Қалқаман Сарин қандай ақын?
Бөлісу:
немесе
«Эстрадалық поэзия»
Интелектуаль ақын Мейірхан Ақдәулетұлы бір сұхбатында: «Көп жағдайда ақындарға кешіріммен қарау керек», - деп ескертіп еді. Онсыз да біздің оқырманның талғамы қалам ұстаған, оның ішінде өлең жазатын қауымға тым еркіндік беріп қойды. «Әй» дейтін ағаның құлықсыздығынан, мүмкін өзінің ізін басқан інінің сағын сындырғысы келмегеннен, біздің тәуелсіздік тұсындағы ақындардың шығармашылығы туралы көп сөз айтыла бермейді. Бірақ, жастар поэзиясының өсіп келе жатқанын, соған қарамастан ол процеске көңілдері толмайтынын аузы дуалы ақсақалдар сұхбат арасында еміс-еміс айтып қалады. Кейде «Сын айтсақ, жастар тулайды», - дейді. Шіркін,г дейсің! Поэзияға жаңалық әкелген көзі тірі классиктер жұрт алдына шығып, ақындардың шала-жансар өлеңдеріне тосқауыл қойса ғой. Әлде барлық жүкті жалаң уақыттың төрелігіне қалдыра ма екен?
«Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» демекші, иланатын қаламгер болса, оқырман ретінде жеке пікірімізді біз де айтамыз. Бірақ, көп жағдайда сын қабылдаушы тараптың фанаттары мен нөкерлері ой емес, сөз қуалап, ұсақ-түйекке бас ауыртып, қала берді сын айтушының ата тегінен бастап, басқан ізін, аралас-құралас адамы туралы ақпарат жинап, бітпейтін дауға ұрынады. Сынды «тапсырыспен» жазылған деген сылтаумен қабылдап, өзіне дарытпайтын қаламгерлер бар. Таптаурын түсінік! Тек догмалық және харизмалық ықпалдың шырмауына түсіп, өзін-өзі алдап жүрген оқырмандар болмаса, ақпараты дамыған ашық заманда көзі қарақты қауымға бәрі көрініп тұрады.
Біздің бүгінгі таңдағы Гамлеттік сауалымыз: Танымы саяз, ой-өрісі тар, анығы енді қалыптасып келе жатқан оқырманды қалай тәрбиелемекпіз?
XIX ғасырда орыс әдебиеті адамзат ой-өрісінің дамуына үлкен септігін тигізді, - деп баланып жүргенде, (Кейін Чеховтың «Моншада» деген әңгімесінде бір кейіпкер дәл осылай айтады) жап-жас Белинский шығып: «Бізде әдебиет жоқ» - деп классик жазушылардың төбесінен тас түскендей дүрс еткізді. Қазіргі қазақ әдебиетінде сын жоқ деп айта алмаймыз, сыншылар өз арасында «Бізде халтурщиктер көп, бірінен бірі ұрлайды, шоумендерден арыла алмай кеттік, поэзияны эстрадалық әндермен алмастырып алдық» - деп жиі-жиі жалпылама айтып жатады. Бірақ, атын атап, түрін түстеуге сараңбыз. Абай айтпақшы, «Ұяламын дегені көңіл үшін». Көңілге кірбің түсірмеген керек-ақ, дегенмен әдебиет ежелден жақсы мен жаманның, жүйрік пен шабанның көрінісі ғой.
Талантты ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы бір отырыста жастарға қарап: «Қалам ұстағандарға көп сын айта бермеңдер. Сағын сындырып аласыңдар. Нашар дүние онсыз да оқылмайды. Егер автор дұрыс дүние жаза алмаса, тым құрығанда одан жақсы оқырман шығады. Өлең түсінетін деңгейге жетеді» - деп еді. Осы сөздің астарында бүгінгі бет-бейнемізге деген ізгілік, жанашырлық, аяушылық жатыр. Тіпті жақсы дүние оқысам да, сол пікір ойға орала береді.
Біздің қазіргі әдеби ахуалға үнсіздік, іштен тыну, салғырттық мықтап орнады. Біреудің сәтті көшірмесін де «классикаға» балап, бір-біріне ұқсас ақындардың, қала берді өлеңдердің қатарын көбейттік. «Бас-басына» мақтау естіген ақындардың ара-жігі бірігіп, кірігіп бір төбеден орын алды. Талант қайсы, талап қайсы айыра алмай қалдық. Төлеген Айбергенов сияқты, «Мен қаламын өзімнің биігімде» - деп нық айтатын ақындар аз. Оны саралап, сығымдап, артығын суреткердің өзіне артып, керегін жүйке-жүйесіне һәм жадына мықтап орнататын оқырманға тағы зәруміз.
Ол рас, кейбір ақын мен жазушыға бергісіз өз соқпағы мен ой-шұңқыры бар оқырман болады. Оның тереңді көксейтін талғамының жанында ынжық, ойы шұбалаңқы, көз көрді, көңіл сендіден әрі аса алмай қалатын шығармалар жарамсыз болып қалады. Әр суреткердің қағазбен сырласып, уақыт дейтін даналыққа ен-белгі салуға талпыныс жасаған сәтінде көз алдына жаңағы оқырман елестесе: құн, қадір, келешек атты қасиетті ұғымдар ұмытылмас еді. Жұмекен ақынның қисынына салсақ: «Ертең өлетінімді білмесем, өзге ақындар сияқты жағалауда отырып сөзді құбылытып, көпіртер едім» - деген қағида қаға берісте қалмас еді.
Оқырманы көп, шығармашылығы сұранысқа ие қаламгердің осал дүниесін көзбен көріп тұрсаң да, оған қарсы сын айтуға көбіне жүрек дауаламайды. Көптің қарсылығына ұшырап, басың дауға қалуы мүмкін. Бірақ, кейде суреткердің айбақ-сайбақ жазуы мен өзінің деңгейінен төмен шығармаларын оқып, ызадан булығып кетесің. Әдебиетті сүйіп, тұрақты оқитын оқырмандардың басынан бұндай сезім жиі өтеді.
Тәуелсіздік тұсындағы орта буын ақындарының арасында Қалқаман Сариннің өлеңдері көпшілікке жақсы таныс. Оның сөзіне жазылған эстрадалық әндер көңілді кештердің, той-домалақтың сәнін кіргізіп жүр. Ақынның лирикалық жырлары талай жастардың мұң-қайғысына ортақтасып, балаң сезімнің желігін басты. Оның жеке басының танымалдығы эстраданың маңдайалды жұлдыздарынан кем емес. Әрине, әдебиетсіз эстрада болмайды. Жалаң пафосқа құрылған «күйдім, сүйдіммен» ән айтып, көпшіліктің көңілінен шығу қиын. Оны әрлеп, көркемдеп, саз бен сөзді үйлестіру – сезімталдықты қажет етеді. Сол үшін де қазіргі қазақ эстрадасы белгілі бір деңгейде Қалқаман Саринге қарыздар. Оның көп өлеңдері халық арасында, әсіресе жастар арасында «хит» болды. Бірақ... Эстрадасыз әдебиет болатынын ұмытпаған жөн. Әннің сөзі мақсатты түрде жазылатынын ескерсек, оның классикалық үлгілері болмаса, қалғаны поэзияның маңайына жоламайды. Әйтпесе өлеңнің үлкен өлшемімен қарасаңыз есіл поэзияны эстрадағы қор қылатын едік. Мысалы үшін, Қалқаман ақынның сөзіне жазылған ең танымал әннің қайырмасы «Арманым мені аяла, Аяла тағы аяла, Жанымның бағын саяла» - деп келеді. Бұны рухы басым, ойы жетік өлеңсүйер қауым көзіне де ілмейді. Оқырманның сұранысын қанағаттандырғаны үшін, ақынды да кінәлай алмаймыз. Бұл жерде осындай жеңіл-желпі сөздердің сиқырына байланып, ішкі қажеттілігін өтейтін тұтынушының неліктен көп екеніне әлеуметтік зерттеу жүргізу керек. Әдебиеттің категориясы мен критерилерін жетік түсініп, анализ жасау сатысына өтіп кеткен оқырман қашан да аз болады. Эстрадалық әндерде көп айтылатын балаң сезім, өткінші өкініш бозбала мен бойжеткенге тән қасиет. Желігін сабырына, сезімін ақылына билеткен оқырманды жеңіл-желпі өлеңмен алдай алмайсың.
Дегенмен ақындардың барлығына Жұмекен, Төлеген болу шарт емес. Гәп осында. Дараланған ақындардың арқыраған арыны, замандасымен қиылысып, қабыспайтын сарыны оқырманды өзінше ой әлеміне жетелеуі шарт. Өзіндік соқпақ, стиль деген талап осыдан шығады.
Жалпы поэзия деген не өзі? Бұл туралы ортақ тұжырымның, шартты ұғымның болмағаны қандай жақсы. Әйтпесе өлеңнің азат, асқақ рухын жасытып, қолжаулық қылатын едік. Өз басым поэзияны теорияға бағындыруды жөнсіз деп есептеймін.
Қалқаман Сариннің баладай аңғал, даладай жомарт шынайы поэзиясын оқып, кейде сүйсініп қаласың. Мұқағали Мақатаевтің қызы Майгүлге жазған өлеңі сияқты өрілген ақынның «Қызым менің» деген жап-жақсы өлеңі бар. Бұл өлеңде ақын мораль мен этиканы ұмытып, қызымен қарапайым әрі еркін тілдеседі. Өлеңнің әр жағынан шынайылықтың лебі еседі. Бұл өлеңді кез келген әкенің қызғалдақтай аялап өсірген қызына айтқан ақ тілегі деп қабылдауға болады.
Қызым менің,
Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.
Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,
Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.
Қызым менің,
Қылығыңды тәп-тәтті жүзім дедім.
Бұл өмірдің бақ тұнған бақшасынан,
Жемісіңді қалаған үзіп жегін.
Оқырман қыз,
Өмірде алыс,
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп, тағы да
Ай жүзінен
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз.
Сен ше, қарғам?
Мұңаймашы,
Түспесін еңселі арман.
Ықыласын бір саған аударар ем,
Ыңғайыма осы бір көнсе жалған.
Ақынның имандай сезімінің лебі есетін бұл өлең сенімді шыққан. Өзіне артылған жүкті орындап, мақсатына жеткен. Қаламгер мен оқырманның арасындағы комбинация, ықпалдасу, өзара түсінсу бұл өлеңде әдемі суреттеледі.
Негізі ақынға бірлі-жарым шығармасы арқылы баға беріп, жақсы не жаман деп айта салу жөнсіздік болады. Тұтастай шығармашылығы арқылы ортақ тұжырым жасап, төрелігін айту керек.
Кез келген талантты адамның шығармашылық өсу, жетілу, шарықтау кезеңі болады. Ондай процесс болмаса, қаламгер үлкен дүниелерді өмірге алып келе алмайды. Қалқаманның өлеңдегі өзіндік өрнегі осындай шынайы, еркін өлеңдерімен қалғаны дұрыс сияқты. Әйтпесе, кейбір өлеңдерін оқып отырып, расында суынып, жерініп, тіпті кей жерінде ызаланып кетесің. Ақынның өлең дейтін киелі ауылдың айналасында әлі біраз уақыт жүретінінін ескеріп, кейбір сын-пікірімді айтуды жөн санадым. (Бүгін мен айтпасам да, ертең біреу айтарына бек сенімдімін).
Қалқаман Сарин «Өнерпаз көп қой өлмейтін» деп басталатын өлеңінде ақындық туралы, оның шарты мен талабы, заңдылығы мен зауалы туралы сөз қозғайды. Ара-тұра өзінің «пысық», «ақындықтан гөрі атаққа ұмтылатын» замандастарын сынап өтеді. Бұл өлеңді қоғамдық дегеннен гөрі, белгілі бір топқа арналған, немесе белгілі бір топтың жай-күйінен ақпарат беретін «хабар-ошақ» деп атауға болады. Өлең алғашқы шумағынан бастап логикалық қателікке ұрынады. Осы жерде айтпай кетуге болмас, Қалқаман Сариннің өлеңдерінде бір жақты, өз атынан баяндау көп. Шумақтары бір-бірімен байланыс, бастапқы шумағы келесі шумағына толықтыру жасамайды. Содан болу керек, айтқысы келген ойы шикі, шала жансар күйінде қалады.
Өнерпаз көп қой өлмейтін,
Өресі биік өнерлі аз.
Танытып ақын өр кейпін
Өлмейін десең, өлең жаз.
Өлеңнің алғашқы шумағында айтқысы келген негізгі ойы дұрыс. Жақсы өлең жазса, ақынның аты өлмейді. Оған келісеміз. Өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат қой. Енді осы жерде ақын ә дегеннен «Өнерпаз көп қой өлмейтін, Өресі биік өнерлі аз» - деп қателікке ұрынады, анығы өз ойына өлең басталмай тұрып қарсы шығады. Ұлы Абай айтпақшы, «Адамның адамшылығы істі қалай бастағанынан көрінеді». Қалам ұстаған қауымға жақсы таныс шығар, бірдеңе жазар алдында іске кірісіп кету қиынға соғады. Ал, басы бар шығарма түбі бір аяқталмай қоймайды. Мәселе, шығармаң қай деңгейде басталды? Қалқаман ақын айтқандай, өнерпаздың бәрі өміршең бола бермейді. «Өресі биік өнерлілер» қай заманда да аз болған. Сұрыпталып, іріктеліп хас таланттар ғана ғасырдан ғасырға аман-есен өтіп жатыр. Бұл өлең құрығанда «Өнерпаз аз ғой өлмейтін» - деп басталу керек еді. Бірақ бұлай басталса, осы шумақтағы «Өлмейін десең, өлең жаз» деген соңғы тармақпен ұйқаспай қалады.
Әдетте өлеңнің әр тармағындағы соңғы ұйқасатын сөзді іздеп, ойша шолып, дайындап алу - суырып салма ақындарға тән қасиет. Олардың шығармашылығы ауызекі болғандықтан, көп жағдайда логикалық қателері білінбейді. Алғашқы шумақтан ақынның негізгі екпінді ойға емес, алдымен ұйқасқа түсүретіні аңғарылады. «Өлеңнің бірі жамау, бірі құрау» деген сын осындайдан туындаса керек-ті. «Ақындарға көп жағдайда кешіріммен қарау керек» деген қисынға салып, тереңдеп, осы шумақты түсінуге тырысайық. Мүмкін, ақын бұл жерде сарказммен «өзінің деңгейін білмей, өлмеймін деп тыраштанып жүрген өнерпаздарды» меңзеген шығар. Өлеңге бұндай балаңдық, нысанаға дөп түспеу жараспайды. Тіпті солай болғанның өзінде де, шашыраңқы тіркесті айтпағанда, бұл жерде грамматикалық қате бар. Біреудің ойы ретінде тырнақшаны қоя салған артық емес. Негізінен өлеңнің сөзінен, грамматикасынан мін іздеген үлкен сынға жатпайды. Ол кез келген ақында кездеседі деп ойлаймын. Өлеңнің поэтикасы, тынысы, көркемдігі деген болады. Бастысы ақын қалыптасқан штамптардан, дәстүрлерден, қала берді қағидалардан азат болуы керек.
Өлеңді бөлдік шынымен
Текті деп, тағы тексіз деп.
Тыпыршып біреу түнімен,
Ұйқысыз ұйқас кетті іздеп.
Жазып жүргендер бар, білем
Қып-қызыл бояу қанды сөз.
Бір ағайына алдымен
Жаздырып алып алғы сөз.
Баспаның беті – бір ақын,
Басқаның бәрі – оқырман.
Өлеңді қайдам шығатын,
Суреті жақсы отырған.
Өлең үлкен ойлардың жүгін сезім арқылы, көңіл-күй арқылы оқырманға әсер етсе, айып емес. Ал, ақын қарабайыр күнделікті құбылысты қағазға түсіре берсе, «өлеңнен» көз ашпай қалатын едік. Қарапайым шындықтар ара-тұра тілге тиек етіп кететін мақаланың жүгі деп білемін. Оның өзінде де сөз арасында қыстырып кетпесең, ондай ұсақ-түйек нәрсеге көлдей бір мақаланы арнай алмайсың. «Шөпті де, шөңгені де» өлең етуге құмарту ақынға абырой әкелмейді. Оның артында қайтсем де бірдеңе жазуым керек деген тыраштық, қорлық жатыр. Сапа мен оқырман алдындағы жауапкершілік осындай кеселдердің кесірінен жер иіскеп қалады.
Мен бұл жерде кәсіби әдебиетші ретінде емес, жанашыр оқырман ретінде өз пікірімді айтып отырмын. Және ол жанашырлық ақынға емес, өзім сияқты әдебиетке адал оқырмандар үшін туындады. Біздің қоғам бүгінде термешілдік дәстүр мен поэзияны шатастырып алғандай көрінеді. Ақын деген аттың үлкен жауапкершілік пен аманатты арқалайтынын естен шығарған сияқтымыз. Тобырдың сұранысына бейімделіп, өлеңді мақсатты түрде жазу – өнер емес. Өнердің шексіз мүмкіндіктерінің бірі оқырманды ой азабына салып, жаңа идеялар мен көзқарастарды қалыптастыру. Тұтынушының ығына жығылып, айдауына жүрген күні хас өнер саудаға салынады. Тағы да айтам, бұл үшін ақынды кәнілау да орынсыз. Мүмкін бұндай эстрадалық өлеңдерге бөлек айдар тағып, атау беруді әдебиеттанушылар қолға алу керек шығар. Тек үлкен поэзияны әр түрлі мамандықпен, саламен қатар қарастыру жүйесіздік екені сөзсіз.
Қалқаман Саринде бағыт-бағдарсыз, деректі түрде жазылған өлеңдер көп. Ақын шамамен қыстың келгенін, қардың жауып, күн жылығаннан кейін еритінін, сол кезде тоңып кетіп, күзді күткені сияқты детальдарды көп жазады. Ащы айтқанда, қолға қалам алып, терезенің ар жағында не болып жатқанын баяндау, тізіп беру көп.
Құстар... Хабар бермейді,
Кешігуде көктемім.
Күндіз… көргім келмейді,
Күнтізбенің беттерін.
Барып қайттым баққа мың,
Көктем іздеп көшеден.
Іздегенмен таппадым,
Оған куә осы өлең.
Кейбір дүниелерге түсініктеме беріп, көзі қарақты оқырманның алдында бірнәрсені дәлелдеудің өзі артық болады. Поэзияның қолына су құюға жарамайтын осындай сәтсіз шығармалар ақынның бәсін төмендетеді. Кейде «сәтсіздік кімде жоқ дейсің» - деп өз-өзіме сұрақ қоятыным бар. Санаулы сәтсіздікті кешіруге болады, бірақ үнемі сәтсіздікке ұрына беру ақынның талантына күмән келтіреді.
Ақын енді бір өлеңінде күншілдік, өсек-аяңды әшкере етіп жырлап келеді де:
Сыр айтар кезде дос таппай
Жылауға, көзге жас таппай
Бір өлең жаздым осылай
...бос жатпай – дейді.
Әдебиет пен үлкен поэзия туралы сөз қозғап, жан қинап отырғанда, осындай өлеңдер ақынды да, сын айтушыны да келемеждеп кеткендей көрінеді. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» - деп жанын жегідей жеген ақын Абайдың уақытқа өшпейтін ен-белгі салуының сырын бағамдауға болады. Өлеңді «бос жатпай», уақыты бар кезде жаза салатын ақындардың алдағы тағдыры не болатыны белгісіз. Бірақ ыңғайы келгенде құрала салатын өлеңдердің ғұмыры қысқа болатынын анық білемін.
Мен бұл жерде Қалқаман Сариннің тұтастай шығармашылығын талдауды өз міндетіме алмаймын. Шығармашылығымен етене танысқаннан кейін қалыптасқан ортақ пікірді ғана ортаға салып отырмын. Және біреудің талантын жоққа шығарудан аулақпын. Поэзия сөз бен ойдан ғана тұрмайды, оның әр жағында оқырманды өзімен жетелеп отыратын саз, ырғақ, рух болады. Қалқаман ақынның өлеңдеріне иланбай, сенбей қалуымның сыры сондай сезімдердің жоқтығынан болуы мүмкін. Әйтпесе «ұйқасы берік, мұңданып отырып махаббат туралы сөз қозғайтын ақынды неліктен сынайсың», - деп біреу қарсы пікір айтуы мүмкін. Кешіріңіз, ондай сезімді суреттейтін жансыз өлеңге мен бозбала кезімде иланатын едім, бірақ өткен-кеткенге елегізіп, емеурін танытатын құқықтан айрылғаннан кейін маған ондай өлеңдер қызық емес.
Бір жағынан адам санасының өсу сатысында бұндай балаң өлеңдердің болғаны да дұрыс шығар. (Бірақ, ол әлеуметтік проблема болғанымен, әдебиеттің проблемасы емес). Жұрттың бәріне Жұмекен мен Жұматайды оқу шарт емес қой. Суреткер қашанда саналы оқырман тәрбиелеуді армандайды ғой деп ойлаймын.
Соңғы демі таусылғанша еңбек етіп, қазақ поэзиясына төңкеріс жасаған Жұмекен мен Мұқағали сияқты соңына дейін күресіп, өлең жазуға әрбір ақынның уақыты бар. Егер ол уақытқа ғана тәуелді болса әрине...
Бағлан Оразалы
Қалқаман Сариннің біз тілге тиек еткен бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
Қызым менің,
Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.
Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,
Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.
Қызым менің,
Қылығыңды тәп-тәтті жүзім дедім.
Бұл өмірдің бақ тұнған бақшасынан,
Жемісіңді қалаған үзіп жегін.
Қызым менің,
Болашағыңды ойлаумен бұзылды өңім.
Қысқа-қысқа тағдырлар құрайды екен,
Тарам-тарам тірліктің ұзын жолын.
Қызым менің,
Бой жетерсің боялып қызылға ерін.
Бұл әкеңнің тілегі - анаңдай бол,
Анаң сенің атанған түзу келін.
***
Оқырман қыз,
Өмірде алыс,
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп, тағы да
Ай жүзінен
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз.
Сен ше, қарғам?
Мұңаймашы,
Түспесін еңселі арман.
Ықыласын бір саған аударар ем,
Ыңғайыма осы бір көнсе жалған.
Амал нешік?..
Сансыз арман сарылып, санамда өшіп
Дәруіштей дәрменсіз күй кешемін,
Көңілімнің көгінде ғалам көшіп.
Аңғалым-ай!
Жағымды бір болар ма ең жанға бұлай.
Қалам ұстап қолыма сәл мұңайсам,
Саған ұқсап кетеді жап-жарық Ай!
Мөп-мөлдір шық,
Жанарыңнан жас болып кеткенде ыршып,
Жұбанышың болар жыр жазсам, шіркін,
Жүрегіңнен жарғандай КӨКТЕМ бүршік.
Оқырман қыз…
Өмірде алыс,
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп тағы да
Ай жүзінен,
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз…
Оқырман қыз…
***
Өнерпаз көп қой өлмейтін,
Өресі биік өнерлі аз.
Танытып ақын өр кейпін
Өлмейін десең, өлең жаз.
Өлеңді бөлдік шынымен
Текті деп, тағы тексіз деп.
Тыпыршып біреу түнімен,
Ұйқысыз ұйқас кетті іздеп.
Жазып жүргендер бар, білем
Қып-қызыл бояу қанды сөз.
Бір ағайына алдымен
Жаздырып алып алғы сөз.
Баспаның беті – бір ақын,
Басқаның бәрі – оқырман.
Өлеңді қайдам шығатын,
Суреті жақсы отырған.
Кешіккен көктем
Етек-жеңі жиылмай,
Жатып алды кыс мынау.
Көңіл күй де – бұйырмай,
Қоңыр күйге түстім-ау.
Қытымыр қыс тұр әлі,
Кірпігіне мұз қатып.
Ызғырық жел ұрады,
Тұла бойды сыздатып.
Бізге жеткен көктем жоқ,
Жеткенменен мезгілі.
Жырлағанмен көк тер боп,
Болмайды екен сөз құны.
Құстар... Хабар бермейді,
Кешігуде көктемім.
Күндіз… көргім келмейді,
Күнтізбенің беттерін.
Барып қайттым баққа мың,
Көктем іздеп көшеден.
Іздегенмен таппадым,
Оған куә осы өлең.
Бар бақытты... Биылғы,
Көктем алып келердей.
Көптен күткен сыйымды,
Көктен алып берердей...
Күтіп жүрмін мен оны,
Көңілге сол қуаныш.
...Жалықтырды себебі,
Жатып алған мына Қыс.
***
Бөлініп едім, бөрі алды
Жарылып едім, жау алды
Жұртымнан қалған жоралғы,
Жобасыменен жоғалды.
Аз беріп, біреу көп алды
Көп беріп, біреу кем алды
Есеп білгендер – елеусіз,
Есек мінгендер – ел алды.
Бастарға қарап жоғарғы,
Бас шайқамағанда не қалды?
Басқарасыздар ма қоғамды,
Баспанасыздарға обал-ды!
***
Атар таңым да белгілі
Батар күнім де белгілі
Белгілі күнде белгісіз
Не болар тірлік ендігі.
Өткен күндерді қимадым
Келер күндер де беймәлім.
Әлсіреп әсте иманым,
Жетер ме бәске жиғаным?
Өзімді өзім жылатып
Отырмын өзім жұбатып
Жаныма емші болар ма,
Уланған мына уақыт?
Ұятым бұзып ұйқымды,
Көңілге қоңыр күй тұнды.
Керуен көшіп бара ма,
Көршінің неге иті үрді?
Қысқа жіп келмей күрмеуге,
Түсемін ескі сүрлеуге.
Дайын тұр әне алты ауыз
Өсектің отын үрлеуге.
Сыр айтар кезде дос таппай
Жылауға, көзге жас таппай
Бір өлең жаздым осылай
...бос жатпай.
Бөлісу: