Түркі әлемі жас қаламгерлерінің форумы өтті
Бөлісу:
14-18 тамыз аралығында Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен Еуразия Жазушылар одағы қауымдастығының ұйымдастыруымен Ыстамбұл қаласында түркі әлемі жас қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтті.
Түркі тілдес елдердің түкпір-түкпірінен жиналған жас қаламгерлердің форумына 22 мемлекеттен 58 ақын-жазушы жиналды. Олар өлең, әңгіме, эссе, роман жанрлары бойынша бөлінген әдеби секцияларда өзара пікір алмасып, түркі әлеміне белгілі қаламгердердің шеберлік сыныптарына қатысып, дәріс алды. Қазақ елінің атынан «Әдебиет порталы» интернет-жобасының жетекшісі, ақын Бауыржан Қарағызұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері әрі ақын Ұларбек Нұрғалымұлы, Бағашар Тұрсынбайұлы, «Қазақ әдебиеті» газеті әдебиет, сын бөлімінің жетекшісі Әлібек Байбол қатысты.
Түркияның бұрынғы Мәдениет және туризм министрі, профессор Наби Авджы
Форум Түркияның бұрынғы Мәдениет және туризм министрі, профессор Наби Авджының қатысуымен салтанаты түрде ашылып, әдебиеттанушы Рамазан Коркмаздың «Түркі әлемі әдебиетінің ортақ дәуірі» атты конференциясымен жалғасын тапты. Сондай-ақ Әзербайжан ақыны Анар Рзаев, «Кардеш Калемлер» журналының бас редакторы Али Акбаш, Солтүстік Кипр Түрік Республикасынан келген жазушы Исмаил Бозкурт, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, «Серпер» сыйлығының лауреаты, аудармашы, жазушы Мәлік Отарбаев, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев, Қырғызстан өкілі, ақын Қожагелді Құлиев, Еуразия Жазушылар одағы қауымдастығының төрағасы Якуб Өмероғлу және тағы да басқалар қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Еуразия Жазушылар одағы қауымдастығының төрағасы Якуб Өмероғлу
Төрт күнге ұласқан әдеби шара барысында жас ақын-жазушылар Босфор бұғазында қыдырып, Ыстанбұл шаһарының көрікті орындарын аралады.
Соңынан ұйымдастырушылар мен қатысушылар шағын аралда орналасқан «Қыз мұнарасына» саяхат жасап, кездесу нәтижесі бойынша қорытынды шешім оқылды.
ШЕШІМ
- Түркі әлемінің ортақ байланыс тілі ретінде түрік тілі болуына, келешек жиналыстарда бұл тілдің ортақ қолданысын ең жоғары деңгейге жеткізу үшін жұмыстардың жасалуына;
- Жас жазушылар үшін ортақ бір сыйлық бекітуге;
- Түркі әлемі жас ақын-жазушылар форумының жыл сайын өтілуіне;
- Бұл іс-шара Түркі әлеміндегі бір ақын немесе жазушының атына орай ұйымдастырылуына;
- Жас ақын немесе жазушылар Түркі әлемі Жас жазушылар форумы негізінде пайда болған мотивациясы бір жыл ішінде ұйымдастырылатын қарым-қатынастар арқылы байланыстармен жалғасын табуына, ол үшін үнемі байланыста болу жолдарын қарастыруға;
- Қатысушы ақын-жазушылардың еңбектерін басқа әдеби тілдерге тәржімаланып немесе кітап халінде жариялану жұмыстарының жасалуына;
- Іс-шараға қатысқан Түркі әлемі Жас ақын-жазушылары атынан осы жобаға қолдау көрсеткен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігіне алғыс білдіреді.
Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Өмероғлу
- Ең бастысы мұндай келелі кездесулер жас қаламгерлердің рухани кемелденуіне ықпалы зор. Түркі әлемінің жаңа буынын бір жерде тоғыстырған бұл форумға өз елінде танымал, кітаптары жарыққа шыққан талантты жастар шақырылды. Форумның басты мақсаты – Тәуелсіздік жылдары өзіндік ізденістерімен көзге түскен, ерекше қолтаңбасы қалыптасқан және жаста болса, бас болып, шығармашылық белсенділігімен жарқырап жүрген жас қаламгерлерді бір-бірімен таныстыру. Сонымен бірге, алдағы уақытта замандастарының туындыларын аударуға ықпал ету, әдебиеттегі ортақ мәселелерді талқылап, сол арқылы түркі әлемі әдебиетін дамыту. Біз бұл ретте әр мемлекеттегі Жазушылар одағымен ақылдаса отырып, бірлесе жұмыс істедік. Әрбір істің артықшылықтары мен кемшіліктері болып жатыды. Көш жүре түзеледі. Түркі әлемінің талантты жастарының тұңғыш рет басын қосып отырған әдеби форум ойдағыдай өтті деп ойлаймын.
1
Алтынбек Исмаилов, Қырғыз Республикасы:
- 14-18 тамыз аралығындағы Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен Еуразия Жазушылар одағы қауымдастығының ұйымдастыруымен Ыстанбұл қаласында түркі әлемі жас қаламгерлерінің форымына қатыстық. Алғаш рет ұйымдастырып отырған бұл форум көңіл қошымнан шықты. Бірінші күніміз бір-бірімізбен танысу күні болды. Ерекше әсер қалдырды. Екінші күні үш секцияға бөлініп, әр секцияда түркі дүниесінің әдебиетін талқыладық. Мәселен, мен поэзия секциясын жүргізіп отырдым. Бір-бірімізбен жақын танысып, бір біріміздің шығармаларымызды бір-бірімізге оқып, талдап, ортақ әңгіме таптық. Өз арамызда бір-бірімізбен пікір алмасып, өз өлкелеріміздегі әдеби үдеріс жөнінде мәлімет беріп, бір-бірімізге кітаптарымызды сыйлап, мәре-сәре болып қалдық. Әйтеуір жан-дүниемізді, рухымызды әдебиетпенен демек, Әдеп-Ұятпенен толтырдық. Осы төрт күннің ішінде бір-бірімізді әңгімеге тартып, бір-бірімізге жыр оқуменен ғана шектелмей, Ыстамбұл шаһарының ең гөзел жерлерін бірге аралап, мәз-мейрам болып, өз өлкеміздегі артықшылықтар мен кемшіліктерді бір-бірімізге айтып, сырласып, мұңдасып, бір-бімізбен бауыр болып, бір туғандай болып кеттік. Бұл енді бізге қандай пайда береді?! Әлбетте, шығармашыл адам әрдайым ізденіс үстінде ғой. Ол өзінің қазанында ғана бұрқылдап қайнай бермеуі керек. Егерде су бір жерде ақпай көп тұрып қалатын болса, ол сасып, шіріп, бақа-балдыр басып, батпаққа айналып, ішіуге жарамай қалатыны сияқты әдебиет те бір жерде тоқтау су сияқты қалып қоймауы керек. Ол үшін ағын судай әр тарапты кезіп, әр жерден өткен сайын мөлдіреп, жеткен жерін көгертіп, өзі де одан сайын молая түсуі керек. Сол себебептен бұл форумның әсіресе жастар, бізге берері ұлан-асыр. Осы жердегі әрбір жас өзінің шығармашылығын басқалармен салыстырып, салмақтап, артық-кемшілігін көріп, одан бір қортынды шығарып, «Мен қандай жыр жазып жүрмін?! Қазақтар, қырғыздар, өзбектер, түріктер, түркімендер, гагауздар, башқұрттар, құмықтар, чубаштар қандай шығарма жазып жүр?! Қарачай-Балқар, татарлар неменемен әлектеніп жүр?! Қырымнан келгендер не істеп жүр?!» деген сияқты өзіне-өізі есеп беріп, өзінің дұрыс жолын табады деп ойлаймын.
Денис Гильманов, ақын, Башқұртстан Республикасы:
- Ыстамбұлда өткізілген Түркі дүниесі жас қаламгерлер форумы өте биік деңгейде өтті. Осылай батыл айтуға толық қақым бар. Неге дейсіз бе?! Біз тереңге тартқан тамырымызды одан ары тани түстік. Өзіңіз ойлап көріңізші, адам баласы туысқан ағасын немесе туған інісін ұзақ жылдар бойы көрсеме қандай сезімде болар еді?! Әрине, қатты сағынар еді. Біз бір-бірімізді қатты сағынған екенбіз. Кездескен сәттен әр қайсымыз өз тілімізде қауқылдасып сөйлесіп кеттік. Бір қызығы бір-бірімізді қиналмай түсінеміз. Әрбіріміздің жанарымыздан туысқандық сезімі мөлдіреп, теңіздей толқып тұрды... Бұл форымның бізге берері мол болды. Түркі жұртының әр тарапынан жиналған қаламдастарымен жақын танысып, әдебиетіміз бен тарихымыз, салт-дәстүріміз қақында ой бөлістік, тәжірибе алмастық. Бір-біріміздің шығармаларымызды аударатын болдық. Жылдар бойы алыстап кеткен руханиятымыз жақындай түсті. Ең бастысы туысқан түркі елдернен рухани достар таптым. Бұдан асқан бақыт бар ма?!
Фәнил Ғыйләжев, Татарстан Республикасы, РФ:
Түркі әлемі жас қаламгерлерінің тұңғыш форумы өте жоғары деңгейде өтті. Әлемнің ір түкпірінен жиналған түркі тілдес қаламгерлер бір-бірімен өз тілдерінде сөйлесіп, өте жақсы түсінісіп кетті. Бізде «Татарға тілмаш керек жоқ» деген мәтел бар. Бұл дегеніңіз «Түркілерге тілмаш керек емес» деген сөз. Өйткені олар бір-бірін тілмашсыз-ақ түсіне алады. Себебі түркі тілдері бір-біріне өте жақын, түркі халықтары бауырлас. Сондықтан олар ниет етсе кез келген уақытта тіл табысып, жарасып кете алады. Осы форумға жиналған жастар да дәл солай жасадық. Әрбір өз тілінде өлеңдерін оқып, басқалармен пікір алмасып, бір-бірімізге қаншалықты жақын екенімізді жүрегімізбен түсіндік. Құдай қаласа, болашақта бұл достығымыз одан әрі дамып, тығыз қарым-қатынас орнатамыз деген сенімдемін. Бауырлас халықтардың жас қаламгерлерін өз тілдерімізге аударып, әдеби байланысты да нығайта түсеміз деп үміттенемін. Бәлкім сонда барлық түркі тілдес халықтар бауырласып, бір үлкен түркі әлемін құратын болар.
Наурыз Байрамқұлов, Қарашай-Шеркес Республикасы, РФ:
Мен мұндай Халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып отырған шараға бірінші рет қатыстым. Ұйымдастыру леңгейі өте жоғары деп айтуға болады. Сол үшін де Еуразия Жазушылар одағына, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм минисрлігіне алғысымыз шексіз. Шараға келер болсақ, осындай құрылтайлар түркі тілдес халықтардың бірігіп, рухани жаңғыруына, түркі әлемі әдебиетінің дамуына орасан зор үлес қосады деп ойлаймын. Құдай қаласа, болашақта біз, яғни осындай шараларға қатысып жатқан жастар өсіп-өркендеп, әрқайсымыз өз ұлтымыздың әдебиетіне үлесімізді қосамыз деп ойлаймын. Сол арқылы барша түркі жұртының да жаңарып, жаңғыруына еңбек етеміз.
Нұрияна Арсланова, Дағыстан Респуликасы, құмық ұлтының өкілі:
Мен Дағыстандағы құмық әдебиетінің өкілімін. Құмық тілі түркі тілдерінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тіл ХХ ғасырға дейін көп қолданылатын тілдердің бірі еді. Қазір Дағыстан мен Солтүстік Кавказдағы ұлтаралық қатынас тілдерінің бірі және 600 мыңнан астам құмықтардың ана тілі. Біздің әдебиетіміз өте бай. Осындай халықаралық шаралар арқылы сол бай әдебиетіміздің бір парасын көрсетуге мүмкіндік алғаным үшін шын бақыттымын. Мұндай жоғары деңгейлі шараларға атақты қаламгерлерді ғана емес, біз сияқты жас ақын-жазушыларды да елеп-ескеріп шақырып жатқаны ертеңімізге деген сенім ұялатады.
adebiportal.kz
Публикация от Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ (@bauyrzhan_karagyzuly) Авг 15 2017 в 11:55 PDT
Бөлісу: