А.Куприн Мамыргүл бұтасы
Түпнұсқада аталуы: Куст сирени
Түпнұсқа авторы: А.Куприн
Аударма авторы: Салауат Кәрім
Жарияланым уақыты: 2015 жылғы қараша
А.Куприн. Мамыргүл бұтасы
Әйелі есікті ашқанша шыдай алмаған Николай Евграфович Алмазов үйге кірген бойда үстіндегі пальтосін, басындағы фуражкасын шешпестен кабинетіне өтті. Қабақтары түйіліп, салбыраған еріндерін тістеніп, үйге кірген күйеуінің томсырайған ұсқынын көрген әйелі күйеуіне бірдеңе болғанын, оның сәтсіздікке ұшырағанын түсінді.... Ол үндемей күйеуінің артынан ерді. Кабинетінде Алмазов бұрышқа оқталып біраз тұрды. Одан соң қолындағы портфелі еденге құлап, оның ішіндегілері шашылып, өзі болса қос жұдырығын соққылап креслоға жайғасты.
Алмазов бай емес, жас офицер, Бас штаб Академиясының тыңдаушысы, қазір сол оқудан келген бойы. Бүгін ол профессорға соңғы және ең қиын практикалық жұмыс – аумақтың карталық түсірілімін тапсырған болатын....
Осы күнге дейін барлық емтихандар жақсы өтті, олардың қандай қиыншылықтармен, ауыр еңбекпен келгені бір құдайға және Алмазовтың әйеліне ғана мәлім.... Басынан бастасақ, академияға күйеуінің түсуінің өзі мүмкін емес еді. Екі жыл қатарынан өте алмай құлады, тек үшіншісінде жолы болып, тынымсыз еңбегінің арқасында барлық кедергілерден өтті. Әйелі болмағанда оның шыдамы да, күші де жетпес еді, мүмкін академияға қолын бір сілтерме еді. Бірақ әйелі Верочка оның еңсесін түсірмеді, рухын көтеріп бақты. Ол күйеуінің әр сәтсіздігін жарқылдап, ақ көңілімен қарсы алатын болды. Оқып жүрген күйеуіне кішкентай болса да пайдасы тисін деп не істемеді, оның жұмыстарын көшірді, сызба чертеждерді салды, лекцияларын оқып беретін, репетиторы да болды, тіпті оқығандарын күйеуі ұмытып қалмасын деп, есіне салып жүретін, естелік кітапшасына да айналды.
Адамның зығырына тиетін будильник сағаттың ақсақ соққыларымен созылған үнсіз үзіліс пен ауыр тыныштыққа ұласқан бес минутте өте шықты. Алмазов пальтосы мен бас киімін шешпестен, бұрылған күйінде отыра берді. Вера болса әсем келбетімен абыржып қарап, күйеуін іштен аяп, одан екі қадам жерде тұрды. Қал үстіндегі науқастың керует басындағы жақын күтушісіндей өте сақтықпен бірінші болып сөз бастады.
- Коля, жұмысыңа не болды?... Жарамады ма? Ол иықтарымен жұлқынып, жауап бермеді. - Коля сенің жоспарың жарамады ма? Айтшы енді, бәрібір айтасың ғой. Алмазов әйеліне жалт бұрылып, өкпесін ішінде көптен сақтап жүргендей ашуланып, бұлқынып сөйлей бастады. - Иә, иә, сен білгің келіп тұрса айтайын, жарамсыз деп тапты. Көрмей тұрсың ба?! Шайтан алғыр, мыналар, ештеңеге жарамады! – деп, сызбаларға толы портфелін аяғымен теуіп, –енді керегі жоқ, мынау дүниелерді, отқа сал, өрте! Маған керегі академия еді? Бір айдан соң полкқа оралам, ұяты қандай, қара бет болып қайтамын. Осының бәрі қайдағы жоқ лас дақ үшін.... О, шәйтан! - Мен ештеңеде түсінбей тұрмын, Коля ол қандай дақ?
Әйелі креслоның қол тірегіштеріне отырып, күйеуін жұбатпақшы болып мойнына асылды. Күйеуі қарсылық білдірмесе де, сол өкпелі, ашулы күйінде бұрышқа түйсіге қарап отыра берді.
Әйелі тағы: – Коля қандай дақ? - деп қайта сұрады. - Әу, қойшы соны, кәдімгі жасыл бояулы дақ. Кеше ұйықтамай түнгі үшке дейін отырдым, бітіру керек еді. Жоспарда жақсы сызылды және жылтыратылды. Содан шаршадым ба, қолдарым қалтырай бастады, – сөйтіп отырып, сызбаға дақ түсіріп алдым. Қандай дақ дейсің, қою қара нүкте... Нүкте дақты өшіремін деп одан сайын шималап алдым. Содан ойланып, ойланып сол жерге толтырып ағаштар салуды шештім. Өте жақсы шықты, қара дақтың болғаны көрінбей қалды. Сөйтіп сол күйінде профессорға алып бардым. Ал ол болса: «Иә, иә, поручик, ал мына жерде бұталар қайдан шыға келді?» –демесі бар ма? Маған сол сәтте болған істің шындығын айту керек пе еді. Мүмкін күліп қояр ма еді. Жоқ, күлген жоқ - қадалып қалғыр, педант неміс. Ал мен болсам оған: «Бұл жерде шыныменде бұта өседі» деймін болмай. Сөйтіп не керек, сөзден сөз шығып, жанжалдасып тындық. Оның үстіне айналымызда тесіліп бізге офицерлер қарап тұрды. «Егер осылай деп болмасаңыз, бел ойпатта бұталар өсіп тұр десеңіз, ертең атпен барып көрелік....Мен сіздің көзіңізді жеткіземін, сіз жұмысты немқұрайлы істедіңіз, не үшжақты картадан көшіріп сызып алдыңыз» демесі бар ма.
- Ол неге соншама ол жерде бұталардың жоқтығына сенімді? - Әу, құдайым ау, неге дерің бар ма? Құдайым ай, баланың сұрағын сен неге қоясың? Өйткені ол жиырма жыл бойы сол аумақ жерін өзінің бес саусағындай біледі. Нағыз жабысқақ педант, оның үстіне неміс. Аяғында өтірікші болып мен шығамын, оның үстіне қарсыласып болмадым.... Оның үстіне.... Әңгімесін айтып отырып алдында тұрған күлсауытта жанып біткен сіріңкелерді алып ұсақтап сындырды, ал сөйлеп болғасын бар ашуымен еденге лақтырды. Осы сәтте күйеуінің жыларман күйін байқау қиын емес еді. Олар үндемей, ойланып көп отырды. Бір мезгілде Верочка шаттанған күйі креслодан атып тұрды. - Коля тыңда мені, бізге тез жиналу керек, Тез киін. Николай Евграфович әйеліне тыржиып, қабағын шытты. - Әу, Вера ақымақ болмашы. Сен не, мен ақталып, кешірім сұрайды дейсің бе. Ол дегенің өзіме жаза кескенім ғой. Өтінемін сенен, ақымақтық жасамайықшы. - Жоқ, бұл ақымақтық емес, - деп жүре қайырған Вера, жер тепкілеп – саған ешкімде кешірім сұра деп тұрған жоқ... Егер де ол жерде бұталар жоқ болса, дереу қазір барып бұталар отырғызу керек. - Бұталар?... Отырғызу керек?... – деп Николай Евграфович көздерін бақырайтып әйеліне қарады. - Иә, отырғызу керек. Егер сен өтірік айтсаң, өтірігіңді түзеу керек. Бол жинал, менің шляпамды берші... Кофточкам қайда... Ол жерден іздеме, шкапты қарашы... Зонтик! Алмазов қарсылық білдіргісі келіп еді, әйелі шляпасы мен кофтасын сұрап, оның назарын басқаға аударып жіберді. Вера столдар мен комодтар астынан қорапшаларды бірінен соң бірін қолына алып, олардың ішін ашып, керектерін алып еденге лақтыра бастады. - Сырғалар... Мынау түкте тұрмайды... бұларға ештеңе бермейді. Ал гауһар тасы бар сақинаға қымбат береді.... Артынан міндетті түрде қайтарып аламыз, өйтпесе, өкінішті, әрине. Білезік.... мынағанда аз береді. Ескі және оның үстіне майысқан. Коля, сенің күміс темекі сауытқорабың қайда? Бес минуттан кейін барлық қымбат заттар жиналып, ридикюльдің ішінде жатты. Киініп үлгерген Вера үйде керекті ештеңені қалдармадым ба деп соңғы рет айналасына көз жіберді. - Кеттік, - деп банадан бері айталмай тұрған сөзін, ол батыл айтты. - Біз қайда барамыз? – деп Алмазов тағы да күбірледі – Қазір қараңғы түседі, ал менің учаскеме дейін кем дегенде он верст. - Қой енді, бол....Жүрелік ! Алмазовтар бірінші ломбардқа соқты. Ломбардт бағалаушысы адам мұқтажына үйренгені сонша, бұларда шаруасы болмады. Ол алып келген қымбат заттарды мұқият қарағаны сонша Верочканың шыдамы таусыла бастады. Бағалаушы гауһар тас сақинаға қышқыл құйып тексеріп, одан соң өлшеп, әреңдегенде үш рубльге бағалағаны оның ашуын келтірді. -Бұл барып тұрған гауһар тастың өзі, – Вера қатты ашуланып, – отыз жеті рубль тұрады, оның өзі жағдайына қарай. Бағалаушы шаршағаннан есінеп көздерін жұмды. - Сударыния, бізге бәрібір, біз асыл тастарды қабылдамаймыз, - деп, қаралған бағалы заттарды ыдысқа лақтырды, - біз тек асыл темір заттарды қабылдаймыз. Есесіне ескі, майысқан білезік мүлдем аяқ астынан Вера үшін өте қымбатқа бағаланды. Сонымен не керек, өткізген бағалы бұйымдар барлығы жиырма үш мың рубльді тартты. Бұл сомма артығымен жеткілікті еді. Алмазовтар бағбанға келгенде петербордың ақ түні аспанға жәйіліп, ауа көк сүтке бөленіп тұрды. Алтын көзілдірік таққан, кішкентай шал чех бағбан отбасымен кешкі асқа отырғаны сол болатын. Ол тапсырыс берушілердің кеш жүргендерін біржағынан жақтырмай, екінші жағынан ерекше тапсырыстарына таң қалды. Қандай болмасын дұрыс емес істі сезді ме Верочканың қойда қоймай сұраған өтінішіне салқын жауап берді: - Кешірерсіз. Мен түнде алысқа жұмысшыларымды жібере алмаймын. Егер қаласаңыз сіздерге ертемен қызмет етуге мен дайынмын. Бағбанды көндіру үшін қырсық дақтың оқиғасын айтып беру қалды, Верочка болса бар шындықты жасырмай айтып берді. Басында бағбан сенімсіздікпен тыңдап, бірақ Вера бұталарды отырғызу туралы айта бастағанда, оны есіркеп күліп те жіберді. Вера әңгімесін бітіре бергенде - Енді не істейін, - деп жұмысқа келіскен бағбан, - сендерге қандай бұталарды отырғызу керек? –деді. Бірақта бағбанның әртүрлі ағаш бұтағының тұқымдары арасында қажетті бұта болмады, амалсыздан мамыргүл бұтасына тоқталуға туралы келді. Алмазов әйелінің үйге қайтуын бекер талап етті, әйелі күйеуіне еріп, қала сыртына барды, бұталарды отырғызып жатқанда жағаласып, жұмысшылардың аяқ астында күйбелектеп жүріп алды, отырғызылған бұта айналасында жердің бет қыртысы бүкіл ойпат шөбінен ешкім мүлдем айыра алмайтынына көзі жеткенде ғана үйге қайтуға көнді. Келесі күні Вера күтіп үйде отыра алмады, күйеуін көшеден қарсы алу үшін алдынан шықты. Ол алыстан сәл секеңдеп келе жатқан күйеуінің жүрісінен бұта отырғызу оқиғасы сәтті аяқталғанын сезді. Алмазовтың үсті басын шаң басқан, шаршаған және қарны ашқаннан аяғында әрең тұрғанмен, жүзі қуаныш пен жеңістен жәйнап тұрды. - Тамаша! Керемет! – деп, әйелі жүзіндегі үрейді көріп, алыстан айқайлап әңгімесін бастады. – Біз онымен бұталар қасына келдік. Ол болса қарай береді, қарай береді, тіпті жапырағын жұлып алып, аузына салыпта тексерді. «Бұл қандай ағаш өзі?» деп сұрайды. Ал мен болсам: «Мәртебелім, білмеймін» деймін. Ал ол: «Қайың шығар» - дейді. Мен: «Мәртебелім, мүмкін қайың шығар» деп жауап беремін. Сонда ол маған бұрылып, қолын берді. «Кешіріңіз, мені, поручик, мынау бұталарды ұмыт қалдырсам, мен қартайып бара жатырған екенмін» дейді. Сүйкімді профессор және ақылды адам. Менің ол кісіні алдағаным ұят болды, әрине, дұрыс емес. Біздегі мықты профессорлардың бірі. Өзінің білімі де –сойқан. Аумақты тез және дәл бағалайды ғой, – өз кәсібін керемет білетін адам! Вера үшін оның айтқандары аз көрінді.Ол профессормен болған әңгімені егжей тегжейіне дейін сұрады. Ол нақтылап: профессордың бұталарды көргенде бет әлпеті қандай болғанын, ол өзінің кәрілігі туралы қандай дауыс екпінімен айтқанын, осы кезде Коля өзін қалай сезінгенін қайта қайта күйеуінен сұрап қоймады.... Олар қол ұстасып және үсті үстіне күліп, көшеде олардан басқа ешкім жоқтай келе жатты. Өтіп бара жатқандар таңырқап, жұбайларға тоқтап қарай берді..... Николай Евграфович тамақты тәбетімен сол күндегідей ешқашанда ішкен емес. Түстен кейін Вера Алмазовқа кабинетіне шәй стаканын алып келгенде, ерлі-зайыптылар біріне бірі қарап, бірмезігілде күліп жіберді. Саған не болды? – деп сұрады Вера. - Ал саған ше? - Жоқ, сен бірінші айт, мен содан кейін айтамын. - Жәй ақымақтық қой, мамыргүл оқиғасы есіме түскені. Ал сенші? - Менде жәй, ақымақтық, сол мамыргүл туралы. Менің саған айтайын дегенім, енді мамыргүл менің сүйікті гүлім....
1894 жыл Орыс тілінен аударған Салауат Кәрім