Кәдірбек Сегізбай: Маралоты

Бөлісу:

23.01.2016 3060



79089_727daa35.jpg


Теңіз беті салқын. Қарсы соққан жылдамдық желі костю­мін желбегей жамылып тұрған Жүрсін Құттықұловичтің жағасынан кіріп жеңінен, өңірінен кіріп, балағынан шығып, қалтыратып-ақ жіберген. Бірақ біздің кейіпкер өзі шалғайда жүрсе де, тал бесігіндей ерекше бір ықыласпен еске алар туған жерінің шетіне тұяғы ілінгенін түйсінген сайын қалтырамақ түгілі сол тұрған жерінде қатып қалса да шыдап бақпақ. Қырық жыл – бір азамат-ғұмыр. Қайсыбіреу бұл уақыт теңізінің бір тамшысы ғана деп пайымдар, жо-жоқ, ол – Жүрсін Құттықұлович үшін жарық дүниеге келгелі бергі тіршілік өлшемінің жә деген үштен екі бөлігі ғана, кір жуып, кіндік кескен, әке-шешенің, бар ата-баба, зәузатының ғұмыр кешіп, сонан соң жер томпайтып жатқан құтты мекен – туған жерін сағынумен өткен ғасырға бергісіз ұзақ мерзім. Сағынумен өткен! Неге екенін кім білсін, ғұлама ғалымдар бала мінездес болады деуші еді, әлде содан ба, әйтеуір, біздің кейіпкер сол қырық жылда елін, жерін сағынбай қырық күні өтпегеніне дәл қазір өзі де ет-бауырымен құлай сеніп тұр. Өзі ғана емес, өзгенің де мұның сағынышына дәл солай сенгенін қалайтын сияқты.


Жаңа ғана жап-жас екі қыз жымнан қашқан ақ қояндай ебелек қағып, палубаға жүгіріп шыққан. Құлқын сәріден қылқиып теңіз бетіне жападан-жалғыз үңіліп тұрған кісіні көріп, дабұр-дұбыр әңгімелері мен сың­ғыр-сыңғыр әдемі күлкілерін бірден шақтаған.


«Пр...-р». Сірә... «профессор» десе керек. «Аққан жұлдыз» аталатын су бетіндегі автобус сияқты жүрдек шағала кеменің бүйірін тынымсыз соққан толқынның сарылы жаңағы қыздың сөзін ала қашып, анық естіртпеген. Бірақ Жүрсін Құттықұлович қыздың біреуінің мұны танып, айбарлы атағын дөп басып айтқанына титтей де күмәнданбаған. Кеудесін бір түрлі мақтанышқа ұқсас күй билесін. Тіпті өзі осыншама уақыт ауасымен тыныстай алмай кеткен отанының қаршадай қызына дейін түстеп танып жатса, мақтанбай қайтер?! Әрине, ол қайсыбіреулерге ұқсап, елп ете қалмай, аса бір кірпияздықпен, бүкіл денесімен бұрылып қыздар жаққа маңғаз қараған. Мойнына шиқан шыққан адамдай ебедейсіз бұрылуының өзі дәл осы сәтте паңдықтан гөрі сырбаздық танытар әсем қозғалыс болып шыққанына Жүкеңнің өзі де күмәнданған жоқ. Жаңағылар қалаша сәнді киінген екі бойжеткен екен. Бұл кісі өздерін байқамаса жылыстап, кеменің арт жағына қарай елеусіз ығысатын сыңайлары бар.


Жүрсін Құттықұлович бір қарағанда-ақ екеудің бірін, ақ көйлекті тәмпіш танау, қой көз қызды шырамытқандай болған. Қыз да жалт қарады. Аялы әдемі жанары күлімдеп: «Сәлеметсіз бе, ағатай!» деп ежелден етене танитындығын білдіріп, іш тарта есендескенмен, бидай өңі қызарып, қадірмен адамның құлқын сәрідегі ойға батқан тыныштығын бұзғанына қысылғандай.


«Апыр-ау, осынау тәмпіш танау, таныс жанарды қайдан көрдім?» Профессор қанша ойласа да, есіне титімдей де ештеңе түсіре алмаған. Пәлен жыл лекция оқып жүргендегі көп студент­тердің бірі шығар деген де қойған. Бірақ әрі кетсе бірінші-екінші курстың студенттеріндей ғана жас қыздың жанарының жай таныс емес, жанға тым жақын жүрек түкпірінің терең қойнауынан елес бергендей бір ерекше етенелікпен ұшырауына таңырқаған.


«Туған жерімді аңсап, қырық жылдан кейін сағынып келе жатырмын» дегісі келген Жүкең жаңағы жүз таныс қызға. Әрине, салауатты, салиқалы адамның өзінің кенже қызындай балаға бір көргенде бұлайша ағынан жарыла салуы – ғылым адамының мінезін қаншама бала мәнзелдес десек те барып тұрған жайдақтық, тіпті парықсыздың болар еді. Сондықтан да ол олай дей қойған жоқ. Оның үстіне қыздар да көп бөгелмей сырт айнала берген.


Біреу байлап кеткендей таңғы өкпек желдің өтінде жалғыз тұра берудің ендігі реті болмаған соң, төменге түспек ниетпен оңтайлана берген. «Әйтеуір, абырой болғанда, мұның туған жерін қалай сағынып, алаң-елеңнен жалғыздан-жалғыз теңіз көкжиегіне үздіге қарап тұрғанын бірлі-жарым біреулер көрді ғой. Қалған жұрт осы екеуінен-ақ ести жатар». Өз ұлы Ертіс қарсы жолықты. Әлдеқандай бір ұрлығының үстінде ұсталғандай баласы сасып қалсын.


– Папа, сіз де мұнда екенсіз ғой. Мен көлді тамашалайын деп... ұйқым келмеген соң...


– Дұрыс, Ертісжан, өзіңе атын ырымдап қойған ұлы өзен, соның арнасына біткен көлің осы. Әсіресе Күн шығып келе жат­қандағы суреті ғажап, – дейді ол өзі туған өлкесін жаңа көргендей таңғалып.


Жаңа көтеріліп келе жатқан күннің шапағымен теңіз бетінде бірін-бірі қуалаған ұсақ толқындар ақсауырланып, жалт-жұлт ойнайды. Күн судан суырылып, құлаш бойы көтерілген соң-ақ теңіз лебі жылып, қарсы беттен соққан өкпек жел денені бағанағыдай тоңазытпай, майда сипайтындай. Көз ұшынан мұнартып Жер көрінген. «Апыр-ай, көлдің ар жақ, бер жағына жақсы ескекші жігіттер жарты күнде жетіп барады» деуші еді бұрындары.


Су бетінде сынапша сырғып, жұлдыздай зымыраған мынау жүрдек кеменің өзіне жер шеті әрең іліктірді-ау. «Қолдан теңіз жасадық десіп дүрліксе дүрлігердей бар екен-ау, шіркін!» Көп дүниеге оңайлықпеп таңданып, таңдай тақылдата қоймайтын Жүрсін Құттықұлович шынымен тәнті болып тұр. «Е, дарияны бөгеген шығар, бөгелген соң қос бунақталып жататын көлді жайылма су кеңейткен шығар» деп қана пайымдап жүретін. Сөйтсе, көл дегені шынында да шетсіз-шексіз телегей-теңізге айналыпты. Бөгеу деп жүргені екі таудың арасын шегендеп, өзеннің бауыздау сағақтағы деңгейін аспанға шығарып жіберген алып құрылыс екен.


Мана таң алагеуімденіп келе жатқанда, кәрі Ертістің төсін тіліп келе жатқан кемелері әлдеқайда келіп тоқтап тұрған соң, оянып кеткен. Иллюминатордан тысқа көз салып еді, айнала бетон қабырғалар көрінген. Мұның не екенін аңғара алмай ұйқылы-ояу біраз отырғанда байқаған, орнында тұр деген кемелері жылжып келеді екен, тек алға қарай емес, жоғары, тік шаншыла қозғалып барады. Оны сезбес те еді, қозғалмайды деген бетон қабырғалар төмен сырғып бара жатты. Не кереметтің болып жатқанын білу үшін түрегеп, палубаға көтерілген. Ой, сұмдық-ай! Кеме өзеннің бөгеуінен қалай өтеді деп бұрын-соңды ойланып көрмепті ғой. Кеме де таудың басында жатқан плотинаның үстіне баспалдақтар арқылы көтеріледі екен.


Бұлардың көліктері екі-үш баспалдақтан көтеріліп кетіпті. Ол өзінше Американы жаңа ашқандай тәнті боп тұрғанда, кемені көтеріп келе жатқан судың деңгейі тоқтап, өздері алға қарай жылжи бастаған. Тағы бір баспалдақтың ортасына барып тұрған кезде арт жақтағы жылжымалы қақпа тарс бекіді де, әлдеқайдан сарылдай құйылған көп су кемені биікке қарай тағы көтере бастаған. «Мұны ойлап тапқан ғалымның да ақылы ақыл-ақ қойғ кем дегенде докторлық диссертация қорғаған болар-ау!» деген ол іштей белгісіз әріптестерінің тапқырлығын шын мойындап. Бұл басқа мекен емес, өзінің туған жерінде бұдан пәлен жыл бұрын салынған құрылысқа таңырқап жүргенде, кемедегі жолаушылар тіпті мынау плотина мен жасанды теңіз-тарихпен бірге жаралғандай мойын да бұрар емес. «Әттеген-ай, баяғыдан бері бір келсем қайтер еді, сондық уақыт табар едім ғой» деп іштей өкінген. Өкінгенмен, өтті-кетті, уақыттың қайта оралмасын ол әбден түсініп тұр.


Ұлы қасында аз тұрған соң, әлденені іздегендей жан-жағына ұрлана қарап, жаңа қыздар бет алған палубаның арт жағына қарай бұрылды. Әкесінің туған жерінен, теңізінен, әсіресе Күні шығып келе жатқандағы мынау ғажайып көрінісінен гөрі ұлдардың жанының олқы тұсын толтырар дүние басқа жақта сияқты. «Жігіт болып қалыпты-ау жаман неме» деп ойлаған әке институттың төртінші курсында оқыса да әлі бала көретін ұлының жаңағы екі қызбен жараса кетіп, әңгімелескен үндерін естіген-ді. «Шамасы, бір-бірлерін бұрыннан танитын болды-ау. Қызық». Ол жастардың әңгімесіне кедергі жасамау керектігін әке болып, алғаш сезініп үлгерген соң, жолаушылар отыратын негізгі салонға түскен. Кемеге түн ортасында отырғандықтан ба, жүргіншілердің дені жұмсақ орындықтарда шалқайып-шалқайып жайғасқан күйлері тәтті ұйқы құшағында екен. Бұл келіп отыра бергенде, Зеркүл мен Түнғатар да оянған.


– Дала керемет! – деді Жүрсін Құттықұлович. – Жарықтық, туған жердің жағалауы көріне бастады.


– Келіп те қалдық па? – дейді Зеркүл қуанып. Түнғатар сағатына қарап:


– Жоқ, әлі екі сағаттық жол бар. Көрінген Тарбағатайдың жоталары болар, – дейді.


Бұлар таңғы тамақтарын ішіп-жеп болған соң, үшеуі де палубаға көтерілді.


Жүрсін Құттықұлович тәуекелмен осы сапарға шығып кеткеніне риза. Оған бір кездегі ауылдасы, оның үстіне жамағайын болып келетін осы Түнғатардың ықпалы көп еді. «Жүке-ау, артыңыздағы қалың жұртыңыз, ағайын-жекжатыңыз: «Ортамыздан шыққан тұңғыш ғалымымыз бар, сүрінсек сүйенетін, еңкейсек демейтін асқарымыз бар» десіп күпілдеседі. Етекбасты болып, астанада жата бергенше елге бір шықсаңызшы. Сіз өнген топырақтың қандай екенін тым болмаса Зеркүл жеңгеміз бен мынау қос тұяғыңыз Ертіс пен Есіл көрсін. Осы күзде алпысқа толатын мерейтойыңыздың бір пұшпағын елге қисаңыз. Аудан боп көтеріп аламыз» деп қолқалап қоймаған. Енді ойлап тұрса, Түнғатар өтініші – әбден орынды екен. Кім біледі, сол шіркін шу-шулемесе бұл жолы да келе қоюы неғайбыл еді...


Шағала кеме майда толқынмен тербелген күйі Күнді бетке алып, салып ұрып келеді. Неғұрлым алдыға жүрген сайын бағанағы Жер дегені бірте-бірте жоталанып, көлбеп жатқан тау жоталарына айнала бастады. Жүріп бара жатып қатып қалған динозавр ма, әлде птенозавр ма, әйтеуір бір алып жануар сияқты.


– Жарықтық Тарбағатай сілемдері екен ғой! – Жүрсін Құттықұлович өз сөзінен өзі ұялыс тапқандай. Басқасы емес, өзі туған, бүкіл балалық, одан жігіттік ғұмырын өткізген тауын жаңа танығанына ұялған. «Талай жылдар бойы серуенді жазыңды өткізген әлде Қырым, әлде Кавказ тауларын қандай таныр едің, шіркін!» Әрине, мұны Жүкең өзіне-өзі іштей айтып, өз бетіне өзі басқан.


– Жүке, Тарбағатайыңыз да көлбеп әне жатыр.... Туған жер деген ыстық қой, шіркін. Ұйқыңыз қашып, жеткенше ұшарға қанатыңыз болмай келеді, ә?! – дейді Түнғатар мұның ойын түсінгендей.


Аудандағы беделді бір мекеменің белді бір басшысы болып жүрген Түнғатардың, бекер обалы қане, жарғақ құлағы жастыққа тимей, бұлардың елге оралуына орай жүргізілер ұйымдастыру шаруаларының тізгінін өз қолына ұстап жүрген сияқты. «Аудан басшылары ұсынысымды қуана құптады» деп бір қоңыраулатты. «Еліңіз күтіп отыр, даярмыз» деп екі қоңыраулатты. «Аудандық газетте сізге арнап, бір бет материал бермекші, жерлестеріңізге айтар тілегіңізді жазып, соңына қолыңызды қойып, жедел жолдаңыз» деп үш қоңыраулатты. Не керек, бұлар жолға жиналып, ал кеттік дегенше телефонның құлағынан бір түспеген. Кеше бұларды артынып-тартынып, облыс орталығынан қарсы алды. «Машина соғып, ұзақ жолда жеңгей шаршап қалар, әрі жайлы, әрі тез – су жолымен аттанайық» деген ұсынысты айтқан да осы Түнғатар.


– Иә, – деді Жүрсін Құттықұлович аса бір маңызды мәселе айтатындай тау жоталарына қарап тұрып. – Түнғатар Саттарыш, ностальгия деген жаман дерт екен. Бұрын дес бермей-ақ жүруші едім, кәрілік ит иектей бастады ма, соңғы кезде Тарбағатай қыр­қалары ояу жүрсем есімнен, ұйықтасам түсімнен шықпайтын болыпты.


«Әй, Жүке-ай, қырық жыл бойы тас қамауда жатқандай сөйлейсіз-ау, сонша сағынып, ет-бауырыңыз елжіреп бара жатса, бүйтіп күңіренбей-ақ келе салар едіңіз. Келтірмеген ешкім жоқ, келмеген өзіңіз ғой». Мұны Түнғатар, әрине сыртына шығарып айтқан жоқ, іштей ойлады да қойды.


Оның осы ойын дәл бір Түнғатардың көзінен оқығандай Жүрсін Құттықұлович көп жыл бойы елге неге келе алмағанының себептерін тізе бастады.


– Әрине, елге жеткен соң көне көз қариялар менің суға бат­қандай жоғалып кеткенімді сөгер де. Сөккенмен әр дүниенің ыңғайы бар ғой. Елден азамат болып қалған шағымда аттансам да жолыңды тосып сарылар әке-шешең, аға-іні, әпке-қарындасың болмаган соң, асықпап едім. Одан оқу бітіріп, ғылым жолына түстік. Ізің бір суып қалған соң, кімді іздеп келемін, неге келемін деп шегіне береді екенсің. Сонан соң үйлі-баранды болдық. Әне-міне деп алды-артыңа қарағанша жаз өтіп, қараша да жетеді екен. Сен болмасаң әлі де жүре берер ме едім, кім білсін.


Неге екенін кім білген, Жүкең қанша ағынан жарылса да, бұл уәж Түнғатардың ішіне сына тауып кіре алмады.


* * *


«Елу жылда – ел жаңа» деуші еді. Елуден бір-ақ ондығы кем қырық жылдың да өзгертері, тіпті қайта туғандай жаңартып, жасартары да аз емес екен. Оған осы елге келгелі бергі жеті күннің ішінде Жүрсін Құттықұловичтің көзі әбден жетіп отыр. Әр таудың қойнауын сағалаған, әрі кетсе қырық-елу шаңырағы бар жаңа ұйымдасқан колхоздың қотыраш үйлері болушы еді. Көбінің орнын таба алмай дал болды. Бүгінгінің ферма орталығы дегендерінің өзі біздің кейіпкер осы өлкеден «иә, жолымды оңғара гөр» деп аттанғандағы колхоз орталығынан көш ілгері, түтін саны да мол. Әрине, сән-салтанатының мүлде бөлектігі жөнінде әңгімелеу артық. «Сәулетіне дәулеті сай» деп журналист ағайындар айта берердей-ақ екен. Әрине, Жүрсін Құттықұлович бұл жасына дейін талай қала-ауылды көрген. Қалаға бергісіз жаңа ауылдардың да мол екенін жақсы біледі. Бірақ, бір ғажабы – өз ауылдарының өсіп-өркендеп жатуының заңды екенін білсе де дәл бұлайша түбірінен басқаша болып кетерін ойлап көрмепті.


Айлақта Жүрсін Құттықұловичті қарсы алған адамда қисап болған жоқ. Жеңіл машинаның есебі жоқ болар. Біреуді біреу біліп болар емес, жаппай құшақтасып, төске төс, басқа бас түйістіріп жатқан жандар. Алдымен аудан басшылары кеп қауышқан. Содан кейінгі кезек алты-жеті шалға тиген. Тіс атаулыны қай заманда жоғалтқанын кім білсін, жұрттан бұрын өңмеңдей ұмтылған опырық қара шал майданнан қайтқан ұлын көргендей кемсеңдеп келіп, құшаққа алған. Шоқша сақалымен бетін жыбырлатып, ал кеп аймаласын.


– Аруағыңнан айналайын, Құттыекем: «Осы Жүреберсінімнің азамат болғанын көрсем» деуші еді. Көрмесе де арманы жоқ екен, атағын аспан­ға бір шығардың. «Орнында бар оңалар» деген осы. – Қара шал көлкемедей көк шәйі орамалымен көзін сүртіп жатқанда, Жүкең осыдан қырық жыл бұрынғы өзінің шын есімін қайта естігенге таң қалған. «Жүреберсін!» Өзі ұмытса да елі ұмытпайды екен-ау. Қара шал да ұмытқан шын есіміңді жадыңнан шықпастай етейін дегендей індетіп қояр емес:


– Жарықтық Құттыекем кішкентайлары шетінеп тоқтамаған соң: «Осы жаман неме тірі болып, қарайып қасымда жүре берсінші» деп есіміңді ырымдап, өзі қойып еді...


«Ақсақал, көбірек мылжыңдап кеткен жоқсыз ба?!» дегендей Түнғатар қара шалға суықтау жымиып:


– Бұл немере ағаң Қайырлы ақсақал ғой, – деп таныстырды. Дөңгелек сусар бөркі мен ши барқыттан тіккен шапаны қызыл шырайлы өңіне жараса кеткен шалды «нағашы ағаң Сағынбай, келетініңді естіп, Кергентастан арнайы құлдилапты» деді.


Сол арада келген бес-алты шал ғана емес, жігіт-желең, қыз-келіншектің біразы-ақ Жүрсін Құттықұловичке ет жақын ағайын болып шықты. Қайсысының қандай туыс екенін, аты-жөндерін ол барынша жадында сақтауға тырысып еді, бірақ тарихтың сонау тас дәуірінен, қола, темір дәуірлерінен бастап, бүгініне дейінгі барлық ішек-қарнын ақтарып-төңкеріп, адамзат басынан кешкен оқиғаларды айы-жылына дейін жіліншіктеп таратып беретін қабілеті бұл жерде кәдеге аспай нағашысын аға, ағасын нағашы, інісін бөле, бөлесін іні деп қоймас үшін әбден құлағы қанығып, көзі жеткенше өзіне ғана тән сабырлылықпен ешқайсысының атын атап, түсін түстемей «інішек, қызым, ақсақал, туысқан» деген сияқ­ты ешкімге жәбір-жапа келтірмейтін жалпы атаулармен ғана құтылып отырмаққа белді бекем буды.


Табандары туған жер топырағына тиер-тиместен-ақ Зеркүл мен екі бала да өздері бұрын-соңды біліп, сезініп көрмеген қошеметтің толқынында кете барған. Жүрсін Құттықұлович Зеркүл үшін көп қам жемейді, текті, көргенді жердің қызы екенін көрсетіп, абысын-ажын, дос-жораларын тауып, емен-жарқын еркін сіңісіп кеткен. Бір жұрттан шыққан жалқы ғалымның зайыбы екенмін деп тым сырбазсып, сызылмай, не тым ашық-жарқын көрінемін деп кім көрінгенге елбіремей, орта тұстағы әмбебап қана мінезді ұстанып, жұбайының көңілін бұл жолы да әбден толтыр­ған. Жүрсін Құтты­құло­вичтің ел арасында күлкіге қалдырса осылардан-ақ келер деп қауіптенетіні қос арыс, екі ұлы – Ертісі мен Есілі. Қазақ жерінің қос бірдей ұлы дариясының атын иемденген екі жігіт тым ерке өскендіктен бе, жұртпен бауырласар тұстарын да, сауырласар кездерін де біле алмай, дүниенің көбін әуенді музыка, әуенді бимен ғана өлшеп кетердей көрінер еді әкеге. Жоқ, аздап былай тіл жағынан сүрінгені болмаса Ертісіне ес кіріп қалыпты. Осылардың бәрі де әкемнің туысы десе керек, барша жұртпен сыпайы сәлемдесіп, үлгілі от басынан өрген, тәлімді ұл екенін көрсеткен боп жүр. Әке көңілі де оған әбден толғандай. Әлі мектеп бітіруге екі-үш жылы бар Есілі ғана әке күдігінің бетін айқара ашып, әу деп ағайындарымен қауышқан сәтте-ақ ұятқа қалдыра жаздаған.


– Келе ғой ұрпағынан айналайын сол, – деп опырық қара шал Ертістің бет-аузын біраз сүйіп болған соң, екіншісіне ұмтылып еді, ол:


– Но-но! – деп кеудеден итерген. Әрине, шал ұялғанын сездірмейін дегендей: «Өй, жаман неме» деумен шектеліп, Зеркүлдің қолынан сүйіп, ындынын дымдаған. «Атының сыры – иесіне мәлім» дегендей баласының мінезін әке шіркін білетін, бірақ бұлайша ұятқа қалдырар демеген. Жердің тесігі болмады шіркін, болса, кіріп-ақ кетер еді. «Ұялған тек тұрмас» деп: «Идите в машину» деп екеуіне ала көзімен қарап тынған.


Ауылға келген соң да кіші ұлдың қылығын көріп, әке шіркін оның үлкен өмірден тым шалғай, шалағай күйде қалғанын сезген. Бірде ерттеп жатқан аттың шабын шыбықпен шұқып тулатса, енді бірде жас құлынға мінемін деп белін сындыра жаздаған.


Осындай-осындай азын-аулақ түйткілдер болмаса, ел шіркін келгелі бері бұларды ес жиғызбай-ақ алақанға көтеріп әкеткен. Ғалымның отанындағы алпысқа толған мерей тойын өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы Түнғатардың өзі екен, бекер обалы қане, қапысыз даярланыпты. Келген күні аудан орталығындағы шағын қонақ үйдің екі бөлмесін бұларға арнап жасаулаған екен, қайда, қонақ үйге тоқтады деген аты болмаса, келгелі ол жайға әлі бір бас сұға алған емес. Машинадан түскен бетте Түнғатар пысықтық танытқан. «Бүгін босағамнан аттатып, төрімді көрсетіп алмасам, менен де мықтылар ертең жол бермейді» деп киімдерін де шешініп үлгерместен ала жөнелсін. Ол үйде алғашқы күні кішігірім той өтсін. Жатар мезгіл жақындағанда: «Шаңырағымыздың астында бір қонып кетпесеңіз өкпелеймін. Қала ғұрпымен қонақ үй әзірлегенімізбеп ол шіркін ауылды жерде қоныс бола ма, тәйірі» деп уәж айтып, көндірген. Одан кейін де сылтау көбейіп, қайтадан қонақ үйге орала алмаған.


Аудандық мәдениет сарайында жерлес ғалымдарының, тарих ғылымының докторы, республикадағы ең көрнекті оқу орнының профессоры Жүрсін Құттықұлович Тұңғышбековтың мерейтойына арналған салтанатты жиын өтсін. Бас баяндамашы оның кесек-кесек ғылыми еңбектерін былай қойғанда, мерзімдік баспасөз беттерінде көрінген әр мақалаларына дейін қылға тізіп, сайрады дейсің.


Шешен бір шегініс жасаған тұсында Жүрсін Құттықұло­вичтің қарапайым ғана кедей ұста Құттықұлдың отбасында, сонау төңкерістен кейінгі жаңа заманның жаршысындай болып, осы аудан орталығына иек артып тұрған пәлен деген жерде дүниеге келгенінен бастап, әкесі марқұм ерекше зерек те зерделі туған баласының қиындықтарға қарамай білім алуына барынша жағдай жасағанына дейін бір сыдыртып өтіп, оның мектепте қалай оқығанын бұлтартпас дәлелдермен тұжырымдап тастады. Әке-шешеден ерте айырылса да, өзінің талабы мен зейінділігіне сенген ол оқуын жалғастыра бергенін, одан бес жыл бойы от кешіп келіп, астанада жоғары білім алып, ғылым жолына бел шешіп, біржола араласқанын термеледі. Жүкеңді бұрын да талай-талай мақтау-мадақтау атаулыны естіп, ондай сөзге еті үй­­реніп қалған адам десек те баяндамашы: «Республика ғана емес, бүкіл еліміздің ғылымының көркейіп, гүлденуіне сүбелі үлес қосып жүрген Жүрсін Құттықұловичтің туған топырағына келесіде академик болып ораларына кәміл сенеміз!» деген кезде өте бір ыңғайсыз күйде отыр­ғандай басын шайқап, төмен қарап, жылы жымиып қойған. Онысы жерлестеріне ғалымның соншалықты кішіпейілділігінің дәлелі болып көрінген. Мәдениет сарайының төбесін төңкеріп тастардай болыпы барша жұрт дүр-дүр қол соққан. Әлде ғалымның академик боларына кәміл сенгендіктерінен, әлде оның кішіпейілділігіне риза болғандықтарынан. Президиумға шығып, оң қанатында отырған немере ағасы, опырық қара шал Қайырлы көзіне жас алып, інісін бір қолымен қапсыра құшақтап, қысып-қысып қойған.


Құттықтап сөйлеушілерде қисап жоқ. Әр мекеменің, әр шаруашылықтың басшылары асығыс-үсігіс аудандық баспаханаға бастырған құттықтау папкаларын тапсырып жатты. Ал енді сый-сияпаттың есебінде сан жоқ. Бір түйеге жүк болардай. Мауыты шапан, түлкі тымақ, құндыз бөрік дейсіз бе, төгіп жатты. «Жүрсін Құттықұловичтің ірі ғалым болуына ең іргелі көмек көрсеткен» зайыбы Зеркүл мен «әке жолын қуар екі ұл» да ұмыт қалған жоқ. Дүние шіркін ыстық қой, әуелде біздің кейіпкер де «әр құттықтаушының қолдарындағы қомақты қораптың ішінде не бар екен?» дегендей пендеге тән түрлі ойға бағынғаны рас, бірақ бірте-бірте назар аудармауға тырысқан. Барша әбзелдері қапысыз әзірленген ақ боз атты қос жанарын жарқылдатып, сахнаға алып шыққанда Жүрсін Құттықұловичтің көзі қарауытып, толқып кеткен. Бұл – ет жақын ағайындардың тартуы екен. Ал аудан басшылары «ақ арғымағымыз сахнаға сыймайды» деп машинаның кілтін тапсырған тұста екі ұл қуанғандарынан айғайлап жіберген.


Не керек, келесі екі-үш күн туған ауыл жайлауындағы арнайы тігілген киіз үйлерде өткен. Ел іші – ен байлық қой, шіркін, бірі түстік, бірі кештік деп ағайын кезекке талассын. Тіпті жүз күн жатсаң қыңқ демей басын қайырар екі жүз қой табатын. Ағайынның көбіне кезек тимейтін болған соң, бір үйдегі түстікке екі-үш қойдың басын жеке-жеке табақпен тартып:


– Шырағым, өзіңе арнаған ақ-адал малымның басы ғой, ақыры асығыс екенсің, ырымын жасап, ауыз ти, – деп қиылар еді әр бастың өз иесі. Ағайын қызық қой, ауылға Жүрсін Құттықұлович емес, дәл жарылқаушының өзі келгендей бірімен-бірі бәсекеге түсіп кеп берсін. Екі ұлға арнап біреулер тайынша-танаға ен салса, енді біреулері құлын-құнан атап жіберді. Құттықұл марқұмға мал бітпегенін Қайырлы шал қолмен қойғандай дәлелдеп берген, ал Жүкеңнің дәулетінің тегі төрт аяқтыдан емесі де белгілі, сондықтан Ертіс пен Есілге деген енші малға бес-алты шал кеңесе келіп, арғы аталары, жаның жәннәтта болғыр, Түңғышекеңнің мінер жақ құлақтың алдынан ойық, артынан тілік енін салуға пәтуаласқан. Жүрсін Құттықұлович ұсақ дүниенің адамы болмағандықтан: «Ағайын, атағаныңа ризамын, астанаға мал айдап қайтпаспын» деп кішіпейілдік көрсеткенмен, Түнғатар сынды жігіттер: «Е, мал болса әкетер жолы табылар. Бұл малды күзде етке салып қаржыға айналдырсақ, біреуіміз-ақ жеткізіп береміз» деп оны мәмілеге әрең келтірген. Қонақ шіркін қашанғы саудалассын, ондайда «өздерің біліңдер» дегендей кейіп танытып, сырт айналар еді. Әрине, ағынан жарылып, барын дастарқанына салған ағайынның айтар өтінішті тілегі де жоқ емес екен. Көбісі қиялай жортып, сөз қисынын «үміттерін артып, жолына бата тілеп отырған бір-бір немерелерінің барын айта келіп, соның сүйегі – өздерінікі, еті – мұныкі екенін, сол үшін, осы күзде өзіне арнайы аттандыратындарын» айтар еді. Әрине, ондайда Жүкең не десін, оның өте қиын шаруа екенін айта келіп, қолынан келгенін аянбайтынын мәлім­дейтін.


Ауылға барып-қайтуға деп арнайы бөлген бір апта сараң келіншектің дастарқанға санап салған бауырсағындай демде біте берген. Қайтар жолдың қамына кірісу шаруасы қауырт жүргізіліп жатқан кезде, опырық қара шал бұл жіберіп алған үлкен бір кемшіліктің шетін шығарған.


– Жүреберсін, шырағым, келеден шығынған боз буыршындай көп жылдар саяқ ғұмыр кешсең де, келісті сокпағыңды тауыпсың. Оны мынау жалпақ жұртыңның ақберен ықыласынан көрген шығарсың. Соның бәрі өзіңнің бедел, өзіңнің қадірің. Сағынған еліңді, туған жеріңді көріп, көңілің демделді. Бірақ «Өлінің аруағын сыйламаған тірінің қадірін білмейді» деген бар. Көзің көрмеген ата-бабаңды айтпағанда, әкең мен шешеңнің басына бір барып, аят оқытып қайтсаң қайтер.


Құттекем жасанған жауға қарсы қол бастаған көсем де, маталған дауға қарсы сөз бастаған шешен де болған жоқ. Бірақ – ол сенің әкең ғой. – Қайырлы шал табалаған жоқ, жанашырлықпен ертең жұрттың: «Жеткен ұл әке-шешесінің басына барып қайтуға жарамады» деген қаңқуынан сақтандырған. Жүрсін шындығында өз есінен шығып кеткен шаруаға сылтау айта алмай:


– Өзім де бүгін солай барып қайтсам деп отыр едім, – деп жалтарған.


Бір таудың қойнауындағы қолтықта атам заманнан жатқан ескі қорымға бұлар түс ауа жеткен. Бірінен-бірі айырғысыз мүк басқан қызыл тастарды әр жерге үйе бергендей. Көбінің беті түсіп, жинаған тастары жерге сіңіп кетіпті. Қайырлы шал болмаса, Жүрсін Құттықұлович әке-шешесінің зиратын таба алатын түрі жоқ.


– Міне, марқұм әкеңнің зираты, мынау – шешеңнің мекені! – Қара шал тізерлеп отыра кетіп, қирағаттап бір ұзақ сүрені күңіренте жөнелді. Үні мұндай зарлы болар ма! Жүрсін Құттықұлович тым жас қалғандықтан шешесінің өңі-түсін елестете алмады. Тіпті өзі он екіге келгенде көз жұмған әкесінің түрін де елестетпек болып еді, о сұмдық-ай, әкенің кіш­кене шоқша сақалынан, сонан соң қалың қасынан басқа жалпы келбетін көңіл айнасына түсіре алмай қиналды.


Бастарына белгі, үстеріне үй орната алмаса да аруақтардың мейірімін түсірмек болып, перзенттік парыз ретінде тым болмаса көңілін егілтіп, көзін жаспен шыламақ болып еді. Аят оқыған қара шалдың мұңды үніне бал­қып, жүрек шіркін бұлқына тулағанымен қамсыз, мұңсыз жайлы өмір көздегі жас атаулыны кептіріп жіберген бе, жылай алсыншы, кәне. Тек анадай жерде мүлгіп отырған, қасына ерген қолпашшылар көрсін деп қол орамалымен көзін сүрткіледі.


Қара шал әр жылдарда шәһит болған жұрағаттарының бас-басына құран бағыштаған соң ғана асықпай орнынан қозғалған. Ол машинаға қарай жүріп келе жатты да, әлденені тауып алғандай қалың шөптің арасына үңіле берген. Қайтар жолға түскен кезде ғана ол қолындағы айбақ-сайбақ тамырды Жүрсін Құттықұловичке көрсеткен.


– Маралоты, – деді ол өсімдік емес, алтын тауып алғандай алақандағысына ерекше ықыласпен қарап қойып, – пайдалануын білсе, көп ауруға мың да бір ем. Жарықтық аталарымыз ұзақ сапар­ға, жаугершілікке аттанғанда бір-бір тамырды бойтұмар ғып ала кетеді екен ғой. Қасиетті өсімдік азаматтың еліне есен оралуын тілеп жүреді дейді...


– Мынау Жалғызтұманың түбінде Оспан жылқышы бие байлап отыр. Сәлем беріп, қымыз іше кетейік, – деген Түнғатар қара шалдың дәм-татуы азайған әңгімесін бөліп. Өмірдің өтпелілігі, ұрпақтың жалғастығы туралы толғанып отырған Жүкең екеуінің сөзіне де ден қойған жоқ, ерік өздеріңде дегенді ишарамен білдірген. Ертіс қана: «Иә, сөйтейік, жылқылы ауылды көргім келіп отыр» деген, бірақ оның сөзіне де ешкім мән бере қойған жоқ.


Жылқылы ауыл бар салтанатымен отыр екен. Желіде тыпыршыған көп құлын, жайылып жүрген мама биелер, дөң басында дөңкиген үйлер. Бұлар басқа үйден оңашарақ тігілген Осекеңнің ордасының қасына келгенде, ақ көйлекті қой көз қысыла сәлемдесті.


– Сәлеметсіз бе, ағай! – Жүкең өз көзіне өзі сенбегендей, көзілдірігін сыпырған.


– Ой, айналайын, қызым-ау, екеуіміз ежелгі таныстармыз ғой! – деп қыздың арқасынан қақты. Кемеде көріп, өзін таныған, сонан соң Ертісі қасынан шыға алмаған қыз. «Апыр-ай, бір түрлі таныс, таныс болғанда да жанға тым жақын жанар».


– Бұл – Осекеңнің сүт кенжесі. Сіздердегі заң факульте­ті­нің студенті, – деп таныстырды Түнғатар.


– Бақытты бол, айнам. Бәсе, жиі көріп жүретін балам сияқты еді. – Жүкең бірақ бұл сөзіне өзі сенбеген. Қалай, қай жерде көріп жүретіні есінде жоқ.


Жүрсін Құттықұлович әлдене есіне түскендей, анадай жерде состиып тұрған ұлдарына қараған. Есілдің екі көзі желіде тізілген көп құлындарда болса, Ертісі қызға қарап жымия күліп тұр екен. Әкесінің назары өзіне ауғанын аңғарып, жанарын белгісіз бағыт­қа бұрды.


Қыз үйге кіргізіп, қонақтарға көрпе жайды.


– Ағай, отырыңыздар, әкем орталыққа кеше құлдаған. Бүгін келетін күні. Тәтем бие сауында болатын, өзі де келе жатыр екен ғой. – Қыз есіктен бір қарады да, дастарқан жайды. Қимылына көз ілеспейді. Өзінің бір жымиып күлгені-ақ әдемі екен.


– Есен-саусыздар ма? – Есіктен кірген қартаң тартқан әйел жа­ңылмай тура келіп, Жүкеңнің қолын қос қолдап алды, өте жы­лы ықыласпен есендесті. «Енді табылып жатқан көп туысқан­дарымның бірі шығар. Тағы да қонасың да қонасың, бір малымның басын мүжімей кетпейсің деп бөгер ме екен» деп қауіп ойлаған Жүкең шашы бурыл тартқан үй иесіне қарап отырып.


– «Жүреберсін елге кеп, тойлап жатыр» дегенді естіп, бар­ғым-ақ келіп еді. Машина болмай, жете алмай қалдым, – деді әйел бала-шаға, ел-жұрттың есендігін сұрап болған соң. – Баяғы Жүреберсін екені рас болса, бір соқпай кетпес деп ойлап едім. Қараша үйімнен келіп дәм татқаныңа, ұлық басыңмен кішік бол­ғаныңа көп рақмет! Отағасы жолаушылап кетіп еді, оралып қалар. Мен мал қамдатайын.


Түнғатары бар, Жүкеңі, басқасы бар асығыс екендерін айтып, әрең дегенде даяр еттің қуырдағына келіскен.


«Апыр-ау, кім болғаны бұл Осекеңнің бәйбішесінің? Тап басып, танып отыр. Онымен қоймай, менің соғып кетуімді заңды әрекет санайды... » деген ой Жүрсін Құттықұловичтің басын кернеп алған.


Үй иесі әйел қымыз құйып беріп отырғанда да, осы сауалдың жауабын таба алмаған. Тек қуырдақ келгенде ғана әйел білегіндегі түймедей меңді көріп, төбесінен біреу ұрып қалғандай, мелшиіп отырсын да қалсын. «Сол, сол екен! Бәсе, көзі де таныс сияқты еді. Аялы, қой көз. Дәл жаңағы қыздың көзі. Апыр-ау, мұнау қызды шырамытып жүргені бекер емес екен, енді ойлап отырса бүгінгі студент қыз қырық жыл бұрынғы шешесінен аумайды екен ғой. Қалай ғана қара басып, соны ойлай алмаған?».


Үй иесі әйел сыйлы қонақпен әңгімесінің неге жараспағанын арада өткен көп жылдардан көрген. Ал қонақ бір кездегі тұңғыш ынтығын, «мәңгі біргеміз, екеуімізді ешкім де бөле алмайды, бөліп әкетсе, мынау білегіңдегі меңің арқылы іздеп, қартайғанша бір тауып аламын» дейтін ғашығын тым кеш танығанына қиналып отыр. Иә, иә, бұлар енді үйленеміз деп жүргенде өр жақта тұратын бір қосшы ұйым бастығының баласы қызды алып қашып кеткен. Оспан дейтін біреу дейтін. Дәл үстінен түсіпті. Қыздың есімі Жәмила еді-ау ұмытпаса... Оның осы ойын растайын дегендей Түнғатар: «Жәмила апайдың асы қашан да бал татиды» деп мұның күмәнін әбден ысырған. Бағанадан ашыла алмай отырғанына таңғалғандай:


– Жәмила, «Білегіңдегі меңің арқылы танып тауып аламын», деуші едім бір кезде. Міне, алып кеткелі жеткен бетім осы, – деген кесесін ұсына беріп. Әрине, Түнғатар мен басқалар оқыс айтылған әзілді түсіне алмай аң-таң. Жәмила дәл қызының жылы жымиысына салып отырып, әзілге әзілмен жауап қатқан:


– Әй, Жүреберсін-ай, енді бір қырық жылдан соң келсең дер шағы болар еді. – Жүкең күтпеген, бірақ үлкен бір ғұмырдың үлкен бір шындығын ашқан бұл сөзден қатты тосылса да, сөз соңын жайма-шуақтатқан:


– Жәке, Осекең де кемпірін ұрлатып қарап жатпас, онан да өзіңнен айнымайтын қызың бар екен, менің де өзімнен айнымайтын Ертіс есімді ұлым бар еді. Осекеңнің өз істегенін өзіне істеп, сол баламды астанада жақын жерден ұрлап аламын. Алдыдан өтті деген осы.


Әзіл сөз әрі қарай өрбіген жоқ. Олар отағасы Оспанның келуін күте алмай жүріп кетті. Неге екенін кім білсін, Ертіс жылқылы ауылға қарағыштай берген.


* * *


Ертең аттанамыз деп отырғанда, Жүкең түсінде әкесін көрсін. О, ғажап-ай, өңінде ол марқұмның түрін есіне түсіре алмап еді, түсінде осы жаңа ғана көрген адамдай бар болмыс-бітімімен анық көргені... Жүзін құбылаға беріп, бір түрлі ренішті кейіп танытқандай. Бұл баяғы кездегідей әкесі ұрса ма деп қипақтайды. «Балам, – дейді әкесі. – Есіміңді Жүреберсін қойғанда осылай жүре берермісің?!» Сөйтті де ұста дүкенінің есігін тарс жауып, ішке еніп кетті. Ұста дүкені деп тұрғаны қызыл тастан жинаған зират екен...


Ол түсінен шошып оянғанда жаздың күні терезеден сығалап қалыпты.


Түнде көрген түсі әсер етті ме, әлде елдің ықыласы ма, әйтеуір ол кемеге мінерде толқып тұрып:


– Қырық жыл бойы ел жаққа бір келе алмаған ағаттық, ағаттық емес-ау ақымақтығымды, «ей, неге өйттің?» деп біреуің сұрамай-ақ қатты жазаладың, жұртым. Шығандап шығамын деп шыр­ғалаңдап жүріппін, қайта туып, қайта есейгендей, жаңа сапарға жаңа аттанып бара жатқандаймын. Ұмытпаспып, ұмыттырмаспын, – деген.


Қара шал бәрімен қоштасып болған соң, Ертісті шақырып маңдайынан иіскеді де, қойнына қол тығып, әлдебір ораулы затты ұсынған. Ертіс бұл не дегендей орауды жазғанда, кәрі кісінің тісіндей сап-сары тамыр шөп көрінді.


– Маралоты ғой, ұлым. Жоғалтпай алып жүр. Киелі дүние. Ата-бабаңның, әкеңнің туған жеріне өскен тамыр, сенің бұл жақты да ұмытпауыңа себепші болады... – деген ол.


* * *


Жүрсін Құттықұлович өз уәдесінде тұрайын дегендей сол жылғы егін жиналып бола бергенде, қасына бір кісі ертіп тағы келсін. Бұрынғыдай дүбірлеткен де, айғайлатқан да жоқ. Түнғатардың үйінде бір, Оспан жылқышының үйінде екі күн қонып, қайыра аттансын. Тек бір аптадан кейін ғана астаналық екі бірдей ғалымның Осекеңе құда түсе келгенін ауыл бір-ақ білген. Қайсыбіреулер «ғалымның баласы жазда келгенде, Осекеңнің қызымен танысыпты» десе, кайсыбіреулері: «Е, олар бір-бірімен қол ұстас­қалы екі-үш жылдың беделі болыпты» дейтін көрінеді. Кім біледі, рас та шығар.



1981 ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар