ӘЛЕМ ТАНЫҒАН КЛАССИК!

Бөлісу:

12.07.2017 14018

Елімізде жазушы көп. Десек те драматургия саласының қашанда тапшылығы көрініп-ақ тұрады. Мәселен әңгіме, роман, эпопея саласына қалам тарпаған жазушы кемде кем. Өзіндік жазу стилімен ерекшеленетін кез-келген жазушыны жазбай тануға болады. Десек те жазушы, драматург дегенде көп кідіретініміз бар. Ондайда бірден еске оралатын шет ел жазушылары У. Шекспирден бастап қазақтың М. Әуезов, Т. Ахтанов, Д. Исабеков сынды бірнеше жазушы, драматургін еске түсіре аламыз. Сол бір ғажап туындыларымен бүгінде әлем танып-білген классик жазушы, драматург Д. Исабеков қазақ әдебиетінде ғана емес, шет ел әдебиетінде де ерекше орынға ие болуда.

Бұлай деуге үлкен себеп, күні кеше 11 шілде күні әлем танып, көз тіккен Халықаралық Астана ЕХРО-2017 мамандандырылған көрмесінде классик жазушының ағылшын тілінде жарыққа шыққан кітаптарының тұсаукесері болып өтті.

«Соғыстың қалтқысыз қаталдығын, жанның жандысын түйреп өтетін туындыны қалайша аудармасқа және оны халыққа жеткізбеске?», - деп Сара Коплей (тәуелсіз сыншы, психолог, Ирландия) таңданысын жасырмады. Тіпті бұл жанды суреттер Қазақстанда ғана емес, әлемде болып жатқан дүмпу екендігіне де тоқталып өтті.

Сондай-ақ, шығарманың әрін кіргізген, тынысын жеткізе білген жан Рахима Абдуалиева (Ш.Айтматов академиясының директоры, Германия),

«Д. Исабековтың шығармасын алғаш қолға алғанда таң қалдым. Жасырмаймын, өте жеңіл сонымен қатар жаныңа ауыр тиеді. Керемет суреткер, жазушы, драматург, классик тіпті сөзбен жеткізу өнер шығар. Мен алғаш Ш. Айтматовты аударып әлемге танытып жүрген аудармашы ретінде танылдым, сонда Д. Исабековтың шығармалар жинағы қолыма тигенде неге аудармасқа деген ой келді. Әрине біз ұлттық құндылықты түсіндіре алмаймыз, себебі оқырманға ұлттық құндылық емес, бірінші оларға жеңіл, түсіне алатын дүние керек. Сондықтан келелі сұрақ: Осы ағылшындар қандай кітапты сүйіп оқиды деген сұрақпен бастау арқылы, Ш. Айтматовтың «Жамиләсын» Д. Исабековтың «Гауһар тасын» салыстыра отырып, ішіндегі махаббатын, онда да болса, жануарға және қайын іні мен жеңгенің сыйлыстықтарын суреттеп жеткізуді жөн көрдік. Шет ел оқырмандары бірден қабылдады және оқырманы көп болғаны сонша, сахналауға да ұсыныстар түсті. Жан бітіп, қанаттанды деуге де болады» - деп түйіндеді.

Бұл таңданысты тұсаукесерге арнайы келген қонақ – Дэвид Папава (Ұлыбритания театрының директоры) да жасырмады.

«Кез келген жазушының шығармасына пьеса қою қиын. Тіпті, Уильям Шекспирдің шығармаларын сахналаудың өзі кез-келген режиссер үшін оңай емес. Ал, Дулат Исабековтың кез-келген пьесасы өте тартымды, сахналық туынды шығару арқылы көрерменін баурап алады. Гоголь, Чеховтың шығармаларын киелі сахнаға қиындықпен алып шыққан режиссер К.С. Станиславскийдің өзі оңай еместігін айтқан. Егер де ол кісі қазір болса, сөзсіз Дулат Исабековтың туындысын ойланбастан сахнаға шығарар еді. Мен Дулат Исабековты ағылшын тілінде жарық көрген шығармалары арқылы ең жоғары драматург ретінде танып, білдім. Оның қай туындысын болмасын жан жүрегіңмен сезініп, саханаға жан бітіре аласың. Мен шығармаларыңызды Лондон тұрғындарына насихаттаудан жалықпаймын, халық танып білсін, осындай шығармаларыңыз көп болғай», - деп тілегін білдірді.

Жазушының алғашқы ұстазы болған, ҚР Мемлекет қайраткері, жазушы, түрколог және академик Мырзатай Жолдасбеков:

«Мен алғаш 1957 жылы І. Жансүгіровтың ақталу кешіне қатыстым. сонда ұққаным егер де олар осылай ұзақ өмір сүрсе көп дүние қалдырар еді, тіпті А. Байтұрсынұлы алғаш ұлт көсемі дәрежесіне жетті. Солардан соң тоқтап қалмас па екен дегенде әдебиетке Т. Молдағалиев, Ә. Кекілбаев, Дулаттар келді. Сайын Мұратбековтың 80 жылдығына «Егемен Қазақстан» газетіне «Классик» деген мақала бердім. Сонда шын жүректен шыққан еді, қазір сол классик өзіңсің. Арыс бойында топыраққа аунап өскен бала, ағылшындардың сүйіктісіне айналды. Кеңес заманында қорқып едік, сонда да тоқтамадың, ал ендеше құтты болсын! Аудармашыларға көптен-көп рақмет!»

Жазушы, драматург Дулат Исабеков:

«Келген барлықтарыңызға рақметімді айтамын. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы, бұрын Кеңес үкіметінде біздің 5 пайыз ғана еңбегіміз еленетін, қазір жазған дүниелерім сахнаға шықпақ түгілі Мәскеуден өтпей қалар еді. Сөйтіп жүргенде «Гауһар тас» қана көрерменге жетті. Шүкіршілік етемін, тәуелсізбіз!!! Бүгінде «Транзитный пассажир» атты пьессам Мәскеуде, Санк-Петербургта, Тәжікстанда қойылды. Кореяға «Актрисам» барды. Мен де 75-ке келіп қалыппын. Тағдырыма ризамын. Әдебиетке келген бетте алғаш шығармам танылды. Барлық кезде драматург аз. Мына драматург пен режиссер қашанда тіл табыспай жатады. Себебі екеуінің де өзіндік қағидалары бар. «Драматург деген қатал хирург секілді, адамға пайдасы жоқ ағзаны кесіп тастайды»,-дейді емес пе? Мен де осыны құп көремін. Ресейдің режиссерлары хабарласып, ақылдасады. Халыққа жетсе жеткілікті. Сіздердей замандастарым барда және оқырманым көбейсе жазудан жалықпаспын»,-деп тұсаукесерге келген замандастары мен ұстаздары Қ. Мұхамедқали, Т. Әбдік, М. Жолдасбеков, С. Тұрғынбеков, Б. Аяған, Б. Тобаяқов және т.б зиялы қауым өкілдері мен оқырманға алғысын білдірді.

Айта кетелік үстіміздегі жылдың қазан айында Лондонда сахнаға жазушы пьессасы қойылып, 75 жылдығы атап өтілмек.

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар