Ардақ Нұрғазы: Мәңгірген бір ұрпақ
Бөлісу:
«Мəңгірген бір ұрпақ» — XX ғасырдың 20 жылдарында Батыс əдебиетінде қалыптасқан əдеби ағым. Оны қалыптастырған 1900 жылдың алды-артында дүниеге келген, бірінші дүниежүзілік соғысты (1914-1918 жж.) бастан кешкен, соғыстан кейін Еуропада, онда да Парижде тұрақтаған АҚШ-тық жас жазушылар еді. Айталық, Э.Хемингуэй, Ф.С.Фицджеральд, У.Фолкнер, Э.М.Ремарк, О.Т.Кристен, Дж. Дос Пассос т.т.
Э.Хемингуэй «Мəңгірген бір ұрпақ» əдебиет ағымының басты өкілі саналады. «Мəңгірген бір ұрпақ» деген осы атау алғаш рет Э.Хемингуэйдің романы «Күн де көтеріледінің» (The Sun Also Rises) бетпарақшасында кездескен. Бұл сөзді Э.Хемингуэйдің отандасы, сол тұста Парижде тұратын, əдеби ортадағы атағы ерте шыққан Г. Стайн Э. Хемингуэймен арадағы бір сұхбатында айтқан. Э.Хемингуэй оны əу баста жоғарыдағы романның тақырыбы етпек болған да, кейін романның қосымша бетіне берген. Г.Стайннің түп сөзі мынау: «You are all a lost generation» (Ескерте кету жөн шығар, «əлем əдебиеті кітапханасы» топтамасымен шығарылған Э.Хемингуэйдің қазақ тіліндегі жинағына алғы сөз жазғанда, Айгүл Ісмақова апайымыз бұл ағымды «жоғалған ұрпақ» деп алыпты. Меніңше, бұл Г.Стайннің жоғарыдағы бір сөйлем сөзінің мəнін ашпайды, Г.Стайн мұнда «сендер жоғалған ұрпақсыңдар» деп отырған жоқ (бұл ұрпақ ешқайда кеткен жоқ, үйіліп-төгіліп Парижде жүргенін ол көзімен көріп отыр ғой) қайта, «сендер жоғалтқан бір ұрпақсыңдар» — болашақтарыңды, сенімдеріңді, махаббаттарыңды жоғалтып, сенделіп, мəңгіріп қалған ұрпақсыңдар дегенді меңзеген. Сөздің түп мағынасын айнытпай аламыз деген күннің өзінде де, мазмұннан жаңылған «жоғалған» деген сөзді емес, «жоғалтқан» деген сөзді алумыз керек еді.)
Жоғалтқан ұрпақ өкілі - Э. Хемингуэй
Г.Стайннің жоғарыдағы «сендер жоғалтқан ұрпақсыңдар» деген сөзінің терең мағынасы бар еді. 1914 жылы басталған бірінші дүниежүзілік соғыста сегіз жарым миллионнан астам адам өліп, 21 миллионнан астам адам мүгедек болған. АҚШ соғысқа тек 1917 жылдың сəуір айында қатынасқанына қарамастан, қырық бес мыңнан артық жауынгерінен айрылған, 230 мыңнан артық адамы мүгедек болып қалған. Бұл АҚШ-қа саяси, экономика, мəдениет жақтан үлкен ықпал еткен еді.
Соғысқа АҚШ «еркін дүниені қорғап қаламыз!» деген желеумен қатынасқан, екі миллионнан астам жалынды жас осы ұранмен қан майданға аттанған. «Мəңгіргенбір ұрпақты» қалыптастырған Э.Хемингуэй, Э. М. Ремарк, Ж. Дос Пассос, О.Т. Кристендар əне солардың қатарында еді. Алайда, көп өтпей-ақ, соғыстағы алапат қырғыншылық, судай төгілген қан олардың əлгі бала қиялдарын жермен жексен етеді, онымен қоймай тəніне де, жанына да айықпас жара салады. Соғыстың қан майданын бастарынан өткізген олар, бұл соғыстың демократия мен бостандық дегенмен еш қатысы жоқ екенін біледі. Өздерінің соғысқұмарлардың алдауына түскен ашық ауыз, бейшара біреу болып қалғанын сезінеді. Э. Хемингуэйдің «қастерлі, даңқты құрбан» деп келетін айғайға толы сөздерді естісем болды бетімнен отым шығады... Даңқты көрсем көзім шықсын, қайдағы даңқ! Ондағы жағдай Чикагодағы қасапхананың жағдайына ұқсайды, айырмасы тек, онда тау-төбе болған жемтікті салақтатып іліп қоймай, көміп тастайсың» дегені бар. Соғыстан қайтқан бұл ұрпақ Г. Стайн айтқандай, шынымен көп нəрседен – қалыпты тіршілігінен, жастыққа тəн романтикасынан, болашаққа деген сенімінен айырылған-ды. Содан да, соғыстан соң олар не істерін білмей мəңгіріп Еуорпада сенделіп жүрген.
Міне, осы ұрпақтың қатарынан кейін айтулы жазушылар шықты. «Мəңгірген бір ұрпақтың» алғашқы шығармасы 1921 жылы жарық көрді. Дж. Дос Пассостың «Үш əскер» романында автор үш жауынгердің бірінші дүниежүзілік соғыстағы қасіретті тағдырын баяндайды. Романда бір əскер ат-атақсыз майданда өледі, енді біреуі, өзі тілеп келген соғыстан қашады, үшіншісі, қырғын соғыста қиялға беріліп, қатардан қалып, Парижге пианино іздеп кетеді. Романның соңында үшінші əскер қашқын ретінде ұсталып, əлі аяқталмаған музыкасының парақтарын ұстаған бетінде жаза майданына қадам басады.
«Мəңгірген бір ұрпақтың» екінші шығармасы 1922 жылы жарық көрген. Ол Э.М.Ремарктың «Үлкен үй» романы. Автор бұл шығармада соғысқа армандап келген өзінің француздарға көмектесіп соғысқа қатынасқанын, ақыры «тыңшы» аталғанын, қуғын–сүргінге ұшырап азап көргенін, күлкілі де, қасіретті өмір кешуін жазған. «Мəңгірген бір ұрпақтың» ең сүбелі туындысын Э. Хемингуэй жазды. Оның «Күн де көтеріледі» (1926ж), «Қош бол, қаруым» (1929ж) романдары соғыстың алдамшылығы мен оған қатынасқандардың қасіретті тағдырын аса жоғары көркемдікпен бейнелеп берген.
Майдангер Ремарк
«Күн де көтеріледі» романы «Мəңгірген бір ұрпақ» əдебиет ағымына өкілдік ететін шығарма. Романның бас кейіпкері Жек Баренс соғыстан жыныс мүшесі кемтар болып оралған (бұл кітапта ашық айтылмайды) тəні де, жаны да жаралы адам. Соғыстан кейін ол еліне қайтпай, Парижде АҚШ тілшісі болып тұрып қалады. Оның құлай сүйген қызы Брет Ачлей де соғыста болған. Бірақ бұл екі бейбақ бас қоса алмайды. Ачлейде дертті, оның алғашқы жігіті соғыста өледі, ол ішіндегі дертін тек кафеден кафе кезіп шарап ішіп, кезіккен еркекпен көңіл көтеріп, Жек Баренсті рухани таяныш етіп өмір сүреді. Соғыс бұл əйелді түбірінен өзгертіп жіберген, ол соғыстан бұрынғы əйелдерде мүлде жоқ образбен ортаға шығады. Романдағы үшінші кейіпкер, Брет Ачлейдің жаңа тапқан жігіті Майк Кампбелл. Ол да соғыста болған, «арақ ішу, боқтау, қарыз алу, тағы да арақ, тағы да боқтық, тағы да қарыз» сынды өмірдің ғажайып бұлғағына түсіп қалған жан. Міне осылардан құралған топ Парижде бас қосады, кафе кезіп шарап ішеді, Испанияға барып ондағы «Шаттық мерекесіне» қатынасады, бұқамен сайысты тамашалайды, онда да көлдей төгілген шарапты кешіп, қадам басқан сайын құлазып өмір сүреді. Романда, соғыстың кесірінен жандүниесі қайта қалпына келместей бұзылып, құн көзқарасы өзгерген жоғарыдағы үшеудің образы əр қырынан берілген. Жек Баренс қашанда салқын қанды көрінеді, Брет Ачлей сезімге беріліп, ақтарылып, өзін арнап тұрады, Майк Кампбелл азғындайды. Ал, бұларға қарағанда азда болса болашақтан үміт күтетін, «шын махаббат бар» дегенге сенетін Роберт Конды олардың бəрі бірдей шетке қағады, ақымақ көреді, қорлайды. Романның соңында, тағы бір рет сенделіп далада қалған Брет Ачлейдің алдынан Жек Баренс шығып, көңілін жұбатып, қарсы алады.
«Мəңгірген бір ұрпақтан» шыққандардың көбі кейін АҚШ-тың мəдениет саласындағы маңызды тұлғаға айналған. 1942 жылы құрастырылған «АҚШ-тың мəдениет қайраткерлері» деген кітапта осы ұрпақтан 236 адам кірген. Э. Хемингуэй Нобель сыйлығын алса (1954 ж.), олармен тіке қатысы бар У.Фолкнер (1949 ж.) мен Ж.Стейнбек те (1962ж.) Нобель Əдебиет сыйлығының иегері атанды. «Мəңгірген бір ұрпақ» əдебиет ағымы Батыс əдебиетіндегі модернизм дəурендеген тұсқа тура келеді. Содан да, олардың өнердегі өрісі аса кең болған, Э. Хемингуэйдің əңгіме баяндаудағы шеберлігі кейінгі ұрпаққа зор əсер еткен. Оның əңгімелерінде кездесетін «мұз тау» стиль модернизм мен реализмді айырылмастай сіңіріп жіберуімен ерекшеленеді. Ж. Дос Пассостың «Манхаттон бекеті» романында да модернизмнің түрліше ағымдары тоғысқан. Ал, У.Фолкнердің романдары көбінде модернизмнің өкілдік шығармасы ретінде бағаланады.
«Мəңгірген бір ұрпақ» əдебиет сыны саласында да керемет жетістіктерге жеткен. Поэзиядағы «Жаңа сын ағымы» солардан бастау алса, М. Коули, Е. Велсон сияқты айтулы сыншылар моденизмді тұрақтандыратын айтулы еңбектер жазған.
Ардақ Нұрғазы
Бөлісу: