Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Жұбан ақынның елдегі үйі...

02.05.2024 2342

Жұбан ақынның елдегі үйі

Жұбан ақынның елдегі үйі - adebiportal.kz

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында Жұбан Молдағалиев атындағы орталық бар. Наурыз айында Оралға барғанда сол орталықта болдық (бұған жұбантанушы ұстаз Үзілдік Елеубайқызының 70 жылдық мерейтойы себеп болған еді). Айналасы жинақы, сырты тартымды, ішінде Жұбан ақынға қатысты дүниелер мен жәдігерлер жинақталып, заманауи безендірілген шағын орталық -  кітапхана, руханият залы, ақын кабинеті, музей бөлмесі сияқты төрт бөлмеден тұрады. Жұбан орталығына келушілер үшін құнды естеліктер мен жәдігерлер қатары толығып келеді. Мысалы, Жұбан ақынның 100 жылдығына келген кезінде жары София апай көптеген фотоальбомдар әкелген, оның ішінде ақынның елге келген, отбасылық сәттерінен, Мәскеудегі күндері, депутат болған кездерінен фотосуреттер мен Зеріп әжейдің медалі, құжаттық деректер бар. Одан бөлек ауылдастары жинақтаған бес альбом тағы бар.

Көзге ерекше түскені - Жұбан бөлмесінде пианино тұр екен, оның жоғары жағына Жұбан мен Илья Жақановтың бейнесі ілінген. Әрине, ақын мен композитор есімі қатар аталғанда, «Еділ мен Жайық» әні еске түседі. Біз Ақжайық ауданы, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ММ директоры Роза Мұсағалиевадан пианино мен картина жайында сұрадық. 

«Кезінде «Еділ мен Жайық» әніне билборд қойылып, әннің отыз жылдығына облыстық кітапхана пианино берген еді, оның қасына ерекше композиция жасамақ болып жүргенімізде Илья Жақанов ағамыз «Еділ мен Жайық» туған күн» деген композицияны әкеліп орталыққа сыйлап кетті. Аманов Қамбарбек деген атыраулық жігіт осы «Еділ мен Жайық» картинасының авторы», - деді ол. 

Тағы бір бөлмесіндегі фабрикадан ертеректе шықса да сынын жоғалтпаған, қабырғаны түгел алып кітап жиналған жиһазды Жұбан ақынның кабинетінен арнайы әкелінген дегенге елең еттік.  

 

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ММ директоры Роза Сәкенқызының айтуынша, Жұбан орталығы осы ауданның халқының көмегімен, қаржысымен, кәсіпкерлердің демеушілігімен салынып, ашылған. «Орталық ішіндегі жәдігер жинастыруға қатысты жұмысты «орталық кітапханаға беріледі екен» деген әңгіме басталғаннан бастап ойластыра бастадық. Оның алдында бір жыл бұрын ақындар Ақұштап Бақтыгереева мен Есенғали Раушанов екеуі Ораз Исаеватың мерейтойына келгенде Жұбан орталығының қазығын қағып кеткен еді. 

2020 жылы пандемия болды, «ғимарат ашылады, ашылмайды» деген уақыт, соның өзінде іргетасы тұрғызылғасын біздің кітапхана қызметкерлері жұмысқа кірісіп, ақынның ғұмыр тарихына, өлкетануға қатысты жәдігер жинауды бастап кетті, қыркүйектің 5-і күні бізге: «25 қыркүйекте әзір болсын» деген тапсырма беріліп, кітапхананың қыз-жігіттері осында жатып жұмыс істеді», -  деп еске алады кітапхана басшысы. 

Кітапхана ұжымы орталықтың ашылуын үлкен тарихи сәт деп есептегендіктен, оның ішінде Жұбан мұрасына қатысты дүниелер мен ақын тұтынған бұйымдар тұруы керек деген мақсат  оларға үлкен жауапкершілік жүктеген. 

Кітапхана басшысы Роза Мұсағалиеваның айтуынша, 2017 жылы ақын Сағынғали Сейітовтың 100 жылдығына Алматыдан ақын Ғалым Жайлыбай Сағынғали Сейітовтың қыздарымен бірге келген екен, сол кезде алда Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына деп үлкен тойға әзірлік басталғанын, соған орай ақынға арналған орталық салынатынын естіген Ғалым Жайлыбай  Жазушылар одағында Жұбанның қолданған дүниесі тұрғанын, диваны, шкафтары бар екенін айта келіп: «қазір мен сол кабинетте отырмын, елдеріңізде осындай жұмыс жүрсе, алып кететін мүмкіндіктеріңіз болса, көмектесеміз», - депті. 

 Осы жерде Роза Сәкенқызының әңгімесіне кезек берейік:

 - 2020 жылы сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Тілек Александрұлы бастап, мен бармын, Жұбан ауылының әкімі Жапашев Орынбек, тележурналист Біржан Кухаев, оператор Айбек бар, Жұбан туралы деректі фильм түсіру үшін Алматыға сапар шектік. Аудан әкімінің орынбасары екеуміз және соның алдында Ораз Исаевтың 120 жылдығына келген ақын Құлиев Жұмабай ағай бар, Жазушылар одағына Ғалым Жайлыбай ағайдың кабинетіне бардық, Жұбан ақынның кабинетіндегі жиһазды елге жеткізу жағын ақылдастық. Кітаптар тасымалдау жағында Ғалым деген жігіт бар еді, «көмектесе аласыз ба» деп соған хабарластым.  Баланстан шығару сияқты шаруалары шешілгеннен кейін хабар келіп, Мереке Құлкенов ағайға телефон шалдым. Бұл жиһаздардың болтсыз құралатын ерекшелігі бар екен. Сөйтіп жиһазды елге логистикпен жеткізді. 

Айта кетейік, бұл Жұбан ағамыздың кітаптары тұрған жиһаздың бізге ыстық көрінетіні - «Қаламгер» деген фильм түсірілгенде ішінде Қадыр Мырзалиевтен бастап көптеген ақын-жазушылар бар екен, сонда фильмнен осы шкаф көрінеді. Орталыққа келушілерге де сол жерінен үзінді көрсетеміз. Сөйтіп 2021 жылы сол кездегі аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың қолдауымен, ақын тұтынған  жиһаз туған жеріне жеткізіліп, қиюы қашқан жерлеріне реставрация жасалды. 

 

 Ал енді орталықтың Руханият залында көптеген әдеби-мәдени іс-шаралар өтеді.  Мысалы, ақынның 100 жылдығына суретші мен ақындар арасындағы дуэт байқауы ұйымдастырылған. Ақынның өлеңіне орай салынған сурет конкурсын облыстық мәдениет басшылығы республика көлемінде ұйымдастырып, жүлделі орындарды павлодарлық Қуаныш Алпысбай мен Жұбан елінің ақыны Сағынтай Бисенғалиев иеленді. 

Ауданда халықтың қаржысымен тұрғызылып, Жұбан ақын 60 жасқа толғанда өз кітапханасынан 500 дана кітап сыйға тартқан кітапхана бар екені белгілі, бірақ біз ол кітаптарды қозғаған жоқпыз, сол өзіміз жинақтаған, Жұбан ақынның оқыған кітаптарынан, өз шығармаларынан арқау іздеп, биографиялық мұражай бөлімін жасадық. Мейірбек Тажқұранов деген фото түсіру өнерін жақсы игерген информатик маман болды, сол жігіт көптеген фотокорреспонденттерді білем деп сөйлесіп, авторлық құқығын сақтай отырып, көптеген фотосуреттер қорын жинақтадық. 

Орталық дегесін тек мұражай деңгейінде емес, шығармашылық орны ретінде өнерпаз жастар шығуы керек, бұл тұрғыдан келгенде «Жеті муза» бойынша шығармашылық отауы бар, оған Сағынтай Бисенғалиев ағамыз жетекшілік етеді. 

Базартөбелік Аманжол Саясатұлының әкесі  кезінде Базартөбе ауылының әкімі болған,  Жұбанмен араласқан ғой, сол кезде  ақын кілемше мен календарь сыйлаған екен, соны үлкен жәдігер ретінде сақтаған екен. Бізге әкеліп тапсырды. 

Орталық болғасын, Жұбанға арналғасын жәдігер жинау жүре беретін жұмыс.

Ақынын ардақтаған елдің ықыласына риза боласың. Ел деген осы ғой, алтын бесік қана емес, соны тербеткен мейірбан ана секілді.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар