Руза Алдашева: Ешкім мендей бола алмайды сен үшін

Бөлісу:

15.01.2016 5466


 


 

Бүгін Руза Алдашеваның туған күні! Қаламгердің мерейтойы осы күнге дөп келіп отыр.  Руза лирик ақын, журналист. "Тəуелбайым тал бесігім", "Қаңтарда қауыз жарған гүл" жыр жинақтарының авторы. Республикалық жыр мүшəйраларының жеңімпазы. Қазір Қазақстан магниткасының бесігі болған Теміртау қаласында шығатын "Құрыш қала.kz" атты газеттің бас редакторы.


 

 


 


 

11081177_1419117738392807_8554970042901288077_n.jpg


 


 

Айбергенов сағынышын дестелеп,

Бала кезден тал бойыма сіңірдім.

Ойларымды сөз-өрмекпен кестелеп,

Ақ жүрекпен тек арыма жүгіндім.


 

 

Сағыныштың сазы – балдай, мұңы – айдын,

Кеттім батып тылсымына тереңдеп.

Қайран көкем, жолыға алмай мұңайдым,

Бар дертіңнен жазар едім сені емдеп.


 

 

«Жүрегіңнен ақ барабан дүңкілдіп,

Сен өткен жол» сайрап жатыр алдымда.

Жүрсе дағы кейбіреулер күңкілдеп,

Төтеп берем қар мен дауыл, жаңбырға.


 

 

Оған сенің сағынышың сеп болған,

Бар әлемді сыйдырған өр кеудеге.

Жыр-бақыты басымызға кеп қонған,

Тосылайын айтшы онда мен неге?


 

 

«Бір тойыңды» аңсай күтіп тағатсыз,

Ақжарылқап армандарым желбірер.

Сезінемін кейде өзімді қанатсыз,

Дәрменім жоқ оған елді сендірер.


 

 

«Найзағайдың күркіріне» сүйендім,

Сағыныштың сиқырымен сыланып.

Содан болар, түсіме де жиі ендің,

Сенің мәңгі Муза екенің бір анық.


 


 


 


 


 

 

***


 

Сен –

Қара шаңырақсың,

Уығы сұлуырақ.

Жоғалтып, тағы таптым,

Кім білген мұны бірақ.


 

 

Мен –

Сенің түндігіңмін,

Сол күйі салынбаған.

Көңліңде тұрды бір мұң,

Етумен жаныңды алаң.


 

 

Кеңейіп керегең де,

Көрінген еңсең биік.

Оралам мен егер де,

Отыма көнсең күйіп.


 

 

Жолатпай басыңа мұң,

Іргеңді бекемдеймін.

Шашу боп шашыламын,

Тек сен деп өтем мейлің.


 

 

Ұқтың ба қолқамды анық,

Ал мынау жорамалым:

Жүреді томпаң қағып,

Бір қара домалағың...


 

 

***


 

Сағыныштан толса да жанар жасқа,

Түсін мені, жоқ бұдан шарам басқа.

Жаның жүдеп мені аңсап сабылсаң да,

Бұдан былай ешқашан хабарласпа!


 

 

Хабарласпа, қоңырау соқпа мүлдем,

Жанып кеткен деп ойла отқа бірден.

Қиялыңда қалсам да жеткілікті,

Бүтінделмес білесің жоқтан іргең.


 

 

Көктеміңді көңліңде сақта дара,

Өкініш пен жоқ өткен шаққа нала.

Уақыт - емші, қинала көндігесің,

Енді мені танымас жатқа бала.


 

 

Болмайын деп таусылмас саған да мұң,

Мен де өшірем ойдағын, санамдағын.

Жүйрік желмен жүйіткіп бұрынғыдай,

Енді саған жетпейді хабар-хәлім.


 

 

Өзіңді де, мені де кінәлама,

„Неге бұлай болды?„ деп сұрама да.

Жанымызда жазықсыз жандар бар ғой,

Оларда да жоқ кінә бұл арада.


 

 

...Мөлдір тамшы мөлт етіп жанардағы,

Соңғы сия сарқылды қаламдағы.

Өлеңіммен оңаша қалдыр мені,

Хабарласпа, осымен тәмам бәрі.


 


 

 

***


 

Таусылмайтын әңгіме бар тым ұзақ,

Жастық шақтың көктемінде басталған.

Сенің мені сүйгенің де қызық-ақ,

Көңіл толқып, жанарыңнан жас тамған.


 

 

Махаббаттың шуағына бөлендік,

Жүректегін жанар ұғып үнсіз-ақ.

Әр сәтімді өрнектедім өлең ғып,

Көңіліме шырай берді күншуақ.


 

 

Ашық күнде көзімді ашып-жұмғанша,

Ала құйын өте шықты сені алып.

Көңіліме қонақтады мұң қанша,

Арманым да кетті бірге жоғалып.


 

 

Үмітпенен атуда әлі әр таңым,

Кеткеніңмен салмағы ауыр жүк артып.

Бақытынан қасыңдағы қалқаның,

Кеудемдегі махаббаттың мұңы артық.


 


 

 

***


 

Ақылдың еріп соңынан,

Сезімнің тарттық тізгінін.

Жаңылмай жүрген жолынан,

Жазғырар дейсің бізді кім? 


 

 

Жүректің үнін тыңдамай,

Кейпіне ендік пенденің.

Білмеймін жүрсің сен қалай,

Мен бұған іштей көнбедім.


 

 

Кеудемде күнде тайталас,

Ой-санам тынбай арбасқан.

Мұңсыздар ғана байқамас,

Махаббат жайлы бар дастан.


 

 

Тағдырдың мына маңдайда,

Шешілмей қалды күрмеуі.

Сен жүрсің қазір шалғайда,

Сүйретіп өмір сүрлеуі.


 

 

Ажырап кетті іргеміз,

Ілестік уақыт көшіне.

Қиялмен ғана біргеміз,

Бұйырмай ортақ несібе.


 

 

Көңілден кетпей кешегі,

Жарасып жүрген шағымыз.

Самал боп алдан еседі,

Бұйырмай кеткен бағымыз.


 

 

Есті алар жарқын елесі,

Күндерді енді таппаймыз.

Жастықтың ол бір белесі,

Жүректе ғана сақтаймыз.


 


 

***


 

Жігіті жаны жайсаң Жуалының,

Табылшы дәл қасымнан мына бүгін.

Білмеймін неге екенін саған ылғи,

Бүйрегім бұрады мың.


 

 

Халқының тағдырына жаны ашыған,

Аумаған батыр Баукең бабасынан.

Үлгі боп өрендерге тарап жүр ғой,

Бір сәуле санасынан.


 

 

Соғыста жараланған Ауғандағы,

Аман қап елге оралып жанған бағы.

Тұсында жүрегінің жарқырайды,

Марапат майдандағы.


 

 

От кешіп он тоғызда қаруланып,

Жайратқан жігерімен жауын барып.

Батырын бүгінгінің Сарыарқада,

Сары қыз сағынды анық.


 

 

Есімі таныс болып көпке бүгін,

Өтпеді зымыраған текке күнің.

Кешегі қол бұлғаумен өте шыққан,

Куәсі ем көктемінің.


 

 

Жалт еттің жасындайын несін деме,

Ризамын өзім кескен кесімге де.

Арман боп Алматыда қалып қойған,

Сол көктем есіңде ме?


 


 

***


 

Мен сені іздедім:

Бозарып атқан таңның шапағынан,

Қызарып батқан күннің жатағынан.

Көз тіктім көкжиекке көрем бе деп,

Сырғыған сағым жылдар қатарынан.


 

 

Мен сені іздедім:

Айбарлы Алатаудың бөктерінен,

Тулаған өмір-өзен өткелінен.

Хабарсыз кете бардың ізіғайым,

Білмедім әлде маған өкпелі ме ең?


 

 

Мен сені іздедім:

Сәйгүлік хас тұлпарлар дүбірінен,

Аңқыған жасыл жусан түбірінен.

Көлікті көш-керуенді көріп шықтым,

Қайысқан қара нарлар жүгі кілең.


 

 

Мен сені іздедім:

Жалт еткен жанарлардың қиығынан,

Тағдырдан езу тартқан миығынан.

Өткіздім әр сәтімді елеңдеумен,

Елеспен есімді алар жиі бұлаң.


 

 

Мен сені іздедім:

Сиқырлы Шәмші әнінің ырғағынан,

Өмірзақ жазған жырдың шумағынан.

Кезігіп қалар дедім тым болмаса,

Достардың дүркіреген думанынан.


 

 

Мен сені іздедім:

Жанымның садағасы – ар ақтығынан,

Жазылған маңдайдағы бақ, мұңымнан.

Бөленіп сағыныштың сазына ерек,

Кеудемді керіп әсем жатты бір ән...


 

Мен сені іздедім!


 


 

***


 

Жанарыңнан жаныңды ұқтым тілсіз-ақ,

Сол баяғы Алматыда жүргендей.

Көңіліңе түсірмеген бір сызат,

Бола алады сірә саған кім мендей? 


 

 

Ешкім мендей бола алмайды сен үшін,

Кеш те болса дұрыс мұны ұққаның.

Көңіліңнің құлазиды көлі шын,

Тым алыстан қол бұлғаса құт-бағың.


 

 

Күре жолға көлденеңдеп тұрып ап,

Айқайлайын «Батырым» деп дауыстап.

Аңсауменен күн өтуде зымырап,

Құшағымыз енді қашан қауышпақ?


 

 

Көңіліңнің бір қалауын білгендей,

Жан мұңыңды жырларыммен емдеймін.

Сол баяғы Алматыда жүргендей,

Бола алады сірә маған сендей кім?


 


 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар