Марат Нұретдинов: Күйді құлпыртқан – Құлшар күйші
Бөлісу:
Маңғыстау дәстүрлі музыкасының тарих-тамыры өте тереңнен бастау алады. Бұлай дейтініміз, Маңғыстау ежелден дәстүрлі өнердің отаны болды. Өйткені, бұл өлкеде атам заманнан талай өнердің тарландары өткен. Маңғыстау өңірінің әндері мен күйлерінің, әуен-сарындарында өзіне тән табиғи ерекшеліктер байқалады. Бұл халықтың басынан кешкен тарихи өмір жолдарына, көршілес, аралас отырған өзге халықтармен қарым-қатынасы мен табиғи орта әсеріне, тағы да басқа жағдайларға байланысты. Мұндай әуен-сарындардан тарихтың талай тар соқпағынан өткен – Маңғыстау елінің тағдыры да, аяулы арманы мен өмірлік мұраты да, ел мен жерді қорғап ешкімге бас имеген ерлік рухы да айқын танылады. Мұнда халықтың жырлары мен жыраулардың әуені, күйі қазақтың дәстүрлі өнеріне зор ықпал жасаған. Бұлардың жырлар мен дастандар, қисалар айту кезінде – жыр-саздары мен мақамдары және сарындары «жыр-күй», «ән-күй» атанып, ел арасына кең тараған. Атап айтсақ, сонау ноғайлық заманнан Шалкиіз, Сыпыра, Досмамбет, Қазтуған жыраулардан бастау алатын жыраулық дәстүр – бертін келе Есенбақ, Өгізбай, Бегім, Қалнияз бастаған жыраулық мектеп, кейін Абыл, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Аралбай атанған «Адайдың бес жүйріктері» арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып ұласты.
Маңғыстау өңірінде баяу қоңырлатып салатын назды, арман мен сағынышқа толы әуендер де, сезімге ерік беретін асқақ әндер де жеткілікті. Әншілік дәстүрде Тастемір, Тұрсын, Досат, Жылкелді, Әділ, Шолтаман, Өскінбай атанған «Адайдың жеті қайқысының» өнер тарихында алатын орны ерекше. Олардың әрқайсысы бірнеше өнер иелері. Бұлар бірге жүріп, ел аралап халыққа өнерімен қызмет еткен өз заманында елге ерекше танылған нағыз әнші, сегіз қырлы сал-серілер болатын.
Маңғыстаудың күйлері – батыстың төкпе дәстүріне жатқанымен, өзіндік нақышты қағыс, тартысымен айырықшаланып, күйшілік өнердің өзгеше қайталанбас орындалу мәнерімен ерекше сазды арналардың бірі ретінде өз алдына дара мектеп боп қалыптасты. Өйткені Маңғыстау күйлерінде музыкалық өрнектерге байланысты «ілме қағыс», «шалыс қағыс», «терісқақпай қағыс», «қақпалы қағыс», т.б. ерекше қағыстар орын алған. Маңғыстау күйлерін ел арасында «Адай күйлері» деп те атайды. Себебі, күйші күйді насихаттағанда күйдің авторларының аты-жөнімен қоса, түпкі тәрі тегін де атап өту міндетті болғандықтан. Ол тек күйшілік өнерде де ғана емес, сондай-ақ әншілік, жыраулық өнерде де осылай дәріптеледі. Бұл түбектің топырағында Абыл, Есір, Есбай, Қоңыр, Қартбай, Бегімсал, Тәңірберген, Жолды, т.б. сол секілді күйші тұлғалардың салған Маңғыстаудың дәстүрлі күйшілік мектебі өз алдына бір төбе. Бұлардың бәрі заманының ауыртпалығын, мұңын күйге қосып, аңыз-әңгімелерін баяндап отырған. Сол кезеңде аңыз-әңгімелерімен бірге баяндалатын көне күй үлгілері, айтыс-тартыс, тармақты-тізбекті, тарихи күйлер мол сақталған. Осылардың дәуірінде серілікпен лирикалық, сатиралық әзіл-тартыс күйлерімен айшықталған шоқтығы биік Шоғы күй мектебінің көрнекті өкілі – Құлшар Бақтыбайұлы.
Құлшар Бақтыбайұлы – ХІХ ғасырдың ортасында Үстірт даласында дүниеге келген. Осы уақытқа дейін «Бақтығалиұлы» деп те, «Ерназарұлы» деп те аталып келген. Бірақ «Бақтығалиұлы» деп атап келгені қате еді де, «Ерназарұлы» деп келетінін «шежіре дерек бойынша, күйшінің ата тегі былай: Адай – Келімберді – Мұңал – Шоғы (Қырықмылтық) – Есекей – Жарас – Тікенек – Бозша – Сам – Бақтыбай (батыр) – Ерназар – Құлшар» деп те кейін түзетілген болатын. Бәлкім, Құлшардың ата-тегінің бұлай түзелуі де рас шығар... Кім білсін?.. Қазір көне көз қарияларымыз да азайып бара жатқан соң, дерек мәліметтердің анық-қанығына да қол жеткізу қиындап кетті ғой.
Құлшар – батыс өңіріңнің қазақ өнерінде өзіндік мектеп қалыптастырған күйші-сазгер. Оның күйлері әліге дейін өзінің мәні мен мағынасын, қадірі мен қасиетін, бағасы мен құндылығын жоғалтпаған. Құлшардың күйлері құлақпен естігенде – балқытатындай, көзбен көргенде – көз тартарлықтай ғажайып «ілмелі-шалмалы, ақпа-төкпе» тұрғыдағы туындылар. Яғни, әлемдік терминімен айтқанда виртуоздық стильдегі шығармалар.
Құлшардың күйлерін тыңдағанда, я тартылуын көргенде, оның өте күрделі амалдармен орындалғанын байқайсыз. Өйткені, бұл мектептің орындаушылық ерекшелігі – оң қол мен сол қолдың жоғары деңгейде даму шеберліктері мен күйшінің де асқан орындаушылығын дәлелдей түседі. Оның туындыларын өз заманында тек Маңғыстау жері білетін болса, кейін мұрагерлері арқылы Маңғыстау өңірінен асып, барша қазақ жеріне жетіп, халықтың күй қоржынына қосылып, бүкіл әлемде қайталанбас өрнекті асыл мұраға айналды.
«Құлшардың айналасына топтасқан Шоғы ауылының күйшілері де үзілмеген шыншыр, бір қауым ел. Құлшардан күй үйренген шәкірттері – Атажан Мәменұлы, Тәжік Мұсаұлы, Қалдықара Қайыпұлы, Теңел Нижанұлы, Қарасай Қалыұлы тағы да басқа сол сияқты күйшілер қай халықтың да тақиясына тар келмес өнерпаздар болған», – деп жазады ақын Светқали Нұржан.
Алты алашқа аты мәшһүр жырау Ескелді Сүгір Бегендікұлы «Мүштарих» толғауында:
«Күй тартып мерекеде домбырамен,
Өтіпті Құлшар менен Атажандар.
Шаңқылдап жыр айтқанда қызушы еді,
Қотырбаста жыр иесі – Қарасайлар» – деп айтқандай, Құлшардан кейінгі ізін жалғастырушы ізбасарларының бірі, Қырықмылтықтың Қотырбас (Қайырбек) бөлімінен шыққан – Қарасай Қалыұлы. Ол 1860 жылы Маңғыстаудың Сам құмының жоғарғы жағында, Ырғызбай-Қарасай деген жерде дүниеге келіп, 1930 жылы Бесқала жерінде ұзаққа созылған дерттен қайтыс болды. Қарасай асқан күйшілігімен қатар, керемет әнші, ұлы ақын-жырау да болған. Қарасай «Қырымның қырық батыры» дастанын айтқанда аспанға алты күнде бұлт иіріп, жетінші күні жауын жаудыратыны жайлы ақиқат әңгімелер бұрынғылардың ел есінде әлі де бар. Сөйте келе ел арасында «Адай Қарасай» немесе «Қотырбас Қарасай» атанады. Ол Қарақалпақ елінің Бесқала жеріне ең алғашы рет дәстүрлі жыраулық мектепті қалыптастырған ұлы тұлға. Бізге Қарасайдың өз туындыларынан «Қуаныш» күйі, «Қоштасу» толғауы, «Қарасай-Қази, Хан Әділ» дастаны және жыр-саздары мен мақамдары жеткен. «Қуаныш» күйін жеткізуші Құрманғазы атындағы оркестрдің ең алғашқы ірге тасын қалаған күйші Қамбар Ерқожаұлы Медетов болатын. Қ.Медетов – кіші жүздің ханы Әбілхайыр ханның ұрпағы. Ол 1901 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы, Қаратоғай ауылында дүниеге келіп, 1930 жылы Сталиндік репресияда «Халық жауы» деген жаламен аттылды. Қазіргі кезде «Қуаныш» күйі – Қарасайдың күйі «Қарасай», Халық күйі «Қарасай» немесе «Қарасай-Қази» деп тартылып жүр. Қарасай жырау Қамбардың әкесі Ерқожа Қаратаев әкіммен де, қайын атасы Үсен төре Арынғазиевпен де ауызбірлікте сыйлас дос болған. Қамбар осы «Қуаныш» күйді де Қарасайдың өзінен үйренген.
Құлшардан тәлім алып, күйлерін үйренген күйшілерінің бірі, Қырықмылтық ауылының Орамал тақтасынан шыққан – Атажан Мәменұлы (Меңдіқұл). Атажанның Қожахмет деген ұлы да әке жолын қуған күйші болған деседі. Оның да нақты туған және қайтқан жылдары белгісіз. Бірақ Атажанның ғұмыр кешкен дәуірі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы екені белгілі. Өкінішке орай, қолымызда мұндай ел арасындағы ұлы тұлғалар туралы деректер мен мәліметтер жоқтың қасы. Сүгір жырау:
«Өнермен елді иіріп матаған бар,
Әрбір күйге бір-бір нарын атаған бар.
Сөйлеткен мылқау қара домбыраны,
Құлшар мен Теңел, Тәжік, Атажандар», – дегендей, кезінде Құлшардың замандасы болған тағы бір Шоғы күй мектебінің өкілі – күйші Теңел Нижанұлы. Теңел өз заманында ең сері күйшілердің бірі болған. Сол заманда Адайдың атақты биі Жары Мәтжан Тілеумағамбетұлы: «Теңелге ешкім тең келмеген», «Мықты болсаң, Теңелге теңел», – деп бағасын беріп кеткен. Казыналы қарияларымыздың айтуы бойынша, Теңел күйшінің өзінің шығарған «Алдаспан» атты күйі болған. Бірақ өз уақытында оның да зерттеушілері табылмағасын, солақай соқыр саясаттың кері кесапатынан мұралары желге ұшты.
Міне, өздеріңіз байқағаныңыздай, Құлшардың біршама күйлері осы күйшілер арқылы Шамғұл Ыбырайымұлы, Мұрат Өскінбайұлына жеткен. Құлшардың шығармаларынан қазіргі біздің заманымызға «Төкпе», «Шабыт», «Бес қыздың бел шешпесі», «Жап та, қым та», «Тілемсек»; айтыс (тартыс) күйлерінен «Қыз қамаған», «Кербез керік», «Ат жортақ», «Сық-сақ» («Түт шіркін»), «Кебіс қалған», «Терісқақпай», «Ұршық» күйлері жеткен.
Құлшардың көп күйлері әдеттегі өз басынан өткен қызықты оқиғаға орай туған. Ондай оқиғалар әдетте күймен жауаптасу, күй арқылы өрлестіру, күйді емеуріту немесе оқиғаны күйге салу түрінде көрініс табады.
Ел ақыны – Есенғали Бөкенбаев өзінің бір сөзінде:
«Кербез керік» кем емес,
Сырқауға дауа дәріден» – деп бекер айтпаса керек. Көптің жадында сақталған Құлшар күйлерінің бірі – «Кербез керік». Бұл күйді білмейтін қазақ кемде-кем десек қателеспейміз. Шынында да Құлшардың «Кербез керік» күйі көптеген орталардан да, көптеген күйшілердің репертуарларынан да орнын тапқан шығармалардың бірі. Ол және өзге де күйлерінің шығу тарихы жайында күйші Шамғұл Ыбырайымұлы былай баяндайды:
Құлшар мал қарап жүріп Тасастау-Қайнар деген жердегі Табын ауылына барады. Көгалға атын шідерлеп, шаңдақтан шеткері тігілген ақ отауға кіріп келсе, үйде бойжеткен қыз кесте тігіп отыр екен. Қызбен амандасып, төрге шығып отырғаннан кейін Құлшар:
– Мен бір мал қарап жүрген Адаймын, ұзақ жол жүріп, шөліркеп, ауыл болған соң бір шыны шай ішкелі келдім, қарындасым, – депті. Сонда қыз:
– Ей, жігіт! Мен жол бойы мал іздеп түйе қарағандарға шай қайнатып беретін қыз емеспін, көзіңді ашып қара. Егер өнерлі ауылдың жігіті болсаң, әуелі өзің менімен таныс, сөйлес, содан кейін шай ішетін-ішпейтініңді білерміз. Әйтпесе, кез келген Адайға шай қайнатуға ерінемін, – дейді әзілдеп. Мұны естіген Құлшар:
– Жақсы, тек қадірлі, өнерлі кісіге беретін шайың болса, онда ол мен үшін арзан шай екен. Олай болса, шырағым, жаныңда тұрған домбыраңды алып бере ғой, мен саған бір күй тартып берейін, – депті қызға.
Қыз домбырасын Құлшарға ұсынады. Құлшар домбыраны қолына алып:
– Елде жүргенімде домбыра тартсам болды, қыздар айнала қоршап, орталарынан шығармай мазамды кетіретін еді. Соларға арнап «Қыз қамаған» деген күй тартып едім, сен жалғыз болсаң да сол күйімді тартайын, – деп «Қыз қамаған» күйін орындайды.
Құлшар домбыраны тартып отырғанда, қолында ұршығы бар қыздың шешесі үйге кіреді де күйді тыңдаған бойы босағаға отыра кетеді. Күй аяқталғанда кемпір Құлшарға қарап:
– Е, шырағым, аманбысың? Өзің ілу көрмеген бала екенсің, домбыраның бір ішегін басып, бір ішегін ашық тартасың. Үстіңгі ішекте көп сыр болушы еді, оны айтпадың. Домбыраңды бер, мынау менің қыз күнімде өз жүрісімнің кербездігіне арнап тартқан «Кербез керік» деген күйім еді, – деп домбырасын қаға беріпті. Жігіт пен кемпірдің тартқан күйлерін зер сала тыңдап отырған қыз, шешесі күйін аяқтай бергенде:
– Ойпырмай, апа! Мен байқамай жүрген екенмін ғой, қолыңыз шалдыққан ба, қалай өзі? Тіпті кібіртіктеп, жылжып, домбыраның сағасынан жоғары қарай шығып болмадыңыз ғой, маған беріңізші домбыраңызды, бұл жігіттің сазайын мен берейін, – деп домбыраны алып:
– Ей, құрбым, құлағыңды сал! Сен сияқты бір нашарлау құрдасым, астында торы жорға аты бар, күнде кешкісін ауылға қиқаңдап келе беретін болған соң, осының өне бойы келуі жұртқа күдік бола ма, неғылады, өзін қайта келмейтіндей етіп қояйыншы деген оймен келеке етіп, астындағы атының жүрісіне арнап «Атжортақ» күй шығарып едім. Сол күйді тартқаннан кейін жұрттың: «Ойпырмай, атының жүрісін айнытпай салдың-ау», – деген сөзінен қысылып, әлгі құрдасым қарасын көрсетпей кетіп еді, сол сияқты сен де көзден ғайып болмасаң болар еді. Дегенмен, жүрегің жарылып кетпесе, сол күйді тартайын, – деп Құлшарды қағытып, «Атжортақ» күйін орындайды.
Қызының айтқан әңгімесі мен тартқан күйін тыңдап отырған кемпір:
– Ей, жігіт пен қызым! Сен менің өз балам болсаң да менімен тартыспақ ойларың бар екен ғой, сендей жас күнімде осындай сықсыңдап келе беретін жігіттерге арнап келемеш қылып тартқан «Түтшіркін» деген күйім бар еді, енді соны тартайын, – деп қыздың шешесі тарта беріпті. Күй біткен соң кемпір домбырасын Құлшарға ұсынып:
– Шырағым, қонақ бала! Күй тартамын деп домбырамды бұзып тастапсың, зорға түзеп алдық. Қонақтығыңды ескеріп, бір жолға кешірдік. Тағы күй тартуыңа болады, бірақ домбыраны бұзсаң, айыбына астыңдағы атыңды алып қаламыз, – депті. Кемпірдің мына сөзінен қатты қысылған Құлшар ішінен: «Қой, құрысын! Бұлармен домбыра тартысып жеңіп, шай ішемін дегенімнен ештеңе шықпас. «Айыпқа атымды беріп, елге жаяу қайтып, жұртқа күлкі болғанша, аман тұрғанымда кетейін, – деп ойлап, – атым тықыршып тұрған сияқты, қарап келейін», – деп үйден шыға сала атына мініп, ауылына қарай шу деп кете барыпты. Үйіне келіп байқаса, бір кебісі әлгі үйде қалып қойған екен. Соған отыра қалып «Кебіс қалған» деген күйін шығарған екен. Шамғұл қарттың айтуы бойынша, осы күйдің бәрі де Құлшардың өзінікі. Қуақы, әзілқой, әңгімешіл күйшінің өзі кемпірмен, қызбен кездестім деп келістіре әңгіме айтып, құлпырта айтыс күйлерін тартқан.
«Терісқақпай» мен «Ұршық» күйлерінің шығу тарихы былай: Құлшардың бір күйді тартқанын көрген кемпір:
– Өзің бір есерсоқтау, тентек адам екенсің. Мына тартып отырғаның «Терісқақпай» ма, не өзі? – дейді.
– Білмеймін, әйтеуір тартып жүрмін, – дейді Құлшар. Сонда кемпір:
– Әкел бері домбыраны! Бұл менің жас кезімде тартқан күйім еді. «Тентектен тез хабар» деген, еліңе барған соң мынау жаман кемпірдің «Ұршық» күйі деп тартарсың, – деп күйді тарта жөнелген екен.
Халық ақыны Есенғали Бөкенбаев тағы бір сөзінде:
«...Құлшардың «Жап та, қымтасын»,
Түйдекпенен жебелеп», – дегендей, Құлшардың шоқтығы биік келесі күйлерінің бірі – «Жап та, қымта» күйі. Бұл күйдің шығу тарихы былай.
Жолаушылап жүрген Құлшар бір ауылға келіп, шеткері үйге тоқтайды. Жағдай нашарлау, аштықтың кезі болса керек, үй иелері өздері мен балаларына арналған аз ғана нәпақаларын қазанға асып жатыр екен. Сыртта кісі келіп, аттан түсіп жатқанын естіп, жаңағы етті жасырып үлгереді. Құлшар келіп отырады. Еттің иісі шығып тұр. Тіпті кірген кезінде үй иелері бір-біріне «Жап-жап!», «Қымта-қымта!» деп жатыр екен. Содан отағасы жағдайын айта келіп: «Ал, жолаушым, қош келдің! Қара су болса да ішіп кетерсің осы үйден. Өзіңнің алып жүрген домбыраң бар екен. Қонақ кәдеге бір күй тартып берсеңші?» – дейді. Сонда Құлшар бір күй тартыпты. Біткен бойда қожайын: «Япырм-ай, мына күйің қызық тартылды. Бұрын естімеген екенбіз, аты не?» – дейді. Құлшар тұрып: «Бұл күйдің аты «Жап та қымта!» – деген екен. Сонда барлығы ұялғаннан күліп, әйелі: «Әй, тіліңе шоқ түскір күйші жігіт, біліп қалған екенсің ғой», – деп қазанындағы етті шығарған екен.
Сондай-ақ Құлшардың тағы бір әзіл күйлерінің бірі «Бес қыздың бел шешпесі».
Жастардың бір үлкен отырмақ ойыны боп жатады, соған көрші ауылдан бес қыз келген. Оларға жігіттер: «Отырыңдар, шешініңдер!» десе, отырмайды: «Біз бел шешіп отыратындай бұл жерде не бар?» – дегендей. Құлшар сол жерде бір жаңа күй тартады. Сонда аналар таңданып: «Япырм-ай, осы ауылда бір тамаша күйші жігіт бар деп естуші едік, мынау сол болды ғой?» – деп, белдерін шешіп отыра кеткен екен. Сол «Бес қыздың бел шешпесі» атанған әзіл күй.
Құлшардың бұдан да басқа әзілге құрылған «Шабыт», «Төкпе», «Тілемсек» күйлері ел жадында сақталған.
Құлшар туралы тағы бір дерек. Бұл жөнінде бұрынғы Қайып-Ақбөбек оқиғасында айтылады.
Қайыптың Ақбөбекті екінші рет алып қашқанда, қос ғашық Сам құмында қолға түседі. Замандас өнерпазы Құлшар «Оны арашалап алып, құтқарамын» деп, сол жолы күйшінің өкшесіне найза кіріп, күйші жараланып ауыр бейнет шеккен. Күйшіден мән-жайға қанық болған қазаққа даңқы шашылған Қашаған, Кедей Кейқуаттың ауылына іздеп барады. Ақбөбекті ашу үстінде өлтіріп жібермек болған Кедей ауылының жігіттерін байқаған Қашаған, орақ тілімен қайрап тоқтатқан екен.
Құлшардың жатқан жері – сонау Қараған-Босағадан шыққасын Қарақия ауданындағы «Сармыс» қорымының «Төлеп» қыстауынан 15-20 шақырым оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан. Бұл Құлшар бабамыздың бейіті 2008 жылы шілде айында табылған. Ол жөнінде Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаев хабарлаған болатын. Оның дәлелдеп айтуынша:
Жалпы Төлеп қыстауының айналасында Қырықмылтық ауылының перзенттері жерленген. Сол қорымда Құлшардың құлпытасы да бар. Бұл жерде «Адай руғы, Қырықмылтық тайфасы, Есекей бөлімі Бозша Бақтыбайұлы Құлшар уфат болды...» деген жазу сақталған да, құлптастың төменгі жағы сынып қалғандықтан туған және қайтқан жылдары көрсетілмеген.
Құлшардан – Төлеш, Өте, Түрікменбай атты үш бала болған. Құлшардың Төлеш атты баласынан тараған ұрпақтары Алматы қаласындағы Жамбыл ауданында тұрады, – деп естіп едік, бірақ жыл сайын Алматыға барғанда, қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, республикамызға танымал марғасқа майталман күйші, Құлшар күйлерін шебер орындаушы, дирижер Абылай Тілепбергеновпен бірге іздегенде де таба алмадық. Егерде сол ұрпақтарымен жолықсақ, біраз деректерге де қол жеткізетіміз деген үміттеміз.
Бүгінде Құлшар күйшінің Бейнеу ауданындағы өнер мектебіне, Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге кентінде көшеге аты берілген.
Бөлісу: