Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Тоқтарәлі Таңжарық. Түс көрген жандар...

25.12.2024 369

Тоқтарәлі Таңжарық. Түс көрген жандар 14+

Тоқтарәлі Таңжарық. Түс көрген жандар - adebiportal.kz

Бұл жігіт қала шетіндегі базардың артында лайсаң көшеде тұрады. Жатар орны – кемпірдің үлкен коттеджінің жертөлесіндегі қуыс бөлме.  Мұнда қашан, қалай келгені есінде жоқ. Көктемде әлде күзде ме екен, әйтеуір бұлың көшенің бойын су басып жатқан мезет-ті.

Үйінен шығады да, үлкен базардың ортасын қақ жарып өтетін жолдың бойында қоларбасына байпақ, қолғап, айна, тарақ, желпуіш, күнқағар сияқты уақ-түйек дүниелерді тиеп алып, аралап жүріп сатады. Күні бойы арбасын сүйреп, жол жиегімен жүріп отырады. Базарға келушілер мұның заттарына назар салып, тоқтап жатса, түріне қарап болса да бірдеңесін сатып алуға тырысады. Бәкене бойлы, шашы ұйпа-тұйпа өсіп, сүрепеті қашқан, ұйқысы қанбаған жандай есінеп, есеңгіреп жүретін бұған жаны ашитындар көп. Қысы-жазы шай, пирожки сатып күнелтетін әйел де мұны көрсе ыстық шайын ұсынып, тоңып қалма деп ықыластана түсетін. Айналасының жанашырлығынан мүсіркеуі басым екенін бұл сезбейтін-ді.

– Кеше көрінбедің ғой? – деді бұған әйел.

– Ауырып, орнымнан тұра алмадым.

– Аяғыңды жылы ұста. Бұл жердің суығы жаман.

Базарға кірер есікке қарай сапырылысып өткен адамдарға қарап, сәл бөгелді.

– Менде сол бәрі бұрынғыдай, – деді әйел ескі әдеті бойынша. – Әлгі алған жерімізге үй салып жатырмыз. Бітер түрі жоқ. Анау ішіп кеткен.

Сөйтті де жаулығының бір ұшын тістеп, ернін жымқырып бұған бежірейе қарады.

Үнемі «анау» туралы айтады. Онысы дәйім ішіп жүреді. Әйелдің талай жылдан бері қайталап келе жатқан әңгімесінен ұққаны, осы қаланың әлдебір шетінен үй саламыз деп жер алған. Құрылысын бастағандарына талай жыл болды-ау, әлікүнге салып біткен жоқ. Мұның әйелге жаны ашитын. Ұзақ күнді «Шай алыңдар, шай! Ыстық шай!» деп қақылдап, бутиктерді аралап өткізеді. Тарпылдап, жоғары-төмен қозғалады. Күн суық мезгілде беті домбығып, қолы ісіп кетеді. Кейде апталап жұмысқа шықпайтыны бар. Әйел бір қызының барын, мектепте өте жақсы оқитынын, бар үміті сол екенін айтады, соны жеткізсем арманым жоқ деуден жалықпайды. Екеуі күніне кемі бір рет жолығып қалады, әйел болса, күнделікті осы сөздерін қайталап, самбырлап сөйлей жүріп, бұған шай ұсынады. Танысқандарына қанша жыл өткенін есіне түсіре алған емес. Талай рет ойланып та көрген. Ол мұны «Арбакеш», «Арбакеш бала» дейтін. Бұл да әйелдің атының кім екенін есіне сақтамапты. «Апай», – дейді. Өзі өзгенің атын жаттауға шорқақ еді. Үй қожайыны ұйғыр кемпірді «Апа», жертөледегі тағы бір бөлмені жалға алған көршісін «Аға» дейтін. Олар болса мұны Тәкіш дейді. Шын атын ұмытып қалған да шығар. Сыртынан: «Тәшкі сүйреген Тәкіш» деп келеке еткендерін де құлағы шалған. Бұл да өзінің шын есімі кім екенін білмейтін. Кейін өзін «жиеніңмін» деп таныстырған бозбала кеп қонғанда, атының Таупық екенін есіне түсіргендей болды. «Таупық аға, халіңіз қалай?!» деп үйге кіріп келген еді. Әлгілердің «Тәкіш» деу себебін сонда ұққандай болған.  

Қыс кезінде есік алдының қарын күреп, көмір тасып, от жағып, жаз бойы ағаштарын суарып, ауланың шөбін шабу, кемпірдің керек-жарағын базардан әкеп беру – Таупықтың дағдылы борышы.

– Іш, ішіп ал. Бұл жердің күні суық. Аяғыңды жылы ұста.

Базарда адам саябырлап, кеш батар тұсқа таяғанда Таупықтың алдынан баяғы жігіт кезікті.

– Сенің әкең мықты кісі еді. Бәйге аттар ұстайтын. Оның шабдар аты бүкіл облыс көлемінде алдына қара салмайтын жүйрік еді. Үйір-үйір жылқы бақты. Кейін қыс қатты болған жылы қырылып қалды ғой.

Сұңғақ бойлы бұл жігіттің кім екенін білмейді. Әйтеуір базардан анда-санда ұшырасып қалады. Кейде ай, кейде жыл аралатып, базардың кез келген бұрышынан шыға келеді де, аман-сәлем жоқ осылай дейді. Оның сөзіне сенсе, Таупық үйір-үйір жылқысы болған байдың баласы көрінеді. Ал өзі бірде бір рет атқа мінгенін елестете алмай-ақ қойды. Жылқыны суреттерден, видеодан көргені болмаса, жануардың жанына барып, жалынан сипап көрмеген. Бір жолы қала шетіне шығып, автобуспен әлдебір бағытта кетіп бара жатқанында тұман басқан алқаптан бір үйір жылқыны байқаған. Онда да видеодан көргендей ғана әсер алған. Әкесінің атбегі болғанын әлденеше естіген соң, жылқыға аңсары ауатын әдет пайда болды.

– Жылқы деген киелі жануар ғой. Өткенде ауылға барып қайттым. Ауыл бұрынғыдай емес, тіршіліктері тәуір көрінеді. Өзіңдей жастар көкпар тартып, көкбалақ боп шауып жүр.

Жігіттің оң жақ беті тыржыңдап тынымсыз тарта беретінін байқады.

Ол осы сөздерді айтты да, ентігіп жеткен автобустардың біріне тыпырлап барып мініп, қарасын батырды. Бұл жігіттің автобуста сығылысқан топ адам ішінде оң бетінің тыржыңдап кетіп бара жатқанын елестетті.

Түнде ұйқысынан кісінеген жылқының дауысы оятты. Далаға шыққан кезде байқады, батпақ басқан көшені шалпылдатып, топ жылқы дүбірлеп өтіп бара жатыр екен. Жалаңаяқ көшеге жүгірді. Аспанда бетін болмашы шарбы бұлт көлегейлеп, өлеусірей мұнартып бозамық ай тұр. Жаңбыр жаңа басылған. Тар көшеден жылқылар өтіп бітер емес. Шұрқырасып, топ-тобымен пысқырып, келесі бұлың көшелерге сіңіп барады. Ол дүркіреп өте шыққан топ жылқының соңы көз ұшында бұлдырап, дүбірлері басылғанша сілейіп тұрды.

Ертесі жертөленің өзге бір бөлмесінде тұратын, таң ата жұмысына кетіп, қас қарайғанда оралатын салт бас көршісіне түндегі істі баяндады.

– Жылқылардың дауысын естідіңіз бе түнде? – деген бұл тұтыға сөйлеп.– Неғылған жылқы? – деді көршісі аңтарылып.

– Түнде мына көшеден өтті.

Көршісі ыржың етті.

– Бұл қалада қайдағы жылқы? Осы сен кейде «қуасың», жылқы деген ауылда ғой. Өзің атқа мініп көріп пе едің?

– Жоқ, – деді бұл күмілжіп. – Мініп көргем жоқ.

– Онда түсіңе жылқы кірген болды. Жылқы иең бар болуы мүмкін. Қамбар атаның рухы қонайын деп жүрмесін. Мүмкін атаң, яки әкең жылқы ұстаған шығар. Қазақта жылқы бақпаған адам аз ғой. Менің де аталарым бай болыпты. Мыңдаған жылқысы болған дейді. Кейін бәрін тартып алып, өздерін қаңғытып жіберіпті.

Бұл әкесінің жылқы баққанын, ат баптап, небір бәйгенің иесі болғанын айта алмады. Айтса да, сене қояр ешкім жоғын білетін.

Содан бастап бұл шынымен түсінде жылқы көретін болды. Атқа мінген бір топ адам бұларға қарай шауып келе жатады. Басына жаулық тартқан әлдебір әйел мұны құшағына қысып, жандәрмен үйге қарай қашады. Аттардың дүбірі жақындаған сайын мұның жүрегі атқақтап, қорқыныш ұялайды. Шыңғырып жатып түсінен оянып кетеді. Осы түс қайталана берді. Уақыт өте келе бұл түс өңіне ауысты. Көзін жұмса болды, осы бір бұлыңғыр оқиға санасына өрнек салып, ойқастай шапқан адамдар бұған қарай дүбірлетіп келе жатады. Бұл тұрған орнында қалшылдап, арқасынан суық тер саулайды.

Түсі бірте-бірте ұзарып, оқиғалары айқындала түскендей еді. Апталап жаңбыр жауған бір кездері Таупық қатты ауырды. Біраз күн базарға да бара алған жоқ. Көретіні бұлыңғыр әлем, буалдыр түс. Ол түсін сандырақтап жүріп өңінде де көретін әдеті жиілеп кетті.

Орнынан сүйретіле тұрып, төсегінен екі аяғын салбыратып ұзақ отырды. Түнімен не ұйықтағаны, не ұйықтамағаны белгісіз, қимыжық түс көрді. Алты тарамынан аққан терге көрпесі малмандай су болған. Тіпті жастығы қара терге малшынып, әлсін-әлі екі жағын ауыстырумен әуреге түсті. Шалқалап жатса, екі құлағы шыпылдаған терге толады. Орнынан тұрайын десе, басы зеңіп құлап қалатындай. Ұзақ жыл өзі жалғыз мекендеген қуықтай бөлмені күңгірт нұр тұмшалап тұр. Кішкентай, жалғыз көзді терезеден түскен болмашы сәуле бөлменің қиғаш бұрышына шашырайды. Бөлмесі шаңқай түстің өзінде алакөлеңке болып тұратын. Кішкентай терезе тым жоғарыда еді әрі ол ешқашан ашылмайтын. Терезе әйнегін сыртынан жылына бір мәрте сүртсе сүртер, әйтпесе ол да жоқ. Шаң-тозаң әйнекке өшпес із салған.

Түнде көрген түсін есіне түсіруге тырысты. Жолдан бұрқырай көтерілген қою шаң, топ аттың дүбірі, айқай-шу... Шыңғырып қашқан бала... Мұны құшақтап, үйге қарай ұмтылған әйел... Қанша рет көрсе де толық нобайын құрастыра алмаған, күңгірт те жұпыны суреттер. Өртенген қора мен шөп... Шулаған, арпалысқан, шелекпен су тасыған адамдар. Осы шым-шытырықты түсінде көрген секілді. Әлде, көрмеді ме? Естіген секілді. Кім айтты? Иә, үнемі базарда жолығып қалатын тыржың бет жігіт айтқан сияқты, әлдене еміс-еміс есіне келгендей. Жадында әлдеқашан көмескі тартқан оқиғалар көрінісі бірте-бірте мұның санасын бұлдыр сағымға орап алды. Оң беті тыржыңдап: «Сендердің үй-жайларың өртеніп, шөптерің лаулаған жылы қыс қатты болды, жылқыларың да сол қыста қырылды» дегендей еді. Демеді ме екен?.. Шамалауынша, соның сөзін бұл енді түсінде көріп жүр, әлде өңінде естігенін түсіне айналдыра алмай, бәлкім, керісінше, түсінде көргенін өңімен ұштастыруға дәрмені жетпей, сүлдерін сүйретіп, айкезбенің халін кешіп жүр.

Ақырын орнынан көтеріліп, есіктің қасына абайлап жетіп, жарықты қосты. Кенет көзі қарауытып, қабырғаға арқасын сүйеп сәл тұрды. Содан кейін барып өзін әзер тапқан жанның кейпіне енді. Кенезесі кеуіп, шөліркеген ернін жалап, қара шәугімнен түбіне қоңыр дақ баттасқан стаканға жылымшы су құйып ішіп, сыртқа беттеді.

– Не болды саған? – деді шай сатушы әйел. – Қарадай селкілдеп. Жын ұрды ма?

Сөйтті де «шай ішіңіз, шай!» деп озандап, айғайлай бастады.

– Мен сол бұрынғыдай, – деді сәлден соң. – Еш өзгеріс жоқ. Үйді әлі салып бітпедік. Зат қымбат. Құрылыс базары өртеніп кетті жуырда.

– «Анау» қайда? – деді бұл сөзге араласып, «Анау» жайлы айтпағанына біршама уақыт болғаны есіне түскендей. Әдетте аузынан сөз шықпайтын.

– Ол ма, ол жоқ болды ғой. Саған алдында айттым емес пе, біреуін тауып алыпты деп. Бұ қалада бай іздеген әйел көп қой. Солардың бірінің үйіне кіріп алыпты. Қайт десем, қайтпаймын, менен аулақ жүр дейді. Сол маған керек еді...

Сөйтті де көзі кілегейленіп, жеңімен сүртті де, жаулығының ұшын аузына салып, ернін жымқырып, бұған бежірейе қарады.

 Таупық шай сататын әйелді онша ұната бермейтін. Күнде алдынан шықпаса екен деп тілейді. Оның кезіккен сайын бір сөзін қайталай беретінінен ығыр болған. Қас қылғандай қашан болса да алдынан арбасын итеріп сол әйел кезігеді. Қайбір кезде, әлде ай бұрын ба екен, нақты есінде жоқ, бір аптадай көрінбей кетті. Әуелі қуанғандай еді, бірер күннен соң алаңдай бастады. Бір стакан ыстық шайды бұған одан өзге кім беріпті?!

Әдетте көп сыр ақтармайтын кемпір бұл жолы кешкі апақ-сапақта қар күреп жүрген Таупықты үйіне шақырды.

– Әй, балам, үйге кір, – деді, есік көзінде имене қарап тұрған бұған.

Кемпір өзі жалғыз күн кешеді. Балалары қаланың көрікті жерлерінде тұрады деп естіген. Анда-санда ыздиып киініп, дөңкиген қара джиптермен келіп тұрады. Олар келе жатыр дегенді естігенде кемпір Таупыққа «бөлмеңнен шықпай-ақ қой» дейтін. Аласа бойлы, бозғылт жүзді, киімі жүдеу сабалақ жігітті балалары көрмесін деп ойлайтынын бұл да сезетін. Сезген сайын намыстанып, ашуға булығатын да кездері бар. Кейін елемейтін болды. Бірер мәрте сырттарынан көрген. Бір жолы аулада бетпе-бет кездесіп қалғанда: «Сен кімсің?! Есік алдында нең бар? Қораңа кір», – деп зекіген қою қара мұртты еңгезердей адам. Басын төмен салған Таупық жертөлеге қарай зыта жөнелген. Аулада жұмыс істеп жүргенде кемпірдің балалары келіп қалмаса екен деп Құдайдан тілейтұғын.

Жарқыраған сәнді сарайға бас сұққаны осы. Әйтпесе неше жылдан бері базардан азық-түлігін, дүкеннен керек заттарын алып келуге жұмсағанда, үйіне кіргізбей, босағадан қайтаратын. Жарқыраған сауда сарайларына жолы түсіп бірер жолы барғаны болмаса, мұндай мүкәмәл-мүлкі көздің жауын алатын айбарлы үйге кіріп көрмеген. Сыртқы есіктен ішке аттаған беті аңырып тұрып қалды: кіреберістегі холлға үлкен үстел қойылыпты, жағалай тізілген аппақ орындықтар, оң жақта жарқыраған кафелмен қапталған жуынатын бөлме, душ, туалет соның қасында екен. Екінші қабатқа көтерілетін қоңыр емен баспалдақ, сырлы ағашпен сәнделген баспалдақ жақтаулары, әр бөлмеде аппақ есіктер, қоңыр пластик терезелер, түрлі-түсті перделер, төбеде әлем-жәлем люстралар – үй іші жап-жарық. Мұның аузы ашылып, маңқиып тұрғанын көрген кемпір тіл қатты:

– Қолыңды жуып кел, тамақ іш.

Үстел толы тағамның түр-түрі.

– Апа, – деді сүтті шайдан ұрттап, тамағын ішіп болған соң. – Осы үйде жалғыз тұрасыз ба?!

Дауысы дірілдеп шықты. Қанша жылдан бері жертөлені мекен етсе де, кемпірдің тірлігі сырлы сияқтанатын, қасында әлдебіреу бар шығар деп ойлайтын.

– Жоқ, – деді кемпір. – Шалыммен бірге тұрамын.

Таупық аң-таң. Сенер-сенбесін білмеді. Бойын әлдебір сумақы үрей кезіп кеткендей.

– Ана кісіні көрмедің бе? – деді қабырғаны нұсқап. Егде адамның үлкен картинасы ілініп тұр.

Кемпір сақылдап ұзақ күлді. Оның тарғылтым күлкісі иен бөлмелерді шарлап кетті де, жаңғырып қайта оралды... Таупық аузына сөз түспей, қашанғы әдетімен бүгежектеп төмен қарады.

– Өзіңнің мұнда келгеніңе қанша жыл болды?

– Білмеймін, апа...

– Жассың ғой, неге білмейсің?

– Есімде жоқ... Күн жарқырап тұрған бір мезгілде келгенмін.

– Күн жарқырамай тұрушы ма еді... Әй, сорлы балам-ай. Ап-арық едің. Қу сүйектерің сықырлап, түртіп қалса құлап қалардай әзер тұрғансың. Қазір өңің кіріп қалды ғой... Жасың сол кезде ары кетсе он жетіде болар. Әлде он бесте болдың ба? Құдай-ай, оны неғылайын?.. Шашың үрпиіп, көзің бозарып кеп тұрсың. Міңгірлеп, әзер сөйлейсің. «Балалар үйінен» келдім дедің бе, ауылдан келдім дедің бе, әлде адасып қалдым дедің бе, әйтеуір бірдеңе айттың. Қонатын жер таппай жүр екенсің...

– Сізге мәңгі қарыздармын.

Кемпір шайынан бір ұрттады да, теріс бұрылып, ауыр күрсінді.

– Жалғызбын. Ешкім жоқ екенін сенен артық кім біледі. Балаларым тау баурайында. Кейбірі сауда істеп шетелге кетті. Қай ел екенін сұрамадым. Айтса да, қайбір шетелді біледі деуші ең. Осындағы екі ұлым ай сайын келіп тұрады.

– Немерелеріңіз ше?

– Оларды көрмегелі қай заман...

Кемпір ұзақ үнсіз отырды. Үй ішін зілдей бір тыныштық кернеді.

– Сенің әлгі жиенің бар ғой, сол түсіме кіріпті. Енді мұнда келмейді-ау сол...

Бұл үндемеді.

Кемпірдің үйінен сүйретіліп, сүлкіні түсіп шықты. Қия беткейге салынған зәулім сарайдың алдымен еңіс құлдилап, жертөлеге жеткенше ұзақ жол басқандай ентігіп кетті. Жертөленің есігін итергені сол, алдынан тас қараңғы кеңістік ашылды. Жай кездері көзге түртсе көргісіз шақта келсе де, еш іркілместен өзінің бөлмесін адаспай табатын. Ұзыншақ дәлізде жарық жоқ. Бұл жолы екі қабырғаға соғыла жүріп, есігін әзер тапты. Жарықты жақты да, төсегіне сұлап, бетін жастықпен жапты. Екі шекесі дың-дың. 

– Апа, – деді аздан соң, – апа...

Дауысы құмығыңқы, сыбырға ұқсас. Әлдебір жәндіктің ызыңына келетіндей. Өз үнінен өзі үрейленді.

Жарықты өшірді де, тыстары бесбаттам кір көрпенің ішіне киімшең құлай кетті.

Оның кей шақтарда апталап-айлап ұйықтай алмайтын ғадеті бар-тын. Күні бойы кірпігін әзер көтеріп, ұйқылы-ояу зорға жүреді. Соңғы кезде сонысын ұмытқандай еді. Жастыққа басы тиді болды, қорылға басатын. Бұл жолы аунақшып ұзақ жатты. Денесін тағы да қара тер басты. Құлағына толған суды сілкіп, басын көтеріп отырды да, қайтадан жата кетті. Осы әрекетін қанша рет қайталағаны белгісіз.

Ойына жиені түсті. Алғаш жертөлеге «ассалаумағалайкум» деп кіріп келген сәтін еске алды.

– Таупық аға, халіңзі қалай? – деген бұрыннан осында келіп жүрген жандай. – Мені танымадыңыз ғой, иә? Танымайсыз. Мен сіздің жиеніңізбін. Сізді елден сұрап әзер таптым.

Неғылған жиен екені, қайдан іздегені, кімнен сұрағаны бұған жұмбақ. Содан кейін бірнеше рет келген. Алғаш келгенінде дін туралы көп айтты. Түн ортасында тұрып күбірлеп намаз оқыды. «Күнәміз көп, Аллаға құлшылық жасайық. Бес парызымыз бар, соны орындасаңыз, жұмаққа барасыз» деген. Таупық жұмақ, тозақ туралы өзгелерден талай мәрте естіген. Бірақ о дүние мен бұ дүниенің не екенін толық түсіне алмай-ақ қойды. Сөмкесі толған діни кітаптар екен. Бұған дін жайында арыдан толғап әңгіме өрбітті. Таупықтың санасы ештеңе тоқи алмады. Дұғаларды қайталап, жаттатып көріп еді, қонбады. Үш күн қонған соң жоқ болып кетті. Араға біршама мезет салып, қарлы боран ұлып тұрған қыста оралды. Сөмкесіне кітап емес, ноутбук салып келіпті. Амандықтан соң сонысын қосты да, ойын ойнауға кірісті. Атыс-шабыс. Өзімен өзі сөйлесіп, әлдебіреумен тілдесіп, ортасында боқтанып, кей сәтте қарқылдап күліп, түнімен маза бермеді. Ләм деп тіл қатқан жоқ. Бұл қалжырап ұйықтап, орнынан жайырақ тұрған еді, жиені кетіп қалыпты.

Тағы бір жолы қолына бір топ журнал ұстап, кеш әлетінде кіріп келді. Журнал толған қыздардың, әншілердің суреттері екен.

– Таупық аға, мен сізге ғажап дүние әкелдім, – деген ыржиып. Журналдарды ашып, қайсысы ұнайды дегендей кілең сұлу сылқымдардың суреттерін көрсеткен. Ішіндегі бірнешеуінің үлкен портретін қиып алып, қабырғаларға жапсырып шықты.

– Міне, енді жалғыз емессіз. Бұлар шоу-бизнестің ең атақты жұлдыздары.

Таупық қыздардың суреттеріне жасқана көз тастады.

Ертесі оянғанда жиені жоқ болып шықты. Сол кеткеннен мол кетті, қайта соқпады.

– Жиенің қайта айналып соқпайды, – деді кемпір. – Ол ұзақ сапарға кетсе керек. Өзі соның сенің жиенің екеніне күмәнім бар.

Орнынан ерте тұрып, ілбіп басып бұлың көшелермен базарға қарай аяңдап келеді. Бірнеше бұрылыс, қалтарыстардан өтіп, базардың артындағы шағын қақпадан ішке енді. Мұның барар жері алдыңғы қақпа жақ. Оған дейін ондаған қатар тізілген сауда орындарынан өтуі керек. Ұсақ-түйектен тартып, киім-кешек, көрпе-жастық, сөмке, аяқ киім, той заттары секілдінің бәрін сататын нән базар. Әлі толық ашылмапты. Адам аз. Тек көтерме сауда жасайтын қожайындар дүкендеріне келіп, қаридарларын күтіп, заттарын реттестіріп жатыр. Мұны бәрі танитын. Жол-жөнекей әрбіріне амандасады. Кейде емен-жарқын сәлемін алса, енді бірде жақ кірісін ашпай сызданатын саудагерлердің мінезін бұл елең қылған емес. Өзінің күнделікті орнына келіп, шағын қоларбасын итеріп, тіршілік қамына кірісті. Күн қақап тұр. Кеше қалың қар жауған. Базарға кіре беріс тұсқа шағын жайма жайып, күн көретін ұсақ бақалшы саудагерлер келе бастады. Тек шай сататын әйел көрінбеді. Осылай бірнеше апта өтті. Енді мұның көңіліне алаң кірді. Жол жиегіндегі жаймашылардан ол туралы сұрай бастаған. Ешкім шімесін білмейтін болып шықты. Тіпті, ондай әйелдің мұнда жүргенінен бейхабармыз дегендер де кезікті.

– Есің дұрыс па? – деді бір жас қыз. – Қайдағы әйел? Бұл базарда ондай әйел болған жоқ.

Тек бір саудагер ғана оның тағы бір базарды бетке алып, жаңа орын іздеп кеткені жайлы қаңқу сөзді құлағы шалғанын жеткізді.

Мұның иін тірескен халық толы осы базардан басқа жанашыры жоқ сияқты. Айналасына аңыра қарап, жаңа көргендей зер сала бажайлайды. Кейде өзінің сырласындай базарды тосырқай, жатсына қалатын шақтары да аз емес. Таң алагеуімде бұлың көшелермен тыпырлап базарға келе жатқанында жанын өзі де толық түсінбейтін бір әзәзіл үрей кеулейді. Айналасының бәрі жат секілді. Әсіресе, ұйқысыздық меңдеп, өн-бойын тер басып, қалжырап, күні бойы мәңгіріп жүрген кездерінде кеудесін кезген үрейдің екпіні үдеп, көкірегін уіл жайлап, ызғар қариды.

Қыс ортасында апта бойы үзбей қар жауды. Үлкен жолдың бойында шағын арбасын сүйреп жүрген Таупық жан-жағына қарап, мәңкиген беті тұрған болатын. Кенет қар тазалайтын үлкен машина жол шетінде тұрған жерінен үйілген қармен бірге қағып ала жөнелді. Аунаған қардың арасында омақаса тырбаңдап, түкке әлі келмей Таупық бара жатыр. Машина тоқтар емес. Мұның аузы-мұрнына қар кіріп, бұлқынған сайын өңіріне құйылып, үстіндегі саудырлақ күртесінің сыдырмасы ашылып, домалап барады. Әудем жерге жеткенде қармен бірге жол шетіне итеріп тастады. Әйтеуір тірі екен. Қаусырған қардан әзер тұрды. Аузына кірген қарды түкіріп, бет-аузын сүртіп, үсті-басын қағып, тәлтіректеп барып, сылқ етіп отыра кетті. Шопыр бұрылып та қараған жоқ. Қарды қарпыта күреп, бұрқыратып жөнеп барады. Қаудырлақ қыстық күртесі зілденіп, қойнына кірген қар еріп, тоңа бастады. Арбасына қарауға мұршасы да болған жоқ. Бөлмесіне жеткенше үсіп қала жаздаған.

Содан соң тұмау тиді. Тамағы ісіп, мұрттай ұшты. Ауру меңдеген күндер мен түндердің азабын тартты. Ұйқысынан сан мәрте селк етіп оянып жүрді. Көзі ілінді болды, түс көреді. Баяғы өшкін, бұлыңғыр түстер. Топ аттың дүбірі... Айқайласқан, бір-біріне қамшы үйіріп, үзеңгі суырысқан адамдар... Шыңғырып қашқан бала... Мұны құшағына қысып жүгірген әйел... Өртенген қора... Лаулап жанып, жалыны аспанға атқан шөп... Жанталаса жүгірген жандар.... Осы түстердің бірінен кейін бірін көрді. Ешқандай тізбектік тәртіп жоқ. Кейде бірінің басын көрсе, енді бірде екіншісінің аяғын көретін. Әйтеуір бұлыңғыр лента секілді тоқтаусыз айнала беретін. Бірер күннен соң жаңа түстер қосылды. Үзік-үзік. Соның бірі зілмауыр машинаның көше қарын қарпыта итеріп, өктем қалыппен кетіп бара жатқаны... Басқа түске үйреніп қалғандықтан ба, әлде осы жолғы үрейі қатты батты ма, осы көріністі көрсе, бұлқынып, булығып оянатынды тапты... Көз ілгенше осы көрініс елесі санасында қылаң бермесе екен деп тілейтін халге жетті.

– Түсіңе жылқы кіріп жүрген жоқ па? – деді көршісі. – Сен ауырғалы не заман... Апаң да көрінбей кетті. Өткенде есік алдынан мені байқап, айғай салды. Танымай қалыпты. Алжыған болуы керек. Мен өзінің квартиранты екенімді әзер түсіндірдім. Сенің жиенің туралы бірдеңені қоңырсытты. Ол келмейді дей ме, әлде келмесін дей ме, түсінбедім. Денесін түгел бөрткен басып кетіпті. Сірә, ауырып жүрген болса керек. Сені де сұрады. Ол қайда, сен өлтіріп тастаған жоқсың ба деп маған жармасты. Әзер құтылдым. Үйге тышқан қаптап кетті. Байқадың ба?

Таупық тіл қатқан жоқ. Мелшиіп жатты да қойды.

– Сенің бөлмеңнен тер мен шуаштың иісі мүңкіп тұр. Бір уақ далаға шығып, бөлмеңді желдетсеңші. Тышқандарды көрмедің бе?

Көңілін сұрай келген көршісі сорпа әкеліпті. Мұны басынан сүйеп тұрғызып, тамақ берді.

– Өткенде базарда бір жігітпен жолығып қалдым. Сені таниды екен. Жылқы туралы көп дүние айтты. Беті тыржыңдап, жүйкеме тиді. Мына тышқандар пәле болды, жемтікке үймелеген құзғын секілді, бұрыш-бұрыштан жылтыңдап, шиқылға басып, түнімен ұйықтатпайды.

Осыны айтты да шығып кетті. Мұның үйінен тышқандардың асыр сала жүгіргені, шиқылдағаны естілді. Таупық оларға әлдеқашан бауыр басып қалған еді. Көзін жұмып, түс көруді армандады. Түсіне жылқылар енетінін анық біледі. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар