Қайролла Омаров: Ақиық ақынның ұстаздығы

Бөлісу:

15.01.2016 5101

maggan_sko.jpg 

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы жарық жұлдыздарының бірі – Мағжан Бекенұлы Жұмабаев. Өмірі мен өлеңі аңызға айналған ақынның есімі жарты ғасыр бойы аталмайтын, айтылмайтын болып кеткен еді. Ақын бір кездегі ақты қара, қараны ақ деп түсіндірген зорлық-зомбылық дәуірдің құрбаны болған еді. 1938 жылдың наурызында “Халық жауы”, “жапон шпионы” деген жалған айыппен атылып кеткен Мағжан шындығында өз халқының қамын жеген, оның жарқын болашағы үшін күрескен азамат ақын еді. Ол өзінің халқымен бірге екеніне, халқы оны қолдайтынына, сондықтан да өзінің халқына арнап жазған өлеңдерінің өлмейтініне кәміл сенді. Сондықтан да ақын: 
 

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді? – дейді.


 

Мағжанның “Мен өлмеймін, менікі де өлмейді” дегенде, қауіп-қатер жоқ демегені белгілі. Бірақ жалпы алып қарағанда “Мен өлмеймін” деген сөздерде терең мағына жатыр. Алпыс жылдан аса уақыт бойы ақын үні шығарылмай, тұмшаланып келсе де, ақыры халқына естіліп жалғастық тапқаны шындық. Ақын қазасынан кейін жарты ғасыр өткенде ғана аты аңызға айналған есім халқына қайта оралды. Шын мағынасында Мағжандай ұлы ақынның өлеңі мен дана сөзі өлмек емес, мәңгі жасамақ.


 

Мағжан өз заманының асқан білімді азаматы болды. Ол төрт жасында ауыл мұғалімінен оқып, сауатын ашады. Сол кезде өзінен үлкен ағаларынан алғырлығымен асып түседі. 1905 жылы әкесі Бекен оны Қызылжар қаласындағы қазақ-татар медресесіне оқуға береді. Бұл медресені Стамбул университетін бітіріп келген шығыс тілдері мен әдебиетінің білгірі Мұхамеджан Бегішев басқаратын. Мағжан мұнда діни сабақтармен қатар араб, парсы, түрік, татар тілдерін үйреніп, шығыстың әйгілі Низами, Сағди, Физули, Навои сияқты ақындарының шығармаларымен танысады. Сонымен бірге Мағжан қазақтың ауыз әдебиетімен, шығыс елдері мен қазақ халқының тарихымен де сусындайды. Осы медреседе оқыған жылдары оның ақындық қабілеті де ояна бастайды. Ол Абай өлеңдерімен де осы кезде алғаш рет танысып, өзіне үлгі етеді.


 

Мағжан бұл медресені 1910 жылы бітіріп, сол жылғы күзде Уфа қаласындағы әйгілі “Ғалия” медресесіне оқуға түседі. Алайда Мағжан мұнда көп оқымайды. Мағжанның шығыс тілдері мен әдебиетін “Ғалия” медресесінің бағдарламасынан артық білетінін байқаған медресенің оқытушысы, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимов оған басқа оқу іздеуге кеңес береді.


 

Мағжан Қызылжарға қайта келгенде белгілі ақын, педагог, жазушы, публицист Міржақып Дулатовпен кездеседі. Міржақып бұл кезде өзінің “Оян, қазақ!” атты кітабы үшін қуғын көріп, патша тыңшыларынан бой тасалап жүрген болатын. Бір қыс бойы жас ақын Міржақыптан орыс тілі мен әдебиетінен дәріс алды. Міржақып оны Пушкин, Лермонтов, Крылов, Некрасов, т.б. ақын-жазушылардың шығармаларымен таныстырады. Орыс тілі мен әдебиетінен біршама дәріс алған Мағжан Міржақыптың кеңесімен 1913 жылы Омбы қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға оқуға түседі. Бұл семинария осы қаладағы баяғы Шоқан оқыған кадет корпусынан кейінгі екінші әйгілі оқу орны болатын. Мұнда ол кезде А.П.Васильев, И.В.Волков, А.И.Покровский, А.В.Россихин, А.Н.Седельников сияқты білімді ұстаздар сабақ беретін еді.


 

Семинария қабырғасында Мағжан қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың досы Г.Н.Потанинмен кездеседі. Алғашқы кездесулерден-ақ ол Мағжанның біліміне, алғырлығына сүйсініп, оны “Болашақ Шоқан” деп атайды. Оның бұл болжамы келді де. Мағжан семинарияда үздік оқып, Потанин атындағы арнайы сыйлық алып тұрды. 1917 жылғы жазда семинарияны алтын медальмен бітірді.


 

Арада бірнеше жыл өткеннен кейін белгілі ақын Мағжан Жұмабаев 1923 жылдың қараша айында Түркістан республикасының мемлекеттік білім комиссиясының жолдамасымен Мәскеу қаласындағы орыстың көрнекті ақыны В.Я.Брюсов басқарған жоғары әдеби-көркемөнер институтына қабылданады. Институт студенттеріне В.Я.Брюсов, Н.И.Бухарин, А.В.Луначарский сияқты белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері сабақ береді. Мәскеуде оқыған үш жарым жыл Мағжан үшін творчестволық өсу жылдары болды. Бұл жылдары ол өзінің білімін көтеріп, көзқарасын кеңейтті, әрі бірқатар жаңа өлеңдер, поэмалар шығарып, көптеген аудармалар жасап, оқулықтар жазды. 1927 жылғы көктемде Мағжан Мәскеудегі оқуын тәмамдап, білімін толықтырып Қызылжарға оралды.


 

Мағжан Жұмабаев – ұлы ақын ғана емес, сонымен қатар қазақтың ұлы педагогтарының бірі және бірегейі еді. Аса білімдар ұлы ақын өзінің білімін де, ақындық талантын да туған халқына қызмет етуге жұмсаған. Ол өз халқының сол кездегі тұрмысы мен мәдениетінің орыстармен, басқа да еуропалық елдермен салыстырғанда көп артта қалғанын көрді. Көріп қана қойған жоқ, қазақ халқын басқа жұрттан қалмай ілгері басуға шақырды. Ал, сол ілгері басудың дұрыс жолы оқу, білім деп білді. Сондықтан да ол ақындық сапарының алғашқы қадамынан-ақ ағартушылық дүниетанымының аясында толғанды. Оның 1913 жылы Қазан қаласында шыққан “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағының өзінде ағартушылық сарындағы өлеңдер орын алды (“Жазғы таң”, “Сорлы қазақ”, “Өнер-білім қайтсе табылар”, “Ләззат қайда”,“Қазағым”, т.б.).


 

Мысалы, “Ләззат қайда?” деген өлеңінде ақын жас жанына тыншу берер әуестіктің бәрін тізіп келіп, ойын-сауық, жүйрік ат, алғыр тазы, қызойнақтың ешбірінен де тиянақ таппай, тек кітап сөзінен ғана ләззаттанғанын айтады. Өлең былайша аяқталады:


 

Айтар сөзім мінекей,

Аласұрған көңілге.

Оқу оқы, өнер қу,

Басқалардан түңіл де!

 

Жұрттың қамын көп ойла,

Уайым-қайғы жеп ойла!

Артта қалған сорлы жұрт,

Алға бассын деп ойла.


 

 

“Сорлы қазақ” атты өлеңінде ақын қазақтың қараңғылығы мен надандығын айта келіп, оны оқуға, білімге шақырады:


 

 

Қозғал, қазақ, білім іздер кез келді,

Қылыш алып “надандық” саған кезенді.

Шетке лақтыр, тымақтай алып, елден қу,

Ертелі-кеш басыңа мініп езгенді.

 

Кітап әпер, оқысын балаң қолына

Малды аяма оқу, білім жолына.

Өнер алып басқалармен қатар бол

Қосыл бірдей адамзаттың тобына!


 

 

“Өнер-білім қайтсе табылар” атты өлеңінде Мағжан жастарды оқуға жұмылдыру мақсатымен өнер-білімге барар жол сілтеп, ақылын айтады. “Қазағым” деген өлеңінде ақын:


 

 

“Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер,

Ойламау келешекте түпке жетер.

Надандық қоршап алған тұс-тұс жатқан,

Жан қорқып, дене тітіркеп есің кетер, –

 

дей келіп, одан әрі:

 

Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,

Отырайық жиылып, оңдалайық.

Мың жылғы өткен қумай ата заңды,

Өнерден кеш қалмайық, ойланайық, –

 

деп жалпы қазаққа үндеу тастайды.


 

Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын, әсіресе ағартушылық сипаттағы шығармаларын әңгімелегенде, оның балалар әдебиетін жасауға ерекше көңіл бөлгенін, өнер-білімді осы жастардан күткенін айтуымыз керек. Мағжан балаларға арнап көптеген өлеңдер жазып, кітаптар шығарған. Ол “Шолпан” жинағында “Балалық шақ”, “Қарағым”, “Сен сорлы” (Шәкірт зары) атты өлеңдерін жариялаған. Бұлар ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің, “Кел балалар, оқылық” атты өлеңімен орайлас. Ауылдағы ойын балаларына арналған. “Балалық шақ” өлеңінде Мағжан оларға осы балалық шағынан бастап оқу-білімге көңіл бөлуге, бойға тек асылды ғана сіңіруге кеңес береді:


 

 

Жастық – алтын,

Құрып қал салтын.

Салты оның – үйрену!

Өнер қуып,

Бел бекем буып,

Надандықтан жирену!

Тұрма, қарғам, ұмтыл!

Аты өшкірден құтыл!


 

 

“Аты өшкірден құтыл” дегені – надандықтан құтыл деп отыр. Баланың құлағына жағымды “қарғамды” қолдана отырып, ақын өз ойын сәби санасына ұялатады. Осы өлеңге ұқсас “Қарағым” деген өлеңінде Мағжан:


 

 

“Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!

Ойынға, құр қаларсың, көңіл бөлме

Оқымай ойын қуған балаларға

Жолама, шақырса да қасына ерме!

Кідірме, аялдама, алға ұмтыл,

Алам деп көктен жұлдыз қолың серме –

 

деп жас жеткіншектерді оқуға, білім алуға шақырады.


 

Мағжан жас балаларды тәрбиелеуде ертегінің маңызы зор екенін жақсы білген, өзі де балаларға арнап ертегіге негізделген бірнеше поэма жазған. “Әже” атты өлеңінде ақын ертегіге елтіген Кенжебай деген баланы суреттейді. Бұл әже мен немересі арасындағы мерейлі, нәзік сезімді мадақтайтын өлең. Әжесі сұрмерген туралы ертек айта бастағандағы немересінің жайын ақын былай суреттейді:


 

 

Қоя қойды Кенжебай,

Жылаған жаңа нан сұрап.

Тыңдап отыр тентектер

Алма беті албырап,

Ауыздары аңқиып,

Сілекейі салбырап.


 

 

Қандай ғажап көрініс! Әттең осы күні немерелеріне ертек айтып отыратын әжелер азайып кетті ғой!


 

Осыған ұқсас Мағжанның тағы бір өлеңі “Немере мен әжесі” деп аталады. Мұнда немересі әжесінен: “Көк деген не, жұлдыз не, жер не, теңіз, шөл, тау дегендер не?” – деп көптеген сұрақтар қояды. Әжесі бұл сұрақтарға анық жауап бере алмай, мектепке оқуға бар, сонда бәрін білесің деп ақыл береді. Бар әңгіме Мағжанға тән жеңіл де көркем әзіл түрінде өрбиді.


 

Ақынның балаларды оқу, білімге шақырған өлеңдерінің ішінен мына шумақтарды айта кетпеске болмайды:


 

 

Сал-сал Білек, сал Білек,

Балдан тәтті бал Білек.

Мектепке бар бір мезгіл,

Әженің тілін ал Білек.

 

Сал-сал Білек, сал Білек

Сабағыңа бар, Білек.

Қыдыра берме қалтиып,

Етегіңмен қар күреп.

 

Сал-сал Білек, сал Білек,

Сұлу талдай тал Білек.

Оқып-оқып бір асқан,

Ғалым болып қал Білек!


 

 

Жас бөбекті оқуға үгіттеген осы шағын өлеңнің тілге жеңіл, оқуға, жаттауға ыңғайлы, әрі сондай көркем жазылғандығы таңдандырады.


 

Мағжан шығармаларындағы ағартушылық бағыт оқуға, білімге үндеумен ғана шектеліп қалмайды. Мысалы, “Әдемі қыз” деген өлеңінде ауыл бойжеткеніне моральдық тазалықты сақтай білу қажеттігін ұғындырса, “Жас келін” атты өлеңінде ұлттық ізгі дәстүрлердің бәрі сақталып әдеп пен инабаттылық аяқасты болмауына шақырады.


 

Бұл текті жырларының қайсысында болсын Мағжанның биік парасаты, кемеңгер ойы мен шалқар білімінің лебі еседі. Өзінің “От” атты өлеңінде ол:


 

 

Жарқырап от боп туғаннан,

Белімді бекем буғаннан.

Қараңғылық дұшпаным,

Сол жауызды жоюға,

Талай заулап ұшқаным –

 

Деп өзінің қараңғылыққа, надандыққа қарсы күрескер позициясын білдіреді.


 

Мағжан Жұмабаев ағарту ісіне үндеуші, насихатшы ретінде ғана қатыспай педагогикалық қызметті қайраткерлік тірегінің негізгі саласы етіп қалап алған. 1917 жылы Омбының мұғалімдік семинариясын бітірген Мағжан туған халқының сауатын ашуды, ол үшін қазақ жастарынан білімді оқытушылар даярлауды өзіне міндет қып қояды және осы мақсатын орындауға бар жанын салады. Халық ағарту ісінің Омбы облыстық кеңесі бюросының 1918 жылғы 12 қазандағы мәжілісіне бұратаналар бөлімінің жетекшісі ретінде қатысқан Мағжан Жұмабаев күн тәртібіне Омбы және Атбасар қалаларында мұсылмандық педагогикалық тұрақты курстар ашу туралы ұсыныс жасаған. Осы ұсыныс бойынша бюро мынадай қаулы қабылдаған: “Просим областную управу в общем и целом принять предложение. Что же касается деталей курсов, то рассмотрение о сем отложить до следующего заседания, причем просить школьно-инородческий отдел доложить по существу вопроса в областную управу, который представит на рассмотрение смету в ближайшее заседание по спешности дела без мнения бюро” (Государственный архив Омской области. Фонд – 2068, опись-1, дело-4, лист-17).


 

Ақыры Мағжанның қызу кірісуінің нәтижесінде Омбы қаласында қазақ мұғалімдерін даярлауға арналған педагогикалық курс ашылып 1918 жылдың қарашасынан 1919 жылдың наурызына дейін жұмыс істейді. Мағжан осы курсты әрі басқарады, әрі курсанттарға қазақ тілі мен әдебиетінен және тарих пен педагогикадан сабақ береді. Бұл Мағжанның мұғалімдік (педагогикалық) қызметін алғаш бастауы еді. Осы курста кейін қазақтың көрнекі жазушысы болған Сәбит Мұқанов та Мағжаннан дәріс алған. Бұл туралы Сәбең “Өмір мектебі” кітабында жазғаны белгілі.


 

Бұл курс жабылғаннан кейін Мағжан Омбы губерниялық оқу бөлімінің аз ұлттар ағарту бөлімшесінде нұсқаушы болып қызмет атқарады. Осы жұмыста жүргенде педагогикалық курсты ашып, басқару ісінде тәжірибесі бар Мағжан 1920 жылдың маусым айының басында Қызылжарда ашылған мұғалімдер даярлайтын 3 айлық “Қызыл мұғалімдер” курсына директорлыққа жіберіледі. Бұл курста да Сәбит Мұқанов аз уақыт Мағжаннан дәріс алады. Мағжан мұнда да педагогикадан және қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Сонымен қатар осы қалада шығып тұрған “Бостандық туы” газетінде қызмет істеп жүріп өмірге белсене араласады, әсіресе оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі.


 

1920 жылдары қазақ мектептеріне арналған оқулықтар жоқтың қасы еді. Осы жағдайды ескерген Қазақстан үкіметінің Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынов мәжіліс шақырып, кеңес ашқан. 1921 жылғы 14 қаңтарда Елдес Омаров, Әлихан Бөкейханов, Биахмет Сәрсенов, Жүсіпбек Аймауытов, Хайретдин Болғанбаев, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Садуақасов, Сабыр Айтхожин сияқты зиялы қазақ азаматтары қатысқан мәжілісте қазақ тілінде 1 және 2-ші басқыш мектептер үшін оқулықтар жазу мәселесі көтерілген. А.Байтұрсыновтың баяндамасынан кейін мынадай қаулы қабылданады: 1) Осы мәжіліске қатысқан адамдар орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ тіліне аударуға тартылсын. 2) Осы мақсатта бұл жұмысқа Мағжан Жұмабаев, Қошмұхамет Кемеңгеров, Жұмағали Тілеулин, Сейітбаттал Мұстафин, т.б. тартылсын.


 

Қаулы бойынша Мағжан Жұмабаевқа қазақ тарихын, әдебиет теориясын және педагогика оқулығын аударып жазу тапсырылған. Бұл қаулыны баспасөз бетінен оқыған Мағжан “Бостандық туы” газетінің сол 1921 жылғы №5 санында “Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз” деген тақырыпта мақала жариялайды. Бұл мақалада ол былай дейді: “Оқу құралдарының құралатын негізі – мектеп. Оқу құралдарының мінезі – мектеп мінезінің айнасы... Олай болса, жазылашақ біздің оқу құралдарымыздың да мінезі мектебіміздің мінезіне байлаулы болуға тиісті...


 

Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік, һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра алсақ, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт”.


 

Мағжан Қазақстан үкіметінің ағарту комиссариатының тапсырмасын уақытында орындады. Ол өзінің “Педагогика” атты кітабын (оқулығын) 1922 жылы Орынборда, 1923 жылы Ташкентте бастырып шығарды. Осы еңбегінің алғы сөзінде автор: “Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттың мұғалімдер курсында оқыған дәрістерден түзілген еді. Шамам келгенше қазақ жанынан қабыстыруға тырыстым”, – деп жазады 1922 жылдың 15 қыркүйегінде Қызылжар қаласында. Бұл кітапты жазғанда Мағжан курста оқыған дәрістерін ғана пайдаланбаған. Ол Ресей және Еуропаның әйгілі педагогтары мен психологтарының еңбектерін зерттеп, “қазақ жанына қабыстырған”, яғни қазақ менталитетіне сәйкестірген. Сондықтан оның бұл кітабы барлық қазақ оқырмандарына әрі түсінікті, әрі пайдалы. Мұнда автор мұғалім қызметіне аса зор ілтифатпен қарайды, мұғалімге қамқор болуға, оны сыйлауға, оған құрмет көрсетуге шақырады. “Алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын мұғалімдікі” дейді ұстаз ақын. Бұл еңбегінде Мағжан педагог ұлттық тәлім-тәрбие жайын ғылыми тұрғыда тайға таңба басқандай дәйектеп отырған.


 

Мысалы, ол “Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбиесі туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болғаны сықылды жамандық жағы да көп”, – деп жазады. Осыған орай, педагогтарға, тәрбиешілерге “Халық педагогикасын қолдана отырып, түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен жақсы таныс болу керек”, – деп ақыл береді.


 

Мағжан тек қана педагог емес, адамның көңіл күйін, ішкі жан сезімін терең түсінетін психолог. Ол “Педагогика” оқулығының бір үлкен бөлімін тектен тек “Психология” деп атамаған. Мағжанның үлкен психолог, сыршыл екендігін осы бөлімнен аңғаруға болады. Қазақтың белгілі психолог ғалымы профессор Құбұғұл Жарықбаевтың пайымдауынша, “Мағжан орыс педагогикасының білгірі К.Д.Ушинскийше педагогиканы жан сырының заңдылықтарын зерттейтін психологиямен астарластыра байланыстырған тұңғыш қазақ ойшылы. Ол педагогиканы психологиясыз, яғни шәкірттердің жан-жүйесі (зейін, ес, қиял, ойлау, сөйлеу, т.б.) ерекшеліктерін ескермейінше, оқу-тәрбие процесінің теориялық қисындарын баяндайтын педагогиканың дәрменсіз болатындығын ерекше ескертеді” (Құбұлғұл Жарықбаев. Қазақ жанының білгірі, – “Жас Алаш”, 5.03.1993).


 

“Педагогика” кітабында Мағжанның үлкен сезіммен жазған бөлімі – “Тіл туралы” деп аталған. “Тіл – ұлт үшін қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлы болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы, ұлттық тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Қазақ тілінде қазақтың сайран даласы, біресе желсіз түндей тымақ, біресе құйындай екпінді тарихи сары далада үдере көшкен тұрмысы асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі бәрі көрініп тұр. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадырлы орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік”, – деп жазады Мағжан.


 

Тілі үшін, елі үшін сол бір қатыгез заманда жан аямай күрескен ақын арманы бүгіндері орындалуда.


 

Мағжан тілдің адам, ұлт өміріндегі орнын айта келіп, бала тіліне аса ұқыпшылықпен қарауға шақырады. Тіл үйренудің үлкен ғылым, ауыр еңбек екенін айта отырып, оның әдістемелерін көрсетеді. “Кейбір адамдардың баланы өз тілінше сөйлеп, балаға тез ұқтырам деп, яки баланы еркелетіп, әдейі тілдерін бұзып балаша шолжаңдап, сақау болып сөйлейтіндер бар. Бұл – зор қата. Баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байытатын – мектеп”.


 

Ақын өзінің “Қазақ тілі” атты өлеңінде:

 

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.

Таралған түрік балаларын бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім, –


 

Деп болашақтан зор үміт күтіп, тілінің әлем аренасына шығып бүкіл түрік халықтарының ортақ тілі болуын армандап, әрі үлкен көргендікпен болжап кеткен және осы арманының орындалуына имандай сенген.


 

Мағжан ана тілін балаларға бастауыш кластан бастап үйретуге зор мағына берген, сондықтан да бастауыш кластар мұғалімдеріне арнап “Бастауыш мектептегі ана тілі”, “Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы” сияқты оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазып, кітап етіп шығарған.


 

Мағжан педагог осы кітабында өзінің үлкен методист (әдіскер) екендігін де көрсетеді. Кітаптың “Ішкі сезімдердің біреуі – іш пысу яки зерігу” бөлімінде ол: “Мұғалім бір сөзді ұзыннан ұзақ соза берсе, шәкірттің іші пысады, мұғалім үсті-үстіне төпеп, түрлі білімді, түрлі сөзді айта берсе, бала мезі болып іші пысады. Мұғалімнің шеберлігі өзі білген білімнің бәрін балаға тез білдіруде емес, еппен басқыштап білдіруде. Сабақ оқытуда мұғалім сөзі жинақы, жігерлі, қызықты болуға тиісті. Сонда ғана ол баланың абайын (назарын) өзіне қарата алады”, – дейді. Мағжандай білімді педагогтың бұл сөздері қазіргі мұғалімдерге үлкен сабақ болуы тиіс.


 

Жалпы Мағжанның бала тәрбиесіндегі қағидасы мынадай: “Балаға тәрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек... Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару, баланы мұндай адам қыла алу үшін тәрбиеші бар күшін, білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек”.


 

Мағжан өз ұлтын жанындай сүйген патриот қана емес, бүкіл адамзатты сүйген асқан гуманист. Мұны оның мына сөздері дәлелдейді: “Адамның шын мағынасымен “адам” болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт. Өзінің һәм жақындарының ғана пайдасын іздемей, жалпы момын халықтың пайдасын іздеуі шарт. Халық пайдасын өз пайдасынан ілгері қоюы шарт. Адам шын адам боламын десе, халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін... Міне, алашты халық десек, халықты шын сүйген адам “Жарты жаңқасы қалғанша” халық үшін қызмет істеуге тиісті. Өз елін сүю дегеннен – адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр болып тисін деген сөз шықпайды... Адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті. Міндетті ғана емес – еріксіз сүймек. Жер жүзіндегі адам адамды сүймек. Бұл – адамның жаратылысындағы негізгі мінез”.


 

1923-1927 жылдары Мағжан Мәскеуде әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүрген кезінде шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде дәріс оқыған. Оның сондағы ұстаздық шеберлігі туралы сол кезде Мағжанның шәкірті, кейін белгілі әдебиетші болған ғалым профессор Бейсенбай Кенжебаев өзінің естелігінде былай дейді:


 

“Біз бірсыпыра қазақ жастары 1922 жылы Москвада күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне оқуға түсіп, 1-ші курста барлық сабақты өз ана тілімізде оқыдық; екі жыл бойы негізгі сабақтардың бірі ретінде қазақ тілі мен әдебиетін үйрендік. Сонда бізге қазақ тілі мен әдебиетінен бір жыл Темірболатов деген мұғалім, бір жыл әйгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев оқытты... Мағжан ғалым, тәжірибелі шебер оқытушы, асқан методист-педагог еді. Педагогика жайында, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту жайында жарияланған кітабы, мақалалары болушы еді. Осыдан болу керек, ол бізге қазақ тілі мен әдебиетін тамаша оқытты: сабақ үстінде лекциялық, практикалық әдістерді ретімен қатар қолданар еді. Мейлі лекциялық сабақта болсын, мейлі практикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Декламация оқып тұрған тәрізді нәшін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын. Ол берген сабақ үнемі әрі өлең талдау, әрі әдебиет теориясы, эстетика жайлы әңгіме болып, әрі ғылыми, өте қызық болып жүрді. Оқытушының сабақ үстінде жаңалық, әсемдік туралы айтқаны бүгінге дейін есімде”. (Бейсенбай Кенжебаев. Ұстаз. – “Лениншіл жас” 4 қаңтар, 1989 жыл).


 

1927 жылғы көктемде Мағжан Мәскеудегі оқуын тәмамдап туған еліне қайтіп келді. Қазақстан халық ағарту комиссариаты Бурабай орман техникумына қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы етіп тағайындайды. Осы кезде тағдырдың жазуымен жас жазушы Ғабит Мүсірепов Мағжанмен кездеседі. Бұл кездесуі туралы Ғабең былай дейді: “Мағжанды мен ең алғаш рет 1927 жылы Бурабайда көрдім. Әрине, Мағжанның атағын ертеден естігенмін. Өлеңдерін де қызығып оқитынбыз. Омбыда ауылшаруашылық институтында оқып жүр едім, өз еліме Қызылжарға демалысқа келдім. Мұнда Ақмола губерниялық партия комитетінің секретары Садықбек Сапарбеков мені губкомға шақырып алып, орыс тілінен ”Американың ақ бидайы“ дейтін бір мақаланы қазақшаға аудартты. Бұл кезде “Тулаған толқында” дейтін повесімді жазып бітірген едім. Садықбек әрі шығармамды, әрі аудармамды оқып: “Ғабит, сен енді оқуға бармай-ақ қой. Оқығанда қайтесің! Онсыз да жазушы болып тұр екенсің, Бурабайға барып, сондағы Мағжанның орнына орман шаруашылығы техникумында оқытушы бол” – деді. Бурабайға келдім. Мағжанды осында бірінші рет көрдім. Ол өзінің пәтерін маған беріп, Қызылжарға кетті. Сонда барып совпартшколда сабақ берді” (Жайық Бектұров. Тағдыры қиын талант. – Бес арыс. Алматы “Жалын” 1992. 328-329 беттер.).


 

Мағжан Қызылжарда совпартшколада әрі педагогикалық техникумда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Сол кезде (1927-1929 жылдары) Мағжаннан дәріс алған кейбір шәкірттерінің естеліктері мынадай:


 

Кейінгі жылдары әр түрлі партия, совет органдарында және ауылшаруашылығы саласында басшылық қызметте болған, бұл күнде өмірден өткен Өмірбай Ыбыраев:


 

“Сол кезде жігіт ағасы болып қалған шәкірттер Мағжанға қазақ әдебиеті тарихынан әртүрлі сұрақтар беретін. Бірақ Мағжан оқу бағдарламасына сай ғана жауап беретін, өйткені, ол кезде артық сөз айтуға болмайтынын білетін ақын сақтық жасайтын. Ол шәкірттерге кітапты көп оқыңдар, білімдеріңді көтеріңдер, сонда халыққа пайда келтіресіңдер дейтін. Мағжан мектепке әрқашан тап-тұйнақтай және өте таза киініп келетін. Жазда шляпа, қыста жылы бөрік киіп жүретін. Қолында сәнді таяғы болатын. Ол өте көркем жігіт еді”.


 

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Еңбек ауылының тұрғыны Темірғали Сайдалин:


 

“... Совпартшколада 1926-1929 жылдары оқыдым. Бір күні бізге жаңа мұғалім келді. Қазақ әдебиетінен оқиды екен. Ол Мағжан Жұмабаев болып шықты. Алғашқыда ол бізге тәкаппар сияқты көрінген. Басын үнемі тік ұстайтын. Аққұба өңді, дөңгелек жүзді, орта бойлы кісі еді. Киім киісі ерекше. Үстінен бір қылау көрмейсің. Өте көркем кісі болатын. Ой сұңғылалығы мен бой сұлулығы жарасым тауып тұрғандай көрінетін. Қазақта ондай көркем адамды көрген емеспін. Ал сабақ беруде Мағжан өзгелерге ұқсамайтын. Дауысының ашықтығы, тілінің жатықтығы бірден өзіне баурап алатын. Өлең, әңгімелерді жатқа айтатын. Сабақты біздің түйсігімізге бірдеңе жетсін дегендей жан-тәнімен беріле жүргізетін. Не деген талант деп таңданатынбыз”.


 

Кейін Көкшетау аудандық, Қарағанды облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болған, 1990 жылы 90-нан асып қайтыс болған Қайыр Мұсылманов:


 

“Мен Мағжаннан оқыған кезімде ол маған алыптай көрінетін, ал мен оның қасында жай бір мегежін сияқты көрінетінмін.


 

Сол кезде оған қызығып, шіркін Мағжандай болар ма едім деген сезімде болатынмын. Мен сол совпартшколаға түсерде Мағжан кішкентай ғана диктант жазғызды. Әлі есімде: “Ор айналып үріп жүрген итті көрдім, үріп еді, ұрып жібердім”, – деп жазғызды. Сол кездегі емле бойынша: ор, өр, ұр, үр деген сөздерді бір сөйлемге сиғызған екен. Осыдан бірінші әсер алдым. Бұдан кейін “Жыл құсы” журналына жазылған оның өлеңдерін үзбей оқу, кейбіреулерін жаттап алу әдетіме айналған еді”.


 

Мағжанның қазақ педагогикалық техникумында оқыған шәкірті, кейін комсомол, партия органдарында, мәдениет саласында көп жыл жемісті қызмет атқарған Зағипа Садуақасқызы Тінәлина:


 

“1927-1928 оқу жылының басында 15 жасымда Ақмоладан келіп Қызылжардағы Қазақ педтехникумына оқуға түстім. Оқуға түсерде бізден қазақ тілінен диктант алған Мағжан Жұмабаев болды. Әлі күнге көз алдымда, Мағжан орта бойлы, дембелше, аққұба, қою қара шашты, әдемі киінетін кісі еді, қолына портфель ұстайтын. Оның өлеңдері, әндері, біздерді, жастарды қатты еліктіретін. Мағжан ағамызды күнде бір көруге асығатын едік, келетін жолын тосып, күтіп алатынбыз. Тек қана кездесу арман емес, оның айтқан ақылының құлаққа қонымдылығы, біз сияқты жастармен сыпайы әңгімелесе білуі оған деген сый-құрметімізді арттыра түсетін”. (Ғаділша Қаһарманұлы. “Жәжеке”. Естеліктер мен деректер. Алматы. “Қазығұрт”. 2005.)


 

1936 жылы Карелия лагерінен айдаудан келген Мағжан алдымен жазғы каникул кезінде облыстық мұғалімдер курсында орыс әдебиетінен сабақ береді. Осы курста Мағжанды тыңдаған Байқонов дейтін көп жыл Көкшетау облысы мектептерінде мұғалім болған кісі былай есіне алады:


 

“Күн ыстық, қала іші қапырық. Курста көбіне орыс мұғалімдері болды. Ыстықта қалғып-шұлғып отырамыз. Ал Мағжан келіп орыс әдебиетінен лекция оқығанда, жұрттың бәрі серігіп кетеді. Үстіндегі киімі жұпыны. Сөйтсек, бұл кісі дәл сол кезде айдаудан, лагерьден келген екен. Мағжанды білмейтін орыс жолдастар: “Бұл кісі кім? Қайдан келген?” – деп оның лекциясына таңырқап отырады. Өйткені ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Брюсовтың, Блоктың поэмаларын, өлеңдерін әдемілеп жатқа айтады. Ұзақ шығармалардан тиісті үзінді келтірерде, әуелі ішінен дыбысын шығар шығармас етіп белгілі бір ұзақ поэманың бас жағын есіне күбірлеңкіреп түсіріп алады да, айтуға керекті үзінділерін нәшіне келтіріп, жатқа шұбырта жөнеледі. Өлеңді оқу үлгісі қандай жатық! Нелер білімді орыс мұғалімдері бастарын шайқап, сабақтан таңырқап шығады. Қалғып-шұлғу қайда, оның сөзін қызыға тыңдайды. Мағжанның лекциясынан ешкім қалмайды”. (Жайық Бектұров. “Тағдыры қиын талант”. Бес арыс. Алматы. “Жалын”. 1992.)


 

Бұдан кейін Мағжан Қызылжардағы Пушкин атындағы №5 орыс орталау мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Мағжанның сол мектепте оқыған шәкірті Татьяна Нетесова (кейін өзі де мұғалім болған) Мағжанның сабағын қызығып тыңдайтыны туралы Солтүстік Қазақстан облыстық “Ленинское знамя” газетіне естелігін жазды. Бұл Мағжанның ең соңғы педагогтік қызметі еді. Өйткені оны 1936 жылдың аяғында әртүрлі себептермен, ең бастысы саяси сенімсіздікпен қызметтен шығарып жіберген. Амалы таусылған ақын Сәбит Мұқановтың шақыруымен 1937 жылғы наурыз айында Алматыға барады. Бірақ ол кезде алаштың зиялы азаматтарына қуғын-сүргін басталып кетеді де, сол жылғы желтоқсанның аяғында ол қайтадан тұтқындалып, 1938 жылғы наурызда “халық жауы” деген жалған айыппен атылып кетеді. Ол тек 1988 жылдың аяғында толық ақталып өзі сүйген халқымен қауышты. Оның өлеңдері ғана емес педагогикалық еңбектері де бүгіндері халық пайдаланып жүрген асыл мұраға айналды. 


 


 

Қайролла Омаров

"Мағжан әлемі" кітабынан алынған

Бөлісу:

Көп оқылғандар