Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Максималар мен қоғамдық ойлар......

04.01.2025 456

Максималар мен қоғамдық ойлар... 14+

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы, жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді.  Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Қара жер қандай дүниені болсын бауырына басып жасырады деп жатамыз ғой. Айталық, адам қолы жасаған атом, одан тараған радиацияны қара жердің қойны жасырмақ тұрмақ, одан өзі де уланып зарар тартып отырған жоқ па? 

Меніңше, дәл осы лепес секілді қайғының да көмілер еш қабірі жоқ. 

ҚАЙҒЫ МЕН ҚАСІРЕТТІҢ ЖЕРЛЕНЕР ЖЕРІ – ТЕК ҚАНА АДАМНЫҢ БЕЙСАНАСЫ МЕН КӨНЕ ЕСТЕЛІГІ. 

Кейде бұл екеуі бірігіп, баба мен бала сабақтастығының қан түйіршігіндегі негізгі мәліметтерді құраса керек. Мен генетик маман я болмаса ақ халатты абзал жан емеспін. Солай десек те мына бір пайымға риясыз иланамын. 

Біздегі қазіргі түрлі онкологиялық аурулардың ар жағында (дәлірек айтсақ, түпкі тінінде) ұлттың ұзақ жылдардағы тарихи жарақаты мен тартқан күйзелісі жатуы мүмкін. Мұны бір-ақ ауыз сөзбен біздің бейсанамызға орнығып алған «беріштенген шер» деп атасақ та болады. 

Бұлай деп ат қойып, айдар тағуымыздың себебі – ұлттың отарлану тарихын тек саяси стагнация төңірегінде ғана емес, адам жаны мен дене бірлестігінің негізіндегі әлгі (іштегі) «беріштенген шердің» араға сандаған жылдар салып сыртқа тебіндеген салмақты сырқат ретінде де қарастыруға болады деген пікірдемін…

Бұдан шығатын бәтуа байламы, қай жағдайда болсын еркіндіктен айырылудың қасіретіне тең келетін мына дүниеде қандай да бір аналогияның жоқ екендігі ғана.

 

***

Туған жер – тыныштық пен әділет сөзінің синониміне айналмай, (адамның)  Отаным бар деп мақтануыңның өзі әбестік болар. Анығырақ айтсақ, АТАМЕКЕН акмеология (ізгілікті қоғам) ландшафына айналмай бәрі де бекер деген тұжырымға саяды. Будда ілімінде «Адам қоғамды құтқарып қалу арқылы  ғана өзін де  келешекте құрдымға құлау қасіретінен құтқарып қалады» дейді.  Қазақ танымында бұл «Елде  болса, ерінге тиеді» пәлсапасымен айшықталады. Енді мына бір мәселеге қарай келейік...

«...Өлген мола, туған жер жібермейді,

Әйтпесе тұрмас едім осы маңда»…

Кешегі отарлық езгідегі Абай кеудесіндегі бұл қамырық хәлді ептеп түсінуге болады. Ал  бүгінгі «А, Құдай, ақсарбас» деп  қол жеткізген бұл тәуелсіздігіміз сол отарлық уайымды түбегейлі терістеп, «Өз елің – өлең төсегің» ұғымын әр қазақ кеудесіне  шамшырақ етіп жақпаса, онда бұл азаттықтың біз үшін нендей мәні мен мағынасы болды.  

Ең өкініштісі сол, біздің билік пен оның «жаралы еркіндігі»  әлгінде сөз етіп отырған тыныштық пен әділет ұстанымдарын ұдайы қызғыштай қорғайтын мызғымас мекенге емес, тағы да тарихи «Ақтабан шұбырынды...» ахуалы мен алаңына айналып бара жатқаны жаныңа батады. Қазір Қазақстаннан бәрі кеткісі келеді. НЕГЕ? 

Неге екенін білмеймін, елден кеткісі келетін әрбір жанның ішкі  көңіл күйі маған  «Елім-ай» әнін тағы да  екінші рет айтып тұрғандай болады да тұрады. 

 

***

Бір емес, екі шалға тиіп қор болған қыз ғұмыры секілді (біздегі) бағы бір ашылмаған қайран жастық, ғапыл уақыт... 

«Етімді шал сыйпаған құрт жесін деп, 

Жартастан қыз құлапты терең суға» (Абай).

 

***

Жемқорлық пен обырдың табиғаты мен нәтижесі бірдей. Түбі сау қоғам мен тірі ағзаны тұтастай шірітіп өлтіреді…

 

***

Шотландық ойшыл Рональд Девид Лэйнг: «Өмір – жыныстық жолмен жұғатын ауру мен азап» депті. 

 

***

Соғыс – адам өлтіруді қандай да бір қисындармен заңдастыру тәсілі.

Ең қорқыныштысы сол – кісі өлтіру күн салып «кемелденіп» барады.

Ал адамды аулау мен ату арқылы атақты болғандар, сол арқылы жоғары әскери шенге қол жеткізгендер жайында тіпті де сөз болмағаны дұрыс.

 

***

Дінде  нүкте көп, ғылымда сұрақ көп.

 

***

Ауқатты адам образының аристократ ұғымына еш қатысы жоқ.

Аристократия –  ақша культімен емес,  ұждан ұстанымдары, ең әуелі еркіндік мәртебесімен ғана анықталатын ұлы таным.

 

***

Атақ пен мансап ар-ұятында ақауы барлардың (бұларға) бейне бір сүйенбесе бір баса алмайтын кемтар жандардың кәдімгі қос балдағы секілді...

 

***

Репрецияны тек адамның атылуы мен абақты контексінде емес, аристофобия үрейімен, ең дұрысы Жан-Поль Сартрдың «Еркіндіктің жарақаттануы» теориясымен тәпсірлеген дұрыс.

 

***

Мәдениет – мемлекеттің екінші есімі. Бұл жағынан келсек, тұтынушы мәдениеттің тіпті де болашағы жоқ. Ұлт өз мәдениетін өзгелерге экспорттай алғанда ғана түрлі экспанцияларға шыдас беруге барынша қабілетті болады.

 

***

Авторитаризм – аң мен адам ортасындағы өлшем. 

Осы орталық  өлшемге  кәсіби заң талаптарымен емес,  таза  этикалық әм когнитивтік тұрғыдан баға беретін болсақ, оның жартылай жануар көсемдері жасаған қылмыстары үшін ең әуелі түрмеде емес, зоопаркте жан-жануарлармен бірге жазасын өтеуге көбірек  лайықты.

 

***

Дат жазушысы, әрі әлемге әйгілі балалар ертегілерінің авторы Ханс Андерсен: «Өз ар-ұжданымен өмір сүретін, әрі дербес ойлана алатын атеист Құдайға қаншалықты жақын екендігін өзі де түсінбейді...» дейді. 

Іштегі осы бір ар-ұждан мәселесімен келсек, киелі Ганга, Мекке мен Мәдина мінәжатынан гөрі, адамның (бір нәрсені риясыз) ҰМЫТУ мен КЕШІРУ танымында жетілген жанның әлдеқайда биік ішкі тазалығы бар.

 

***

Тәуелсіз тұлғаның жекелей таңдауы мен ұждан ұстанымдарына байланысты билік бәрінен де бас тартқызып, бәрінде істей алады деген көзқарас түбегейлі қате деп есептеймін. 

Бұған кешегі Алаш арыстыры мен Арон Атабектердің қайтпас мұраты куә. 

«...Лайық па көндігу тәлкегіне тағдырдың,

Қарсы тұрып немесе...

Көзін жойған дұрыс па жан беріскен ұрыста

...Шынжырларды үзгеніңді жүрегіңмен сезініп». (Уильям Шекспир)

Бір шумақ өлеңнің соңғы жолын тағы бір мәрте оқып көрейікші: «...ШЫНЖЫРЛАРДЫ ҮЗГЕНІҢДІ ЖҮРЕГІҢМЕН СЕЗІНІП».

Адам рухының асқақ жасампаздығы мен қайтпас жеңісін бұдан асыра жырлау мүмкін бе өзі?!

 

***

Құл – менің жеке көзқарасым бойынша таптық, әлеуметтік иерархиядан  гөрі таным ішіндегі рухани мәселе. Бұған  данышпан Сократтың мынадай бір-ақ ауыз сөзі куә. «Олар өз бойларындағы құмарлықтың құлдары болса, мен керісінше сол сезімдердің патшасымын» дейді. 

Бұл жағынан келсек, өз мейманасы мен тәкаппарлығынан тас-талқан боп жеңілген кешегі  Калигула мен Нерон, бүгінгі Назарбаев пен Ассадты құлақкесті құл, Ал Арон Атабекті  нағыз патша деуге лайық.

 

***

Философияда «уақыт ағыны» деген дербес түсінік бар. Осы жағынан келсек, фольклордың мезеті – киіз үй мен жайлаудың уақыты. Енді мұны қаншалықты жанымызды сала дәріптеген дұрыс. Біз бүгінде бұл уақыт белдеуінде еш өмір сүрмейміз ғой.

Ендеше бүгінгі мәтін ішіндегі шешендік пен ділмарлықты сөйлемнің өн бойынан еттің безін сылып тастағандай теріп тастағанда ғана кәсіби әдебиет жайында байсалды әңгіме өрбітуге болады.

***

Өркениет дегеннен шығады ғой. АДАМЗАТТЫҚ мазмұнда дін мен нәсіл, ер мен әйел, немесе гетеронорматив пен транссексуал іспетті жыныстық  алалаушылық  болмайды. Ең бастысы, осылардың бәрінен биік АДАМ деген дербес мәртебе бар. 

Бұл қалай десек те ең жоғары өлшем. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтып отырғаны да осы ма деймін. Бұлай  деп сөз сабақтауыма  басты себеп, кешегі  Сталин өзінің жарақат санасына интеллигенция мен буржуазия  ұғымыдарын еш тоғыта алмады.

Сондықтан мұндай адамдардың тізімін жасап, түгелдей қырып тастау керек деп төмендегілерге  қатаң тапсырма берді. 

Енді  крес жорығы мен араб шапқыншылығының негізгі логикасына келейік. Әрине, бұл бір ұзақ әңгіме...

Бастысы қандай дінді мысалға алмайық, өз қағидасы мен ережесіне сәйкес келмегендерді адасқандар мен кәпір есебінде санады. Сондықтан бөгде сенімдегі мұндай жандарды жаппай жазалаудың еш  сөкеті боламайды деген  ұйғарымға келді. Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой?

Қазір біздің қоғам үшін де бір жынысты жандар нағыз шектен шыққан азғын есебінде. Сондықтан оларды ортамыздан  аластап, ебі келсе ептеп көзін жойып жібергенді жөн деп санаушылар шаш етектен.

Айтыңызшы, мұндай көзқарас пен жаратылысқа радикалды өшпенділіктен қандай АДАМЗАТТЫҚ аумақ, ГУМАНИСТІК  өрені көріп отырсыз. 

Ең бастысы, бұл екі түсінік пен болмыстың негізгі  кейіпкерлері қанқұйлы  қылмыскерлер емес, таза АДАМЗАТ нәсілінен ғой. 

Тек өз танымын алға шығарып, оны шүбәсіз ақиқат санайтын, бөгде түсінік пен антропологиялық аномалияны өшпенділік призмасында қабылдап, өлімге бұйырушы  мұндай жандардың кешегі Сталинен қандай айырмашылығы бар. 

Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй...» пайымының негізгі мазмұнын  түсінбей, өркениетті қоғам туралы сөз қозғаудың да енді аса қажеті болмайды-ау деймін...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар