Әлімжан Әлішер: Ғаламдағы сұлулардың бəрі сен

Бөлісу:

08.01.2016 4098

 

***

Сәулең қанша төгілсін сенің мейлі,

Астанада жұлдыздар көрінбейді.

Көрінбейді жиірек күн де күлген,
Жұмысы жоқ олардың мүлде өмірмен.
Тағы да сол оятқыш,

Журнал,

Газет,
Не болса да жүректі тыңдау қажет.
Маxаббатқа жолығып қазіргі адам,
Мақаланы ойлайды жазылмаған.
Көтерем деп көңілін әуезді елдің,
Өзгерді әлем немесе мен өзгердім...

 

 

***

 

Ғаламдағы сұлулардың бəрі сен.
Барлығымен таныспағам... таныс ем.
Сенің ғана дауысың бар əлемде
Сенің ғана иісің бар əлемде
Сенің ғана жанарың бар əлемде
Барлық ақын ғашық болған тек саған,
Саған ғана арналған бар өлең де!

Сыймайтындай көрінсе де ақылға,
Сөйлеп тұрдың ақ гүлдердің атында.
Бəрі күліп қарауыңнан басталды,
Ең алғашқы өлең жазған ақынға.

Сол күлгенің ең керемет сый жанға,
Қолды создым саған сосын мизамға.
Сені қалай атауыма болады, 
Тоғжан? 
Қорлан? 
Лəйлə?
Лаура?
Иззольда?

Басқа ешкімде болмаған бұл ауырлық,
Бірақ, бізге бақыт берер шағын қып. 
Сонау күннен өзімізді іздедік, 
Сағынуды сағындық.

Сезімде де бірдеңе бар өте сұм,
Ол өртесе бірден жанып кетесің. 
Түземеші өткен күннің қатесін, 
Сағыныш ол түсініксіз зат есім.

Əлем сайрап кеткендей ме құс тілде ?
Сені іздедім түрлі күйге түстім де !
Жолықтық біз тағы жаңбыр астында,
Кездестік біз тағы жүрек үстінде.

 

Үш тілек


Арман атты төбемізде құс түлеп,
Алаңдаймыз қай бағытта ұшты деп.
Аладдиннің күлгін шамын іздейміз,
Айту үшін үш тілек.


Құбылса да бәрі түрлі-түсті боп,
Бақыт - сенім көгіндегі ұшқын от.
Қармақ салсақ алтын балық күтеміз,
Айту үшін үш тілек.


Жанымызға жалған сәуле түсті деп,
Жаратқанға қалмайық біз істі боп.
Ең абзалы дұға еткенім күштірек,
Айту үшін үш тілек.

 


***

 

Түсінсін бұл ел нені,
Өз үмітін аспанына бұлт қылған.
Соғып тұрған барлық жүрек жердегі,
Махаббатты жұқтырған.


Ештеңеден, ешкімнен де именбей,
Барлық жүрек сағынған ғой,

Сүйген ғой.

Ақындар да жырлайды,
Сазгерлер де əн етеді əлгіні.
Ғашықтардың əрқайсысы бір Лəйлі,
Бір-бір Мəжнүн əрбірі.

Барлығында қоштасу бар кереғар,
Махаббаттың жоғалмайтын заңы олар.

Гүлдер сезім əскері,
Əлі күнге майданда жүр жоғалмай.
Саған осы не көрінген жас пері,
Сонша сүйіп қалардай.

Жүрек жайлы бітсін осы əңгімең,
...Қоштасуға жыр жазбаймын енді мен!

 


Кітап ұрлау


Абыздарды, 
Ақындарды,
 
Шешенді,
 
Танып алдым кітаптардан әсерлі.
 
Кітапхана жазбалардың жүрегі,
 
Мешіттен соң киелі орын осы енді.
 

Сөмке-сөмке болмаса да бір-бірден,
 
Бала едім ғой...
 
Кітап ұрлап жүрдім мен.
 
Ізденбесем өз-өзімді табар ма ем,
 
Ашық сұхбат жасар ма едім бұл күнмен?
 

Оқырманға, оқу залға қарамай,
 
Жымқырған да дұрыс емес көп олай.
 
Жасақталған сарбаздары жоғалған,
 
Босап қалған сөрелерден обал-ай.
 

Балалық-ай шыға келген күлгін боп,
 
Армандадым атқарсам деп бір міндет.
 
Көшіргім кеп кітаптарды үйіме,
 
Өз үйімді кітапхана қылғым кеп.
 

Төлегеннен, Жұмекеннен құр қалмай,
 
Иелендім өз-өзімді күнде арбай.
 
Мұқағали не дейді екен ішінен,
 
Абай маған қабақ түйіп тұрғандай.

 

Хафиз, Науай өзгертпеген еш өңін,

Жоғалтпаған әлі күнге әсерін.

Есенғали шақырады өзіне,

Шетте тұрып қол бұлғайды Есенин.


...Қызық көріп жүрдім түрлі жолменен, 
Қылмысымды жасырып та келмегем. 
Кітап зат боп көрінетін шығар,ә? 
Адамдарға кітап ұрлап көрмеген.

 


Шалық

 

Мұң болып төгілемін бе? 
Жас боп ағам ба? 
Мен үшін Каспиден де қымбат Ол, 
Астанадан да! 
Көп айтуға болады ол жайында, 
Ешкімді әзірше мазаламайық, 
Ешкімді оятпайық. 
Күн де содан бастайық әңгімемізді, 
Және соның атымен аяқтайық. 
Бірақ, сізге мен оны бере алмаймын, 
Одан асқан бар ма мұң, 
Бар ма қайғым? 
Көйлегімді берейін? 
Мен оның атын айтсам жаурамаймын. 
Жыласа тағы жаныңыз, 
Қазір қалтамда жалғыз мың теңгем бар, қаласаңыз оны да алыңыз?!! 
Түсіп кетпейді тым төмен одан бағаңыз, 
Алаңдамаңыз. 
Бірақ, оны менің көзімше жамандамаңыз.
Білмеймін, 
Мәжнүндей жындана ма, сағына ма? 
Сіз қалай десеңіз де, 
Бар әлем сүю керек соны ғана. 
Амалын тапсын, оны көрмеген көздер жыласын, 
Оны ойламаған кемелер батсын, 
Ұшақтар құласын, 
Ол шақырса бармаған аяқтар баспай қалсын. 
Оны сүймеген жүректер тасқа айналсын. 
Күнім де сәуледей ілінер, түнімде жұлдыздай тағылар. 
Бірді бірге қосқанда екі! 
Сол болса болды менде бәрі бар!!!

Бөлісу:

Көп оқылғандар