топыр қағып,
Бір таласып, бір ұрысып, бір күледі.
Ұялғаннан тастаған бір мыс тиын -
Аш кедейге ол дағы – қымбат бұйым.
Кір дорбаға онысын салып алып,
Жағалайды әркімді жыртық киім.
Бір бүкір ортасында, сол қозғалмас,
Жалынып еш адамға қолын созбас.
Арық қара, кең маңдай, қыр мұрынды,
Екі көзден от жанған не қылған жас?
Сұр ерін, өзі жұқа, жиі тістеп,
Ызамен тұрған жандай бойын күштеп.
Кең жауырын, білегі бұлшық етті,
Үйренген жан секілді қызмет істеп.
Көп қайыршы бір-бірін кимелейді,
Бір тиынға таласып үймелейді.
Қозғалмай тұрған жастан сүйтсе дағы,
Бәрі қорқып, азғана именеді.
Қабағы түйіліңкі, сүйінбейді,
Алла бөлек жаратқан түрін дейді.
Жиырма сегіз жасында әжім түскен,
Көк тамырда қан ойнап, дірілдейді.
Көзге бүкір, қайраты – болат қырлы,
Сақтап жүрген секілді бұл бір сырды.
Шайтанның суретіне есіктегі
Бірқатар көзін салып қарап тұрды.
-«Егерде шайтандыққа жетсе қолым,
Алдауға арланар ем адам ұлын.
Аллаға асы, бейішке қашқын болып,
Онан соңғы бұл емес менің жолым.
Қорыққан кісі секілді бойын барлап,
Теңдес емес адамды алдап-арбап,
Жек көріп алғаннан соң көріне жау боп,
Кегін алса болмай ма сыпыра жалмап?» -
Дүниені ескермейтін паң секілді,
Жатырқап тірі жанды аң секілді.
Сыпатын, түрін көрсе сол бүкірдің,
Бір үлкен мақсұты бар жан секілді.
Қасында жолдастары – ақсақ, соқыр,
Қайыр тілеп шулап жүр, опыр-топыр
Палицын бай есікке келіп еді,
Шыр айналды күңк етіп әлгі бүкір.
II
Елуге келген, шашы бурыл тартқан,
Көзінің түсі оңып, нұры қайтқан.
Жүріс-тұрыс сүйтсе де жас жігіттей,
Қуатына жарамас шал деп айтқан.
Үлкен етік аяқта, көк пешпентті,
Таққан кірес төсінде жарқ-жұрқ етті.
Жүргені тарс-тұрс еткен тәкәппарлау,
Жайған тасқа басқаны жанды үрпитті.
Бай Палицын паңдықпен басады аяқ,
Қайыршыға түксиер түйген қабақ.
Екі малай артынан ертіп алған
Күшік иттей қылып жүр байға жалбақ.
Кердең басып шіркеуге жақын барды,
Қалтадан бір теңгелік күміс алды.
Есікте шегелеулі құлыбы бар
Бір сандық бар, барды да соған салды.
Ақырып кедейлерге дейді: «Антұрған!
Жалқаулықтан бәрі де мұндай болған.
Қызмет қылса,тамағы тоймас па еді?!»
Қуды «кет!» деп кедейді әлгі тұрған.
Ақырған соң байғұстар әрі тұрды,
Қалтасына қол салып, мойнын бұрды.
«Бәрің бірдей таласпай, бөліп ал!» – деп,
Бір теңгелік күмісті лақтырды.
- Осылар елдің тынышын алды бүгін,
Бірдің нанын тіленіп, бірдің сүтін,
Құдайым кезін берсе, күтіп жүріп,
Ұялмай бәрін аштан өлтіретін.
Үндемей бүкір жүрді арғы шеттен,
От жалындай сол байға көзін тіккен.
Жай отындай жарқылдап қарауы өзге,
Ызасы қозғалған ба ішке бүккен?
Палицынді артынан қуып жетті,
-Не керек? – деп әлгі шал бір күңк етті.
-Сенен менің сұрауым тым аз ғана,
Өзің айтқан жұмысты берші! – депті.
- Қарама мені әлсіз деп, байым, кердең, -
Бір ауыр тасты жұлып алды жерден.
- Көрген соң көзің жетсін – деді дағы,
Атып, қағып, доп қылып ойнап берген.
Бай көріп, аң-таң қалды, мұның күшін,
Еш адам қылар емес қылған ісін.
- Өз қорама алайын, өзің көнсең,
Боласың ба қызметші, менің кісім? -
Алды-артына бүкір де қарамады,
Қуанғаннан қасына жетіп барды.
Азаттығын садаға қылды дағы,
Басына уәдені беріп салды.
- Атың кім? – деп, бүкірден бай сұрады.
- Атым – Вадим, – деп еді, байға ұнады.
Қошаметтің жөні деп қос жалшысы,
Мағынасыз беталды ыржаңдады.
Жаман көзбен қарады Вадим сонда,
Ертіп жүрген екеуге байды жолда.
Көзіне шыдай алмай, к…н қысып,
Жым-жырт болып екеуі болды молда.
III
Бай: «Ер!» – деді, артынан ере берді,
Бай шіркеуден үйіне тым кеш келді.
Қақпа соқты, қатты жел дүрілдеп тұр,
Танымай, ырылдасып иттер үрді.
Вадим де іздегенін тапты мына,
Жоғары қарап, түсті ойға аз ғана.
Шіркеудегі сертті ойлап, айтқан сөзі:
«Әділет қайда болса, сонда күнә».
Дүбірлетті есікті бай да болмай,
Аз кешікті, ашуға жан табылмай.
Бір жалшы келді есікке қалт-құлт етіп,
Жылы орынын тастамақ кімге оңай?
Үйіне бай Вадимді ертіп келді,
Сол заманға лайықты үйін көрді.
Қырықтан асқан семірген қатыны отыр,
Бәйбішесі осы деп ойлап білді.
Ішпек, жемек, семірмек, есінемек,
Еріккеннен жалшыға бос зекірмек,
Бай ұрыспаған кезінде өзі ұрысқансып,
«Олай емес, білмейсің,былай», – демек.
Бұл қылық – бұрынғыдан бір қалған жол,
Осындай бәйбішелер жұртта бек мол.
Өзге қызық суиын деген шақта
Қартаң тартқан қатынның қуаты – сол.
Соққан боран секілді біздің өмір,
Не тыныштық тауып берді, өзің де көр.
Сол қатынға келеді күншілігім,
Сондай өмір қолыма бір тимей жүр.
Ол қылықпен өлгенше ол да жүрмек,
Бала-шаға жыласып, өлсе өкірмек.
Көршілері: «Адамға залалы жоқ,
Тым-ақ жақсы кісі еді, байғұс!» – демек.
(Аяғы бітпей қалған)
 
Дұға (М. Ю. Лермонтовтан)
Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,
Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің.
Сонда сенің отыңды басатұғын,
Осы өлең – оқитұғын дұғам менің.
Ішінде бір қуаты барға ұқсайды,
Тірі сөздің жаны – сол, айрылмайды.
Қасиетті нәфәсі¹ желдей есіп,
Қайнап тұрған ыстық қан салқындайды.
Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей,
Көңілден кернеген кек кемігендей -
Болады жылауға да, сенуге де,
Жүректің басынан у төгілгендей.
 
Есек пен бұлбұл (И. А. Крыловтан)

Тойған есек шөпті оттап маңайдағы
Сонырқап шатқа кетті қай-қайдағы.
Тентіреп өлкені өрлеп келе жатып,
Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы.
Сенбісің ақын бұлбұл, жаңа көрдім,
Атыңа жұрт мақтаған құмар едім.
Бір сайрап берсең, қалқам, өзім естіп,
Рас па екен жұрттың сөзі, сынар едім.
Өнерге салды бұлбұл сонда аңыратып,
Шыңғыртып, шымырлатып, сорғалатып,
Мың түрлі күйге салып толқынтады,
Маңайда жан біткенді таңырқатып.
Қой жатыр, қойшы тыңдап тұрды елбіреп,
Көзіне қып-қызыл боп жас мөлдіреп.
Жел соқпай, құс шуламай, бәрі жым-жырт,
Әнге көңіл жіберіп тұрды елжіреп.
Бұлбұл болды, тосып тұр есек сөзін,
Есек жерге қаратып екі көзін:
“Іш пыспай-ақ тыңдарлық бар екенсің,
Әттегене-ай, білмепсің әтешті өзің!
Екенсің ән салуға сен-дағы епті,
Сен біраз әтеш әнін үйрен!”- депті.
Бұл сықылды сыншының сөзін естіп,
Көз көрмеске бұлбұл да ұшып кетті.
Демеймін жұрт мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын.
Сүйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасын.
 
Жалау (М. Ю. Лермонтовтан)

Жалғыз жалау жалтылдап
Тұманды теңіз өрінде.
Жат жерде жүр не тындап?
Несі бар туған жерінде?
Ойнақтап толқын, жел гулеп,
Майысар діңгек сықырлап.
Ол жүрген жоқ бақ іздеп,
Қашпайды бақтан бойды ұрлап.
Астында дария – көк майдан,
Үстінде сәуле – алтын күн.
Қарашы, ол бүлік құдайдан
Сұрайды дауыл күні-түн.
 
Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз (М. Ю. Лермонтовтан)

Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз,
Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз.
Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп,
Сөйлесіп ымдасқандай көкте жұлдыз.
Мен көрдім көктің ғажап жасалғанын,
Жер ұйықтап, көкшіл шықпен бу алғанын,
Менің не мұнша қапа, қысылғаным?
Үміт пе, өкініш пе ойланғаным?
Дүниеден үмітім жоқ менің деймін,
Өмірге өткен титтей өкінбеймін.
Азатгық пен тыныштық көксегенім,
Ұйықтамақ пен ұмытпақ деп іздеймін.
Өлімнің ұйқысы емес іздегенім,
Ұйқы, тыныштық, ұмыту – бер дегенім.
Көкірегімде өмірдің күші тұрып,
Іздеймін дем алысты үзбегенін.
Су сылдырап, жел гулеп, күн шуақтап,
Жылылық пен достықты тұрсын мақтап.
Өнген, өскен жақсы деп емен ағаш,
Теңселіп айтып тұрса, ол шайқақтап.
 
Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы (Я. Полонскийден)

Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы,
Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы.
Сол жүректен жылылық, достық пенен
Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы.
Жан шөлдер өзіңдеймен танысқанша,
Бірінен бірі үлесіп алысқанша.
Құмарланар, сүйісер жүрек тауып,
Қытықсыз қызықпенен бас қосқанша.
Жұрттың сөзі: тағдырға адам көнбек,
Бір антұрған еріксіз мезгіл келмек.
Осы сенің қызығың, қуанышың
Сағымша жоқ боп кетіп түгесілмек.
Бейне бір сол қазынаны бір жау алмақ,
Жүректің кең дариясы құрып қалмақ.
Суық ақыл жүрекке бұйрық жазып,
Оны бір өзі өзгеше жолға салмақ.
Жүрегін пайдасы үшін жұрт ұсатпақ,
Кірмен өлшеп базарға ұстап сатпақ.
Оны сатып, ол кімді уатады?
Оның өзін тағы да кім уатпақ?
Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсең керек…
Мен де пенде, амалсыз көнсем керек.
Қызығы зор қайран дос, қайран тату,
Сендер өлдің, мен-дағы өлсем керек!
Кең жайлау жалғыз бесік жас балаға,
Алла асыраған пендесі аш бола ма?
Ержеткен соң сыймайсың кең дүниеге,
Тыныштық пен зар боларсың баспанаға.
 
Күнді уақыт итеріп (М. Ю. Лермонтовтан)

Күнді уақыт итеріпКөк жиектен асырса,
Көлеңке басын көтеріп,
Алысты көзден жасырса 
Сонда көңілім жоқтайды
Татуы мен асығын,
Көзі жетіп тоқтайды
Өткен күннің қашығын.
Көкке бақтым алла деп,
Тамаша етіп құдіретін.
Рахматы оиың онда көп,
Бізге түк жоқ тиетін.
Неге сүйсін ол мені,
Өзім ақымақ, алмадым,
Көрдім артық бір сені
Рахматынан алланың.
 
Көңілдің күйі тағы да (М. Ю. Лермонтовтан)

Көңілдің күйі тағы да
Өмірсіз жанның алды ішін.
Аударды өлең жағына,
Нәпсінің сынған қайғысын.
Жат жерде елге қосылмай,
Сенімді доссыз жалтақтап,
Көк қанат бейіш құсындай,
Қу ағашқа қонақтап.
Ол бұтақтан қозғалмас,
Өкіріп дауыл, соқса жел.
Өзгеге бола жырламас,
Ыстық күнді жоқтар ол.
Жанымның жарық жұлдызы,
Жамандық күнде жарымсың.
Сөз болсын ескі ер сөзі,
Кейінгіге қалынсын.
 
Менің сырым, жігіттер, емес оңай (М. Ю. Лермонтовтан)

Менің сырым, жігіттер, емес оңай,
Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!
Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,
Қазысы оның – арым мен бір-ақ құдай.
Жүрегім екеуіне жалбарынар,
Рақымдық пен әділ сор деп жалынар.
Мен тентек пе, түбінде кім жазалы,
Қайғыны жіберуші өзі сынар.
Надандар былшылдайды, құп алмайды,
Үлкен жанның қиялын ұға алмайды.
Теңізден таудай толқын соқса-дағы,
Жағадағы жартасты жыға алмайды.
Құдай мықты жаратқан үлкен жартас,
Былш-былш еткен, бет бұрып, судан қайтпас.
Бұлтта суық дауыл, жаймен сырлас,
Өзгені жан екен деп сырын айтпас.
 
Піл мен қанден (И. А. Крыловтан)

Көшеде піл жетелеп біреу жүрді,
Кім көріпті хайуанды мұндай түрлі.
Көрсеткелі ап жүрген жануарды
Тамашалап, артынан жұрт боп ерді.
Көшеде кез боп бір қанден
Ұмтылды пілге шаптығып.
Шаңқылдап үрді ерленіп,
Тартынбай ұрысар жан шығып.
Қанденге бір ит кездей боп
Деді: “Әліңді білсеңші,
Пілмен ұрысар сиқың жоқ,
Мазақ болмай, қой, көрші!
Қырқылдап қалдың, не бітті?
Әуре болмай, қой!- деді.
Сен бұлқындың, ол кетті,
Жан деген жоқ ол сені”.
“Мен де соны білемін,
Сондықтан ер боп келемін.
Ұрыс, соғыс қылмай-ақ,
Ер атанып көремін.
Жұрт мұнымды көрмей ме?
Батыр атақ бермей ме?
Қой, бұл қанден – ер шіркін,
Пілге де үрген демей ме?”
 
Теректің сыйы (М. Ю. Лермонтовтан)

Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.
Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.
Қалың қайрат бойында, беті күліп,
Момынсынған пішінмен ағады қу.
Кавказдай құзда туған перзенттенмін,
Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін.
Казбектен, ағам, сені көксеп шығып,
Кім қақтықса жолымда күйреткенмін.
Зор кеуде адамзаттың айласына
Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін.
Екі езуім көпіріп, айғайласам,
Шын құтырсам шың тасты тербеткенмін.
Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал.
Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,
Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал.
Әкелген бұғы менен маралым бар,
Адамнан тартып алған көп малым бар.
Ер-тоқымы, атымен, қаруымен
Ер шеркесті әкелген амалым бар.
Мұның бәрі – тартуым сізге,- дейді,
Ақылыңды айт, ақсақал, бізге,- дейді.
Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан,
Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді.
Қартаң Каспий қалғыған бойыменен
Терекке көзін ашып үндемейді.
- Азырқандың, білемін, ақсақал шал,
Тентегіңнің сөзіне құлағың сал.
Казак-орыс қатыны бір сұлуды
Әкеліп ем, қайтейін, оны-дағы ал!
Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,
Жылы жүзбен Терекке амандасты.
Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп,
Қатынды алды, қитықсыз араласты
 
Шегіртке мен құмырсқа (И. А. Крыловтан)

Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыгүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Оныменен тұрмады,
Қар көрінді, қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра:
Қарағым, жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра!
Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап па ең?
Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!
 
Қанжар

Сүйкімді болат қанжар, тұрсың жайнап,
Ыстық, суық майданда шығады ойнап.
Грузин ашулы ұста кекке соққан,
Ер шеркес соғыс үшін алған қайрап.
Еркелі нәзік қолмен маған тиді,
Ұмытпа деп айрылған жерге берді.
Қан сорғалар жүзінде жас сорғалап,
Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.
Қара көз қарап маған көп қадалған,
Құпия қайғы өртеніп бойын алған.
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған.
 
Қарасам қайғыртар жұрт бұл заманғы (М. Ю. Лермонтовтан)

Қарасам қайғыртар жұрт бұл заманғы,
Салқын, қуыс – өмірі я қараңғы.
Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,
Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды.
Жасынан білер ескі шалдың мінін,
Аптық жерін, ақылға кеш енгенін.
Өзі өнерсіз, өмірден тез суынар,
Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін.
Жамандық жақсылыққа қарар салқын,
Долығы тез басылып, қайтар қарқын.
Ұлыққа қошеметшіл, құл сықылды,
Қатерге аяқ баспас, көрмей артын.
Дәл бейне ерте шыққан бүлдіргенше,
Суық соғып бүрісер, дәмі енгенше.
Көзге де, ауызға да қызығы жоқ,
Қызығы – үзілгені бос жүргенше.
Пайдасыз ғылымменен ми кептірер,
Дос-жарға мақтан етіп, бұлдап көрер:
Жақсы сөз, жақын үміт, тәттілікті
Кемітер, көңіл қоймас, кекеңкірер.
Қуаты қызық қызмет тойларының
Қос қыртысын кетірмес ойларының.
Лап бергіш, к… айналғыш, қайта ойланғыш
Тыянақ оты сөнген бойларының.
Келісімді тәтті ой, әр шеберлік
Қуантпас ойын қозғап пәлен дерлік.
Өз кеудесін өзі аңдып, бой салдырмай,
Тоқымдығы бусанбас неткен ерлік?
Жек көрер, жақсы көрер – кезі білер,
Ашуы, махаббаты босқа сөнер.
Жанында суықтық бар бір жасырын,
Қаны отты жас күнінде шықпас өнер..
 
Қарға мен бүркіт (И. А. Крыловтан)

Қой жайылып жаздыгүнШыққан екен қияға.
Аспаннан бүркіт құйқылжып,
Сорғалап келіп ыраға¹,
Бір қозы іліп ап кетті
Құздағы қиын ұяға.
Екпіні күшті ер үшін,
Еңбек қылды жем үшін
Ұядағы балаға.
Көрді де мұны бір қарға,
Желікті бір іс бастарға:
“Қозыны да тамақ деп,
Кім ап шықсын тастарға!
Ең семізін ілейін
Қызық қылып ашарға”,-
Деді-дағы, аралап,
Жабысты келіп қошқарға.
Қалшылдап, дірілдеп
Тырнағын салады,
Қанатын қайқайтып,
Әкетпек болады.
Бүркіттей емес екені
Кешікпей-ақ білінді.
Жабағыға тырнағы
Шықпастай боп ілінді.
Жалпылдап, салпылдап,
Қойшыларға көрінді.
Әддін² білмес шіркінді
Құдай әбден қарғады.
Қойшылар көріп күлісіп,
¥стап алды қарғаны.
Құрысын да шіркіннің,
Семіз қойды алғаны.
¥шпасын деп қимаған
Қанат, қүйрық қалмады.
Бір жіпті берік бек байлап,
Аяғына жалғады.
Балаларға ойын боп,
Қор болып сүйтіп қалғаны.
Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл!
 
Қарға мен түлкі (И. А. Крыловтан)  

Боқтықта талтаңдап,
Жан-жаққа жалтаңдап,
Бір қарға жүр еді.
Бір жатқан ірімшік
Көзіне түседі,
Көңілі өседі.
Ірімшікті көрінген
Тістеп ап ұшады.
Бір ағашқа қонды да,
Асықпай жемек болды да,
Мазатсып қарады
Оңына, солына.
Ағашқа қонып, қаранып,
Қанатын, жүнін таранып,
Болмақшы еді мәз-майрам
Дейтін емес қу қайдан,
Жем іздеген бір түлкі
Кездей келді сорына.
Ағаштан төмен түспеген,
Ірімшікті тістеген
Қарға түсті көзіне.
Қу құмар ақымаққа
Алдап, арбап соқпаққа
Кеңеседі өзіне.
Жуасып, жабырқап,
Таң қалып, таңырқап,
Қарады жүзіне.
Қарашы залымның,
Бұл жұртқа мәлімнің
Алдаған сөзіне:
Есен-сау жүрсіз бе?
Ақынның төресі?
Көп жерден белгілі
Тегін құс емесі.
Жүніңіз, үніңіз,
Мұрныңыз, көзіңіз,
Құлаққа көп тиген
Мақталған кеңесі.
Басынан өзгеше
Бітіпті денесі.
Көп жерден, қалқам-ай,
Құмарым тарқамай,
Сізді іздеп келіп ем.
Сүйінсін құлағым,
Тарқасын құмарым,
Әніңе бір салшы,
Асық боп келіп ем.
Мақтауға есіріп,
Барынша көсіліп,
Ырғалып қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті.
Тап етті, шап етті,
Ап кетті қу түлкі.
Антұрған, сол тұрған
Жеріңде бол күлкі.
 
Қасиетті дұға (М. Ю. Лермонтовтан)

Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ,
Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ,
Қайта-қайта оқысам бір дұғаны,
Сөніп қалған жүректе жанады шоқ.
Қуаты бар дұғаның қуантарлық,
Қапаланған жүректі жұбантарлық.
Адам ұқпас бір тәтті лебізінен
“Уан” деген естілер ұлы жарлық.
Көңілім ауыр жүктен бір құтылар,
Кек арылып көкіректен ұмытылар.
Адамның баласына ашып жаным,
Ізгілікке жүрегім бір ұмтылар.
Әм жабықтым, әм жалықтым
Әм жабықтым, әм жалықтым,
Сүйеу болар қай жігіт,
Көңілден кеткен соң тыным?
Әм сүйіндім, әм түңілдім,
Үнемі неткен үміт,
Өткен соң бар жақсы жылым?
 
Әншілер (И. А. Крыловтан)

Көршіні көрші шақырды,
Болды да сыйлап ас бермек.
Қулығын ішке жасырды:
Баланың әнін есіттірмек.
Балалар шулап, бақырды,
Ынтасы – даусын білдірмек.
Қонақтың күйін қашырды,
Басты ауыртты көп дүрмек.
Алды-алдына кетеді,
Қосылмайды әндері.
Құлағынан өтеді
Құр айғай салған сәндері.
Япырмай, көрші-ай, не қылды?
Бас ауырды, қаңғырды.
Құлағын басып жалынды,
Қойғыза көр деп құрғырды.
Тым-ақ даусы күшті екен,
Бекер де емес сенікі.
Сүйтсе де арақ ішпеген
Есті ұлдар ғой менікі.
Есі шықпай мұнан да ішкен артық,
Қисыны жоқ қышқырған не еткен тантық!