Ілеспе аударма - тіліміздің көкжиегін кеңейтетін қуатты құрал
Бөлісу:
Ілеспе аударманы қарапайым көпшілік біле бермейді. Шынтуайтына келгенде ол - қазақ тілінің конституциялық мәртебесіне лайық қолданылуын қамтамасыз ететін қуатты құрал. Тәуелсіздігімізбен бірге туындаған осы саланың алғашқы қарлығаштары қазір аға буын өкіліне айналды. Солардың өкшесін баса келген біз оның қалыптасуына, дамуына өзіндік үлес қостық.
Қазақша-орысша ілеспе аударманың мақсаты – қазақ тілінің тек қазақи ортаның, той-томалақтың тілі ғана емес, бар өңірдегі мемлекеттік мәні бар мәселелер қаралатын ірі жиындардың, ғылыми конференциялардың, көп тарапты кездесулердің жұмыс тілі болу деңгейіне жеткізу үшін қызмет ету. Жиындарда ілеспе аударманың болмауы тіліміздің жалпы қолданылу өрісін тарылтады. Бұл – менің жиырма жылдан астам уақыт ілеспе аударма жасай жүріп, көзім жеткен жай.
Журналист, жазушы болсам да, мен көпке қазақтың екі тілге бірдей аударатын ілеспе аудармашысы ретінде танылдым. Бұл мамандықтың қаншалықты күрделі, оны меңгерудің қаншалықты қиын екендігін аударма саласында тер төгіп жүрген азаматтар жақсы біледі. Ал қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасаудың қиындығын мына мысалдан-ақ көруге болады: күні кешеге дейін елімізде республикалық, халықаралық деңгейде өтетін конференцияларда қазақшадан орысшаға және керісінше (қос тілді) ілеспе аударма жасауға қабілетті маманның саны 20-дан аспайтын. (Оларды түгелдей дерлік өзімнің тәрбиелеп өсіргенімді мақтан етемін).
Өткен жылы жазда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл комитеті осы салаға назар аударуының арқасында қатарымызға жаңа аудармашылар қосылды: Астана қаласында ілеспе аударма дағдыларын үйретуге арналып өткізілген 2 курсқа қатысып, дәріс тыңдағандардың ішінен тағы 4-5 шәкіртім тәп-тәуір аударма жасап жүр. Ақтөбе облысында өткізілген курстың үш-төрт тыңдаушысын нақты жиындарға салып, ширатып алса, қатарға ілесіп кететініне сенімім зор.
Шынымды айтсам, қазақша-орысша ілеспе аударманы дамыту – бұл бастапқы саты ғана, түпкі мақсат – қазақ тілінен тікелей шет елдер тілдеріне аударма жасайтын мамандарды дайындау. Бірақ, «жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегендей, менің қолымды байлап жүрген – саланы дамытудағы қиындықтар еді. Енді, тіл саласының уәкілетті органы осылай қолдау көрсетіп отырса, болашақта, 3-4 жылда еліміздің бар өңірін өз ілеспе аудармашыларымен қамтамасыз етуге болады.
Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» делінген ғой. Мен өз бойымдағы осы қабілетімді жас мамандарға үйрету арқылы туған тілімнің өрісін кеңейтуге еңбек етіп жүргенімді мақтан етемін.
Әзірге де біраз жұмыстар жасалды. Тілімізді дамыту мәселесіне байланысты қандай да бір ұтымды амал болса, айттық. Тілге қатысты өзекті
мәселелер көтерілген талай мақала жазылды. Ілеспе аударма жасауда жинақтаған тәжірибем негізінде диссертация қорғап, әдістемелік жасап, шәкірттер тәрбиеледім. Реті келгенде, ілеспе аударма теория жүзінде емес, іс жүзінде, аударма жасай жүріп меңгерілетінін айта кеткім келеді.
Сондықтан, аудармашы микрофонының маңынан жүріп көрмеген кейбір адамдардың ілеспе аударма жасаудың қыр-сыры туралы кітаптар жазатыны («жиендік жасап», ресейлік еңбектерден аударатын болса керек) – ғылымдағы адал еңбек нәтижесі, тазалық ұғымдарына көлеңке түсіреді дер едім. Екіншіден, сол еңбек авторларынан үйрендім деп ілеспе аударма жасап жүрген бір де бір аудармашыны әлі күнге кезіктірмегеніміз де көп жайдан хабар бермей ме?
Ілеспе аудармашыны дайындау – жазбаша аудармашы сияқты бірнеше жыл оқытылатын, сондай-ақ жүздеген адамды жаппай дайындайтын оқудан мүлде басқа. Ілеспе аудармашылар аударма жасау дағдысы бар адамдардың ішінен іріктеліп алынып, қысқа мерзімді курстарда дайындалады. Сондай-ақ ілеспе аудармашылардың қазіргі кезде қажет болып отырған саны да соншалықты көп емес. Алматы сияқты ірі мәдени және қаржылық орталықта және түрлі халықаралық жиындар жиі өткізілетін Астанада әрқайсысында он шақтыдан, облыс орталықтарында 2-3 ілеспе аудармашыдан болса, әзірше сол да жеткілікті.
Ұзақ жылдар бойы аударма саласында қызмет етіп, тіл мәселелерін арқау еткен ірілі-ұсақты жиындарға қатысып жүргенде қазақ тілінің жай-күйін жақсартуға қатысты талай бастамалар көтеріліп, игілікті іс-шаралар өткізілгеніне куә болдық. Тіл жанашырларының ана тіліміздің дамуына байланысты талай ұсыныстарын, реніштерін, арман-қиялдарын естідік. Солардың бірі – елімізге ресми сапармен келген басқа мемлекеттер өкілдерінің өз тілдерінде сөйлейтінін көрген біздің адамдардың «біздің азаматтар да елімізден тыс жерлерде өтетін жиындарда ана тілімізде сөйлесе ғой» деген арманы. Ол арман орындалуы үшін де ІЛЕСПЕ АУДАРМА жасалуы керек екендігін айтқым келеді.
2015 жылғы 27 қыркүйек күні Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мінберінен қазақша сөйледі. Көздерін теледидардан алмай отырған қауым қазақ тілінен ілеспе аударма болмағандықтан Елбасы сөзінің біршама уақытқа үзілгенін көзі көрді. Ұйымдастырудан жіберілген кемшіліктер жер бетіндегі ең ірі ұйым төріне шыққан тіліміздің жолын кес-кестеді. Сол жерде отырып, мемлекет, азаматтар тарапынан қолдау тауып, кезінде «қазақ тілінен тікелей шет елдер тілдеріне аударма жасайтын мамандарды дайындау керек» деген межем орындалғанда, Елбасы сөзінде мұндай іркіліс болмайтын еді-ау деп ойладым.
Қазіргі кезде ислам мемлекеттеріне барған ресми сапарларында сол мемлекеттер басшыларымен болған әңгімелерінде Елбасының қазақша сөйлеп отырғанын байқау қиын емес. Телерепортажды жүргізген журналист сөздерінің арасынан қазақ сөзі үзік-үзік естіліп, оны Президенттің қалқасында отырған аудармашы ізбе-із аударма жасап отырады. Бұл – тіліміздің жоғары деңгейде қолданылып жүргенінің бір айғағы.
Ілеспе аударма жасай жүріп, қазақша сөйлеу іс-шараға қатысушының қазақ тілін жақсы деңгейде білу-білмеуіне ғана емес, олардың патриоттық болмысына тікелей байланысты деген ой түйдім. Ондай кісілер зор құрметке лайық. Өз басым ана тілімізде сөздік қоры аздық етіп, қиналып сөйлеп тұрғандарды ықыластана аударамын. Оларды ана тілімізге деген ықыласы үшін-ақ жақсы көргендіктен, айтар ойын ішкі интуицияммен сезіне отырып, аударма жасаймын, шәкірттеріме де солай деп үйретемін.
Ілеспе аударма – кез келген жиынның қазақ тілінде жүргізілуіне, оның баяндамалардан бастап жарыссөз, пікірталас, сұрақ-жауапқа дейін еркін пайдаланылуына мүмкіндік беретін тәсіл. «Қазақ тілі – тұрмыстық тіл» деген стереотипті жоюға көмектесетін, халықаралық деңгейдегі биік мінберлерден қазақ тілінің естілуіне жол ашатын да – осы ілеспе аударма. Біз ілеспе аударманың өмірдің бар саласындағы жиындарда ана тілімізде сөйлеп, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін берік орнықтыратын осы әлеуетін пайдалануымыз керек.
Қазір барша бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласында көтерілген мәселелер сөз болып жатыр. Ден қойған адам ол талқылаулардың шын пейілмен өтіп жатқанын байқары анық. Ешқандай жоспардың тармағын орындау мақсатында емес, ешкімнің нұсқауымен емес, әркім көкейдегі ойын ортаға салып, рухани жаңғыруды іске асыру бойынша ұсыныс, пікірлер айтуда.
Халық Елбасы тарапынан осындай бағдарды көптен күткен-ді. Не нәрсенің өз уақыты бар. Кезі келді – өзегінде рухани жаңғырудың басты шарты – тарихтың тереңінен бастау алатын ұлттық кодты сақтау; ұлттық жаңғыру – ұлттық сананың кемелденуі; мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтыны атап айтылған мақала жарық көрді.
Енді ол игі істерге бастамашы болады деген сенім мол. Жаңғырудың мәні бұрынғының бәрін жою емес, қолда барды сапалық өзгерту екенін ескере отырып, тіліміздің қолданылу өрісін кеңейту ісіндегі қуатты құрал – ілеспе аударманы дамыту қажеттігін тағы да ортаға салуды жөн көрдік.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Республикалық «Үздік аудармашы»
конкурсының жеңімпазы,
ілеспе аудармашы
Бөлісу: