Бауыржан Берікұлы: Қажымұқанның кешірім сұрауы

Бөлісу:

11.03.2016 3006


немесе

ҚЫТАЙДАҒЫ ҒАЖАЙЫП



кос батыр.png

Балуан Шолақ, Қажымұқан бір күні

Алқа-қотан ду ортаға кіріпті...

Сәлім деген сонда жүз бас жылқыны

Екеуінің «бәйгесіне» тігіпті...


Зәлім байдың кеудесінде мол сенім,

Балуандардың қызықтамақ өнерін...

«Қане, екеуің күресіңдер, жеңсе кім,

Мына малдың бәрін соған беремін!»


Шіріген бай сондай ұран тастады,

«Күрессін!» деп шуылдады тобыр да.

Күрескерлер дайындала бастады,

Жүз бас жылқы! Тек бірінің бағына!..


Иманжүсіп* сонда ортаға шықты да

Балуандарды оқты көзбен атады.

Қос мықтыға айыптарын ұқтыра,

Ел айтпаған сөзін айтты аталы:


- Балуан Шолақ! Сен не жалғыз қараңды

Жер қаптырып тастамақ па ең ұялмай?!

Қажымұқан! Сен кім едің ағаңды

Жер шөктіріп желкесінен қиярдай?! –


Қамшыдайын осып өткен жүректі

Қажымұқан сөзге тоқтап жығылды.

Содан бері талай-талай жыл өтті,

Осы дәстүр тағы бүгін «тірілді»...


Өшпепті ғой ата дәстүр өрнегі,

Бұл іс сонау Қытай жақта жаңғырды.

Ережесіз жекпе-жектің ерлері*

Жазылмаған ережеге бағынды!..


«Тұрыс жоқ қой, - десек тағы, - ұрыста»,

Екі батыр сайыспаса – бір мән бар...

Айтыңдаршы, екеуіне «туыс» па

«Төбелес!» деп атой салып тұрғандар?!.


Тантитұғын төрешілер көбейді

Ердің ері - Ғабит, Айбек деместей.

Ескертпесін берсе берсін, е, мейлі,

Төрешілер – Иманжүсіп емес қой!


*Иманжүсіп Құтпанұлы - балуан, қамшыгер, ақын, әнші, композитор

*WBK тұжырымы бойынша Қытайда өткен ережесіз жекпе-жектен Халықаралық чемпионаттың финалына жолдама алған қос қазақ - қазақстандық Айбек Нұрсейіт пен қытайлық қазақ Ғабит Тұрсынбек – бір-біріне жұдырық жұмсамағаны үшін төрешілерден ескерту алып, жарыстан шығарылды. 




Бөлісу:

Көп оқылғандар