«Үркер» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
Бөлісу:
Биыл Астанада тұңғыш рет баспа, радио және интернет журналистикасы саласында «Үркер-2017» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.
28 маусым – Ақпарат және байланыс саласы қызметкерлері күні құрметіне өткізілген салтанатты жиынды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев құттықтау сөзбен ашты.
«Күні кеше ақпарат туралы заңнаманы талқылағанда маған журналистердің мәртебесіне қатысты көп сұрақтар қойылды. Ақпарат саласында жүрген мамандардың мәртебесін көтерудің маңыздылығы жайында айтылды. Бүгінгі «Үркер» сыйлығы да журналистердің қоғамдағы мәртебесін көтеруге өз үлесін қоса алады деп сенемін. Бұл жүлде өміршең әрі әділ болсын! Болашағы зор болсын!», - деді министр сөзінде.
Алғашқы марапат «Үздік фотосурет» аталымы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаровқа бұйырды. Сыйлықты иесіне «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов табыстады.
Келесі кезекте «Үздік аналитикалық материал» номинациясында «Үркер- 2017» ұлттық сыйлығын «Боль чужую принять как свою» атты сараптамасы үшін «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Валентина Фиронова қанжығалады. Жүлдені танымал публицист Намазалы Омашев табыстады.
«Үздік репортаж» аталымының жүлдесі National Digital History порталының тілшісі Олжас Беркінбаевқа бұйырды. Олжастың «Баркөлдегі қазақ музейі немесе құмай құстың күртесі» атты репортажы үздік деп танылды. Сыйлықты «Бас редакторлар клубы» ҚҚ төрағасы Ерлан Бекхожин табыс етті.
«Үздік радио бағдарлама» номинациясын Шалқар радиосының «Ән домбыра» бағдарламасы жеңіп алды. Жүлдегерді ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты Артур Платонов марапаттады.
Ал, «Үздік өңірлік радио станса» аталымы бойынша «Үркер-2017» ұлттық сыйлығы «Астана» ақпараттық-музыкалық радиосына бұйырды. Радио ұжымын ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев марапаттады.
«Үздік салалық баспасөз басылымы» номинациясын алматылық «Дружные ребята» республикалық балалар газеті жеңіп алды. Жүлдені ҚР Парламенті Сенатының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай табыстады.
«Үздік жыл журналы» жүлдесін «National Geografic Қазақстан» журналы қанжығалады. Марапатты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанұлы табыс етті.
«Журналистикадағы дебют» аталымын 7kun.kz сайтының тілшісі Мөлдір Иманмади жеңіп алды. Айтулы сыйлықты ол ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты Майра Айсинаның қолынан алды.
«Үздік журналистік зерттеу» аталымы бойынша «Үркер-2017» ұлттық сыйлығын «Егемен Қазақстан» газеті Басқарма төрағасының кеңесшісі Жанболат Аупбаевқа берілді. Оны ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты Сауытбек Абдрахманов марапаттады.
Ал, «Үздік сұхбат» номинациясын «Капитал» басылымының тілшісі Виктория Говорковаға қанжығалады. Сыйлықты Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ табыс етті.
«Үздік аймақтық баспасөз басылымы» аталымында Оңтүстік Қазақстан облысында шығарылатын «Рейтинг» газеті жеңіске жетті. Жүлдені кәсіпкер Арманжан Байтасов табыстады.
«Қазақстан туралы үздік танымдық материал» аталымы бойынша тағайындалған жүлде «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Думан Анашқа бұйырды. Сыйлықты «Хабар» телеарнасының басқарма төрағасы Алмагүл Ахметжанова табыстады.
Ал, «Үздік халықаралық аналитикалық материал» номинациясы бойынша «Үркер-2017» сыйлығын «Афганистан близко» мақаласы үшін vlast.kz порталының тілшісі Зарина Ахматова жеңіп алды. Авторға марапатты Қазақстан РТРК АҚ төрағасы Ерлан Қарин табыс етті.
«Қазнеттегі медиасерпіліс» номинациясы «Massaget.kz» жастар порталына бұйырды. Үздік интернет портал ретінде Informburo.kz порталына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының арнайы сыйлығы берілді.
«Үздік республикалық баспасөз басылымы» аталымының жүлдесін «Айқын» газеті иеленді. Сыйлықты ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіпке табыс етті.
Баспа, радио және интернет журналистика саласында тұңғыш рет тағайындалған «Үркер-2017» ұлттық сыйлығы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың ұсынысымен жүзеге асқанын естеріңізге сала кетейік. Журналистер байқауға өтініштерін urker@el.kz электрондық поштасы арқылы 7 мамыр мен 10 маусым аралығында жолдаған болатын. Қаламын қару еткен журналистер қауымынан 700-ден астам материал келіп түскен. Шығармашылық жұмыстарды беделді журналист Намазалы Омашев, мемлекеттік және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков, Өңірлік БАҚ альянсының жетекшісі Әлібек Әлденей, саясаттанушы Расул Жұмалы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығы «Farmers.kz» порталының жетекшісі Мейрамхан Жәпек, әдеби сыншы Амангелді Мырзабеков және «Айтуға оңай» хабарының жүргізушісі Бейсен Құранбек сынды белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен кәсіби журналистерден құралған қазылар алқасы сарапқа салды.
«Үркер-2017» ұлттық сыйлығын марапаттау салтанатына демеушілер «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС және «Kcell» АҚ қолдау көрсетті.
Салтанатты шарада кәсіби мерекенің құрметіне сондай-ақ ақпарат және коммуникация саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар озат мамандар ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі тағайындаған «Ақпарат саласының үздігі» және «Үздік байланысшы» төсбелгілерімен марапатталды.
el.kz
Бөлісу: